180 бала жол апатынан көз жұмыпты

Жыл басынан бері елімізде 180 бала жол апатынан қаза болған. Бұдан бөлек, 3000-нан астам бала әртүрлі жарақат алған. Мұндай деректерді Бас прокуратураның Құқықтық статистика комитеті таратып отыр. 2014 жылдың 8 айы ішінде Қазақстан бойынша 17 мыңнан астам адам жол апатынан зардап шегіпті. Прокуратура қызметкерлері өткен жылмен салыстырғанда жол апаттарының 56,4 пайызға артқанын да айтып отыр. Ал жуырда Парламент депутаттары алдында сөз алған Ішкі істер министрлігінің жауапты қызметкері Игорь Лепеха былай деді: «Балалар жолды кез келген жерден кесіп өтіп кетеді, тоқтап тұрған көліктің немесе басқа да нысандардың тасасынан атып шығады, кейде жол бойында ойнап жүреді. Балаларға қатысы бар жол апаттарының 80 пайызына жүргізушілер кінәлі. Ал әрбір бесінші жол апаты балалардың білместігінен болады».
Сондай-ақ, Игорь Лепеха жол апаттарының екі негізгі себебін атап айтты. Оның бірі – көлік санының жылдан-жылға көбеюі. Ал ең бастысы – жүргізушілер мен жүргіншілердің жауапсыздығы.
Балалар, сендер жол ережесімен балабақшадан бастап-ақ танысасыңдар. Бағдаршамның үш түсі болатынын, оның қайсысы жанғанда не істеу керектігін жақсы білесіңдер. Жолды қиып өту өмірлеріңе қауіп төндіретінін де Құдайдың құтты күні естіп-біліп жүрсіңдер. Күн сайын жаңалықтардан өздерің қатарлы балалардың көліктің астына түсіп қаза болғанын немесе жол апатынан зардап шеккенін естисіңдер. Ал мектепте жол қауіпсіздігі туралы арнайы сабақтар өтеді. Әр оқу жылының басында инспекторлар келіп, ақыл-кеңестерін айтады. Соған қарамастан, балалардың жол апатына ұшырауы тыйылмай отырғаны неліктен?

Дерек пен дәйек

Жол апатының салдарынан болатын адам шығыны бүкіл әлем елдерін ойландыратын мәселе. Ол жөніндегі арнайы халықаралық рейтинг те бар. Былтыр сол рейтингте Қазақстан 64-орында болған екен.
Жол апаттарының саны жөнінен көш басында тұрғын саны да, көлік саны да көп Алматы қаласы тұр. Күллі Қазақстандағы көліктердің төрттен бірі Алматы қаласында тіркелген екен.
Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында да жол апаты жиі болады. Бұл екі облыс жол-көлік оқиғаларының саны жөнінен екінші және үшінші орындарда. Жол апаттары ең аз болатын облыс – Солтүстік Қазақстан.
Жол апаты салдарынан болатын адам өлімі Жамбыл, Маңғыстау және Атырау облыстарында көп тіркелген
екен.

Біздіңше, ең алдымен, жауапсыздықтан. Өз өмірлеріңе жауапсыз қарайтындықтан. Сонымен бірге, ата-аналарыңның, мұғалімдеріңнің тағдырына да бей-жай қарайтындықтан. Апат айтып келмейді. Сондықтан, жолда жүргенде екі шоқып, бір қарау керек.
«Зебрадан» өткен дұрыс, бірақ менің жолым екен деп, атып шығу дұрыс емес, балалар. Көлік деген – техника. Оның да рулінде өздеріңнің әкелерің, ағаларың сияқты адам отыр. Байқамай қалуы мүмкін, үлгермеуі мүмкін. Сондықтан, жолдан өтер уақытта алдымен жан-жақтарыңа қарап, көліктің тоқтайтынына көздерің жеткенде барып қана өткендерің дұрыс. Бағдаршам екен, «зебра» екен деп, құйғытып өте шығуға болмайды. Сонымен бірге, жолдан өтер кезде бір-бірлеріңді итеріп ойнау дұрыс емес. Жолдан өтетін екі-үш минутта аса абай болған жөн. Ал ең бастысы, жолдан өтерде құлаққаптарыңды шешіп қою керек. Қазір телефонды не плеерді қалтаға салып, құлаққап киіп алып жүретін балаларды көп кездестіреміз. Ал сол бір сәттік бейқамдықтың салдары тым ауыр болуы әбден мүмкін.

Жұлдыз ӘБДІЛДА
(«Ұлан», №40 07.10.2014)

Сізге ұнауы мүмкін...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: