Қазбек Құттымұратұлы. Сүйетін жырымыз да мағыналас…

10380923_10202201065807879_222038147400037539_n«Оралда Қазбек Құттымұратұлы бар». Осы сөз құлағымызға жылы естіледі. «Ана облыста ана ақын бар, мына облыста мына ақын бар» дегендегі әңгіме ғой. Ол сол жерде бір орта бар дегендей айтылады.
Батыстан келген жас ақындардың жөн сілтеушісі де бүгінде Қазбек Құттымұратұлы. Қазбек студент кезінде жерлестеріне Алматыдан жәшік-жәшік кітап арқалап барып, оқуға үлестіреді екен. Осындай жақсы үрдісті қазіргі кезде өзінен кейінгі өкшебасарлары жалғастырып, Оралға кітап жөнелтіп жатқанын талай көрдік. Ағаларына ұқсағылары келгені.
Жуықта шығармашыл жастардан ұсыныс түсті. «Қазбек аға студент кезде ҚазҰУ-лықтар ол кісінің махаббат лирикаларын жатқа оқыпты. Жастар үшін ағаның лирикалық топтамаларын жарияласаңыздар», – дейді. Оқырман тілегін құп көріп, Қазбек Құттымұратұлының топтамасын ұсынып отырмыз.

***

Түсінбей өзіңді-өзің жүрсің бе сен,
Қайтеді оңашада күрсінбесең…
Сен менен қалай, қайтіп құтыласың
Ішінен жүрегіңнің дүрсілдесем?!

Жалғаннан жан жарымды таптым да әрең,
«Құтқар» деп жалғыз сөзді лақтырған ем.
Өзіңнен өзің безіп қаштың қайда,
Миыңа сіңіп кеткен жоқпын ба мен?!

Тиетін қылығың жоқ маған оғаш,
Сүйетін жырымыз да мағыналас.
Сен қалай әлі күнге ұқпай жүрсің,
Екеуміз бір жан едік ажырамас?!

508111727343

 

 

 

 

 

 

 

Өзіңді өзің қинап кеттің жырақ,
Ес кетіп, қалдым мен де көп тұнжырап.
Бір сәтте шың басына шығарып ең,
Қайтадан шыңырауға кеттім құлап.

Өзгерсе бұл өмірдің сазы бұлай,
Қуат бер, жігерімді жаны, Құдай!
Мен бүгін ер болсам да қалдым қаусап,
Сен қалай шыдап жүрсің, нәзігім-ай…

***
Өзiңдi ойлап бiр ысып, бiр суып ем,
Менiң нәзiк сырымды бiлдiң дешi.
Қайтып жатқан құстардың сыңсуымен
Қарауытып түседi күздiң кешi.

Өзiң жақтан жамандық – жаушы күттiм,
Көз алдымда тырнаның тiзiлгенi.
Қарасуық тоңдырған талшыбықтың
Жапырағы тұр екен үзiлгелi.

Желбiрейдi дәл сенiң кекiлiңдей,
Соны еске алып қанша ойға жүздiң дешi.
Өтiп кеткен көктемнiң өкiлiндей
Соңғы жапырағымды үздiрмешi…

***
Қайталай берем сөзiмнiң несiн,
Мендегi жайды өзiң бiлесiң.
Таңым боп күнде оятасың да,
Айым боп түнде көз iлдiресiң..

Табынып жүрсiң бiр есiмге сен,
Мұңайдың, кiммен жүресiң десем.
Бiрақ та менiң жанымда саған
Махаббат барын бiлесiң бе сен?

Көзiме сұлу сүгiретiң кеп,
Сен үшiн талай жүгiретiн де ек.
Сүйгенмен сенi өлердей болып,
Айтуға соны құдiретiм жоқ…

***
«Қош» дедім қаншама рет,
Қоштаспадым,
Мен үшін ақ жаңбырын төкті аспаным.
Темірдей төзімді едім, сеземісің,
Төзімді ақыры кеп тот басқанын?

Келмеске кетті арманым қиялдаған,
Мендей боп жүрегіңе сия алмаған.
Әйтеуір сезіп кетіп барамын мен –
Дәл менше сені ешкім де сүйе алмаған!

395766_skamya_listya_osen_park_1680x1050_(www.GdeFon.ru)

 

 

 

 

 

Өзіңнен еш сырымды бүкпеген ем,
Бірақ та қоштасарда түк те демен.
Сен менің кетерімді білмей-ақ қой,
Өйткені келгенімді күтпеген ең…

***
Көрмедім.
Көп күн болды.
Жоқ хабарың.
Шарқ ұрып іздесем деп оқталамын.
Үркегім,
Тегі үркітіп алам ба деп,
Өзімді әрең ұстап ап қаламын.

Көңілім іздемей-ақ табар қайғы,
Ұмыттың
Өзің жайлы хабарлауды.
Күйіп қап,
Көмек күтіп жатыр ма деп,
Жүрегім тағы өзіңе алаңдаулы.

Сезімге шара таппай қиналамын.
Сонда да өшіремін.
Мұң жабамын.
Сұрарым –
Менің соңғы алданышым –
Саулығыңды білдіріп жүр, қарағым.

***
Сен менi түсiн, жаным,
Бiр тамшы жаспын сенiң кiрпiгiң ұшындағы.
Абайсызда көзiңдi қағып қалып,
Құрдымға ұшырмағын…

***
Армансыз да біз едік, арманы көп,
Жетелейтін әйтеуір алға жүрек.
Көкіректен көп Арман сусып қашып
Қайран жүрек, қалған ба ол да жүдеп?

Біз жас едік –
Арманмен құрдас едік,
Мұңға сенбей, жүргенбіз жырға сеніп.
Біз есейдік, қап қойды сәби-Арман,
Үміт те жоқ, қалды ма ол да сөніп?

Өкпелеме сен маған, өткен күнім,
Бүр атпаса қайтер ең еккен гүлің?!
Торғай-үміт кеткен-ді тырнағында
Тағдыр атты қатігез бөктергінің.

Өкінбеймін, бос қайғы шекпен бекер,
Көрмегенді көрермін, өткен кетер.
Білесің бе?
Армандай Ақ Жайықтың
Буырқанып тасуы көктемде екен…

Тасып-тасып мен дағы басылғанмын,
Аппақ гүл ем, жусандай жасылдандым.
Жаным сүйіп ұнатқан асыл жанның
Сүйіктісі бола алмай тосылғанмын.

Қош ендеше.
Жары бол жат біреудің,
Шын көңілден өзіңе бақ тілермін.
Жүрер менің жанымда жалғыз ғана
Сенен қалған естелік – тәттілеу мұң.
***
Жұрт жатқа айтар әр жолын, әр мақамын
Соқсам деп ем өлеңнің Тәж-Махалын.
Ол – Арман ғой,
Ал мына жалғыз жырым
Сенейін бе, жаныңды боздатарын.

5526621_4e254510

 

 

 

 

 

Қара таспен жыр жазған шебер мықты,
Қара сөзбен кім жазған менен мықты?
Тастың өзі бордай боп егілмес пе,
Мен көтерген көтермей шемен жүкті.

Толқып шыққан тереңнен бұла жырдан,
Тұмасында сезімнің күй ағылған.
Саған арнап бәрібір мен қазақтың
Сарай салам көгіне қиялымнан…

***
«Сені мен Мен
Біз болар ма екенбіз,
Жемісі мол күз болар ма екенбіз,
Қатар бақта ырғалар ма екенбіз»-
Деген едім, кетіп қалдың.
Бөтенбіз.

Сен бөлексің.
Жақын тұттың біреуді,
Мен де кеттім – ақындықтың пірі өлді.
«Біздің тойға келесің бе?» – деген үн
Жан-дүниемді тас-талқан қып жіберді.

Сен жоқ енді,
Мүлде бөтен «Біз» қалған,
Жеткен жерің осы ма еді, ізгі арман?!
Жылау үшін елден аулақ еңкілдеп
Тасты құшып, таса іздеймін құздардан.

«Бөрі арығын білдірмес» деп ішімнен,
Көзімді ешкім көрмес үшін ісінген,
Ғұмырымды тырнағыма тапсырып
Шыңға өрмелеп жүрем ылғи түсімде.

***
Сенен асқан сұлу жоқ мүмкін, білем.
Ақ жүзіңе жарасқан сүйкімді мең.
Сол меңіңнен дірілдеп өбіп тұрып
Бұзсам бұзып кетейін ұйқыңды мен.

Жымиысың жарасқан сүйір иек,
Мен тимей, жел тиген соң күйігі көп.
Иегіңнің астынан иіскесем
Соғысынан жаңылар жиі жүрек.

Бала бұлақ шашыңа бұйра қоңыр
Дидарын жуғысы кеп тұр ма көңіл?
Мен сенің азабыңа бейіл бердім
Қырандай, басатұғын шыңда демін.

Әлемде кездеспейтін көзің дара,
Ем қонбайтын дертіме өзің дауа.
Мәжнүндердің ажалы Ләйлә дейді,
Ажалым болсаң болшы өзің ғана.

***
Кеше ғана қар жауған.
Аппақ еді.
Үлбіреген ұлпадай мақта ма еді?!
Пәктігіне таң қалып, сүйдім оны –
Ерінінен мұп-мұздай.
Жат демедім…

Жақыным ғой, жат емес.
Жан сусаған,
Бір аяулы естелік қалсын содан.
Көктен түскен періште тазалықтан
Өміріне бір үлгі алсыншы адам…

Тазалықты әуелден сүйдім неге?!
…Оны еріттім.
Өз ернім күлгіндене
Жаны кетіп,
«Жаным…» деп күбірлесем,
Түр көрсетер сүймеген, дым білмеген.

Көкірегімнен көрдей боп басар қайғы,
Көңіл бұлтын күзгі жел аша алмайды.
Өзімді-өзім оңаша жұбатамын:
Қалада қар аппақ боп жата алмайды…

(«Ақ желкен», №9. 2014 жыл)

Сізге ұнауы мүмкін...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: