Мектеп оқулықтарынан Кремль мен шіркеу қашан түседі?

Редакциямызға Жұмаш Кенебай ағамыз хабарласты. Жұмаш аға күн сайын немересі Атилланың сабағын тексереді екен. Атилла Алматыдағы №173 мектеп-лицейдің 3 «Ә» сыныбында оқиды. Жақында күндегі әдеті бойынша немересінің тапсырмасын қарап отырып, оқулық қосымшасындағы суретті көріп, қаны басына шауыпты. Сөйтіп, редакциямызға телефон соғыпты. «Осы сорақылықты «Ұланда» көтерсеңіздер» дейді…

«Немеремнің «Бейнелеу өнері» пәнінің жұмыс дәптерін қарап отырғам. Суреттегі шіркеуді үйден жасап келуге арналған тапсырманы көріп, жағамды ұстадым. Оқулықтар балаларымызды шоқындыруға кірісіп кеткен бе? Бұл не масқара!» – деп ашынады атасы. Шынында да, Жұмаш ағамыздың даурығатындай-ақ жөні бар. Оқулықтар мәселесі жыл сайын көтерілгенмен, одан оң өзгеріс байқалмай тұр. Тіпті керісінше, оқулықтағы олқылықтар жылдан жылға өршіп жатқан сияқты…
Конституциямыздың 1-бабының 1-тармағында: «Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары», – делінген. Ал 19-баптың 1-тармағында: «Әркiм өзiнiң қай ұлтқа, қай партияға және қай дiнге жататынын өзi анықтауға және оны көрсету-көрсетпеуге хақылы», – деген тағы бір абзац бар. Солай бола тұра, оқулықтарымыз балалардың басын қатыруды қоймай тұр. Мешіт болса бір сәрі, қазақ балаларына шіркеудің, Мәскеудің Қызыл алаңындағы Покровский соборының мүсінін жасату дегенді қалай түсінуге болады?
Жұмаш ағамыз айтып отырған жұмыс дәптеріндегі тапсырма «қала жобасын жасау» екен. Қалада шіркеуден басқа да ғимараттар жетерлік қой. Цирк бар, музей бар. Соларды неге салмасқа? Қара қарындашпен шіркеудің нобайын келтіріп, сурет астына «қаланың нобайын сал» деп жазыпты. Қаланың нобайы шіркеу ме сонда? Былай қарағанда шіркеудің суретін салғанда тұрған не бар дейсің. Осы да мәселе ме, шіркеу де сәулет өнері ғой деп ақтауға да болады. Алайда, оқулық та идеология ғой. Мұның астарында мысықтілеу пиғыл жатпасына кім кепіл? Шіркеу сәулет өнері болса, мешіт те одан кенде емес. Ендеше, шіркеумен қоса мешіт салдырса, бәлкім, үндемеген, дым демеген болар ма едік?

2-сыныптың оқулығында иконаның суреті жүр

Дінге қатысты сурет 2-сыныпқа арналған «Бейнелеу өнері» оқулығынан да байқалады. Мұнда «Борис және Глеб» деген сурет бар. Бұл жай сурет емес, икона. Борис және Глеб – орыстың княздары һәм православиенің әулиелері. Оқулықта «Суретші сұңғатшы жұмысында қолданылатын бояулар» деген тақырып бар. Тақырып бойынша қазақтың атақты суретшілері Ағымсалы Түзелхановтың, Орал Таңсықбаевтың, Айша Ғалымбаеваның, тағы басқа суретшілеріміздің картиналары туралы айтылып келе жатады. Қызығы сол, осы картиналардың арасына жаңағы иконаны кіргізіп жіберіпті. Бұл суреттің тақырыпқа қатысы шамалы, авторы да қазақ суретшісі емес. Сонда бұл суреттің неге адасып жүргенін түсінбейсің. Оқулықтағы «Қазақстанның сәулет өнері» деген тақырыпта Алматыдағы Вознесенск соборының суреті тұр. Бәлкім, жанында Әзірет Сұлтан мешіті тұрса, жарасымды болар ма еді?

1-сыныптың оқулығында Луиза Хейдің өлеңі беріліпті

Бұл айтқандар суретке қатысты мәселелер. Енді өлеңге қатыстысын айтайық. 1-cыныпқа арналған «Өзін-өзі тану» оқулығында «Ризашылық әні» деген өлең беріліпті.
Ризамыз бүгінге,
Ризамыз бүгінге!
Ризамыз бүгінге,
Ризамыз қазірге!
Ризамын, ризамын, ризамын бүгінге!
Ризамын, ризамын, ризамын қазірге!
Осы өлең бе енді? Мына өлең (әні де бар екен) «Құдайға ризашылық білдіріп, ән айт» деп келетін мәсіхшілердің «Киелі кітабына» ұқсайды екен. Мұндай ризашылық тақырыбындағы өлең керек болса, қазақ ақындарында көп еді ғой.
Ризамын аялы пейіліңе,
Ризамын тым ыстық мейірімге,
Ризамын ұлағат сейіліңе,
Қамқорым, шаттығым, бақ гүлім, әжелерім,
Қамқорым, шаттығым, бақ гүлім, аталарым.
Луизаның өлеңіне қарағанда, өзіміздің белгілі ақынымыз Базарбай Оспановтың осы өлеңі тамаша емес пе? Өлең таппағандай, Хейдің өлеңсымағын аударып бергені несі екен?
Негізінде, Луиза Хейдің жазушы, психолог, өзін-өзі емдеп жазған адам екенін бәрі біледі. Бірақ, ол бастапқыда христианның протестанттық бағытын ұстанып, шіркеуде қызмет еткен. Кейін әйелдер құрған «Christian Science» сектасының қанат жаюына тікелей ықпал жасаған. Том-томдаған кітабын таратып, талай адамның санасын улап үлгерді. 2011 жылдың 1 қаңтарында өткен қайта тіркеу кезінде «Christian Science» сектасының Қазақстандағы өкілдігінің жұмысына тыйым салынған болатын. Алайда, Луиза Хейдің жазбалары оқулықтарымызда әлі жүр. Оқулықты балалар оқиды, сол себепті олардың балаң санасын дінмен, дін болғанда да жалған дінмен уламауымыз керек шығар. Бүгін оқулықтарда Луиза Хейдің өлеңі жүрсе, ертеңгі күні Рон Хаббардтың «Дианетикасының» үзінділері болмасына кім кепіл?

«Русская речь» оқулықтарында: Қызыл алаң. Мәскеу. Кремль

…Орыс тілі оқулықтарының да оңып тұрғаны шамалы екен. «Русская речь» оқулықтары кімдерге арналған өзі? Қазақ мектептерінде оқитын балаларға орыс тілін үйретпеуші ме еді? Солай ғой. Ресейде емес, Қазақстанда орыс тілін оқытады емес пе? Онда неге біздің Білім министрлігінен шыққан «Русская речь» оқулықтары Кремль туралы айта береді? Ескерткіш керек болса, «Бәйтерек», «Қазақ елі», «Тәуелсіздік» монументтері бар емес пе? Соларды орысша жазса болар еді ғой.
5-сыныпқа арналған «Русская речь» оқулығында «Путешествие по Москве» деген тұтас бір тарау бар. Неге «Путешествие по Астане», «Путешествие в Алматы» емес? Осы тарауда Марк Лисянскийдің «Моя Москва» өлеңі берілген.
Я люблю подмосковные рощи
И мосты над твоею рекой,
Я люблю твою Красную площадь
И кремлёвских курантов бой.
Бұл жай ғана өлең емес, Мәскеудің әнұраны. Мәскеу метросы туралы да мәлімет бар. «Кремль» деген шығармада былай делінеді:
«…Когда говорят Кремль, то непременно представляешь себе красные стены Московского Кремля, и словно бы слышишь звучный бой курантов на Спасской башне». Қызыл алаң. Мәскеу. Кремль. Біздің Отанымыз Қазақстан емес пе? Онда неге оқулықтарымыз өзге елдің қаласына тамсанып тұр? Ақ орда. Тәуелсіздік алаңы. Қазақ елі. Біздің мақтаныштарымыз осылар емес пе еді?
7-сыныпқа арналған «Русская речь» оқулығында да осындай жағдай. «Кремлевские куранты» деген мәтінде тағы да Кремль. 5-сыныпта атап көрсеткені аздай, 7-сыныпта тағы да баланың құлағына құйып тұрғандай әсер қалдырады екен. Кремльдің суреті 6-сыныпқа арналған «Русская речь» оқулығында да бар екен. «С Новым годом!» деген шағын мәтінде мынадай сөйлем бар. «Громко пробьют часы двенадцать раз. Прощай, старый год! Здравствуй, Новый год!». Кремльдің суретін осы мәтіннің қасына тағы да бейнелепті. Оның жаңа жылға қатысы қанша? Аққала, шыршаның суреті болса түсінер едік. Сағат үшін дейсіз бе? Олай болса, Кремльді емес, қабырға сағатының суретін берсе де болар еді.
Еліміздегі орыс мектептеріне арналған орыс тілі оқулығындағы жағдай бұдан да сорақы. 2-сыныпқа арналған оқулықта «Русь – матушка» деген өлең жүр. Біздің білім жүйесі бірізді емес пе? Ендеше неге Қазақстанның азаматтары Отаным «Русь» деп айтуы керек? Бүйте берсек, Қазақстанды қалай сүйеміз?
Сосын біздің оқулықтағы тағы бір олқылық суреттерде. Ұлттар мерекесіне қатысты сурет болса, түсінікті, әрине. Бірақ, бір үйдің балаларының бірін қазақ, бірін орыс қылып салудың не керегі бар? 2-сыныпқа арналған «Еңбекке баулу» оқулығында осындай суреттер көп. Ою-өрнек туралы мәтінде бір сурет беріліпті. Ағасы мен қарындасы ою ойып отыр, қарындасының шашы сап сары. Жіп туралы мәтінде де осылай. Жіп ұстаған қыз бен ұлдың суреті, баланың түрі орыс. Суретшілердің неге бұлай жасайтынын түсінбедік.
Білім министрлігі мұндай мәселелерге селсоқ қарайтын сияқты. Әйтпесе, мектеп бағдарламасы бойынша оқытылатын оқулықтарды бұлай шығарар ма еді?! Ол олқылықтарды біздің балаларымыз сол қате күйінде сіңіріп жатыр. Оны неге ойламаймыз? Айтылған мәселелерге Білім министрлігі назар аударады деген үміттеміз. Жас ұрпаққа жаны ашыса, әрине!

Серікбол ХАСАН
(«Ұлан», №5 30.01.2015)

Сізге ұнауы мүмкін...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: