Ардақ ИСАТАЕВА, дәстүрлі әнші: «Көк айдайды» ремикспен айтуға қарсымын…

Қазіргі тыңдарманның талғамын батыстың рок-рэпі, эстраданың тарсыл-тұрсылы тұралатып тастағандай. Бұл – халықтық ән-жырдың құндылығын түсінген кез келген адамды ойландыратын түйінді мәселе. Жақында еліміздің мәдениет қайраткері, әнші Ардақ Исатаевамен сұхбаттасудың сәті түскен еді. Ардақ апай да дұрыс дәріптелмей жүрген дәстүрлі өнер хақында біраз қынжылысын жеткізді…

Директордың кабинетінде күйтабақ тыңдайтынмын

b9290f1f57e71c2c699576e25880e5d1– Ардақ апай, әуелі өзіңіздің бала кезіңіз бен өскен ортаңыз туралы айтып өтсеңіз… Сізді өнерге әкелген кім?
– Өзім Жамбыл облысы Сарысу ауданы Калинин ауылының тумасымын. Қарапайым отбасынан шыққанмын. Үйде бес баламыз. Өнер маған екі жақтан да қоныпты. Өйткені, өз жұртым да, нағашы жұртым да – өнерден кенде емес кісілер. Соның әсері де болар, кішкентайымнан ән-күйге жақын өстім. Бұрынырақ бала кезімде Хадиша атты көршіміз болатын. Өзі – музыка мектебінде домбырашы. 1-сыныпқа барар-бармас кезім болу керек. Сол кісіге жата кеп қолқа салдым. Теледидардан Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауын» естіп алғанмын. «Сол күйді үйретіңізші» деп, Хадиша апайдың артынан қалмай қойғаным бар (күліп). Ақыры, дегеніме жетіп, әлгі күйді үйреніп алдым. Одан соң, 3-сынып оқып жүргенімде ауылдағы музыка мектебіне бардым. Барып алып, көп қиналдым. Домбыраның пернелеріне саусақтарым жетпейді, бойым да кішкентай. 1 жыл бойы босқа барып жүрдім, уақытым құр кетті. Келесі жылы музыка мектебінің қайтадан 1-сыныбына қабылдандым. Сөйтіп, онда 5 жыл оқып, бітіріп шықтым.
– Домбырашылықтан әншілікке қалай бет бұрдыңыз?
– 5-6 сынып оқып жүргенімде, бойымдағы өнерді танып-білсе керек, мектебіміздің директоры Пернебай Дүйсенбин мені әнге икемдей бастады. Еңбек, дене шынықтыру деген сабақтардан мені сұрап алып, кабинетіне алып кетеді. Ол кісінің кабинетіне кірсең, еріксіз аузыңды ашасың. Ғарифолла Құрманғалиев, Манарбек Ержанов, Жүсіпбек Елебеков, Жәнібек Кәрменовтердің күйтабақ-тары төбе болып үйіліп жатады. «Мыналарды тыңда!» деп, соларды қосып береді де, есікті сыртынан құлыптап, өзі кетіп қалатын. Ән байқауы өтсе болды, мені қатыстырады. Бір күні ауданымыздағы мәдениет үйінің директоры келді мектепке. Өнерлі балалар болса, өнерлерін көрмекші екен. Менің әнімді тыңдап болған соң, бәрі ұнатып, мақтады. Содан кейін іс-шарадан қалмайтын болдым. Наурыз, жаңа жыл сияқты мейрамдарда «Пазик» автобусқа мініп аламыз да, көрші ауылдарға концерт қоямыз. Онда қайбір сахна бар дейсің?! Автолавкалардың артын сахна қылып, өзімізше думан құратынбыз. Мектеп бітірерде Пернебай ағайым «Даусың жақсы, консерваторияға бар» деп, ақылын айтты. 1993 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияның халық әні кафедрасына түстім. Бүгінде осы кафедраның меңгерушісімін.

Қырғыздар маған көлік мінгізді

e313b493001bceed38eb3ae69b4c0686– Консерваторияны бітірген соң, жеті жылдай «Гүлдер» ансамблінде жұмыс істегеніңізді білеміз…
– Иә. Онда қызметке кіруімнің өзі – бір оқиға. Консерваторияда бес жыл бойы Бекболат Тілеуханнан дәріс алдым. Ол кісі бес жыл бойы маған «Байқауларға бар, концертке қатыс» деумен жүрді. Неге екенін білмеймін, студент кезімде жарыс десе, ат-тонымды ала қашушы едім. Ішімнен оған әлі шамам жетпейтіндей көрінетін. Сонда Бекболат ағайға: «Сайысқа барған соң, жүлдесіз қайтпау керек. Сондықтан мен тағы жаттығып, дайындалайын», – деймін. Оқуды бітірерде, ағайым келіп: «Ардақ, бес жыл бойы дайындалдың ғой. Енді соның нәтижесін көрсет. Қарағандыда Жүсіпбек Елебеков атындағы бірінші республикалық конкурс өтпекші. Баруға тиіссің», – деді. Мамырдың 12-сі күні консерваторияны аяқтадым, 13-інде пойызға отырып, 14-і күні Қарағандыға жеттім. Ертеңіне сайыс басталды. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген небір жезтаңдай әншілер өнер көрсетіп жатыр. «Мыналардың қасында маған жүлде бұйырар ма екен?!» деп ойлағам. Ақыры сол конкурстан 1-орын иелендім. Содан Алматыға келе сала, «Гүлдер» ансамбліне қабылдандым.
– Шетелдерге жиі шығып тұрасыз ғой. Ондағы тыңдарман қазақ әнін қалай қабылдайды?
– Есімде қалған ең алғашқы ірі байқау 2000 жылы Қырғызстанда өтті. Ош қаласында «Оштың әсем түндері» атты халықаралық конкурс ұйымдастырылды. Дәстүрлі ән, эстрада және би номинациялары бойынша қатысушылар сынға түстік. Дәстүрлі әншілердің арасында менің өнерімді жоғары бағалаған қырғыздар 1-орын беріп, көлік мінгізді. Одан кейін де шетелдерге көп шықтым. АҚШ, Испания, Италия, Франция, Швейцария,Үндістанда болып, қазақ өнерін әлем халқына паш етіп қайттым. Ол жақтағылардың дәстүрлі ән дегенде шығарда жаны бөлек. Өнерді қатты құрметтейді. Концерт билеттері 2-3 ай бұрын сатылады. Зал лық толады. Ал бізде дәстүрлі әншілердің концертіне адам жинау қиын. Қайрат Нұртас емеспіз, Заттыбек емеспіз. Бір концерт өткізу үшін бастан-аяқ өзің жүгіруге тура келеді. Шетелдік көрермендер өте аңғарымпаз. Киген киіміңе, таққан әшекейіңе дейін ерекше назар аударады. Дискілеріңді апарсаң, бірін қалдырмай сатып алады. Мұның өзі өнерге деген зор құрмет деп білемін.

Балалар байқауында репертуар аясы өте тар

– Талай сайыстарда қазылар алқасының құрамында болып жүрсіз. Балаларға арналған байқаулардан да қазылық еткен сізді көреміз. Қазіргі балалардың дәстүрлі өнерге деген жақындығын қалай бағалайсыз?
– Шүкір, беталысы жаман емес. Жоқ, жоқ деп, ауызды қу шөппен сүрте беруге де болмайды ғой. Ынта бар жастарда. Бірақ, бір қынжылтатыны, балалар байқауында репертуар аясы өте тар. 4-5 ән бар жаттанды, «Япурай», «Қараторғай», «Елім-ай» деген. Бәрі соны орындайды. Тіпті, сайысқа барғанда кей балалар есте қалып қалады ғой. Ертеңіне басқа жарысқа барсаң, әлгі бала сол әнді қайта орындап жатады. «Айналайын-ау, қазақта не көп? Ән көп. Басқа әнді орындасайшы енді бүгін» деп айтам ондайда. Меніңше, ән таңдауға ұстаздары жауапкершілікпен қарағаны дұрыс. Әйтпесе, сол ұстаздардың бәрі кезінде осы консерваторияны бітірген шығар. Консерваторияны бітіріп шыққан адам кем дегенде 100 әнді жатқа біледі. Ендеше, неге балаларымызға айналдырып, бір әнді қайта-қайта айтқыза береміз?!
– Кей балалар күрделі әндерді алып, орындай алмай қалып жатады. Дәстүрлі әнді орындау үшін дауыс диапазоны да ескерілуі керек емес пе?!
– Әрине. Бұл – тағы да ұстаздардың қателігі. Алдына келген шәкіртті тыңдап болған соң, ұстаз оның табиғатын бірден байқап, соған сай келетін әнді ұсынуы тиіс. Ырғағы біркелкі әндерді ересек болғанша айтқыза беру де дұрыс емес. Жасөспірімдік өтпелі шақтан соң, ер балалардың даусы өзгереді. Бұрын шіңкілдеп қалған жіңішке дауыс жуандап немесе, керісінше, жуан дауыс жіңішкеріп кетуі мүмкін. Сондықтан дәл осы шақта дауыс біржола орнығып тұрақтанбайынша, ән айтқызудың керегі жоқ. Әйтпесе дауыс бұзылып, кейде, тіпті, біржола жоғалып та кетеді.
Әннің киесінен қорқу керек
– Дәстүрлі өнердің қазіргі жай-күйі туралы қынжылар тұстарыңыз көп сияқты…
– Отандық телеарналарда дәстүрге байланысты бағдарламалар өте аз. Дәстүрлі жыр кештері де жоқтың қасы. Сол қынжылтады. Тыңдармандар да: «Мына жерде дәстүрлі ән орындалып жатыр екен-ау! Біздің қазақтың төл өнері ғой» деп құлшыныс танытпайды. Іздемейді. Мұның себебі – жарнаманың әлсіздігінен, үкімет тарапынан қолдаудың болмауынан, салғырт қараушылықтан. Күнделікті телеарналар мен радиолар да осы мәселені жөнге салған емес. Әнеубір жылдары теледидарда «Ауылдың алты ауызы», «Жеті саз», «Дала думан», «Алтыбақан», «Саз толғау» деген бағдарламалар болушы еді. Кейін жабылып қалды. Оның орнына эстраданы әкеліп тықпалай береді, тықпалай береді. Күйлерден попурри жасауға көштік. Әр күйдің басын бір шалып, ремикске айналдырып алған. Құрманғазы, Дина, Дәулеткерейдің күйін бір күй етіп, орындап жүр. Бетховеннің, Моцарттың, Бахтың шығармаларын алыңызшы, ешқайсысы ортасынан қысқартылмайды. Олардың 20 минуттан орындалуы заңды. Оның жанында бүкіл қазақтың тарихы баяндалатын әуенді, жырды неге ортасынан үзеді? Соған ішің ашиды.
– Бүгінде эстрадада бұзылып, бұрмаланып айтылып жүрген дәстүрлі әндер көп пе?
– Өте көп. Қайрат Түнтековтің орындауындағы «Назқоңыр» – соның бірі. Әйтеуір сол әннен кейін Қайраттың өзі де сахнаға шықпай кетті ғой. Негізі, әннің қасиеті, киесі болады. Әнді қорлауға болмайды. «Сен эстрада әншісісің, дәстүрлі әнді айтпа» дей алмаймын, әрине. Айтсын. Бірақ әуенін, сөзін бұзбасын. Қазіргі әншілер әннің сөзін бейнебаянына икемдеп, өзгертіп алатынды шығарды. Оның бұлай етуге қандай хақысы бар? Үш қыздан тұратын топ шықты. Ерсі қылықтар көрсетіп, билеп, Сүгірдің термесін орындайды. Сөзіне ешбірі мән беріп тұрған жоқ, есіл-дерті – өздерін көрсету. «Жігіттер» квартеті Ақан Серінің «Балқадишасын» айтып жүр. Олар да әннің сөзін өзгертіп алған. «Бұларың не?» десем, «Біз бейнебаянға лайықтап, ықшамдадық» дейді. Ақылбек Жеменей де Мұхиттың «Көк айдайын» ремиксқа салып алыпты. Дәстүрлі өнерден шоу жасағылары келеді, осылайша…
– Әңгімеңізге рахмет! Шығармашылық табыстар тілейміз.

Әңгімелескен Ботакөз МАРАТҚЫЗЫ
(«Ұлан», №42 21.10.2014)

Сізге ұнауы мүмкін...

4 пікір

  1. Гульбагда Мутигуллина айтады:

    өкепелеуі өте орынды,дәстүрлі өнерді күй болсын ән болсын ақшаға айналдырып қор қылу жөн емес.Орынды өкпе ,сен тимесең мен тиме болып жүре бергенге жаман үйреенгенғой біздің Қазекем!!!!

  2. Almagul Zhuginisova айтады:

    бәріміз өкпеліміз! дәстүрлі әннің қаймағын бұзбасын!

  3. Марат Нуретдинов айтады:

    Айналайын халайық!
    Біреуді дәрменсіз көріп сөз ете бермей, дәстүрді дәріптеуді өзімізден бастайық та.
    Қазір дәстүрлі ән кешін ұйымдастырып берсем, барлығың жұлдыз сияқты қырғын қаражатты талап ете бастайсыңдар ғой.
    Жаңа Ардақ апа айтқандай мен Қайрат Түнтековтың кім екенін білмеймін және білгім де келмейді. Ал, Ақылбек Жеменей мен «Жігіттер» квартеті бұлар көпті байқаған жан-жақты жігіттер.
    Ақылбек Жеменей салдырлаған әнші деп ойлап жүрсіз бе?! Ол қазір эстрадасында креативті әнші. Ал, негізінде былай ол жігіт жырау. Бұл жігіт жырау Амандық Көмековтен тәлім алған азамат. Бала кезінде Әнші балапанға Сүгірдің термесімен шығып, бас жүлдені алған.
    Сондықтан ағайын қояйық! Мен өзім дәстүрлі музыкантпын. Сіздер біздің жерге кеп жеке концертіңізді беретін болсаңыз, мархабат айтыңдар. Әкімнің есігін теуіп кірсемде концерттеріңізді ұйымдастырып беремін.
    Ал, өздеріңізді Селин Дион, Майкл Джексон сияқты өздеріңді қымбат әншіге теңейсіңдер да, кеп басқа біреуді сөз етесіңдер.
    Мен бұл жерде ешкімге қарсылым жоқ. Бірақ біреуді сөз етпей, барлығын өзімізден бастайық.

  4. Аты жоқ көкек айтады:

    Ботакөз, мұның жарамайды. Әншілерді бір біріне айдап салғандай сыңайдағы сұхбат жасапсың. Не үшін сонда, түсінбедім?

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: