Илья Жақанов, композитор: Картиналарыма итальяндықтар қызықты

5zhahanov Біздің Ілгерібас колхозына қарасты ауылда Серго атында жетіжылдық мектеп болатын. 1944 жылы сол мектепке 1-класқа бардым. Соғыстың жүріп жатқан кезі. Мектебіміздің ұзын дәлізі бар еді. Соның бір қабырғасында үлкен шкаф тұратын. Бір күні үзілісте балалар жапырласа, бір-бірін қуалай жүгіріп далаға атып-атып шықты. Соңдарынан мен де жүгіріп шықтым. Менің алдымдағылар әлгі шкафқа соғылып, одан қағаздар төгілді. Қағаздардың арасынан әртүрлі акварельмен, түрлі-түсті қарындашпен салынған суреттер жарқырап шыға келді. Жүгіріп бара жатқан мен әлгі суретке қарап, қаттым да қалдым. Балалар далаға шуылдап шығып кеткен, дәлізде ешкім жоқ. Әлгі суреттердің бәрін жинап, үндемей сөмкеме салып алдым. Сол күні ұрлық істеген адам құсап, класта тымырайып отырдым.
DSC_3958Үйге әкеліп қарасам, неше түрлі табиғаттың – ағаштар, өзеннің жар-қабағы, таудың суреттері екен. Әсіресе, торықасқа тайдың суреті қызықтырды. Тай жарқабаққа шауып келіп тірелген екен. Сол жақ қапталынан қасқыр келе жатыр. Сондай аянышты картина! Менің суретке деген қызығушылығым осыдан басталды. Әкейден қалған түрлі-түсті қарындаштарды алып, сурет сала бастадым. Бастапқы кезде қолыма түскен суреттерді көшіретінмін. Кейін өзім де өзен, ағып жатқан бұлаққа, аспанда қалқыған айға, бұлттарға қарап, сурет салатын болдым. Сосын ешкімге көрсетпей тығып қоятынмын.
1945 жылдың ақпанында әкем сегіз жерінен жараланып, соғыстан келді. Сосын мұғалімдік қызметіне қайта кірісті. Бір күні менің сурет салып жүргенімді байқап қалды. Мектептен әкелген сурет-теріме қарап отырып, көзіне жас толды. «Мынау біздің Төренің салған суреттері ғой», – деді. Ауылда Досат деген атамыздың Сәтжан, Төре деген ұлы бар еді. Менің алып көшіріп жүрген суреттерім Төре ағамыздың картиналары екен. Ол кісі соғыстан қайтып оралмады. Алайда, оның салған суреттері менің болашақ суретші боламын деген арманыма түрткі болды.
DSC_3953Содан бері сурет салуды тоқтатқан емеспін. Маған көбінесе даланы, табиғатты, бұлттарды, кешкі алаулап батқан кешті салған ұнайды.Салған суреттерімнің бәрі музыкама да әсер етті. «Алаулап күн батса қырды асып» деп келетін «Жайлаукөл кештері» әнімнің картинасы да бар. «Алматы кешінде», «Дендердің қоңыр кешінде» деген әндеріме де суреттерім өзек болды.
Қазіргі уақытта 115 картинам бар. Көбі графикалық, портреттік суреттер. Екі картинам Атыраудың көркемсурет музейінің галереясында тұр. Атырау университетінің фойесіне «Ақжайық» деген үлкен көлемдегі картинам ілінген. «Балқаштың кеші», «Каспий толқыны», «Жайлаукөл кештері» деген картиналарыма итальяндықтар қызығып, сатып алғысы келді. Бірақ, туындыларымды сатқан емеспін.

Жазып алған Серікбол ХАСАН
(«Ұлан», №42 21.10.2014)

Сізге ұнауы мүмкін...

2 пікір

  1. Назерке Жұмабай айтады:

    «Жаны сұлу, кіршіксіз адамнан ғана ұлы өнер туады». Ілия ағаны көрген сайын, тілдескен сайын осы сөздің растығына илана түскендей боламын. Қазақ өнерінің бағы үшін ғұмырыңыз ұзақ болсыншы, аға!!! Оқып шығыңыздар, әйбат дүние екен! Серікбол ағаға зор алғыс!

  2. Гүлзада Ниетқалиева айтады:

    Илья аға керемет адам ғой! Тиыш апа тіптен ғажап адам!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: