Азамат МҰҚАНОВ, ХVІІ Азия ойындарының қола жүлдегері, дзюдошы: Дзюдодан бейхабар еместігімді дәлелдеп қайттым

Оңтүстік Кореяда өткен ХVІІ Азия ойындарында біздің балуан Азамат Мұқанов дзюдодан қола жүлдеге ие болғанды. 66 келіде сынға түскен Азамат жартылай финалда моңғол Төмөрхүлэг Даваадоржға есе жіберген еді. Мұның алдында Азамат Мұқановтың 1/16 финалдағы қарсыласы ауғанстандық Заки Зубайрулла татамиге шығудан бас тартты. Ширек финалда қазақ балуаны қытайлық Ма Дуанбинмен кездесіп, 13:10 есебімен жеңіске жетті. Ал қола жүлде үшін таласта жерлесіміз тайпейлік Чиа Хунг Чиеннен басым түсті. Азаматты қола жүлдесімен құттықтай отырып, бірнеше сауал қойған едік. Ашық-жарқын жігіт екен, көсіле кетті.

– Азамат, Азиадада көрсеткен нәтижең өз ойыңнан шықты ма?
– Болары болды. Негізі, алтынды мақсат тұтып барғанмын. Қола бұйырды. Оған да шүкір.
– Жартылай финал басталар алдында балуандарды кілемге бастап баратын корей қызының бірі саған асықпауды өтініп, кілемнен түсуіңді сұраған екен. Сен кілемнен екі-үш қадам артқа жүріп, түсіпсің. Осындай кезде қазақтың ырымшылдығы ойға оралады. Сол кезде кілемнен түспей, қарсыласын сәл күте тұрғанда, кім білсін, жартылай финалда жеңіске жетер ме еді деген ойлар да айтылып жатыр. Бұған не дейсің?
– (күліп) Жоқ, ол жәй сәйкестік шығар. Моңғол балуаны Төмөрхүлэг Даваадоржбен белдесуге өзім дұрыс дайын болмадым. Жарыс басталарда сәл басым ауырып, мазам қашып тұрған. Алдыңғы кездесулерден кейін демалуға уақыт та аз болды. Спорттың аты – спорт. Бірде жеңесің, бірде жеңілесің. Сәтсіздіктер жиі кездеседі. Бастысы, мұқалмауың керек.
– Азия ойындарын көбі көлемі жағынан Олимпиададан кейінгі екінші ірі дода деп есептейді. Сеніңше қалай? Азиаданың атмосферасы әсерлі ме?
– Сөзіңізбен келісемін. Әсіресе, осы жолғы Азия ойындары біздер үшін ең жемісті аламан болды. Сәт сайын Қазақстан әнұраны шырқалып жатқанда, бойыңды ерекше мақтаныш сезімі билейді екен.
– Есте қалған ең ірі жеңісің қандай?
– Былтыр Рио-де-Жанейро қаласында өткен Әлем чемпионатында күміс медаль олжаладым. Бұл күміс мен үшін өте ыстық. Оның себебі де жоқ емес. Біріншіден, Лондон Олимпиадасындағы сәтсіздіктен соң сын садағына жиі ұшыраған дзюдошылар қауымының еңсесін бір көтеріп тастадым. Екіншіден, қазақ жігіттерінің де спорттың осы бір бекзат түрінен бейхабар еместігін дәлелдеп қайттым. Әлем халқының алдында туған жерімнің туын тік ұстау мен үшін оңайға соққан жоқ. Жалпы, қай медаль болса да, әрқайсысының артында талай жылғы еңбек, шелектеп төгілген тер мен спорттағы соқтықпалы, соқпақсыз жолдар жатады ғой…
– Дұрыс айтасың. Айтпақшы, спортқа келуіңе кім әсер етті?
– Өзім Алматы облысының Кербұлақ ауданына қарасты Қоянкөз ауылының тумасымын. Бұл өңір нар тұлғалы жігіттерден кенде емес. Солардың бірі 1996 жылы самбодан жастар арасында әлем чемпионы, ересектер арасында әлемдік сынның қола жүлдегері атанған Берік Жетпісбаев еді. Ауылдағы спортты серік еткен жастар сол кісіге қарап бой түзейтінбіз. Оның балуандық өнеріне тәнті болып, спорттағы жетістігін қайталасақ деп армандайтынбыз. Сөйтіп жүріп, самбо үйірмесінің есігін аштым. 6-сыныпқа көшкен кезде, ауылдағы жас спортшыларды тәрбиелеуге арнайы келген Бақыт Қоқысбеков пен Еркін Қожахметовтің тәлімін алдым. Бірақ Еркін ағайым да, кейін келген Мейіржан Қашағанов та Қоянкөзде көп тұрақтаған жоқ. Қалаға кетіп қалды. Бұл уақыттарда мен де спорттан тәп-тәуір нәтиже көрсетіп жүргем. Ата-анам жігерімді жанып, әркез дем беріп отырды.
– Мектепте қандай оқушы болдың?
– Сотқарлау болдым (күліп). Бұзықтығым үшін талай мәрте директордың алдында тұрғам. Апам мен үшін мұғалімдерден кешірім сұрап жүруші еді. Бірақ ҰБТ-дан жоғары балл жинап, Қазақ ұлттық аграрлық университетіне грантқа оқуға түстім.
– Қандай фобияларың бар?
– Риодағы Олимпиадаға барғанымда, мұхитқа батып кете жаздап, құтқарушылардың арқасында әрең аман қалғанмын. Содан бері судан сәл қорқамын…

Ботакөз ИКРАМОВА

(«Ұлан», №41 14.10.2014)

Сізге ұнауы мүмкін...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: