Қызылшекараға Бердібек аты берілсе…

IMG_2677Жазушы Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» хикаятын оқымаған бала жоқ шығар, сірә?! Сол хикаятта: «Қазақстан картасынан Алматыны көзіңізді жұмып тұрып тауып алатыныңызға мен дауласпаймын. Астанаға дәл барып тірелген саусағыңызды енді тау сілемімен шығысқа қарай сырғытыңыз. Тоқтаңыз! Мен әңгіме етіп отырған үркердей шағын ауыл Қостөбе, міне, осы арада, шекараның дәл түбінде…» – деген жолдар бар. Міне, біздің бағытымыз – осы Қостөбе, Нарынқол ауылдары. 1924 жылдың 13 қазанында дүниеге келген қаламгердің туғанына биыл 90 жыл. Мерейтой.
Тойға бардық!
Мерейтой қарсаңында Алматыда алғашқы қар себе-леп, күн суытып кетіп еді. Ал қаладан 370 шақырым – 5 сағаттай қашықтықтағы Нарынқолдың ауа райы әлдеқайда салқындау. Бірақ, таулы өлкенің қары бір түнде-ақ еріп, күн ашылып кетіпті. Мұның өзі жазушы тойына туған жерінің пейіліндей көрінді. Қонақтарды қарсы алған Алматы облысы Райымбек ауданының жұртшылығы құрақ ұшып, шапқылап жүр. Тойдың лебі аудан шекарасына жеткен бетте-ақ сезіледі. Әр қадам сайын қаламгердің бейнесі бар баннерлер менмұндалайды.
11 қазан. Қостөбеде Бердібек атамызға қойылған стелланың салтанатты ашылуы болды. Сосын Нарынқол ауылындағы Б.Соқпақбаев атындағы орта мектеп мұражайы бізді жазушы әлеміне жетеледі. Білім ұясының шәкірттері мерейтой иесіне арнау жырларын жарыса оқыды. Бұдан соң Нарынқолдың Мәдениет үйіне аяңдадық. Бұл жерде Нұрлан Оразалин бастаған ақын-жазушылардың қатысуымен «Халқы сүйген қаламгер» атты жиын өтті. Әр қонаққа «Ан Арыс» баспасынан мерейтойға арнап шығарылған Бердібек аталарыңның екітомдық таңдамалы жина-ғы тарту етілді. Жиында біраз ақын-жазушы сөз сөйлеп, естеліктерімен бөлісті. Ескен Елубаев, Айтақын Әбдіқалұлы, Рысбек Сәрсенбайұлы сынды қаламгерлер: «Бүгінде 5-6 тұрғын үй ғана қалған Қостөбе ауылына емес, Қызылшекара елдімекеніне Бердібек Соқпақбаевтың атын берсек қайтеді?» деген ұсыныстарын жеткізді.

Түркітілдес 14 ел Соқпақбаев туралы оқиды

IMG_2746Аудармашы, журналист Мәлік Отарбаев тойға сонау Түркиядан арнайы келіпті. Ол – Қазақстанның TURKSOY-дағы өкілі. Мәлік ағаларың: «Осы күнге дейін 60-тан аса тілге аударылған жазушы шығармалары әлі де әлемге кеңінен насихаттала берсе деген тілегім бар. Қолдан келгенше өз үлесімді қосуға тырысып жүрмін. TURKSOY-дың қолдауымен Түркияда шығатын «Kardesh kalemler» атты журналдың бір саны Бердібек Соқпақбаевқа арналды. Әкім Тарази, Тынымбай Нұрмағамбетов, Амангелді Кеңшілікұлы сынды қаламгерлердің, ғалым Дамира Ибрагимнің Соқпақбаев туралы мақалалары түрік тіліне аударылып басылды. Сондай-ақ, Б.Соқпақбаевтың «Ана жүрегі» деген әңгімесін түрік тіліне тәржімаладық. Мерейтойдың қарсаңында журнал 10 мың таралыммен түркітілдес 14 елге таралып кетті», − деді.

«Мен осы жердің Қожасымын»pv_283355

Қожаның рөлін сомдаған Нұрлан Сегізбаев ағамызға сөз кезегі берілгенде: «Өзім рөлін сомдаған Қожаның аты неге Қожа екенін білесіздер ме? Жазушының бұл құпиясын елу жылдан соң бірақ түсінгендеймін. Ол Соқпақбаевтың: «Иә, мен осындай тентек баламын, қарапайым, адалмын, ең бастысы, осы жердің Қожасымын» деген көзқарасы деп білемін. Сол фильмнен кейін мен актерлік жолды жалғастырмадым, өйткені, әртіс болғым келмеді. Бірақ кино әлемінен алыстамадым. Бүгінде киносценарий жазамын. Менің әдебиетке деген сүйіспеншілігімді ең алғаш Бердібек ағамыз оятты», − деп ағынан жарылды. Осы тұста кинодағы Сұлтанның есімі де «Қазақ елінің Сұлтаны менмін» деген сыңаймен қойылған шығар деген ойға қалдық.

Торқалы тойға тартулар

Ел азаматтарының тойға тартулары аз болмады. Сәулетші Серік Сұлтанғалиев шабандоздар бәйгесіне «KIA» джип көлігі мен мектеп оқушыларына «ГАЗель» автокөлігін сыйға берді. Кәсіпкер Жанболат Жөргенбаев топ бәйге жеңімпазына «Нива» автокөлігінің кілтін ұстатты. Жазушының туыстары атынан Ержан Аманбаев мектепке музыкалық орталық пен теледидар табыс етті. Бұдан бөлек, Алматы облысының әкімдігі де оқушыларға жаңа үлгідегі 5 жаңа компьютер сыйға тартатынын айтып қуантты.

Олар әдебиетті сүйіп өседі…

Көкпар, бәйге, ән-жырсыз қазақ тойы өткен бе? Бердібек атамыздың құрметіне өткізілген бұл той да есте қаларлықтай болды. Нарынқол топырағында туып-өскен Қанат Құдайбергенов, Рамазан Стамғазиев бастаған өнерпаздар әуелетіп ән салды. Арнайы той үшін 40-тан аса үй тігіліпті. Сәйгүліктер аламан, топ бәйгелерге түсіп, қыз қуу, теңге ілу сынды ойындар ойналды, қазақша күрестен жарыс өтті. Той өткізген Райымбек ауданы халқының еңбегі орасан, әрине. Аудан әкімі қызметіне жаңа кіріскен Жанат Тәжиев ағамыздың іскерлігі осылай байқалды. Нарынқол мен Кеген аймағының әрбір ауылы, әр тұрғыны үлес қосты десек, артық айтқандық болмас. Кішкентай балаларға дейін қызмет жасап, жүгіріп жүр. Нарынқолдық 4 жасар Айқын есімді баланың: «Тәте, мен ертең Бердібек атаның тойына барамын, ол Қожа туралы жазған», – деген сөзі көңілімізді елжіретпей қоймады. Ендеше, Соқпақбаевтың алдағы 150 жылдық мерейтойын өткізер ұрпақ өсіп келеді деген сенім мол. Ар жағы кейінгі ғасыр еншісінде дейік. Мәселе той өткізуде емес, әрине. Олар Бердібекті оқып өседі, олар әдебиетті сүйіп өседі деген үміт бар…

Қарлығаш ДОСАНОВА
(«Ұлан», №42 21.10.2014)

Сізге ұнауы мүмкін...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: