Айнұр Төлеу. Перзентхана. Әңгіме

Айнұр ТӨЛЕУ – 1986 жылы Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты Дегерес ауылында дүниеге келген. 2008 жылы ҚазҰУ-дың филология факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын Қазақ радиосынан бастаған. Қазір қыз-келіншектерге арналған «Сырласу» журналының редакторы, Абай атындағы ҚазҰПУ магистранты. Өлеңдері мен әңгімелері «Жас толқын» жинағына енген.

Ұйықтап жатса да күрсінеді екен. Ұйықтағаны дұрыс. Ояу кезіндегі көзқарасы өңменіңнен өтіп кете жаздайды. Ол қараса жанымды қоярға жер таппай, дегбірсізденіп көздерімді жерге қадай қоямын. Ал ұйықтаса сондай тәтті. Әне, тағы да күрсінді. Бәлкім түс көріп жатқан болар. Періштелер құлағына әлденені сыбырлап, ояна берейін дегенде қайта тербетіп ұйықтатып алатындай. Қанша ауыр күрсінсе де, шошып оянбайды. Соған қарағанда ішқұсасына әбден көндіккен секілді. Еее, бұл шермендеде қандай құса? Жоқ, оның қасіреті менікінен ауыр. Мен де пұшайман көңілді жанмын, бірақ дәл мынау секілді емеспін.

***

«Көкекбекова, сізді бас дәрігер бөлмесіне шақырып жатыр», – деді де мейірбике қыз өз жөніне кете барды. Жаршының сөзіне таңдана қоймадым. Арпалыстан аман қалған денемді сүйретіп дәрігердің бөлмесіне бардым.
– Келдіңіз бе?.. Жағдайыңыз жақсы ма?
– Жақсы.
– Сізді оқшаулау бөлмесіне жатқызамыз.
– Неге? Қан сараптамасы дұрыс шығып еді ғой, менде жұқпалы ауру жоқ.
– Қарай көр, оны қайдан білесің?
– Сіз секілді ақ халат киюді армандағанмын, төртінші курсты ғана тәмамдадым.
– …
– Сонымен…
– Рас, сенің денсаулығың жақсы. Бірақ бала…
– Оған не болды?
– Өзің білесің, дені дұрыс бала екі күнде көзін де дұрыс аша алмайды.
– Ал менің балам қараған адамға тесірейіп тұрып алады.
– Иә, бұл ауытқу болуы мүмкін. Сендер жүйке дәрігерінің қадағалауында боласыңдар.
– Апгар шкаласы бойынша тексердіңіздер емес пе?
– Егер жүйке дәрігері жағдайларыңызды дұрыс деп есептесе, үйге қайтасыздар, мені түсініңізші… Апгар шкаласы бойынша баланың денсаулығына байланысты жинаған балына біз де қуанамыз. Бірақ әр палатада жатқан келіншектер келіп балаңыздың көзіне қарай бергені дұрыс емес. Мейірбикелер кешелі бері сіз жатқан бөлмеге кірген әйелдерге ескерту жасаумен болған. Бұл жағдай сіздердің денсаулықтарыңызға қауіпті, екіншіден, жұмысқа нұқсан келіп жатыр.
– Мен одан бас тартамын деп шешім қабылдадым.
– …
– Сіз мұндай жағдайды бірінші рет естіп отырған жоқсыз ғой, неге үнсіз қалдыңыз?
– Алдымен оқшаулау бөлмесіне барыңыздар, сізді түсінемін, кешелі бері балаңызды көруге баса көктеп кірген адамдар жүйкеңізді жұқартқан болуы керек. Жүйке дәрігері сізді де тексерсін.
– Жоқ. Мені түсінбедіңіз. Мен бұл шешімді жедел жәрдеммен келе жатқанда, тіпті одан бұрын қабылдап қойғанмын.
– …
– Сондықтан мені ұстамай, жөніме жібергендеріңіз дұрыс.
– Осындай ақымақ қатындар қайдан шығады?
– Ақымақ қыздардан.
– Сен тіпті шімірікпейсің ғой, тоғыз ай бұрын шешім қабылдасаң қайда жүрдің?
– Пендемін ғой, шайтан ғана үмітсіз.
– Енді қалайша үмітсіз бола қалдың?
– Шындықтың бетіне тура қарауды үйрендім.
– Үйренгішін өзінің, шық мына бөлмеден!

***

Мұндағы жағдай тым аянышты. Босану бөлімінің әр бөлмесіндегі әйелдер құдды бір Әзірейілді көргендей шыңғырады. Бірақ жантөзгісіз ауру мен адам айтқысыз азаптың соңғы нүктесін сәбидің шырылы қоятын секілді. Жаныңды алуға келген Әзірейіл жаңа өмір иесінен үркіп кетіп қалатындай. Әлде періштені періште тани қойып, топырақтан жаралса да күнәға малшына қоймаған пенденің баласына тағзым жасап көкке көтеріліп кете ме екен? Бір бөлмедегі орыс келіншек жанының қиналғанын күйеуінен көріп әлек. Енді бір бөлмедегі жап-жас қыз анасын айтып әуре, енді бір бөлмеде жаратқанға жалбарыну жүріп жатса, келесісі сәбиіне алғаш рет уыз дәмін татыруда. Ал біз оқшаулау бөлмесінде отырмыз. Жүйке дәрігері денсаулығымыздың дұрыс, деніміздің сау екенін айтып кетті. Мынау тағы күрсініп қояды. Алғашқы күнгідей емес, тесірейе қарайтынын тоқтатты. Бірақ ұйықтап жатып өкситінді шығарды. Ұйқысы да тыныш, аса мазаламайды да. Түрі әкесінен аумайды екен. Бір жері маған ұқсаса, бәлкім, жүрегім жылыр ма еді? Шыр ете қалғанда, кіндігін кеспестен көкірегіңе қоя салады екен. Жанымды қинап жібергеніне өкпелегенім соншалықты, жерге лақтырып жібергім келді. Одан кейін уыздандырдым, мейірлендім. Бірақ…

***

– Көкекбаева, сіз бе?
– …
– Баладан бас тарту қағазын сіз толтырдыңыз ба?
Дәрігер сұрақтарына тек қана басымды изеп жауап қайырдым. Шаршадым. Мені жеккөріп, адамзат істемеген қылмысты жасағандай қарайтындары жалықтырды. Жаны ашығыш болса, бағып алмай ма екен? Баға алсам, баламнан бас тартып нем бар? Мені емес, бұлар баланың әкесін жек көруге лайық екенін неге түсінбейді? Өмір көрдік дейді ғой, не көрдіңдер сендер?

***

Мен мейірімге малшынып өскенмін. Анам мектепте мұғалім, ал әкем ауылдың әкімі болатын. Екі ағамның мінезінен сескенетін ауылдың жігіттері сөз айтпақ түгілі, бетіме қарауға именуші еді. Мектепті үздік тәмамдадым. Армандаған мамандығымды иелену үшін оқуға да түстім. Үнемі менің жетістігіме масаттанып, мақтанып отыратын әкем достарын жинап алып, мен оқуға түскен күні арқа-жарқа болып отырды. Бірақ, мен оның үмітін ақтамадым…

***

Үлгерімімнің жақсы екенін байқаған ұстаздар мені топ басшысы етіп тағайындады. Қай мұғалімнің ұстанымының қандай екенін білмек мақсатында жоғарғы курстардың аузына телміріп, кеңестеріне құлақ түреміз. Өздерін кемеңгердей сезінген олар көсілуден бір сәтке де шаршамайды. Ақыл айтушылардың арасында Берік есімді жігіт бар еді. Басқалардың ақылына қарағанда оның сөздері салмақты секілді көрінетін. Байқаймын, ол мені ұнатып қалғандай. Былтырғы жазған дәптерлерін беріп бәйек болып жатыр. Айға жетпей ақылшым көңілін білдіріп үлгерді. Ағаларынан сескеніп, ауылдағы көңілді кешке аттап баспайтын аңғал қызбын ғой, ұсынысты қабыл алдым. Берікті босанарда анасы қайтыс болып кеткен екен. Жетім бала атасы мен әжесінің қолында өскен. Жаз шыға салысымен кейуана мен қарияның қажетіне жарауға ауылға аттанатын. Мен де әкеме еркелеп мауқымды басуға ауылға кететінмін. Келе салысымен өзімнің жүкті екенімді білдім. Берікке бұл жайында телефонмен хабарлауды орынсыз санадым. Ал кездесуге оның ауылдың шаруасынан мұршасы болмады. Қалай болғанда да қуанышымды демалыс аяқталған соң жеткізбек едім. Солай еттім де. Бірақ қуанған адамды көрмедім. Маған сенбейтінін, ауылда немен айналысқаныма күдіктенетінін айта келіп, ақыр соңында «сабазым» ауылдан үйленіп келгенін жеткізді… Қабырғам сөгіліп, анама барып сүйеніш табуды жөн санадым. Алайда маған өмір сыйлаушы менің өзгеге мұндай жолмен өмір тарту еткенімді құп көрмеді. Екеуміз бірігіп дәрігердің алдына оған өлім «сыйлауға» барып едік, уақытынан кешіккен болып шықтық. Үйге дейін үндемей келген анам әкемді көре сала:
– Сенің қызың бізді елге қарабет қылды! Төбеңе хан көтеріп отырушы едің… Бәріне сен кінәлісің, әбден еркелетіп, тәрбиелеуге де мұрша бермедің ғой. Ойпырым-ай, елге не деймін, жұртқа қалай қараймын?! Дұшпаным басыма сиетін болды ғой! – деді.
Толастамайтын толғаудай, ұзақ сөздер анамның аузынан ақтарылып түсіп жатыр. Қос ағам қос бетіме шапалақ дарытқанды дұрыс көріпті. Ал әкем үнсіз жазалау әдісін таңдады. Бұл жаза ең ауыры екен. Әкемнің жерге жығып алып тепкілегенін тәңірден қалай тілегенімді өзім ғана білемін.

***

– Көкекбаева.
– Иә.
Баладан бас тартқаныңыз үшін электр қуатына, жалпы медициналық шығынға ақы төлейтініңізді білетін боларсыз.
– Ақы төлей алатын адам баладан бас тартушы ма еді?
– Мүләйімсіме, сенде ақша көп. Білеміз сендейлерді. Бәрін бүлдіріп, жалпақ жұрттан ұялып баланы тастап кете бересіңдер. Өзіңнің арыңнан ұялмайсың ба, жұрттан ұялғанша…
– Білмейтін іске төреші болудың қажеті жоқ, одан да еденіңізді тезірек жуыңыз.
– …
– Кешіріңіз, қатты айттым. Анам сізбен жасты еді. Тіл қайтармайтынмын.
– Қызым. (Ананы сыйлайтындығыма көзі жетті ме, даусы дірілдеп, көзі мөлтілдеп кетті). Неге бұлай жасадың? Үйің жоқ па? Әкесі қайда бұл баланың?
– Үйім де, әкесі де жоқ.
– Үйдің жоқ болуы таңсық емес, бірақ әкесіз бала бола ма?
– Шешесіз де бала бар.
Еее, бұл шерменде іште жатқанда-ақ өмірдің бұлтарысты сабақтарын біліп алған екен ғой. Түсінбеймін, дәрігерлер не оқиды? Оқимын деп милары ауысып қалған ба? Әрине, ішіне іште жатып-ақ құса түскен бала тесірейе қарайды, күрсінеді…

***

Бір бөлшегімді тастап кетіп барамын. Барлығы да заңды. Бәзбіреулер секілді мен оны қоқысқа тастап, заң алдында қылмыс жасамадым. Ешкім мені жауапқа тарта алмайды. Мақшар күнге де жауабым дайын. Мен балама өмір сыйладым. Өзім осы аптаның ішінде бір жерде аштан өлермін. Ал шаранам өмір сүретін болады…

(«Ақ желкен», №9. 2014 жыл)

Сізге ұнауы мүмкін...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: