Өзипа ЖУСАНБАЕВА, Бердібек Соқпақбаевтың жеңгесі: Бердібек оқушы күнінде-ақ ақын атанған

urlҰлан: Өзипа апа, Бердібек қайныңызды алғаш көрген сәтіңіз есіңізде ме?
Өзипа апа: Мен Бердібегімді алғаш рет Нарынқолдың мектебіне оқуға келгенімде көрдім. Таныстығымызға себепкер болған – Хантәңіріне ту тіккен сәт. Нарынқол ауданы бойынша жарық таратылған қуанышты оқиға болған кезең еді. Сонда талантты деген 200-дей баланы жиып, Хантәңіріне арнап өлең, тақпақ жазуға үндеу салды. Біздің мектеп директоры: «Сен мына екі өлеңді жаттап айтасың», – деді. Сол екі өлеңнің біреуінің авторы Бердібек Соқпақбаев екен. Мен оның өлеңін ел алдына шығып оқыдым. Тақпағымды айтып болғанымда, залдан өзім құралпы бір жас, қарадомалақ, көзі өткір бала жаныма келді де, қолымды алып: «Сізге рахмет, өлеңімді өз мәнерінде, өте жақсы оқып шықтыңыз», – деді. Сөйтсем, бұл ақын бала Бердібек екен. Менен бір класс төмен оқиды. Біз солай таныстық.
Ұлан: Апа, қайныңыздың таныстыққа себеп болған сол өлеңі есіңізде ме?
Өзипа апа: Жасым тоқсаннан асып кетсе де, әлі күнге есімде, балам:
Басыңа Хантәңірдің талмай жеткен,
Асуды жан баспаған басып өткен.
Қуантып ұлы Отанның кәрі-жасын,
Қызыл Ту бұлт тірейді желбіреген.
Олар кім?
Совет елі. Тас түлектер,
Талмайтын, қажымайтын жау жүректер.
Ерлері ұлы Сталин заманында,
Құрышпен суғарылған сом білектер.
Ұлан: Кейін сол Қостөбеге келін боп түсіп, жазушының жеңгесі атандыңыз. Бұл қай жылы еді?
Untitled-11Өзипа апа: 1939 жыл. Шешем мені Бердібектің туыс ағасы Шәріп Жусанбаевқа ұзатты. Шәріпті сол сәтке дейін таныған да емеспін. Содан Қостөбеге келдік. Бір кезде ауылдағы үлкен-кіші түгелдей дерлік мен түскен үйге жиналды. Арасында Нарынқолда бірге оқыған Бердібек те, Әбдіғали де жүр. Өңкей қостөбелік балалар. Осыдан бастап Бердекеңдермен бұрынғыдан да жақсы араласып кеттік. Бердекең Сұлтанғали деген бала екеуі мені Текес өзенінен балық аулауға ертіп баратын еді. Талдарды жинап, сол жерде от жағып, балық пісіретінбіз.
Ұлан: Сіздердің жастық кезеңдеріңіздің қызығына соғыс та кедергі болды ғой…
Өзипа апа: Е-е-е, қызым, Бердібегімнің Сатылған деген ағайы бар еді. Ой, жарықтық, алтындай қайным болатын. «Балалық шаққа саяхатта» оның аты аталады ғой. Сатылған да, менің шалым да есепші боп қызмет істеген. Амал қанша, Сатылған Сталинград майданынан қайтпай қалды. Сатылғанның соғысқа аттанып бара жатқан сәті әлі күнге көз алдымда. Айырылып қаларымызды сезгендей, сонау Тереңөзекке дейін жаяу шығарып салып едік. Сонда Сатылған да қимай қоштасып: «Қостөбе туып-өскен жерім еді, Шекара мына тұста көрінеді. Аттандық Отан үшін қан майданға, Қош, қалқа, қош-есен бол дедім енді», – деген еді. Бердібек те ағасының артынан қалмай, өзі соғысқа баруға сұранды ғой. Сол кезде ол баланың жасы он сегізге де жетпеген болатын. Содан оны Қарағандыдағы ФЗО-ға жіберді. Ол жерден біраз уақыттан соң қашып келді. Сондағы оның түрін көрсеңдер ғой?! Азғаны азған, тозғаны тозған. Бір ай дегенде қалпына түсіргендей болдық. Жаман жүдеп келді ол жақтан. Өзі жастай жетім қалып, жоқшылықты көп көрген. Жеткіншек күндері соғыс жылдарымен қатар келді. Несін айтайын, қызым-ау, Бердекеңнің басынан небір қиын кезеңдер өтті ғой. «Балалық шаққа саяхаттағы» әр суреттеген әңгімесі – өз өмірінің айна-қатесіз көрінісі.

Сұхбаттасқан Қарлығаш ДОСАНОВА
(Ескерту: Бұл сұхбат мерейтойға дейін алынған)
(«Ұлан», №42 21.10.2014)

Сізге ұнауы мүмкін...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: