Технологияға тәуелдісің бе?

Стив Джобсқа көзінің тірі кезінде «The New York Times» газетінің тілшісі Ник Билтон былай деп сұрақ қойыпты:
– Сіздің балаларыңыз айпадтың тілін беске білетін шығар?
– Олар айпад қолданбайды. Үйде балаларымның гаджет қарайтын уақытын шектейміз.
Мәссаған, керек болса! Технологияның дамуына таудай еңбек сіңірген кісі осылай десе, демек, шынымен де қауіптенетіндей себеп болғаны да… «3D Robotics» компаниясының атқарушы директоры Крис Андерсон да, «OutCast Agency» фирмасының басшысы Алекс Константинополь да, «Твиттердің» негізін салушы Эван Уильямс та балаларының гаджеттер қолдануына шектеу жасаған көрінеді. «Технологияға тәуелділіктің не екенін білеміз. Ол біздің басымыздан өткен. Енді ұл-қыздарымыздың өмірін құртқымыз келмейді», – деп түсіндіреді олар мұның себебін.
Ал біздің елде жағдай қалай екен? Сауалнама жүргізіп көрген едік…

Әкім ЫСҚАҚ, ақын:
Немерем Алтынай 2-сыныпта оқиды. Ұялы телефоны бар. Бірақ оны мектепке алып бармайды. Кешке сабақтан келген соң, ғаламтордан сабағына қатысты танымдық дүниелермен танысуға рұқсат бергенбіз. Онда да көп емес, 2 сағат қана отырады. Ноутбук-планшеттерді қолдануын көп уақытта шектейміз. Оның орнына, кітап оқысын, газетпен таныссын. «Ұлан» газетіне жазылған, қолы қалт етсе соны қарайды.

Назира Байырбек, журналист:

Балабақша жасындағы балаларыма телефон әпермегенмін. Қажеттігіне қарай, мектептегі қызыма алғашқы жылдан бастап ұялы телефон ұстаттым. «Достарымның бәрінде бар, мен де ВК-ға тіркелейінші», – деді. Кейбір жаңалықтарды бізден бұрын біліп, бізге жеткізіп отырады. Өз ортасынан қалысқысы келмейді. Жасы 9-да ғана. Әлі өз бетінше оң-солды танып, аз да болса әр нәрсеге өз көзқарасы қалыптасқанша, тым босаңсытпауға тырыса-мын. Компьютердің алдында отыруын шектеймін, бірақ мүлде тыйым салмаймын. Гаджеттерді мақсатты түрде пайдалануды үйреткім келеді.

Гүлшат АХМЕТОВА, актриса:
Қызым Кәлиманури 12 жаста, 7-сыныпта оқиды. Iphone 5S ұстайды. Интернеттен керегін қараған соң, телефонына көп телмірмейді. Ұлым Тәңірберген 4-те. 2 жасында айпад алып берген-біз. Өзіне керек ойындарды сол жерде ғаламтордан жүктеп алып, ойнай береді. Бұрын күндіз-түні бар ермегі сол болатын, қазір гаджеттің қызығы басылды-ау. Соңғы кездері кітапқа құмартып жүр.

Сәуле ӘБЕДИНОВА, журналист:
Әрине, ұл-қыздарым Абзал да, Айза да бала емес. Бірі ержетті, екіншісі бойжетті. Кішкентай кезінде ұялы телефон ұстатқан жоқпын. Үйдегі менің компьютеріме анда-санда 1-2 сағат ойнауға рұқсат беретінмін. 8-9 сыныпта ғана оларға ұялы телефон әпердім. Қайда жүр, не істеп жатыр деп уайымдамай, кез келген уақытта хабарласып тұру үшін… Былтырға дейін екеуінің де телефондары ең қарапайым, арзан телефондар еді. Қызыма 9-сыныпты қызыл куәлікпен бітірсең, ноутбук әперем деп уәде берген едім. Ноутбук емес, Iрhone алды, өзінің қалауы сол болды. Ұлым Абзалға оқуға түсіп, студент атанғанда ғана ноутбук сатып әпердім. Қанша дегенмен, бүгінгі таңда ноутбук студенттің ең керекті дүниесіне айналды, оның үстіне балам жат жерде, жиі тілдесіп тұру үшін де керек. Планшет ешқайсымызда жоқ, соған қызықпаппыз… Ал уақыт шектеу мәселесіне келсек, балаларым кішірек кезінде қасымда болғанда, компьютерге көп отырғызбауға тырыстым. Қазір Абзал Мәскеуде, өз уақытына өзі қожа. Ал қызым А.Жұбанов атындағы музыка мектебінде оқитындықтан, олардың уақыты өте тығыз. Таң атқаннан кеш батқанға дейін мектепте болады.

Асхат ЕРКІМБАЙ, жаңа медиа маманы:
Бүгінгі технологияларға тәуелділік адамды жалғыздыққа баулиды. Сондықтан баланы кішкентай кезінен ондай жалғыздыққа итермелеуге қарсымын. Баланың санасы кішкентай кезінен бастап ата-анамен, туысқандармен жақын болудың маңызын терең сезінуі керек. Балаға әр заттың жақсы-жаманын түсіндіру – ата-ананың парызы. Ол үшін ақпараттық технологиялық сауаттылыққа ерекше мән берген абзал. Жеке өз басым қызыммен бірге аптасына бір немесе екі рет «Kindle» құрылғысымен сурет саламыз, мультфильмдер көреміз. Бұл, бір есептен, баланың шығармашылығын баулыса, екіншіден баланы осы бастан гаджеттерді тек ойын құралы емес, жұмыс құралы ретінде түсіне бастаса деген ойдан туындады. Ал смартфонды ойыншық ретінде баланың қолына ұстатып қоюға қарсымын. Қазақстандағы көпшілік қолданып жүрген гаджеттер баланың емес, ересектердің физиологиялық ерекшеліктеріне орайластырып жасалған. Сондықтан баланың көзіне, құлағына, басқа да жағына зияны болуы мүмкін деген қаупім бар. Қарапайым қалтафонның өзінен радиация бөлінетіні белгілі. Оны кішкентай баланың қолына ұстатпақ түгілі, ұйықтап жатқанда қасына қоюға болмайтыны туралы сол телефон шығарушылардың өздері де ескертіп отырады.

Нұрлан ӘЛІМЖАН, актер:
Балаға кішкентайынан шектеу қойып, онымен үлкен адамдарша сөйлесіп, түсіндірген жөн. Жай ғана «болмайды» деп емес, «Балам, компьютер көзіңе зиян, миың тынықпайды, уақытыңды алады» деп… Сонда бала да ойланып, ескертуден нәтиже шығарады. Екі ұл, бір қызым бар. Ұлдарым мектепке барып жүр. Оларға қарапайым ұялы телефон әпергенмін. Жай ғана сөйлесіп, хабар білісу үшін… Айфон сияқты қымбат телефондарды алып беруге де жағдай жетеді ғой, Құдайға шүкір. Бірақ дәл осы жастарында ондай күрделі гаджеттердің нағыз пайдалы функцияларын пайдаланбайды бәрібір.

Роза ӘЛҚОЖА, әнші:
Негізі, балаға шектеу қойған сайын бала ол затқа одан әрі әуес бола береді. Гаджетке де солай… Бейбарыс, Ақбота, Жанарыс, Еларыс атты ұл-қыздарым бар. Еларыс – балабақшада, үшеуі – мектепте. Балаларды қатарынан кем қылмауға тырысамыз. Сұраған нәрсесін әпермесең, бала одан тұйықталып, достарымен араласудан да қалады ғой. Сондықтан, қалаған планшет-телефондарын алып бердік. Бірақ үйімізде кішігірім заңдар бар. Сағат кешкі 9-дан кейін теледидар қарауға, компьютер ойнауға рұқсат бермеймін. Демалыс күндері балаларды телефонға телмірткенше, таза ауада қыдыртқанды дұрыс санаймын.

Жанатбек БӘЙТЕКОВ, актер:
Екі ұл, екі қызым бар. Алдыңғы үшеуі балабақшаға барады. Үшеуінде – үш планшет. Бас-басына әпермесең, таласады. Ойын ойнағылары келеді, қызық көреді соны. Мүмкіндігінше шектеу қоюға тырысамыз. Бала ғой, кейде айтқаныңа көнбей жылайды, планшетті тартып алсаң өкпелейді. Кейін ес білген соң, дұрыстап түсіндіру керек.

Бейбіт Сарыбай, жазушы:
Қызымның ұялы телефоны – ең арзан, ең қарапайым телефон. Сөйлесуден басқаға жарамайды. Бұл қажеттілік үшін. Ал үйде ноутбук, планшет, компьютер – бәрі бар. Оны пайдаланудың уақытын шектемеймін. Неге? Өйткені бала деген шектеген сайын үйір болады. Ал еркіндік беріңізші, түк те қолданбай-ды. Қазір менің қыздарыма бұлар еш қызық емес. Сабағын оқиды, үй жинайды. Есіне түскенде әлгі гаджеттерін қолына алады. Онда да сол, youtube-қа кіріп мультфильм қарайды. Түк көрмеген деген жаман нәрсе бар. Балаларды сол түк көрмегендіктен, түк көрмеген деген аттан сақтау керек. Уызына жарыса, көріп өссе жаман болмайды.

Әмина ҚОЖАНАЗАРОВА, І.Есенберлин атындағы №25 мектеп-гимназияның 9-сынып оқушысы:
Менде айфон да, айпад та, ноутбук те, портативті компьютер де бар. Заманауи гаджеттерді өте жетік білемін. Мүмкін, 3 жасымнан бастап ұялы телефон ұстағаннан шығар. Бірақ, біздің отбасымызда бұлжымас заң бар. Тамақтанып отырған кезде ешкім ұялы телефон не планшетке үңіліп отырмайды! Тіпті, стол басына келерде телефонымды қалтаға да салып келмеймін. Бұл заң тек маған ғана емес, әкеме де, анама да қатысты. Сондай-ақ, ата-анам интернетте отыру уақытымды шектейді. Дүйсенбі мен сенбі аралығында интернетке тек сабаққа керекті мәліметтерді алу үшін ғана кіремін. Өйткені, басқа пайдасыз нәрселерді қарайтын болсам, сабағымды орындап үлгермеймін. Жексенбі күні «жеңілдік» бар. Әлеуметтік желілерде ұзағырақ отырып, ұнаған кино-мультфильмдерді қарай аламын. Әкем де, анам да мені қатарымнан қалдырмас үшін бар жағдайымды жасап отыр ғой. Олардың сенімдерін ақтағым келеді.

Сауалнаманы жүргізген Ботакөз ИКРАМОВА
(«Ұлан», №41 14.10.2014)

Сізге ұнауы мүмкін...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: