Қызды неге теппейтінін енді білдім…

10625132_1487245988228236_7483860906639587713_nБастауыш сынып оқып жүрген кезімізде сыныптас балалармен келіспей қалып, жиі төбелесіп қалатынмын. Мұғаліміміздің құлағына жетсе, әуелі балаларға: «Қызға аяқ көтергендерің не сұмдық?» – деп ұрсатын. «Қыз балаға аяқ көтеруге болмайды» деген ұғымды осы уақытқа дейін жай сыйластықтың белгісі болғандықтан шығар деп ойлайтынмын. Алайда, жақында «Салт-дәстүр сөйлейді» атты кітапты оқып, бұл тыйымға себеп тек тәрбие мен сыйластық қана емес екенін түсіндім. Ендеше, мына бір аңыз сол сөзіме дәлел болсын.
ІХ ғасырда өмір сүрген түркі халықтарының ұлы ойшылы – Қорқыт бабамыз қырық жыл өлімнен қашыпты. Ажалға айла таптырмай, ұзақ жасапты. Өлімге себеп болар барлық апаттың алдын алып, аралда қобызын зарлатып отырады екен. Оған шәкірттері тостақпен ас әкеліп тұрыпты. Бір күні қарақұрт тостаққа жабысып аралға өтіп кетеді. Қорқыт ауқаттанып отырғанда қарақұрт башпайын шағып алады. Қорқыт қарақұрттың уынан ісініп, дірілдеп, жаналқымға келеді. Соңғы демі үзілер шақта шәкірттеріне:
– Мені кебіндеп жерлегенде сол аяғымның башпайларын көмбей, сыртқа шығарып қойыңдар, – деп өсиет айтады. Шәкірттері:
– Баба, неге олай дейсіз? – дейді.
– Себебі, бозбала шағымда сол аяғымның башпайы қарындасыма тиіп кетіп еді. Қарындасына қолы, не аяғы тигендердің көрдегі азабы қатты болады. Осы қателіктің өкініші өзекті өртеп кетті. Көмілмеген аяғым кейінгі ұрпаққа өнеге болсын. Қыз баланы ұрып-соқпаңдар. Құдайдың қаһарына ұшырайсыңдар, – деген екен.
Қорқыт ата туралы осы бір аңыздан-ақ қыз баланы қалай құрметтеу керек екенін байқауға болады. Бұл тек бір ғана мысал емес. Бұл кітаптан бірқанша ырым-тыйымдардың жауабын табасың. «Неге олай болмайды?» деген сұрақты кітапты оқыған адам қоймайтын болады.
Кітапты құрастырып, халыққа ұсынған – Санжар Керімбай, Айбек Нәби, Мұхит Төлеген, Асылтай Тасболат сияқты жас ғалымдар. Ал, негізгі идея авторы – Абзал Құспан. Бұл кітаптың алдында осы кісілердің бастамасымен «Әлдиден эпосқа дейін» атты отбасылық хрестоматия жарық көрген болатын. Аз ғана уақыттың ішінде ол кітап үлкен сұранысқа ие болып, жақсы таралып үлгергендіктен, халықтың сұрауы бойынша «Салт-дәстүр сөйлейді» кітабымен жалғасын тауыпты.
10609625_1464204833865685_1658618829044962305_n«2012 жылдың қазан айы еді. Абзал Құспан екеуміз Әзірет Сұлтанның басына зиярат етіп, Түркістаннан Алматыға пойызбен қайтып келе жатқанбыз. Мен әңгіме барысында қиссалардан үзінді айтып отырдым. Абзал қызыға тыңдап отырды да: «Сәке, менде бір жоспар бар еді. Қазір үкімет балабақша ашуға жәрдем беріп жатыр. Мен Оралда балабақша ашып, балаларды ұлттық рухта тәрбиелегім келеді. Орал қатты орыстанған жер ғой. Сондықтан дайын материал аз. Осы айтып отырған әңгімелерді балаларға арнап жазып бере аласың ба?» – деді. Мен ойланып қалдым да: «Болады. Тек шарты бар. Қасыма екі ассистент алам. Мен жақсы жұмысы бар адаммын. Табысым жаман емес. Бірақ ана екі жігітке жалақы төлеу керек. Ол жағы қалай болады?» – дедім. Абзал: «Сен шынымен де жазып бере алатын болсаң, мен көлігімді сатсам да, үйімді сатсам да жалақысын төлеймін. Сен тек жазып бер. Неше айда бітіріп бересің?» – деді. Мен 3 ай сұрадым. 2013 жылдың қаңтар айында кітап жазу басталды. Бірақ 3 ай уақыт жетпеді. Жұмыс 7 айда зорға бітті. Кітаптың атын қоюдың өзі 1 айға созылды. Конкурсқа 50-ден астам ат қатысты. Ең соңында «Әлдиден эпосқа дейін» деген атау жеңіп шықты. Бұл кітаптың сәтті шығуы жігіттерге жігер сыйлады. Олар: «Құмарымыз қанбай қалды. Жалғасын тағы жазайық», – деді. Сөйтіп «Салт-дәстүр сөйлейді» атты отбасылық хрестоматияны жарыққа шығардық», – дейді Санжар Керімбай. Санжар ағаның бұл айтқандарынан-ақ авторлардың қос бірдей кітапты да ұлтжандылықпен жазғанын байқайсың. Ендеше автор ағаларға еңбектерінің жемісін көруге жазсын деп тілейміз!
«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» жазушы Дидахмет Әшімханұлының мына бір пікірімен аяқтайын: « Бұрынғы зерттеушілер аңыз-қиссаларды тек Қазақстан аумағынан жинаса, бұл кітаптың авторлары Монғолия, Қытай сияқты елдердің мұраларын ақтарып, елден кеткен рухани қазынаны туған жердің топырағына қайта әкеліпті. Бұл ең үлкен олжа! Ендігі мәселе: егер біздегі педагогтар, ойлы азаматтар бұл кітаптың қадірін шын бағаласа, бұл – дайын тұрған оқу құралы. Этика пәнінің №1 хрестоматиясы болуға сұранып тұр. Әдемі дүние шыққан, ғұмыры ұзақ болғай! Халық игілігін көргей! »

Нұргүл ҚАЛИМОЛДА,
«Ақ желкен» журналының жас тілшісі.
Атырау қаласы.
(«Ақ желкен», №9. 2014 жыл)

Сізге ұнауы мүмкін...

3 пікір

  1. Қымбат айтады:

    Жақсы жазба екен. Бұрын білмемпін.

  2. Антиқуғынбай айтады:

    осы Санжар деген ақымақ ел адасып жатқанда тағыда боқ жағып елді дүбәрә етеіп бітті ғой

  3. Айнур айтады:

    кітапты оқып шықтым. санысз сұраққа жауап беретін тамаша кітап екен! авторларға алғысым шексіз!!!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: