Ұстаздар күні сыйлық беру бәсекесі ме?

Мұғалімдер күні қарсаңында редакция телефонына Алматы облысына қарасты бір мектептен ата-ана хабарласты.
– Алло, бұл «Ұлан» газеті ме?
– Иә, тыңдап тұрмыз.
– Мен кіммен сөйлесіп тұр екенмін?
– Сіз «Ұланның» тілшісімен сөйлесіп тұрсыз, айта беріңіз.
– Айналайындар-ау, балаға қатысты түрлі мәселелерді көтеріп жүрсіңдер ғой, мынаны жазыңдаршы… Мұғалімдер мерекесінде 11-сыныпта оқитын немеремнің сынып жетекшісіне сыйлық аламыз, 1000 теңгеден жинайық деді ата-аналар комитеті.
– Содан?..
– Сыныптағы 21 оқушыдан жиналған қаржыға мұғалімге микротолқынды пеш алғанбыз. Жиырма мыңдық пешті, 1000 теңгеге гүлін көтеріп жетіп барсақ, апайлары: «Мен ата-аналар комитетіне нан пісіретін пеш деп айтқан сияқты едім ғой» деп, жыбыр ете қалды. Сөйтіп сыйлығымызға көңілі толмай, бәрімізді сүле-сопы шығарып салды. Біз оның үйіндегі дүниесін түгендеуге міндетті емес шығармыз әрбірден соң.
– Әрине…
– Осыны жазыңдаршы, әбден күйдірді ғой. Мектептің де, мұғалімнің де атын көрсетіп жазыңдар. Өзінің ағаттығын, қанағатсыздығын түсінсін.
Осылай ашына хабарласқан егде жастағы әйелдің аптығын әзер бастық. Бір мұғалімнің ерсі қылығына бола, бүкіл ұстаздар қауымына күйе жағуға болмайтынын да түсіндірген болдық. Әйтсе де, бізге қоңырау шалған әйелдің айтқандары ойландырып тастады…
Қазанның алғашқы демалысына тұспа-тұс келетін ұстаздар мерекесіне сыйлық іздеп, оқушылардың сабылуы – жыл сайын бар дәстүр. Мұғаліміне қымбат иіссу, қымбат шоколад, түрлі ыдыс-аяқ арқалап баратын балалар әр мектепте бар. Бірақ мереке-мейрамдарда оқушы оқытушыға тарту-таралғы жасауы керек деген бұлжымас заң жоқ. Әлбетте, апайына сыйлық апарып, қуантуды әр бала ойлайды. Құрмет көрсетіп, қуантудың жақсы екенін бала жастайынан-ақ сезеді. Әйтсе де, мектеп партасында отырған оқушылар сый-құрмет жасау дәстүрін қалай ұғынып жүр? Мұғалімге сыйлық беруді бәсекеге айналдырып алған жоқ па? Бұл бала психологиясына қаншалықты әсер етеді? Біз осы сауалдарды мектеп психологы Жанар МОЛДАШҚЫЗЫ РАМАЗАНОВАҒА қойып көрген едік. Психолог сыйлық беру мен сый-құрмет жасаудың әдебін де түсіндіре кетті.

СЫЙЛЫҒЫҢ ЭСТЕТИКАЛЫҚ ЛӘЗЗАТ СЫЙЛАЙ АЛУЫ КЕРЕК

  Психологияда сыйлықтың қымбат, әркімнің қолына түсе бермейтін зат болуы міндетті емес. Сыйлықтың ұсынатын адамыңның талғамына сай болғаны ғана маңызды. Сондай-ақ, сыйлық сый берушінің талғамын да танытып тұрады. Сыйлық бергенде ең басты ескеретін нәрсе, сенің сыйың екінші адамға эстетикалық ләззат сыйлауы керек. Балалар да, ата-аналар да көп ретте осыны ескере бермейді. Өзім психолог болсам да, мұғалімге тарту-таралғы ұсынудың балаға соншалықты маңызды көрінетінін, соны абырой санайтынын көп аңдай бермеппін. Үш жасар балам балабақшаға барады. Жазда отбасымызбен Ыстықкөлде демалмақшы болдық та, баламызды ала кеттік. Екі апта балабақшаға бармады. Содан тәрбиешісіне «көңіл ғой» деп, Ыстықкөлден әкелген базарлығымыз ретінде бермекке бір қорап шоколад алдым. Ұлым: «Кәмпитті апайға мен берейінші, мен берейінші» деп қоймайды. 3 жастағы баланың өзі сыйлық беріп, мұғаліміне жақсы көрінуді ойлап тұр. Содан өзімнің қателігімді түсіне қойдым. Әр ата-ана осындай ағаттықтарды жіберіп алмаса екен деймін.

СЫЙЛЫҚ – ЖАҚСЫ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС ОРНАТУДЫҢ КЕПІЛІ ЕМЕС

Желкілдеп өсіп келе жатқан бала психологиясы әр кез «қайтсем өзгелерден ерекшеленемін?», «қайтсем апайымның көзіне жақсы көрінемін?» деген сұраққа көп алаңдайды. Өйткені, мұғалім – мектептегі басты адам. Бала үшін өзінің ұстазынан артық жан жоқ. Сондықтан ол әрдайым ұстазын қуантуды, жалпақ тілмен айтқанда оған жағынуды ойлайды. Мұндай жағдайда балаға қымбат сыйлық арқылы сыйлық алушы адамның саған деген жақсы көзқарасын түбегейлі қалыптастыра алмайтынын түсіндіру маңызды. Сыйлық – жақсы қарым-қатынас орнатудың кепілі емес.

СЫЙЛЫҚТЫҢ БАҒАСЫ ӘЛЕУМЕТТІК СТАТУСТЫ БІЛДІРМЕЙДІ

Білім күні, мұғалімдер күні, 8 наурыз сынды мерекелерде ұстаздарына оқушылар жекелей сыйлық әкеліп жатады. Мектепте әр баланың әлеуметтік жағдайы әртүрлі. Біреу сыйлықты асыра жасайды. Енді бір оқушының мұғалімге сыйлық беру түгілі, қағаз-қалам алуға жағдайы болмауы мүмкін. Бұл балалардың арасындағы әлеуметтік теңсіздікті байқатады. Осыдан бала психологиясында сыйлықтың құны мен бағасы әлеуметтік статусты айқындайды деген түсінік қалыптасады. Ұстазына қымбат сыйлық апарған оқушы өзін өзгелерден жоғары сезініп, тағы бірі мойнын қысып, өзін кінәлі сезінуі мүмкін. Мұндай ситуациядан мұғалімнің өзі алып шығуы тиіс. Мереке жақындағанда мұғалім: «Балалар, мен сендерден сый-сыяпат күтпеймін. Мен үшін сыйлық – сендердің жақсы оқығандарың. Мейрамда көтеріңкі көңіл-күй сыйлағыларың келсе, маған өз қолдарыңмен ашық хат жасаңдар. Ішіне бүгіннен бастап мерекеге дейінгі аралықта әр сабақтан қанша бес алғандарыңды жазыңдар. Кім жақсы оқып, бестікті көп жинаса, сол оқушы мені ерекше қуантқан болады» десін. Оқушыларды мейрам қарсаңындағы дүрбелеңнен, қиын ситуациядан осылай құтқаруға болады. Сыныптағы барлық бала мұғаліміне қуаныш сыйлауға талпынатыны анық қой. Тіпті, ең нашар оқиды деген баланың өзі еңбекке баулу, дене шынықтыру сынды пәндерден бестік алып, ұстазын қуантады.
Сондықтан оқушыға тарту-таралғы жасағанда оның бағасы емес, сыйды риясыз көңілмен бергеніңнің маңызды екенін түсіндірген абзал. Мейлі ол кішкентай зат болса да, сыйлық алған адам сый ұсынушының өзіне назар аударып, ілтипат көрсету үшін әкелгенін ұғады.
P.S. Ұстаздар күні мен 8 наурыз мерекесі жақындаған сайын есіме 5-сыныптан 8-сыныпқа дейін жетекшілік еткен, алгебра пәнінің мұғалімі түседі. Апайымыз өз саласын мықты білетін маман еді. Әрі парасат-пайымы мен адамгершілігі мол, өте әділетті-тұғын. Сыныпта 9 оқушымыз. Шыны керек, сөзі бір жерден шықпайтын ауызбіршілігі жоқ, берекесіздеу сынып едік. Мейрам жақындағанда «апайға сыйлыққа пәлен тенгеден ақша жинаймыз» деп уәделесетінбіз. Бірақ уәделі күні сөзіміз бен ісіміз бірікпейтін. Сыныптағы әр оқушының қалтасын қаққылап жүріп, әрең дегенде 300 теңгенің басы бірігеді. Осыдан 10-12 жыл бұрын ол ақшаға сусын ішетін 6 тал кесе келетін. Ылғи соны алатынбыз. Қораптың сыртын жылтыр қағазбен орап беретінбіз. Кейін санасақ, апайға дәл сондай қораптағы кесені 6 рет беріппіз. Кеседен басқа сыйлық алуды сол кезде ойламадық па, білмеймін. Бір қызығы, апайымыз сол сыйлықтың барлығын да риясыз қабылдаған. Ылғи беретіндерің бір нәрсе деп қабақ шытып көрмепті. Мектеп бітіргенімізге 5 жыл толғанда әрқайсымыз белді-белді университеттерді бітіріп, апайымыздың үйіне қонаққа бардық. Қонақ бөлмедегі сервантқа көзіміз түсіп кетті. 36 тал әртүрлі түстегі кесе сөреде тізіліп тұр. Бәріміз жамырай күлдік. Бірақ, ол біздің бір кездегі балалығымыздың, бала көңіліміздің белгісі еді.

Сіз не дейсіз?!

Бейбіт ОРАЛҰЛЫ, композитор, ата-ана:
Ұл-қыздарым мектепте оқыған кезде, жасыратыны жоқ, мұғалімдеріне айтулы күндері анасы тарту-таралғы дайындайтын. Меніңше, сыйлық бергеннен ешкім кедейленіп қалмайды.
Ол – әрбірден соң көңіл. Перзентіңе тәлім беріп жатқан ұстазды елеп-ескергеніңнің белгісі. Оның үстіне біздегі мұғалімдердің жалақысын шетелдермен, батыс елдерімен салыстыруға да келмейді. Ұстаздардың көпшілігі айлығын шайлығына әрең жеткізіп отыр. Сөйтіп жүрген мамандарға ата-аналар азғантай сауға беріп, жанын жылытса, оның еш әбестігі жоқ, меніңше.

Серікбол МҰХТАР, Ә.Қастеев атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы:
Сынып жетекшімізге, пән мұғалімдеріне мейрамдарда гүл сыйлап жатамыз. Сынып болып, бәріміздің қалтамыз көтеретін көлемде ақша жинаған кезіміз де болды. Бірақ қала мектептеріндегідей қымбат иіссу, әшекей заттар беріп көрмеппіз. Кейбір оқушылар мұғалімдерге өздері жеке сыйлық тарту етіп жатады. Онысы тоқсан жақындағанда сыйлық бергенімді ескерсін немесе апайымның көзіне түсейін деген сынды әрекет болып көрінеді өзіме. Өзім сабақты орташа оқимын. Бағамды көтермелеп қойсын деп кәсіби мерекелерінде, туған күндерінде мұғалімге сыйлық апарып көрмеппін. Апайларымның сыйлық берді екен деп, жақсы оқитындардың қатарына қоса қоймайтынын түсінемін өйткені.

Айнұр САТЫБАЛДИЕВА, Алматыдағы №2 арнайы (түзету) мектебінің мұғалімі:
Мен денсаулығында ақауы бар, сабаққа өздігінен барып-келе алмайтын балаларға сабақ беремін. Кейбір денсаулығы нашар балаларға үйіне барып дәріс оқимын. Мен үшін оқушылардан сыйлық алу емес, шәкірттерімнің менің 45 минут сөйлеген сөзімнен тамшыдай болсын ілім үйренгені маңызды. Туабітті ақауының салдарынан кейбір балалардың ойлау, есту қабілеттері өте баяу дамиды. Ондай балаларға алманың қызыл, сары және көк түсті болатынын түсіндіруге жарты күнім кетеді. Жуырда мұғалімдер күнінде 7-сыныптың бір оқушысы сурет дәптердің бір бетіне қызыл, сары, көк түсті үш алманың суретін салып, астына «Апай, мейрамыңызбен!» деп жазыпты. Оны көргенде ерекше әсерлендім. Зердесіне сәуледей нәрсе құя алғаныма қуандым. Оқушымның салған суретін жұмыс үстеліме қойып қойдым. Үйде сабақ жазып отырып, көзім түсіп кетсе, көңілім жылынады.

Қарлыға ИБРАГИМОВА
(«Ұлан», №40 07.10.2014)

Сізге ұнауы мүмкін...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: