Кореяны көріп кел, бойға білім жиып кел!

Магистратурада оқып жүргенімде бір семестр Кореяда оқудың сәті түсіп еді. Сонда бұл елдегі оқу тәртібінің бізден айырмашылығы көп екенін байқағам. Оқытушыларының тым қарапайым екені де таңғалдырған. Білдей бір университет профессорлары студенттермен бірге тауға да, музейге де баруға бар. Өтініш айтсаң болғаны. Емтихан тапсыру сәтінде қазақстандық кейбір студенттердің шпаргалка қолданатынын байқап, кәріс оқытушылар таңырқап, бас шайқап еді. Бірақ, ешкімге ұрысқанын көрген емеспін. Сабақтан кешіксең, орта жолдан дәрісханаға баса-көктеп кіре алмайсың. Себебі, дәріс басталған минутта есіктері автоматты түрде жабылып қалады. Сосын өзің ұяласың. Тіпті оларда 100 балдық бағалаудың өзіндік ерекшеліктері бар. Біздегідей ойша шамалап қоя салу жоқ. Бұл тұста өзге елді мақтап, өзімізді төмендетейін деген ойдан аулақпыз, әрине. Дегенмен, жақсыдан үйренбек керек. Бұл елге шетелдіктер көбіне техникалық мамандықтарды оқу үшін барады. Оның ішінде қазақ жастары да аз емес. Мұнда оқитын қазақстандық жастардың арнайы ұйымдары да бар. Олар өте белсенді. Қалған жайды осы елде оқыған аға-әпкелерің баяндап берсін.

Жансұлу ИСАЕВА, Кореядағы Йонсей (Yonsei) университетінің Халықаралық қатынастар факультетінің I курс магистранты:

Мереке қарсаңында босаңсу деген жоқ

Корея ЖОО-ларына түсудің жолы көп. Өзің қалаған университеттің сайтына кіріп, құжат тапсыратын кезді біліп, талпынып көр. Бірақ, мұндай жолды білетіндер өте аз. Көпшілігі гранттар мен түрлі бағдарламаларды іздеумен әлек болады. Ал егер оқу бағдарламаларын іздеймін десеңдер, KGSP (Korean government scholarship program) немесе POSCO дегенді ұсынар едім. Өзім KGSP арқылы оқып жүрмін. Бұл бағдарлама бойынша оқуға түсудің екі жолы бар. 1. Кореядағы университет арқылы; 2. Өз еліңнің елшілігі арқылы. Ағылшын тілін білу мен TOEFL мен IELTS сертификаттары маңызды. Ал корей тілін біліп баруың талап етілмейді. Ол бағдарлама шарттары мен қандай мамандық оқитыныңа байланысты. Дегенмен, KGSP бағдарламасы бойынша оқуға тапсырсаң, өздері-ақ бір жылдық тіл үйрену курстарына жолдама береді. Сөйтіп, корей тілінің кем дегенде үшінші деңгейін меңгеріп шығуға тиісті боласың. Егер ондай нәтижеге қол жеткізе алмасаң, тіл меңгеру курсын тағы жарты жылға созып береді. Онда да нәтижең дұрыс болмаса, үйіңе қайтасың.

Корей мақал-мәтелдері:

1. Еңбектей алмай жатып, жүгіруге талпынады.
2. Конфуцийдің алдында қытай иероглифтерін жазбақ.
3. Үш жыл мектепте оқыса, ит те поэма жазады.
4. Жатқан тастың түбіне су жетпейді.
5. Сәл талапты болса, қаңғыбас та ыстық күріш жей алады.

Гранттар

Кең таралған мамандықтарға, оның ішінде инженерияға көбірек беріледі. Кей университеттердің грантына ие болғаныңмен, шәкіртақысы болмауы мүмкін. Немесе бірінші жылы ғана тегін оқып, қалған курстарына өзің төлейтін бағдарламалар да бар. Арнайы 25, 50, 75 пайыздық жеңілдіктер де кездеседі. Компаниялардың гранты көбіне техникалық мамандықтарға бөлінеді. Кореяға оқу іздеп келушілерге ескертерім, өте-мөте көп кітап оқуларыңа тура келеді. Барынша үлгеру үшін ұйқысыз-күлкісіз жүруге тура келеді.

Элективті жүйе

Біздің елде оқытушылар студентке жас балаға сөйлегендей сөйлеуі немесе зекіп те тастауы мүмкін ғой. Ал корейлік ұстаздар кез келген шәкіртіне өте сыпайы жауап береді. Оқуға келсек, бұл елде элективті жүйені қолданады. Яғни, негізгі деген пәндердің өзін әр студент өз қалауымен таңдауға еркі бар. Тіпті, оқу кестесіне дейін әр студент өз ыңғайымен жасап алады. Бұл жақсы жағы делік. Бірақ, бұл жүйенің кемшін тұсы да бар. Сен қалаған уақытқа басқа да курстастарың жазылып қоюы мүмкін. Содан уақыт жағынан біраз келіспеушіліктер туындап жатады. Дәрістер қашанда кестеден ауытқымай оқытылады. Ал біздің елде мереке қарсаңында немесе оқу жылының басында сабақ дұрыс оқытылмайтын кездер бар емес пе?

Үздік үштік

Кореядағы үздік университеттер үштігін «SKY» деп атайды: Seoul university, Korea university және Yonsei университеті.

2014 жылғы сараптама бойынша Кореядағы үздік 10 университет:
1. Сеул Ұлттық университеті, Сеул
2. KAIST
3. Ханяң (Hanyang) университеті, Сеул
4. Йонсей (Yonsei) университеті, Сеул
5. Пусан (Pusan) университеті, Пусан
6. Корея университеті, Сеул
7. Похаң (Pohang) университеті, Похаң
8. Кангвон (Kangwon) Ұлттық университеті, Чунчеон
9. Соңкюнкуан (Sungkyunkwan) университеті, Сеул
10. Чуң-Аң (Chung-Ang) университеті, Сеул

Данияр ӘНУАРҰЛЫ, Кореядағы Ханяң университетінің түлегі:

Корей компаниясының грантымен оқыдым

Мен Кореяда мемлекеттік емес компанияның грантымен тегін оқыдым. Ол елде кез келген кәсіпкер ғылымға ақша салуға тырысады. Себебі, білімге қаржы құйған компанияларға көптеген жеңілдік жасалады. Шетелдіктердің Корей елінде оқуына жағдай жасайтын арнаулы бағдарламалар жеткілікті. Сол арқылы олар (компанияларды айтады – ред.) елін әлемге танытқысы келеді. Ал мен «KT&G» компаниясының «KT&G Scholarship Programs» бағдарламасы бойынша екі жыл магистратурада оқыдым. Айына 150 мың теңге көлемінде шәкіртақы да алдым.

Оқушылар 18 сағат оқиды

Қазақстан мен Кореяның білім жүйесінде айырмашылық өте көп. Корей оқушылары тәулігіне 18 сағат оқиды. Қалған уақытын ұйқыға арнайды. Олар түске дейінгі уақытта мектеп бағдарламасы бойынша білім алса, түстен кейін ағылшын тілі, математика сияқты пәндерден қосымша сабақ алады. Ал кешке міндетті түрде спорттың бір түрімен шұғылданады. Университеттерінің әрқайсысының жеке кітапханасы бар. Кітапханалар барынша озық технологиялармен қамтамасыз етілген, демалыссыз жұмыс істейді. Яғни, аптасына жеті күн, тәулігіне 24 сағат бойы үзіліссіз қызмет көрсетеді. Бірде-бір рет кітапханалардың бос болғанын көрген емеспін. Кіру үшін студенттер алдын ала жазылып кетеді. Алғашында ол елде оқу қиынға соқты. Оқудан бас көтере алмайтынбыз. Күндіз-түні оқу. Оқу жүйесіндегі темірдей тәртіпті сол елде сезіндім.

Шетелдік студенттер де жұмыс істейді

Күндіз-түні оқудан бас алмай жүрсек те, арасында қосымша жұмыс та жасайтынмын. Аудармамен айналыстым. Қазір де телеарналарда корей телехикаяларын қазақ тіліне аударып, дыбыстап, эфирге ұсынумен айналысамын. Көркем аудармамен айналысамын. Кореяға жаңа келген туристерге жолбастаушы болдым. Университеттен де шетелдік достарым қосымша жұмыс тауып алатын.

Корейше-қазақша сөздік:

Аннёң – сәлем
Камсахамнида – рахмет
Сонсеним – мұғалім
Тэхаккё – университет
Чек – кітап
Гукка – мемлекет
Ссыда – жазу
Икта – оқу
Сарам – адам, азамат
Качаһі сарам – қазақ

Қарлығаш ДОСАНОВА
(«Ұлан», №40 07.10.2014)

Сізге ұнауы мүмкін...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: