Спорт қандай құрбандықты қажет етеді?

chinese_boysИнтернетте көркем гимнастикадан жаттығу кезінде түсірілген бейнекөрініс пайда болды. Соңғы 1-2 апта шеңберінде ең көп талқыланған тақырып та – осы. Атышулы көріністе 9-10 жас шамасындағы талдырмаш қызды «жаттығуды дұрыс жасамадың» деп, бапкері сабап жатады. Бірнеше рет басы мен бүйірінен ұрады. Мұны көрген интернеттегі жұрттың пікірі екіге жарылды. «Бапкердің баланы ұрғаны дұрыс емес, қол көтермеуі керек» деді бір топ. «Үлкен нәтижеге жету үшін спортшыны осылай «қамшыламаса» болмайды» десті екінші бір топ. Артынша таяқ жеген қыздың қала біріншілігінде топ жарып, жүлделі орын алғаны да айтылды. Алайда, ғаламтордағы сол көрініс спорт секцияларына жазыламын деп жүрген талай жасөспірімнің жүрегін шайлықтырғаны анық.
«Гимнасшыны ұрып тәрбиелеп жатқанын» көрген баланың санасында «Шынында бапкерлер спортшыны осылай жатттықтыра ма?» деген сұрақ туындайтыны белгілі. Біз осы ойдың түйінін тарқату үшін елге белгілі бапкерлер мен танымал спортшылармен сөйлескен едік. Оларға төмендегі үш сұрақты көлденең тастадық…
1. Даңқты гимнасшы, боксшы, балуан болу үшін не істеу керек?
2. Спортшы неден бас тартып, қандай құрбандықтарға баруы тиіс?
3. Намысты қамшылаудың қандай әдістері бар?

Әлия Юсупова, көркем гимнастикадан ҚР құрама командасының бас бапкері:

Күніне 8-9 сағат жаттығатынмын

083Интернетте тараған видеоны көрдім. Спорттың қай түрінде болсын, спортшыны ұруға болмайды. Спортшы психологиялық жарақат алмауы керек. Мәскеуде 9 жыл тұрып, небір мықты бапкерлерден тәлім алсақ та, ондайды көрмеппін. «Ұрып тәрбиелеу» деген әрбірден соң адамгершілік этикаға жат.
Көркем гимнастикаға келу үшін спортшының дене бiтiмi сұлу, бойы ұзын, талапқа сай болуы тиiс. Әрине, техникамен алатындар да бар, бiрақ, гимнастика талабына сай, табиғи дене бiтiмi болмаса, биiктердi бағындыру қиын. Сосын тәрбие маңызды. Балаға ата-анасы дұрыс тәрбие беріп, жөнді бағыт сілтемесе, іс бәрібір нәтижесіз болады. Чемпион боламын деген адам жалқау болмауы керек. Күнделікті 45 минуттық, 1,5 сағаттық, 3 сағаттық дайындықтардан ерінбей өтуі тиіс. Мәскеуде болғанымда мен күніне 8-9 сағат үздіксіз жаттығатынмын. Өзім құралпы қыздар асыр салып ойнап жүргенде, чемпион болуға құлшынған мен иіліп, бүгіліп, жаттығуларды тынбастан жасап жататынмын. Қатаң талап пен тынбай жаттығудың арқасында ғана биік нәтижелерге қол жеткіздім деп ойлаймын. 2 жылдан бері көркем гимнастикадан ел құрамасының бас бапкерімін. Қазір 16-17-дегі ересек қыздармен жұмыс жасаймын. Оларға 6-дан кейін тамақ жемеңдер, қамыр тамақтан өз-өздеріңді шектеңдер деп айтып отырамын.

Бейбіт Ыстыбаев, түйе балуан:

Спортта жүрген 10 жылда туған күнімді де тойламаппын

Бейбіт-ЫстыбаевКүніне 4 сағатты (таңертең 2, кешке 2 сағат) жаттығу залында өткіземін. Додаға, кезекті жарыстарға уақыт аз қалған кезде дайындықты күшейтемін. Кешке 3 сағат, кейде тіпті 4 сағатым дайындыққа кетеді.
Күнделікті таңертең тұрып жүгіремін, уақыт шығарып 1-2 сағат футбол ойнаймын. Мен үшін тойлайтын бір ғана мейрам бар: ол – жаңа жыл. Жаңа жылда ғана 2-3 күн демаламын. Спортта жүрген он жылда туған күнімді атап өтуге де мұршам болмапты. Ылғи 9 мамырда жарыста немесе жолда болып қалатынмын. Былтыр ғана туған күнімді Таразда, әке-шешемнің, бауырларымның ортасында тойлаудың сәті түсті. Осыдан кейін-ақ спорт қандай құрбандықтарды талап ететінін түсіне беріңіздер.

Мырзағали АЙТЖАНОВ, бокстан Ұлттық құраманың бапкері:

Боксшы кешкі қыдырыстарға бармайды

Гл_тр_сборной РК-Мирзагали Айтжанов_ (3)18 жылдан бері боксшылардың бапкерімін. Ұлттық құраманың бас бапкері болғаныма 5 жыл болды. Босаңсып, әлсіздік танытқан жігіттерді ұрсып, сүйектен өткізіп айтамыз. Адам болғасын ашуланбай тұрмайсың ғой. Бірақ әр боксшыға әртүрлі «подходпен» келесің. Біреу ұрысқанды көтере алмайды. Екіншісі мақтауды, еркелеткенді жақсы көреді. Бокс спорттың жекпе-жек түрі болғандықтан, тәртіп қатал. Әрі еліміздің Ұлттық құрамасына қабылданған жігіттерге бір сәт те босаңсуға болмайды. Данияр Елеусінов, Жәнібек Әлімханов, Иван Дычко, Әділбек Ниязымбетовтердің күнделікті дайындықтары көз алдымда. Қолғабын күні кеше шегеге ілген Серік Сәпиевтің де құрамадағы бас бапкері болдым.
Олардан бөлек, Еркебұлан Шынәлиев, Біржан Жақыпов, Қайрат Ералиевтердің жеке бапкерімін. Боксшылар дене жаттығуынан бастап, функционалды жаттығулары бар, бокстағы тактикаларға байланысты әрқандай жаттығулар бар, жалпы алғанда күнделікті 5-6 сағатын спорт залында өткізеді. Одан бөлек, теориялық сабақтары бар. Қарсыласының шаршы алаңдағы әдіс-айласын бағдарлау үшін бейнетаспа көреді. Өзінің спорттық нәтижелері туралы күнделік жүргізеді. Қарап отырсаңыз, боксшының бос уақыты жоқ. Кешкі қыдырыстар, достармен басқосуларға қатысуына рұқсат бермейміз. Сергек жүруі үшін 22.30-да-ақ ұйқыға кетулері керек. Кешкі жетіден кейін тамақ ішулеріне болмайды. Олимпиада чемпионы атанамын, жеңіс тұғырынан көрінемін деген адам ауырсынбай, осының бәрін орындауы тиіс. Ал баласын спортқа берген ата-аналардың өбектей бергені болмас. Бұрынғылар тәрізді «Сүйегі менікі, еті сенікі» деуі керек. Спорт қажырлықты, үлкен құрбандықтарды талап етеді, өйткені.
P.S. Инчхондағы Азия ойындарында грек-рим күресінен 130 келідегі балуанымыз алтын үшін белдесуге шыққалы жатады. Сонда Жақсылық Үшкемпіров ағамыз Нұрмаханға келіп: «Сен бәрібір күміс аласың. Алтын үшін шықпай-ақ қойшы. Боз кілемде жеңіліп, жығылып жатасың қазір», – деп салыпты. Аты аңызға айналған Жақсылық ағасынан мұндай сөзді Нұрмахан күтпесе керек. Әбден ашуланады. От алып, қопаға түседі. Нәтижеде финалда Оңтүстік Корея балуаны Йонгмин Кимді 3:0 есебімен ойсырата ұтады. Артынан бақса, Жақсылық ағасы әлгіндей сөзді Нұрмаханның жігерін жанып, намысын қайрау үшін айтқан екен. «Ағаның сол сөзі қамшы болды», – деді балуанның өзі жеңістен кейінгі сұхбаттарында. Әсілі, намысты қамшылау осылай болса керек. Интернетте жүрген видеодағыдай бапкердің гимнасшы қызды басынан бір, бүйірінен екі ұрғанындай емес…

Тақырыптың тұздығы

Қасым Аманжолұлы, журналист:

Өзімізден де бар

fc9ac3e0ef74eff4d0e2985fa779546eӨткен сенбіде ұлымның жаттықтырушысы Олеся Романчук ата-аналар жиналысын өткізді. Бардым. Жылда айтылатын әңгіме қайталанды: «Ауыл баласы шыдамды, төзімді болады деп келген едім. 7 жыл болды таэквондоға жаттықтырып келе жатқаныма»,– дейді Олеся. «Осы жеті жылда өзім жаттықтырған балалардың тең жартысы тегін келіп жүр. Балаларды ақша әкелмесе, кіргізбей тастауға ұялам. Бар-жоғы айына 5000 теңге. Соның өзін «үйде ақша жоқ» деп әкелмейді. Ал ертеңінде айфон ұстап жүреді. Немесе, «таэквондоға төлейтін ақшамыз жоқ» дейді. «Неге?» деп сұрасам, «ата-анам дүкен салып жатыр» деп айтады. Сосын, спортқа берген балаларыңызға экипировка алып беріңіздерші. Біздің жаттығуға жиналған барлық уақытымыз киім ауыстырумен өтеді. Спаррингке шығарасың, «Әй, бандажыңды берші, қолғабыңды әкелші» деп жүгіріп жүргені» деп күйінді бапкер. Қаладағы жаттықтыратын тобында мұндайдың жоқ екенін және бетке басты. Спорттан алыс адаммын, баласын спортқа берген ата-ана ретінде ғана айтайыншы: өзімізден де бар. Ең алдымен, баламыздың тұрақты жаттығуына көңіл бөлмейміз, ақша салмаймыз. Осыдан кейін қайдағы үздік нәтиже?

Қарлыға ИБРАГИМОВА
(«Ұлан», №42 21.10.2014)

Сізге ұнауы мүмкін...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: