ШЕШЕН, КӨСЕМ, КӨРІПКЕЛ…

«Ақ желкеннің» «Айтқышбегі» атанды!

ШЕШЕН,

КӨСЕМ,

КӨРІПКЕЛ…

Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

Былтыр дәл осы уақытта «Ақ желкен» журналы «Айтқышбек» атты жаңа айдар ашқан еді. «Ақ желкеннің» жасөспірім оқырманы, әсіресе ата-аналар таңырқап қалғандай көрінді. Себебі біздің журналымыз бұрын ондай тақырыпқа бармаған. Өстіп жүріп өсіп келе жатқан ұрпақтың ой-санасына өзіміз тұсау боламыз. Әйтпесе аудандық, облыстық, республикалық, тіпті халықаралық білім жарыстарына қатысып жүрген балалар кездесулерде кейде өзімізбен де пікірталастыра береді. Ендеше компьютердің «ішек-қарнын ақтарып», интернеттегі жаңалықты үлкендерден бұрын біліп алатын жасөспірімге өзінің санасына лайық дүние ұсынсақ, оның не айыбы бар?

Сөйтіп әр нөмір сайын ат қойып, айдар тағып «айтқышбектеріміздің» әр жерде айтқан пікірлерін журналға басып отырдық. «Айтқышбегіміз» қазіргі заманда сұранысқа ие мамандықтың бірі саясаттанушы екенін тағы бір еске сала кеткеннің артығы жоқ шығар. Мамандық демекші, «кім боласың десе, көпшілік жастарымыз «заңгер болам» дейді. Заманға сай нақтылы ғылым мен техника саласындағы мамандықтар өз алдына ғой, әрине. Ал, бірақ «әлеуметтанушы болам», «саясаттанушы болам» дейтін ешкімді көрмейсіз. Шындап келгенде өз алдына тәуелсіз мемлекет құрып отырған қазақ елінің жастарына бұл да керек. Оның сыртында өсер азаматқа оң-солын танып, ой-қиялын тиянақтап, шешен сөйлеп, жатық жазып үйренудің де еш артығы жоқ. Жоғарыда айтқан «Айтқышбек» айдарын қорытындылар кезде осы сөз еріксіз тіл ұшына оралды. Ендеше «Жылдың үздік саясаттанушысы кім? Болжағаны келмейтін саясаттанушы кім деген сұрақтардың насихаттық әрі танымдық астары да бар деп біліңіз.

Біздің бұл сауалнамамызға қатысқан адам көп. Басы белгілі саясаттанушылардан басталып, қарапайым журналистерге дейін «Жылдың ең үздік саясаттанушысын» анықтауға атсалысты.

Сонымен: «Саясаттанушы көріпкел, құмалақшы емес, оның кәсіби деңгейін тек айтқаны келген, келмегеніне қарай өлшеуге болмас, дейді саясаттанушы, «Нұр Отан» партиясының хатшысы Ерлан Қарин. – Меніңше, саясаттанушының біліктілігін, білімін, кәсіби деңгейін анықтайтын бір өлшем оның өзекті мәселелерге билік пен қоғамның назарын аудартып, өткір ой айтып және ең бастысы тиімді ұсыныс бере алатындығы. Одан барып, саясаттанушы ма, әлде саясаткер ме, я қандай да басқа мамандықтың иесі болса да ең бастысы оның азаматтық позициясы болуы керек. Өкініштісі, бұрынғыдай тура да, жүйелі де ой айта алатын Нұрболат Масанов, Сәбит Жүсіпов, Болатхан Тайжан сияқты тұлғалар жоқ. Бірақ бүгінгі күні түрлі өзекті қоғамдық мәселелерді көтеріп жүрген бірден бір сарапшылар қатарында Айдос Сарым мен Досым Сәтбаевты айтар едім.

«Бәріненен де Досым Сәтбаев жақсы» – дейді Зәуреш Батталова.

«Әзімбайдың айтқанын түк түсінсем бұйырмасын. Бірақ, Берік Әбдіғалиға көбірек сенемін, Айдос Сарымды үздік саясаттанушы деп танимын», – дейді осы тақырыпқа көп қалам тартатын журналист Ерік Рахым.

«Маған ұнайтыны Нұрлан Ерімбетов. Екі тілді ғана емес екі менталитетті жақсы білетін саясаттанушы және пікірін жақсы жеткізеді», деді атын атамауды өтінген, сайлауға түсейін деп жатқан депутат ағамыз.

Айдос САРЫМ, саясаттанушы:

– Жаңа шығып келе жатқан Тимур Козыревті бағалаймын.

Жадыра МҮСІЛІМ, журналист:

Жылдың ең үздік саясаттанушысы – Дос Көшім. Айтқаны көп келетін саясаттанушы Ермұхамет Ертісбаев. Ал қоғам туралы жақсы әңгіме айтқан саясаттанушылар деп Әзімбай Ғали мен Айдос Сарымды айтуға болады.

Есенгүл Кәпқызы, журналист:

– Жыл саясаткері ретінде Ерлан Қаринді атауға болады

Андрей Чеботарев, саясаттанушы:

Бірінші сұрақ бойынша Досым Сәтбаевты айтамын. Ал екінші сұрағыңызға еріксіз мүдіруге тура келеді. Айтқаны жүз пайыз келетін ешқайсысы жоқ.

Сейітқазы Матаев, Журналистер Одағының төрағасы:

– Көп саясат-танушыларды білемін, бірақ олар тұрақты емес. Тұрақты деп Сәтбаев, Ерімбетов деген саясаттанушыларды айта аламын. Көбі позитивті емес. Саясаттанушы болғаннан кейін позитивті болу керек емес пе? Саясаттаушы, саясаткер деген институт құрылған жоқ. Кейде аты-жөні белгісіз біреулер саясаттанушы болып жүр. Қысқасын айтқанда, жұмысы жоқ адамдар саясаттанушы болып шығады.

Нұрлан Ерімбетов, саясаттанушы:

– Досым Сәтбаевты айтар едім. Соңғы кезде Болат Сұлтанов әжептәуір пікірін айтып жүр. Берік Әбдіғали, өкінішке қарай, әкім болып кетті. Әйтпесе жақсы саясаттанушы еді. Аға буыннан Болат Сұлтанов қана жақсы, қалғандары шаршап қалыпты. Талғат Мамырайымов жап-жақсы пікірлерімен көрініп жүр. Сосын Ерлан Смайылов деген жігіт бар. Осы саясаттанушылардың шыққанына шүкір дейік.

Расул Жұмалы, саясаттанушы:

Досым Сәтбаевты жақсы саясаттанушы дер едім. Жақсы сараптамалық қабілеті бар. Өзінің айтып отырған тақырыбын өте жақсы білетін, жіті қадағалап отыратын саясаттанушы. Сосын саясаттанушының өте маңызды қасиеті тәуелсіз болу керек. Қандай да бір саяси топтан, мемлекеттік қызметтен кішкене алшақтау тұруы керек. Осы тұрғыдан Досым Сәтбаев тәуелсіз деп айтуға болады. Ол туралы айтылып жүрген неше түрлі пікірге келіспеймін. Өйткені мен оның сараптамаларымен жақсы таныспын. Осыған дейінгі пайымдарына қарап оның мемлекетшіл екенін аңғаруға болады. Жүрегі қазақ деп соққан орыстілді саясаттаушы ол.

Талғат Мамырайымов соңғы кезде жақсы көрініп келе жатыр. Жас болса да жақсы, өте сапалы дүниелер жасап жүр. Мұхит Асанбаевтың жақсы білетін тақырыптары көп. Діни мәселелерге, тілге қатысты, мұсылман мемлекеттеріне қатысты өзіндік орнықты пікірі бар. Оны жақсы танимын және маман ретінде сыйлаймын. Айдос Сарымның мықты жағы көп. «Абай.кz» сайтын ашты, көп еңбегі сіңді. Жалаң мәселелермен ғана емес, ұлттық құндылықтарды насихаттауда үлкен жұмыстар атқарып жүр. Қоғамдық өмірде белсенді. Оны жай саясаттанушы ғана емес, белгілі бір дәрежеде қоғам қайраткері деп санаймын. Жақында «Ұлы дала» деген қозғалыс ашты. Сондықтан мен оны саясаттанушы дегеннен гөрі ауқымды ұғымдағы адам деп білемін. Ерлан Қариннің саясаттанушы ретіндегі қабілетіне шүбә келтірмеймін. Бірақ бір ғана күмәнді жағдай, ол партияға тәуелді. Аға буынның тәжірибесі әлі де керек. Өйткені бір-бірімізді толықтырып тұруымыз керек.

Дос Көшім, саясаткер:

Өзім білетін бес-алты саясаттанушы бар. Кейде саясаткер мен саясаттанушыны айыра алмайтын болдық. Мені «саясаттанушы» деп жазады кейбір журналистер. Мен – саясаткермін.

Саяси сұрақтарға жауап беріп, зерттеулер жасағаныма қарап, мені саясаттанушы дейтін шығар мүмкін.

Мен білетін саясаттанушы Ерлан Қарин, Айдос Сарым. Орыстілді бағытта жұмыс істейтін Досым Сәтбаевты білемін. Олардың айтқандары келіп жатыр ма, мен оған жауап бере алмаймын. Және саясаттанушылардың жазғанын оқымайтын адаммын. Олардың не айтып, не қойғаны мені кейде қызықтырмайды.

Әзімбай Ғали, саясаттанушы:

– Мен оларға жақын жүргеннен кейін кемшіліктерін көп көремін ғой. Сіз бір-бірден аттарын айта беріңіз, мен жауап беремін.

– Айдос Сарым, мысалы?

Айдос керемет жігіт.

– Нұрлан Ерімбетов ше?

Нұрлан қазақ тіліне қарсы өзінше саясат жүргізеді және оны ешкім білмейді деп ойлайды. Мемлекеттік тіл туралы бағдарлама шығып еді, ертесінде қарсы шықты. Қалай? Біз әлі бағдарламаны оқып үлгерген де жоқпыз, ал ол таңертең мақаланы жариялап қойды. Яғни оның қолында материал болған. Біз кішкентай ғана халықпыз сондықтан бір-біріміз туралы бәрін білеміз.

– Ерлан Қарин бар ғой…

Бір кемшілігі – билікте жүр. Екінші кемшілігі – Ақаевқа жұмыс  істегені, үшінші кемшілігі – Дариғаға жұмыс істегені. Ақша бар жерде жүреді. Ұлтжандылығын көрсете алмады. Біз кеткеннен кейін бәрін сараптайтын сіздерсіздер. Мен сізге өсек сияқты бірдеңе айтайын. Ерланнан жастау кезінде «Қай елсің?» деп сұраған ем. «Аға, мен Ақтөбенің арғынымын» деді. Негізі біз адамгершілігіне, білгірлігіне қараймыз ғой. Біздің жасымызда «кімсің?» деген сұрақ бәрібір керек. Кейіннен Ерлан өзгеріпті, адай екен. Үлкен жүк көтеріп жүрген кісі. Моральдік жауапкершілік болу керек. Қарапайым тракторшы емес, мәселе трайбализмде де емес…

– Расул Жұмалы бар тағы да.

Сол жігіт маған ұнайды. Араб тілін біледі. Біздің саясаттанушыларымыздың ең үлкен кемшілігі ағылшын тілін білмейді. Расул ағылшынша біле ме, білмей ме, оны білмеймін. Бірақ араб тілін анық біледі. Ішіндегі дұрыстауы Расул Жұмалы. Сосын АГУ-де бір үлкен жігіт бар ғой, жасы менен үлкендеу шамасы….

– Борбасов па?

Иә, Саин. Оны мен керемет жақсы көруші едім… Саясаттанушы саясатқа ілікпеуі керек. Тартынып жүрген жөн.

Маған бәрі сескеніп қарайды. Мен оппозиционер емеспін.

Биліктің жағындамын деп ылғи айтып жүрдім. Соның өзінде            күдіктеніп қарайды.

– Мұхит Асанбаев та жап-жақсы пікір айтып жүр…

Мұхитты аса жақсы танымаймын. Пікірім жоқ. Сосын маған Мұхтар Тайжан ұнап жүр. Бірақ ол саясаттанушы емес, саясаткер.

– Андрей Чеботарев деген орыстілді саясаттанушы бар ғой…

Ол кішкене шовинистеу. Осы ойларымды олардың бетіне айтқанмын. Көбісі мені жек көреді. Мен туралы не десе де өз еріктерінде.

– Аға, саясаттың басы-қасында жүргеніңізге біраз уақыт болды. Осы уақытқа дейін өзіңіздің кемшілігіңіз бен артықшылығыңызды салмақтап көрдіңіз бе?

Менде ресурс жоқ. Олай дегенім ақпарат жетіспейді, мүмкіндік жоқ. Жұмыстан шаршап келгенде «талдап берші» дейтіндер көп. Мен аудандық газеттерге дейін сұхбат беремін. Қызық қой, иә! Бүгін кішкентай газет болғанымен, ертең үлкен газет болатын шығар. Көңілін қалдырғым келмейді. Жалпы журналистерді ренжітуге болмайды.

Қазіргі замандағы саясаттанушы ағылшын тілін білуі керек. Бірнеше мемлекетте оқуы қажет. Қазақ тілін жақсы көруі керек.  Таза саясаттанушы болу біздің сферада қолайсыз екен. Ал мен  деректі тарихтан аламын. Шетелдерге көп шықтым, қолыммен  ұстап, көз жеткізген нәрселер көп. Қазір саясаттанушылар  көбінесе түсінікпен сараптайды. Бұл дұрыс. Бірақ қысқа, шолақ жол. Менің ойымша тарихтан алу керек.

– Жаңадан шығып келе жатқан жас саясаттанушы бар ма?

Рустам Али деген жігіт бар. Өзі қазақ, бірақ атын өзгертіп алған. Фамилиясы Алпысбаев. Араб тілін еркін біледі, қазір аса көп көрінбей жүр. «Қазақстанда жарылыстар болуы мүмкін» деген пікірді маған бірінші айтқан сол. Сонда мен қарсы шыққанмын. Араб тілін де, ағылшын тілін де жақсы біледі. Үйленбеген жігіт. Кезінде демографиямен айналыстым, тарихшымын. Солар мені пікір айтуға, сараптама жасауға мәжбүрледі. Амалсыздан саясаттанушы болдым. Расул, Рустамдар жаңа толқындар.

Мұхтар Жанұзақ, тәуелсіз журналист:

Досым Сәтбаевты биліктен де, басқа топтардан да тәуелсіз сараптама жасайтыны үшін құрметтеймін. Оның зерттеулері объективті әрі шынайы болады. Өкінішке қарай, ғалымдардың көпшілігі белгілі бір ұйымда, мекемеде жұмыс істейтіндіктен, кей мәселелерді жеткізбей айтады, кей тақырыптарды айналып өтеді, ал кейбірі тіпті тек мемлекеттік үгіт-насихаттың құралы ретінде пайдаланылады. Айдос Сарымды принциптілігі, қазақ ұлтының мүдделерін орыстілділерге жеткізе айтып жүргені үшін сыйлаймын. Сонымен қатар ол әлеуметтік желілерді жақсы пайдаланып, қоғамдық пікірді қозғауға көп үлес қосып жүр. Берік Әдіғалидың патриоттығына, жанкешті еңбегіне қызығам. Ерлан Қариннің ұлт үшін сіңірген еңбегі орасан зор. Бірақ сарапшы еш партияда да, билікте де, қоғамдық ұйымда да қызмет істемеуі керек, ешқандай тартыстарға араласпауы қажет, олар тек сырттай бейтарап бақылаушы рөлін атқаруы тиіс. Меніңше, саяси сарапшы бейтарап пікір айта алған кезде ғана «сарапшы» деген атқа лайық болады. Ал бұл кісілер «қоғам қайраткері» деген атқа көбірек келеді.

Сарапшылар – көріпкел емес, олар болжам жасамайды, жалпы ахуалды талдап, мәселенің туындау себептерін көрсетеді, қатысушы тараптардың ықтимал әрекеттеріне қарай оқиғаның салдары қандай болуы мүмкін екенін айтады. Сондықтан оларды болжамының дәл келуіне қарай емес, проблеманың туындау себептерін ешкімге жалтақтамай және сатылмай талдап бергені үшін құрметтеймін.

Берік Әбдіғали, Айдос Сарым, Расул Жұмалы, Ерлан Қарин, Дос Көшімдерді үздік саясаттанушылар деуге болады.

P.S. Осы айтылған пікірлерден-ақ еліміздегі

саясаттанушылардың есімдерімен жас оқырмандарымыз бірқыдыру таныс болған болуы керек. Сирек әрі қызықты басқа да мамандық иелерімен қоғамға сіңірген еңбектері арқылы алдағы уақытта да таныстыра жатармыз. Ал, жыл бойы жүргізілген «Айтқышбек» айдарының айдарлы жүлдегері Досым Сәтбаев болып шықса, оған Айдос Сарым үзеңгілес келгенін өздеріңіз де байқадыңыздар. Ерлан Қарин, Берік Әбдіғали, Расул Жұмалы, Ермұхамет Ертісбаев та жиі аталды. Жас оқырмандарымыздың ақ парақтай таза көңілінен орын тапқан «айтқышбектерімізге» құтты болсын айтамыз!

Сізге ұнауы мүмкін...

1 пікір

  1. Мейрман айтады:

    Дос Көшім саясаттанушы емес, саясаткермін деген ғой. Оны апарып неге үздік саясаттанушыға қосып қойғансыз?

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: