«Есіңнен тандыратын» ертегі кітаптары

Жақында қолымызға «Ермек батыр» атты комикс кітабы тиді. Кітап орыс тілінде жазылыпты. Комикс деп аты айтып тұрғандай, оқиғалардың көбі суретпен беріліпті. Шетелдің комикстері жайлы жақсы білеміз. Бірақ қазақ батыры жайлы комикс бар екенін көрмеппіз. Содан ба, мына кітапты «оқып» шығуға асықтық. Бастапқыда «Ермек батыр» атауына қарап-ақ өмірде болған, болмаса эпостық жырларда ерлігі суреттелген қаһарман шығар деп ойладық. Алайда, бұл Ермек суретшінің қиялынан туған кейіпкер екен.

Бір ақсақалдың Әділ-Қырат, Асыл-Мұрат және Ермек деген үш баласы болады. Алдыңғы екеуі шаңырақта қалады да, Ермек ерлік жолында ауылдан алысқа аттанып кете барады. Автордың жазуынша, бұл кезде Орта Азия даласындағы тайпалар өзара қиян-кескі шайқас жүргізіп жатыр екен. Қазақ халқы да біртұтас ел болу үшін, осы соғыста қан төгіп, жан береді. Соғыс даласында Ермек те ерлігімен көзге түседі. Және Жезтырнаққа қарсы үш ғасыр бойы үздіксіз соғыс жүргізеді. Оқиға желісін аңдып отырып, Гомердің Одиссейін оқығандай болады екенсің. Ермектің ата жаулары – мифологиялық құбыжықтар, арасында қазақ аңыздарында кездеспейтін тіршілік иелері де бар. Міне, осының бәрін табанында таптаған Ермек батыр ақырында жеңіс туын желбіретеді.
Мынадай шытырман оқиғаларға толы әрі тартымды суреттермен өрнектелген «Ермек батыр» комикс кітабы кішкентай балаларға арналғаны сөзсіз. Алайда, кітапта балалардың көруіне болмайтын суреттердің жүргені таңғалдырды.
Кітаптың сценарийін жазған әрі суреттерін салған Мәдибек Мұсабеков деген жас жігіт екен. Суреттердің сапасында, қиыннан қиыстыру, оқиғаны көз алдыңа келтіру шеберлігінде мін жоқ. Тек Мәдибек мұны кішкентай оқырмандардың оқитынын ұмытып кеткен сияқты. Кітапта қантөгіс, жалаңаштанған қыздың бейнелері көп беріліпті. Қыздың үстінде қазақы қамзол, аяғында оюланған кебіс. Алайда, бір жерде қыздың омырауына шейін ашып тастаған, енді бір жерде балтыры жалтырап жүр. Тіпті батыр мен қыздың сүйісіп тұрған суреттерін де ұялмай кітап бетіне жариялағанын қайтерсің. Бала оқитын кітапқа осындай ыңғайсыз суреттерді салуға бола ма?
«Khan Comics» баспасы дайындаған «Ермек батыр», басқа да комикс кітаптардың тұсаукесері жақында «Esentai Mall» орталығында өтті. Тұсаукесерге мектеп оқушылары шақырылды. Балаларға комикс кітаптарды көрсетті. Ол аздай, «Khan Comics» комикстерін Байқоңыр метро стансасының аялдамасының қабырғасына көрме ретінде іліп қойыпты. Метрода үлкен де, кіші де жүреді. Ыңғайсыз болмай ма екен?
Айтпақшы, «Khan Comics»-тің балаларға арнап шығарған кітаптары тек «Ермек батыр» ғана емес. «Ертегілер» деген серия бойынша Артем Горчаков деген автордың комикстерін де шығарып үлгерген. Артемнің де сызған суреттері Мәдибектен қалысайын деп тұрған жоқ. Тіпті, одан асып кетеді десе де болады. «Ертегілер» сериясының бір кітабы ержүрек үш қыз жайында екен. Суретке қарасаң, кәдімгі қазақ қыздары. Бірақ, үшеуінің де қолына қан-қан болған қылыш ұстатып қойыпты. Ертегі желісі бойынша үш қыз жабылып Мордан атты дәуді өлтіріп, басын шауып алады. Қыздардың бірі Жансаяны дәудің басының үстіне отырғызып қойған. Қыздың жалаңаш санынан сорғалап қан ағып тұр. Тағы бір қыз дәудің қанжар қадалған жүрегінен аққан қанды аузымен сорып жатыр. Ертегі екен деп қазақ қыздарын осындай қанішер етіп көрсетуге бола ма екен?
Артемнің «ұшқыр» қиялы мұнымен бітпейді. «Ертегілер» сериясы бойынша жарыққа шыққан тағы бір кітапта қазақтың киіз үйін қорлаған. Киіз үйді кәрі ағаштың діңіне апарып жабыстырып қойыпты. Үйдің іші жарқырап тұр, ал айналасы толған қабір. Автордың бұл арқылы не айтқысы келгені тағы түсініксіз. Сол сияқты Дана, Настя және Нуриктің бастан кешкендері жайлы жазылған тағы бір комикс бар. Оқиға өзіміздің Алматыда өтеді, артынша әлгі үшеуі ертегілер әлеміне еніп кетеді. Бізді таңғалдырғаны, осы ертегіде аттың жамбасына, мысықтың беліне ою сала бергені. Қазақы болуы керек екен деп, ит-құстың денесін оюлап тастағанда не ұтты? Ұят емес пе мынау? Малдың денесіне салғанша, киіз үйге салмай ма екен. Себебі, үйдің сыртында ою түгілі, бір әдемі нышан жоқ.
«Khan Comics» баспасын Оразхан Жақыпов басқарады. Баспа дайындаған комикстер ішінде волейболшы Сәбина Алтынбекова да жүр екен. Естеріңізде болса, Тайпейде Сәбина жапон комикстеріне ұқсайтыны үшін жұлдыз болып кеткен еді. Енді, міне, қазақстандық комикстің кейіпкері болыпты. Бұл комикс Сәкен Жақсыбаев деген дизайнердің тапсырысымен жасалған екен. Шамасы, Сәбинаның сұлулығы мен танымалдығын Сәкен де өз fashion әлемінде пайдаланғысы келгенге ұқсайды.
Тағы бір комикс – алматылық батыр бала туралы. Есімі – Кенжебек. Комикске аздап боевик элементтерін қосып, фэнтези жанры бойынша салып шығыпты. Сюжет бойынша Кенжебек Алматы облысының бір ауылында дүниеге келеді. Мектеп бітірген соң Алматыға оқуға түсуге келеді. Алайда, ата-бабадан бері келе жатқан магиялық қасиеті оның өмірін күрт өзгертеді. Сөйтіп, қара ниетті тылсым күштермен күреседі. Иә, Кенжебекті кәдімгі Супермен, Өрмекші адам ба деп қаласың. Бәлкім, мұндай қиял-ғажайып комикстерге көз үйренбегеннен бе, мұндағы суреттер де бізге оғаш көрінді. Әсіресе, «Қазақстан» қонақүйі алдында болған Кенжебек пен айдаһардың айқасы да сондай сенімсіз шыққан. Бәлкім, ертегіде Жансая, Кенжебек, Сәбина, Ермектер жүргендіктен де шығар, әйтеуір біртүрлі.
P.S. «Khan Comics» шығарған комикстер бізді шынында да ойландырып тастады. Бұл өнімдер кімдерге арналған? Балаларға ма? Егер мыналарды балалар көретін болса, шынымен қауіпті екен. Қантөгіс, зорлық-зомбылық, жалаңаштану дегенді телеарналардан тоқтата алмай жатқанда, енді комикспен насихаттауға көшкендей. Бәлкім, бір тыйым болуы керек шығар, қалай ойлайсыңдар?

Серікбол ХАСАН
(«Ұлан», №40 07.10.2014)

Сізге ұнауы мүмкін...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: