Ғасыр жасаған актриса

Көптен бері Жүсіпбек Елебеков атамыздың шаңырағына жол түсуін қалап жүр едім. Атамыздың көзі қайтқанмен, ошағының отын өшірмей отырған Хабиба апамыз бар. Апамыз-дың жасы бүгінде 99-да. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі. Қазақ театрының алғашқы қарлығаштарының бірі. Театр мен кинода 100-ге тарта рөлді сомдаған. 93 жасында Досхан Жолжақсыновтың «Біржан сал» фильмінде атқа қонып, әже рөлін ойнағанын мақтанышпен айтуға болады. Ғасыр жасаған апамыз әлі де тың, ойы сергек, өзі жүріп-тұрады. Өткен күні өмірі өнегеге толы апамызбен амандасып, әңгімесін тыңдап қайттық. Апамыз «әбден кешке ескертусіз келдіңдер» деп ұрса ма деп, іштей толқып барып едік. Жоқ, апамыз құшақ жая қарсы алды. Үйінде Жүсекеңнің кенжесі Естай ағамыз бар екен. Апамыз «қай баласыңдар» деп жөн сұрасып, үш сағаттай қызықты әңгіме өрбітті. Мәдени жаңалықтардың бәрін естіп-біліп отырғанына іштей таңырқағаным да бар. Бірер күн бұрын қалада Шәкен Аймановқа арналған деректі фильмнің тұсаукесері өтіп еді. Әңгіме ауаны сол фильмнен басталды. Хабиба апамыздың Аймановқа арнаған жоқтауы бар-тын. «Мақтанып-ақ айтайын, менің Шәкеңе жазған жоқтауымдай жоқтауды ешкім айтпады ғой. Соны осы уақытқа дейін бәрі еренсіз санап жүр» деп, жоқтауын фильмге қоспағанын естіп, көңілі түсіп отыр екен. Қазақтың біртуар әншісі Жүсіпбек Елебековтің сахнадан тыс қандай жан болғанын да әсерлі баяндап берді.

Хабиба ЕЛЕБЕКОВА, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, әнші Жүсіпбек Елебековтің жары:

Он жеті жаннан жалғыз қалғам

Құдайдың құдіреті, жастайымнан не естісем де, соны өмір бойы ұмытпайтын қасиетім бар. Үш жасар кезімнің өзінде әкем маған «Сегізаяқты» айтшы» дейді екен. Сонда мен тоқтамастан айта жөнеледі екем. Әкем риза болып, «айналайын, балажан, ойнай ғой» дейді екен. Үш-төрт жасымнан бастап әкем мені үлкен тойларға, асқа ертіп баратын көрінеді. Сөйтсем, «көпті көрсін, ойға жақсы дүниелерді түйе берсін» дейді екен ғой, жарықтық! Әкем марқұм өте сымбатты, сұлу кісі болса керек. Жұрттың бәрі әкемді «жақсы аға» деп атап кетіпті. Ей, сол Қарақбай аштан өлді ғой… Қиын күндер қазақ халқының басында болды ғой (терең күрсіне)… Не болмады, қырылды ғой барлығы, қырылды ғой… Үйдегі он жеті жаннан мен жалғыз жетімсіреп қалғанмын.

Жүсекеңнің әнін алғаш жеті жасымда естіппін

Менің Дәлилә деген сұлу, өнерлі әпкем болған. Сол заманда өз сүйгеніне қосылған қайсар қыз ғой. Өзі ақын, өзі әнші еді. Қазақ қыздарынан шыққан алғашқы әртістердің бірі. Сонда оны ұзатарда жұрттың бәрі «Дәлилә сұлуды көреміз» деп келіпті. Ол шақта мен жеті жаста екенмін. Сонда біздің ауыл жаққа келіп бір жас жігіт ән айтты. Оның кім екенін ұғып жатқан мен жоқ. Көбелек қуып жүрген баламын ғой. Сол күні әлгі әнші жігіттен «Ағаш аяқ» деген әнді есіттім. Арада он жыл өткенде Қарқаралыда осы әнді қайта естіп, «Мына дауысты, мына әнді бала кезімде бір естігенім бар еді, бұл кім болды екен?» деген ой кернеді. Сөйтсем, Жүсіпбек деген атағы жер жарған әнші екен ғой.
Қарқаралыға Қалекең (Халық әртісі Қалибек Қуанышбаев – Қ.Д.) сонда «Малқамбай» деген бір актілі ойын (спектакль – Қ.Д.) қоюға келген. Сол қойылымда «Құдай атқан Малқамбай, немене елдің бәрін бытыстырып жүргенің» деп иығымды қиқаңдататын сөзім бар. Сол Қаллекиге қатты ұнаса керек, менімен танысты. Жүсекеңе «қайтсең де мына қызды жар етіп ал» депті. Әй, тағдыр-ай, алғаш күйеуімді сөйтіп жеті жасымда көріп, кейін он жетімде соған күйеуге шықтым ғой (күліп). Жас арамыз он бес жас. Тамыздың төртінде Алматыға келді. Қыркүйектің үшінде театрға әртіс ретінде орналастырды. Бұл 1935 жыл еді. Мен келгенде театрдың құрылғанына сегіз жарым жылдай ғана уақыт болған екен. Сол жасыма дейін әртіс болу дегенді білмегем, тек ұл балаша киініп асыр салып жүргенім болмаса…

Баламыздың бәрі соғыс кезінде дүниеге келді

Қызымыз Дариға 1942 жылы дүниеге келді. Оның алдындағы Ардақ деген баламыз он бір айында, Еркін деген баламыз екі жарым жасында шетінеп кетті. Ол шақта театрда жұмысымыз ауыр болды. Соғыстағы жауынгерлерге күртеше, шалбар тігу керек. Спектакльге дайындық арасында кім болсаң, ол бол: «Әй, жүгір, астына барып киім тік» дейді, жүгіре басып тігуге кірісетінбіз. Ал Ақан 1944 жылы туған. Біржанымыз 1948 жылы дүниеге келді. Үйде от жоқ. Су тасимыз. Бірде жұмыстан келсем, үй іші қара тастай. Дариғаның үстіне түйе жүн күртеше кигізіп кеткенмін. Балаға қарайтын адам жоқ. Қарны ашқаннан да, жылағаннан да бала әбден қалжырап кеткен. Кіші дәреті аяғына өтіп кетіп, жаурап, домбығып ісіп кетіпті. Сөйтіп, төрт айлық баламыздың аяғы үсіп кеткен жағдайлар болған.

Ақанның тойында Айманов асаба болған

Ұлымыз Ақан үйленгенде үйде той жасап, сонда Шәкен Айманов асаба болды. Осы үйдің әр бөлмесі толған қонақ. Шәкең босағада тікесінен той басқарды. «Ал, құдалар, шамамыз келгенше сіздерді риза қылып жіберейік деп тырысып жатырмыз. Мінекей, мына босағада аяғымнан тік тұрып сөйлеп тұрғаныма үш жарым сағат болды. Әлі қанша сағат тұратынымды Құдай біледі. Шолпан Жандарбекова, Хадиша Бөкеева сынды Халық актрисалары сіздерге иіліп қызмет көрсетіп, табақ тасып жүгіріп жүр» дегені әлі есімде. Қонақтарды күлдіріп, әдемі әзілімен тойымызда қызмет етіп еді. Шәкеңнің айтқан әзілдерінен Жүсекең жерге құлап домалайтын.

Аталарың менің шаршамауымды ойлайтын

Жүсекең өте балажан еді. Өзіміздің балалармен қоса жолдастарымыздың бала-шағасы да үйімізде толып жүретін. Сонда «Қазір шешелерің шаршап келеді ғой, айналайындар-ау, үйді жинасаңдаршы, шуламасаңдаршы» дейді екен. Мен жұмыстан келгенімде үй іші тап-тұйнақтай жиюлы тұратын. Жан-жағыма қарасам, әр жерде бір дүниелер үйіліп тұрады. «Бұл не?» деп түсінбей қараймын ғой. Сөйтсем, Жүсекең балалардың шашқан заттарын әр жерге жинастырып, үстін жауып қояды екен (күліп).

Жүсекеңнің жұбатуы

Кейде аштықтан үзілген бауырларымды еске алып, есікті жауып алып жылайтынмын. Сонда Жүсекең «шаршадың ғой, Хабиба-ау, қоя қойшы» деп жұбататын. Қайта Құдай мені аяған ғой. Қазір 99-дамын. Ақыл-ойым бар, санамнан жаңылмадым. Құдайға тәубе етем. Бала күнімізден Құранды оқығам. Аяттарын жатқа білем. Жүсекең де, мен де біреуден бірдеңе сұрауды білмейтін едік. Аталарың мен келін боп келгенге дейін де оншақты адамды бір өзі асырайтын. Әкемнің көз жұмарында: «Ешкімге басыңды иіп, бірдеңе сұраушы болма. Өмірің тазалықпен өтетін болсын», – дегені бар еді. Бір күні Жүсекең маған «мойныма мінші» дейді. «Қойыңыз, мойынға мінгені несі, менің әкем бе едіңіз» деймін ғой ыңғайсыз көріп. Сөйтсем, «мен саған әке орнына әке де, қасыңдағы жарың да болғым келеді» деп сөйлегені жадымда. Мені солай еркелетіп өтті ғой аталарың.

Қорлан шөберемізден үміт бар

Құдайға шүкір, Астанада Қорлан мен Арман есімді шөберелеріміз өсіп келеді. Олар немереміз Шәкеннің балалары ғой. Үштен асқан Қорланымыз бір ән естісе, соны өзі дереу қайталап орындайтын көрінеді. Әй, сол бала өзімізге тартса керек. Біржан баламыз әкесі сияқты әнге шебер еді. Ал Естайымыз түр жағынан әкесінен аумай қалған.

P.S.: Апамыз кетерімізде есікке дейін өзі шығарып салып, өлеңдетіп батасын берді. «Әрқашан әдемі боп жүріңдер» деп жымиды әлі күнге әдемілігін жоғалтпаған әжеміз. Әңгіме барысында Мағжан Жұмабаев пен Абайдың бірнеше өлеңін жатқа оқып берді. Жан жарына арнап «Үні кетпес құлақтан», «Ән аманат», «Қайран Жүсекем» атты кітаптар да жазған. Халқымыздың талай әндерінің түпнұсқасын да білетін жанның бірі – осы кісі. Жүсіпбек атамыздың музейін ашып, мерейтойын өткізуді де ойлап жүр екен… Еліне әлі де айтары таусылмаған кейуананың аман-есен ортамызда жүре тұруын тіледік. Жүсіпбектей заңғар әншінің атын жаңғыртатын өнегелі ұрпағы көбейе берсе екен…

Қарлығаш ДОСАНОВА
(«Ұлан», №39 30.09.2014)

Сізге ұнауы мүмкін...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: