Сәуле ЖАНПЕЙІСОВА, әнші: Жолға берген ақшаға диск алып, өзім жаяу жүретінмін

Сәуле Жанпейісова – Арқаның да, Сырдың да, Жетісудың да әндерін нақышына келтіріп орындайтын бірден-бір әнші. Әйгілі Ғарифолла Құрманғалиевтің соңғы шәкірті де өзі. Академик Зейнолла Қабдоловтың да шәкірті болғанын мақтан тұтады. Өнер жолын Қазақконцертте әнші болып бастап, көп жыл ұстаздық қызмет атқарды. Шәкірт тәрбиеледі. Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясында Халық әні кафедрасының меңгерушісі де болды. «Әуен-сыр» атты кітаптың авторы. Халық әндерінен ән жинағы жарық көрген. Атырау қаласында Дина Нұрпейісова атындағы Халықтық музыка академиясын төрт жыл басқарды. Бүгінде Тараз қаласындағы Жамбыл облыстық филармониясының директоры. Осы уақыт аралығында «Алатау» фольклорлық ансамблі, «Ақ кербез» бишілер ансамблі, «Кәусар» вокалдық ансамблі, «Иірім», «Жамбылstar» триолары, «Балауса» циркінің құрылуына себепкер болды. Өткен аптада Алматы қаласында Жамбыл облысының мәдени күндері өтіп, Сәуле әпкеміздің өзінің де, ұжымының да өнеріне тағы бір тәнті болдық. Орайы келгенде әнші әпкемізбен әңгімелескен едік.

Ауылда «әнші қыз» атандым

Сахнаға ең алғаш 8 жасымда шықтым. Жаңа жыл кешінде «Алматым жүрегімде» дейтін әнді айттым. Ел шулап, тағы бір ән айтуымды сұрады. Сонда «Ұшып барам» дейтін әнді орындадым. Содан бастап ауылда «әнші қыз» атандым. Теледидардан жаңа ән берілсе, қағып алып орындайтынмын. Өнерге деген ынтамды сезген әкем мені 12 жасымда аудан орталығындағы музыка мектебіне берді. Байқадам селосы біздің ауылдан 12 шақырым жерде еді. Бір жыл бойы аптасына екі рет автобуспен қатынап оқыдым. Келер жылы ауыл орталығынан мектептің филиалы ашылып, 3 шақырым жерге жаяу, кейде автобуспен, кейде велосипедпен барып келетінмін. Сабақтан қалмайтынмын. Ешкім маған сабағыңа дайындал да демейтін, себебі, мен ән айтқанды ерекше ұнататынмын. Жолға берген ақшамды жинап, дүкеннен күйтабақтар сатып алатынмын. Сегіз табақтан тұратын «Халық әндерінің антологиясын» алғаным бар. Сол күйтабақтарды үй жинап жүріп қосып, барлық әнді үйреніп алдым. Міне, сондықтан болар, дәстүрлі әнді таңдағаным. Алдымен әннің мәтінін жазып, сосын домбырамның бұрауын күйтабақтағы әнге түсіріп, бірге айтатынмын.

Арқаның да, Сырдың да әнін орындай беремін

Қазақтың дәстүрлі әндері орындаушылық мектептерге бөлінетінін білесіңдер. Батыста туған әнші Арқаның әнін немесе Сырда туған жыршы Жетісудың термелерін айта алмайды. Ал мен оның көбін орындай алам. Себебі, мен мектебіне қарамай, кім қалай айтса, солай үйреніп алатынмын. Домбыра қағысын да солай меңгердім. Сондықтан болар, маған Қазақстанның барлық аймағының әндері мен жырлары жақын, оларды жасымнан естіп өстім. Бәрі де бір қазақтың дүниесі деп қарадым, көкейіме солай түйдім.

Филармониямыз шетелде де танымал

Филармония ұжымының ел көлемінде ғана емес, шет мемлекеттерге де өнер сапарлары жиі болып тұрады. Өткен жылы Алматы, Шымкент, Орал, Ақтөбе қалаларымен бірге Түркия, Польша мемлекеттерінде болдық. Биыл көктемде Астана қаласында, жақында ғана Алматы облысы мен Алматы қаласында «Тараз – ғасырлар куәсі» деген атпен үлкен концерт беріп қайттық. 10 қазан күні филармония өзінің 46-шы маусымын ашты. Көрермендерімізге жаңа маусымда жаңа бағдарлама ұсынбақпыз. Бағдарламамызда қазақтың ұлттық дәстүрлі өнерімен бірге, шетел әндері мен билері, заманауи музыка үлгілері де кеңінен қамтылады. Біздің концерттеріміз әрдайым жаңаша бағытта, қызықты сценариймен өтеді. Себебі, бір концерттің өзінде 150-дей әртіс өнер көрсетеді. Оларға 50-ден аса адам қызмет етеді. Олардың арасында менеджерлер, суретші-декораторлар, режиссер, жарық қоюшы, дыбыс операторлары, сахна қызметшілері, тағы басқа мамандар бар. Жалпы саны 225 адам Жамбыл облыстық филармониясында халыққа қалтқысыз қызмет етуде.

Көптеген әндер жаздым

Биылғы көктемде Астана қаласының «Қазақстан» деп аталатын ең керемет концерт залында жеке концертімді бердім. Туған жеріме келгелі өз жанымнан көптеген әндер жаздым. Биыл ғана шыққан 4 дисктен тұратын антологиялық ән жинағыма Мұхит әндері, И.Жақанов әндері мен өз әндерім енді. Маралтай Райымбекұлының маған арнаған «Айнамкөз» дейтін өлеңіне жақында ғана ән шықты. Сол әнімді халық алдында жаңа маусымның ашылуында алғаш рет орындадым.

Қарлығаш ДОСАНОВА
(«Ұлан», №41 14.10.2014)

Сізге ұнауы мүмкін...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: