Таһауи СОҚПАҚБАЕВ, Бердібек Соқпақбаевтың немересі : Атам мені періштем дейтін

немересименБердібек Соқпақбаевтың немересі – Таһауи Мұхтарұлын осы тойда кездестірдік. Орыстілді екен. Тым қарапайым. Ешкімге «Мен – Соқпақбаевтың немересімін» дей қойған жоқ. Жазушылар Одағының төрағасы көптің алдында атын атап, таныстырмаса, қасымызда жазушының немересі отырғанын білмес те едік. Атасы туралы естелік айтуын сұрағанымызда: «Бұл тойда көптің көзіне түсуді ойлаған жоқ едім, өмірімде алғаш рет сізге сұхбат бергелі тұрмын», − деді.

Ұлан: Таһауи, ойша есептеп көрсек, сізді атаңыздың көзін көрген бала деп топшылауға болады. Ол кісі туралы бала көңіліңізде қандай естеліктер қалды?
Т.Соқпақбаев: Мен 1983 жылғымын, атам дүниеден өткенде 9 жаста болдым. Бір үйде тұрдық. Атам туралы тек жылы естеліктер ойға оралады. Ол кісінің біреуді айғайлап ұрысқанын, дөрекі сөйлегенін көрмеппін. Өте қарапайым адам болды. Кеңсайдағы саяжайына жиі баратын. Мені өзімен ертіп барып, бау-бақшаны күтуге үйрететін. Алманы қалай жинап, қалай дұрыс сақтау керектігін айтқаны әлі есімде. Біз көптеген зиялы азаматтармен көрші тұратынбыз. Атамның кітабын жаңа әріп таныған күннен бастап оқыдым. «Қайдасың, Гауһар?», «Ағаштар неге жылайды?» шығармаларын кішкентай кезімде-ақ оқығанмын.
Ұлан: Атаңызбен үйде қазақша сөйлесетін бе едіңіздер?
 Жазушы отбасыменТ.Соқпақбаев: Иә, атам барда үйде бәріміз тек қазақша сөйлесетінбіз. Бірақ, мен де, әке-шешем де орысша оқығандар. Содан болар, қазақшаға бүгінде шорқақпыз. Үйде атамның қас-қабағына қарап жүретінбіз. Жұмыс бөлмесіне кірмейтінмін, жазу жазып отырса, көңілін бөлмеуге тырысатынмын. Бала боп еркінси бастасам, атам қабағын сәл шыта қарағанда, жым болатынмын.
Ұлан: Сізді қалай еркелететін еді?
Т.Соқпақбаев: Мені ылғи «періште» деп атайтын. Аулада ойнап жүрген балаларға атам өзі өсірген алмадан үлестіріп беретін, әзіл айтып, күлдіретін. Балаларды қасына жиып алып, бір қызық жайттарды әңгімелеп тұратын. Таза ауада, саябақтарда серуендегенді ұнататын. Мен үйдегі жалғыз бала болдым. Атамыздың Әлнұр, Мұхтар деген екі ұлы бар. Қызы Самал апамызды білесіздер. Мен – Мұхтардың жалғыз баласымын. Өкініштісі, бүгінде әкеміз арамызда жоқ. 2001 жылы кенеттен қайтыс болған еді.

Атымды Ахтановтың құрметіне қойған

IMG_2890Ұлан: Атыңызды Бердібек атамыз досы Таһауи Ахтановтың құрметіне орай қойған болар?
Т.Соқпақбаев: Иә, солай. Ахтановпен жақсы дос болды. Әке-шешемнің айтуынша, үйге қаламгерлер қонаққа жиі келеді екен. Ол кезде кішкентай болған соң, көп кісілердің аты-жөндерін біле бермейтінмін. Бірақ, жазушы Таһауи Ахтанов есімде. «Сенің атыңды осы атаңның құрметіне қойдық» дейтін. Хамит Ерғалиев, Герольд Бельгер, Сайын Мұратбеков сынды қаламгерлермен жақын дос болып, жиі араласты. Атамыз әкемнің атын Әуезовтің құрметіне қойған. Ал ағамыз Әлнұрға жерлес қаламгер досының атын берген.
Ұлан: Дегенмен, ұлдарының бірде-бірі шығармашылыққа бет бұрмаған сияқты ғой…
Т.Соқпақбаев: Үлкен ағамыз Әлнұр – тарихшы. Ол кісіні сөйлейтін энциклопедия дерсің. Бүгінде елудегі жігіт ағасы. Әкем марқұм инженер еді. Мен де инженермін. Әскери қызметкер де болдым. Қазір құрылыс компаниясында инженер-электрик қызметін атқарамын. Жазу қолымнан келмейді (күліп).

«Қамыс жеп күнелттік» деп еді

Ұлан: Атаңыздың үлкен жазушы екенін қай жаста түсіне бастадыңыз?
Т.Соқпақбаев: Бүкіл ел білетін жазушының немересі екенімді сол 8-9 жасымда аздап түсіне бастағанмын. Көшеде келе жатсам, академик, профессорлар: «Әй, мынау жазушы Соқпақбаевтың немересі ғой, келе ғой, маңдайыңнан сүйейін», – дейтін. Тіпті, нағашыларыма қонаққа барсам да, «бұл бала әйгілі Бердібектің немересі ғой» деп, төрге шығаратын. Мектепте достарым «Менің атым – Қожа» фильмінен көрген қызықтарын әңгімелей бастаса, әдебиет сабағында атамның шығармаларын оқығанда, қопаңдап, мақтанып қалатынмын.
Ұлан: Бала күніңізде мазмұнын түсінбеген атаңыздың шығармаларын кейін өскенде оқып шықтыңыз ба?
Т.Соқпақбаев: Оқуын оқыдым. Бірақ, шыны керек, қазақшаға шорқақтығымнан көп туындының мазмұнын жете түсіне алмаймын. Қонақтарға үлестірген екітомдық жинақ маған да бұйырды. Міндетті түрде оқып шығамын. Бір анығы, атам – біртуар жазушы. Оның әр жазған шығармасы шынайы өмірді сипаттайды. Өзінің бастан кеш-
кендерін үй ішінде де талай күрсіне әңгімелеп отыратын. Әсіресе, ашаршылық жылдарында туыс-
тарының қалай қамыс жеп күнелткенін айтқандары есімде.

Текесте атам салған үй әлі бар

1407045983081Ұлан: Нарынқолда жазушының біраз туысы бар, сіз оларды танисыз ба?
Т.Соқпақбаев: Мен Алматыда туып-өстім. Әкем де осында дүниеге келген. Нарынқолға бар-жоғы үш мәрте ғана барыппын. Бір рет іссапармен барғам, қалған екі сапарым – атамның мерейтойларына баруым еді. Жасырмаймын, нарынқолдық ешбір туысымды танымайтынмын. Өткенде тойға барғанда Несіпхан есімді туыс апамызбен, оның үй-ішімен танысып қайттым. Несіпхан апамыз – атамыздың Смағұл деген ағасының қызы. Текес деген ауылда кезінде атам өзі салған алты бөлмелі үй әлі бар екен.
Ұлан: Атаңыздан сізге естелікке қалған қандай заты бар? Атаңыздың өзінің кітаптары үйіңізде бар шығар?
Т.Соқпақбаев: Менде ештеңесі де қалған жоқ. Тіпті, кітаптары да жоқ екен. Енді балаларым үшін атамызға қатысты арнайы архив жинастыруды ойлап жүрмін.

Бәлкім, Татьянаға үйлендірмес еді…

Ұлан: Осы тұста жазушының шөберелері туралы әңгімелеп өтсеңіз?
Т.Соқпақбаев: Үйленгенмін, екі балам бар. Ұлым Эмиль 1-сыныпта оқиды. Суға жүзумен айналысады. Қызым Камила 4 жаста. Ұлымыз орыс мектебінде оқиды. Өйткені, өзіміз білмегендіктен, баламызды қазақша қалай оқытамыз деп ойладық. Ал, қызымды қазақ балабақшасына бердік. Жұбайымның орыс екенін айтсам, бәрі мені талайтыны анық. Егер атам тірі болса, мені өзге ұлтқа үйлендірмес еді, бәлкім. Бірақ, жиырма жасымда көп нәрсені ұғынбаған да шығармын, әйтеуір өмір жолым Татьянамен тоғысты. Шынымды айтсам, атамды қатты сағынамын. «Ол кісі қазір тірі болғанда ғой…» деген ойлар мені жиі мазалайды. Осы тоқсан жасына аман-есен жеткенінде өмір жолымыз басқаша болар ма еді. Атам маған ауадай қажет.
Қазір әкеммен, атаммен сырласқым, ақыл сұрағым келер еді. Әйтеуір арамызда қарайып жүргені жақсы еді. Атамды бүкіл ел ардақтайтыны, мерейтойын бүкіл халық болып тойлайтыны қуантады. Халқы барда есімі ұмытылмайтыны көңілімді жұбатады.

Қарлығаш ДОСАНОВА
(«Ұлан», №42 21.10.2014)

Сізге ұнауы мүмкін...

2 пікір

  1. Бағашар Тұрсынбайұлы айтады:

    Досына құрмет көрсеткен екен!

  2. Фариза Дәулет айтады:

    Berdibek Sokpakbaev – menin suiikti jazushym. Balalyk shagymnyn tatti esteligi.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: