Қазақ хандары туралы кино түсірілмек

Абылай ханДесе де айта кетейік, тарихшы Е.Бекмаханов туралы «Аманат» деген фильмін аяқтап болып қалған Сатыпалды Нарымбетов: «Кейіпкерім Кенесарыға еріксіз жетелеп апарды», – деп жүрген сияқты. «Махамбеттен» кейін «Жәңгір ханды» түсірем деген әрекеті сәтсіздікке ұшыраған Олжас Сүлейменов те өз киносценарийін жолға салып жіберуге ұмтылатын шығар, бәлкім. Әсіресе, қазақ-жоңғар соғысына байланысты сәтті көркем фильмдер түсірген кинорежиссерлар өз тәжірибелерін ортаға салып бағар. Тек «Көшпенділердің» жолын қайталамасын деңіз!
Иә, біз де қарап жата алмадық. Айрықша жаңалыққа жазушылар мен тарихшылар неге қуанбай жатыр деп таңбыз. Едел-жедел осы тақырыптың білгірі Зардыхан Қинаятұлын іздеген едік, ол кісі Венгрияға екі айға емделуге кетіпті. Тағы бір тарихшы Талас Омарбеков талабымызды қоштап, Берекет Кәрібаевты тауып берді. Бірі ғылым докторы, бірі кандидаты Берекет Кәрібаев пен Меңдігүл Ноғайбаеваның айтары аз болмай шықты. Киногерлер де ескерсін, оқырман да біле жүрсін дедік. Іске сәт!

Меңдігүл НОҒАЙБАЕВА, тарих ғылымының кандидаты:

«ҚАЗАҚ ХАНДАРЫН БІРІНЕН БІРІН БИІК ҚОЯ АЛМАЙМЫН»

Меңдігүл Ноғайбаева– Қазақ хандары өте ауқымды тақырып. Бірақ бұл тарихтың ауызшасына жазбашасы, жазбашасына ауызшасы қайшы келіп жатыр. Тіпті, Қазақ хандығының құрылған кезі оқулықтарда басқаша, түрлі деректерде тағы басқаша айтылып, жазылып жүр. Неге бір тоқтамға келмейміз?
– Қазір қазақ хандығының құрылуына қатысты мәселе өте өзекті болып тұр. Кеше ғана барлық ақпарат құралдарын шулатқан Ресей президенті Путиннің қазақ мемлекеттілігіне қатысты сөзінен кейін де бұл мәселенің қаншалықты маңызды екені айқындала түсті. Еліміз өз тәуелсіздігін алғаннан кейін мемлекеттілігіміздің айшықты белгілері туралы мәселе болған кезде «қазақ хандығы қашан құрылды?» деген сұрақ алдымыздан шықты. Тіпті бір кездері қоғамдық ұйымдар, ақын-жазушылар «Қазақ хандығының құрылғанына 500 жыл» немесе «Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл» дегенді шығарды. «Қазақ хандығының құрылғаны атаусыз қалды» деген пікірлер айтылып жүргенін білесіздер. Ал кәсіби тарихшылар бұған қалай жауап береді дегенге келетін болсақ, әркімнің пікірі әртүрлі. Бұл тақырып 1990 жылдардан кейін қатты көтерілді. Мысалы, Әбдікәрім Хасенов деген ағамыз «Қазақ тарихының 5000 жылдық баяны» деген еңбегінде қазақ мемлекеттілігінің бастау көздерін сақ, ғұн, үйсін дәуірінен бастай отырып, 1428 жыл Қазақ хандығының құрылған уақыты деп ұсынды. Белгілі зерттеуші, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зардыхан Қинаятұлы «Жошы ұлысынан қазақ хандығы басталды деп айтуымыз керек» деген пікір білдіріп жүр. Кеңестік кезеңнен бастап осы тақырып бойынша айналысып келе жатқан зерттеушілердің бірі
К.А.Пищулина 1465-66 жылдар десе, Т.И.Сұлтановтың еңбектеріне сүйенетін болсақ, XV ғасырдың 70-жылдары дегенді айтады. Бұған себеп, аталған ғалымдар даңқты бабамыз Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарихи Рашиди» еңбегіндегі хижраның 870 жылы деген дерегіне сүйеніп отыр. Осындай деректерді сұрыптау барысында түрлі пікірлер туды.
– Осылардың ішіндегі басым ұстаным қандай? Қайсысы дұрысырақ?
– Тұжырымдап айтсақ, қазақ жеріндегі ежелгі дәуірлерден бастау алған мемлекеттілік дәстүрі өз жалғасын Қазақ хандығынан тапты. XV ғасырдың ортасында Керей мен Жәнібектің көшінен бастау алған, Жетісу жерінде шаңырақ көтерген кез Қазақ хандығының құрылған кезеңі деп жүрміз. Қазақ хандығының құрылуы бір-ақ күнде жүзеге асқан оқиға емес. Ол бірнеше жылға созылған құбылыс. Деректерге сүйенетін болсақ, Керей мен Жәнібек бастаған көш 1457 жылдың қара күзінде атбасын бұрып, 1458 жылы көктемге таман, Жетісу жерінде Керейді хан сайлап, шаңырақ көтерді. Бірақ, ол әлі Моғолстанның құрамында, жеке мемлекет емес еді. Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан туған үлкен немересі Орда-Ежен ұрпақтары, Керей мен Жәнібектің ата-бабасы билік құрған Шығыс Дешті Қыпшақ жері, әлі Жошының бесінші ұлы Шибаннан тараған Әбілқайыр және соның ұрпақтарының қолында болды. Сондықтан бұл кезді де Қазақ хандығының құрылған кезеңі деп атай алмаймыз. Ал Керей мен Жәнібек Дешті Қыпшақтағы билікке қол жеткізген, шайбан ұрпақтарын жеңген кезең 1470-1471 жылдардың аралығы. Міне, осы кезең Қазақ хандығының жеке мемлекет ретінде тұтас аумақта құрылған кезі. Сондықтан, Қазақ хандығының құрылуы 1457-58 жылдардан басталса, жеке мемлекет болып қалыптасуы 1470-71 жылдары аяқталды деген пікірді ғылыми тұжырым ретінде ұсынып жүрміз.
Керей мен Жәнібек 2– Керей мен Жәнібектің рөлін қалай бағалауға болады? Олардан кейінгі хандардың еңбегі қандай?
– Керей мен Жәнібек Қазақ хандығының негізін қалаған қайраткерлер болып тарихта қалды. Оған ешкім дауласа алмайды. Кейбір жанама деректерге сүйенгенде, жасы үлкен Керей 1471 жылдарға дейін қазақтың ханы болды деген мәлімет бар. Одан кейін Жәнібектің хан болғандығы туралы айтылады. Жәнібектен кейін билік Керейдің ұлы Бұрындық ханға өтті. Кейбір деректерде Мұрындық хан деп жазылып жүр. Ғылыми және көпшілікке танымал әдебиеттерге зер салсақ, Бұрындық хан тұлғасына аса назар аударылмайтындығын байқауға болады. Бұл, біріншіден, деректерде ол туралы мәліметтердің аздығынан болса керек. Екіншіден, Бұрындықтан кейін хан болған Қасымның даңқы Бұрындықты басып кеткендігінен де болар. Негізі Бұрындық Қазақ хандығын нағыз қиын-қыстау кезеңде басқарған хан. Себебі, Керей мен Жәнібектен кейін қазақ мемлекетін қалыптастыру, Сыр бойындағы күрес, Шығыс Дешті Қыпшақтан айырылып қалған шайбанидтер ұрпағы, Әбілқайырдың немересі Мұхаммед Шайбани ханмен күресі, мемлекеттің ішкі мәселелерінің бәрі осы Бұрындықтың мойнына түсті. Жеке адам, тұлға ретінде тағдыры өте аянышты аяқталған. Көзінің тірісінде биліктен айырылып, Қасым ханға беруге мәжбүр болып, өзі Орта Азияға, Шайбанидтерге ұзатылған қызының қолына кетеді. Туған жерінен жырақта жүріп, қайтыс болады.
– Хандар мен олардың ұрпақтарының тағдыры шым-шытырық. Жаңағындай түрлі себеппен елінен, жерінен кетуге мәжбүр болғандар да бар. Қазір қытайлар түсірген «Құбылай» атты сериалды көріп жатырмыз. Ұлытаудағы Алаша хан мазары туралы аңыз да ойымызды сан-саққа жүгіртеді. Жошының кесенесі де сонда тұр. Кейінгі бізге қатыстылардың бәрі Жошының ұрпақтары. Осылардың көркем бейнесі әдебиетте болғанмен, кинода жоқ. Ол жөнінде не айтасыз?
– Кино түсіреміз десек, көрсететін дүние жеткілікті. Эпикалық сюжеттер де, лирикалық сюжеттер де бар. Осы арада, Мұхаммед Шайбани туралы да айтқым келіп тұр. Біз оны ылғи Қазақ хандарының жауы ретінде көрсетеміз, мысалы. Себебі, Сыр бойы қалалары үшін күрес Мұхаммед Шайбаниден басталып, 150 жылға созылды ғой. Сол Мұхаммедтің өзі де өмір бақи Шығыс Дешті Қыпшақты армандап өтті. Ол да Шығыс Дешті Қыпшақтың ұланы, қазақ тарихынан ойып тұрып орын алатын тұлға. Өзбектер оны Мәуреннахрда шайбанидтердің билігін қалпына келтірген тұлға ретінде айтып жүрсе, біз оған назар аудармай жүрміз. Керісінше, Дешті Қыпшақтан кетіп, Мәуреннахрда билік құрған қазақ ұланы ретінде неге дәріптемеске? Бұл да сюжетке сұранып тұрған нәрсе. Мысалы, ағылшындардың «Арыстан жүректі Ричард» деген фильмі бар ғой, міне, сондай фильмге сұранып тұрған тарихи қаһарман десек болады.
Тұрсын хан– Иә, хандық жолы қанды болғаны көп айтылады. Бірақ, хандардың қолбасшылық, көшбасшылық рөлі қатар айтылуы керек сияқты. Әрқайсысы тыңнан жол салуға ұмтылды. Тарихтағы орындарын белгілесе, кімдерді баса айтар едіңіз?
– Ретімен айтайын. Бұрындықтан кейін билік басына келген Қасым ханды жақсы білесіздер. Оны Мұхаммед Хайдар Дулатидың өзі: «Шығыс Дешті Қыпшақ даласында Жошыдан кейін даңқы артқан, Қасымдай хан болған жоқ», – деп жазып кетті. Қасым ханның есімін қазақ хандығының іргесі бекіп, этно-территориясының айқындалуымен байланыстырамыз. Батыстағы территорияны Жайыққа дейін жеткізген, дәл сол кезде күшейіп тұрған ноғайларға қарсы күресте батыстағы жерлерді қайтарып, күшейткен осы Қасым хан. Бұрындықтың кезінде айырылып қалған оңтүстіктегі көптеген қаланы қайтарып алған да Қасым хан болды.
– Сіздің сөзіңізден шығады. Қазақ тарихында біз білетін үш заң бар. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Тәуке ханның «Жеті жарғысы». Бұл үш заң неге осы үшеуінің тұсында пайда болды?
– Бұл заңдар қазақ халқының өз уағындағы конституциясы іспеттес. Қасым ханның тұсында пайда болған заңды ішкі-сыртқы жағдайды реттейтін құқықтық-нормативтік актілердің жинағы деп қарастыруға болады. Ол неге Есім ханның тұсында өзгеріске ұшырады? Себебін айтатын болсақ, Қасым ханнан бастап, Есім ханға дейінгі аралықты айтуымызға тура келеді. Есім хан ағасы Тәуекел хан қайтыс болғаннан кейін 1598 жылы билікке келді. Тәуекел неге қайтыс болды? Тәуекел 1598 жылы Бұқара түбіндегі шайбанидтерге қарсы күресте жарақаттанып, бір айға жетер-жетпес уақытта қаза тапты. Бұл кезде Қазақ хандығының саясаты өзгерді. Себебі, осы уақытқа дейін, яғни Қасым ханнан бастап, Тәуекелге дейінгі саясат мемлекеттің ішкі құрылымын нығайту, біріктіру, сыртқы жаулардан қорғану болса, Тәуекелдің тұсында мемлекеттің державалық саясаты пайда болды. Жаулап алу соғыстарын жүргізе бастады. Тәуекел бірінші рет Орта Азияға жорық жасады. Сондықтан бұл мемлекеттіліктің екінші бір дәрежеге көтерілген кезіндегі қажеттіліктен туындаған заңдар деп білеміз. Ал Тәуке ханның тұсында заңдардың өзгеру себебі, Қасым хан мен Есім ханның тұсындағы Қазақ хандығының халықаралық және ішкі жағдайы мен Тәукенің тұсындағы Қазақ хандығын салыстыруға келмейді. Мүлдем жаңа белеске көтерілген, жаңа геосаяси сипат алған, заманның талабына жауап беру үшін туындаған заңдар деп айтуға болады оны. Қасым ханның жетістіктерінен кейінгі кезең, Қазақ хандығының уақытша әлсіреу кезеңі деп айтып жүрміз. Қадырғали Жалаиридың деректеріне сүйенетін болсақ, Қасым хан 1518 жылы қайтыс болды делінеді. Тағы бір деректерде 1525 жылы қайтыс болды деп айтып жүрміз. Жалпы алғанда, XVI ғасырдың бірінші ширегінен кейінгі кезең Қазақ хандығының әлсіреу кезеңі. Мұхаммед Хайдар Дулатиды оқитын болсақ, «Қасым хан қайтыс болғаннан кейін оның даңқы бүкіл Дешті Қыпшаққа жайылды… Бірақ, Қасым кеткеннен кейін онымен бірге қазақ деген халық та жер бетінде жоқ болып кетті», – дейді. Қазақтардың жойылмағанын қазір көріп отырмыз. Ал сол тарихшының олай жазуына не себеп болды дейтін болсақ, оны Қазақ хандығының саяси тұрғыдан әлсіреуінен, Қасымның тұсында қол жеткізген территориялық жетістіктерден айырылып қалуынан көруге болады.
Қасым хан– Бұлайша құлдыраудың нендей себептері бар сонда?
– Қасымнан кейін хан болған Тахир өте өзімшіл, мінезі де нашар болған екен. Көрші отырған елдермен, қырғыздармен, қарақалпақтармен, ноғайлармен, шайбанидтермен қарым-қатынасын шиеленістіріп алды. Барлық территориядан айырылып, Жетісу өңіріндегі азғантай территорияда билігін әрең сақтап қалғанын дереккөздерден білеміз. Ал Тахир қайтыс болғаннан кейінгі деректерге сүйенсек, Қазақ хандығының үш жерінен үш ханды көреміз. Ахмет, Тоғым және Бұйдаш хандар. Үш ханның бірі Қазақстанның батыс жағын басқарса, екіншісі орталық, үшіншісі оңтүстікте билік құрған. Бұл нақты тұжырымдама деп айтуға келмейді. Дегенмен, кейбір ғалымдардың пікірінше, қазақ хандығының тарихындағы үш жүзге бөліну деген мәселе осы кезде пайда болған болу керек деген пікір бар. Себебі, үш ханның билік еткен аймағын қарап отырсаңыз, үш жүздің этно-территориясына сәйкес келетінін көруге болады. Бір орталыққа бағынған мықты хандық әлсіреп, әр жақта дербес билеуге ұмтылған хандардың әрекеті орын алды. Осы кезде шайбанидтердің де күресі қатты күшейіп кетті. Осы кездегі бір соғыста қазақтың 37 сұлтаны өлтірілді. Бұл саяси элитаны физикалық тұрғыдан жою деген сөз.
– Қарап отырсақ, жеке тұлғалар шешуші фактор болған сияқты. «Бөлінгенді бөрі жейді» деп текке айтпаса керек. Қазақ хандығы бұл дағдарыстан қалай шықты?
– Шамамен 1538 жылдардан бастап Хақназар билікке келді деп айтып жүрміз. Ал нақты билікке келген кезі 1550 жылдардың ортасы. Хақназардың билікке келуінің ерекшелігі, жаңа айтып өткенімдей, қазақ хандығының ауыр кезеңіне тура келді. Хақназардың алдында тұрған ең басты мәселе – бұрынғы территорияны қайтадан қалпына келтіру, саяси, шаруашылық байланыстарды да қалпына келтіру, қысқасы, мемлекетті аяғынан тік тұрғызу болды. Осы міндетті ол орындап шықты деп айтуға келеді. Себебі, ол 1580 жылға дейін билік құрды. Деректерде қазақ пен қырғыздың ханы, қазақ пен ноғайдың ханы, қазақ пен қарақалпақтың ханы деп көрсетіледі. Сосын ноғайлардың құрамындағы ру-тайпалардың Қазақ хандығына қосылу процесі осы кезде толық аяқталды. «Орманбет би өлген жыл, Он сан ноғай бүлініп, Ала тайдай бөлген жыл» деп айтылатын жыр осы кезеңге сәйкес келеді. Мұсаның немересі Орманбет би қайтыс болғаннан кейін Ноғай ордасы одан әрі әлсіреп, кіші жүздің құрамындағы көптеген ру-тайпалардың, оның ішінде Жетіруды құраған ру-тайпалардың Қазақ хандығының құрамына қосылуы қарқынды жүрді. Батыс жақтағы территориялардың қайтадан қалпына келтіру процесі адамның санын көбейтті, ноғайлар тарапынан туындаған қауіп осы кезде жойылды. Бірақ, ең басты жау әлі де шайбанидтер болып қала берді. Сыр бойындағы қалалар шайбанидтердің қолында қалды. Сөйтіп, Хақназар шайбанидтерге қарсы күресте одақтас іздестіре бастады. Осы кезде орыс патшалығымен байланыс орнатудың алғашқы белгілері көтерілді. Дегенмен, орыс патшалығына Қазақ хандығы туралы ақпарат бұрыннан жеткен. Қасым ханның кезінде-ақ «Бұрынғы Жошы ұлысы құрылды, моңғолдардың билігі қайтадан қалпына келді» деген даңқ оларға да жеткен болатын. Олар да Қазақ хандығымен байланыс орнатуға талпынды.
Нұралы хан– Сонда қазақ хандығы одақтас іздеумен күшейді ме? Сыртқы жағдай мен ішкі жағдайдың қайсысы алдыңғы орында тұрды?
– Орыс патшалығының сыртқы саясатта ұстанған ұстанымдары Қазақ хандығының күшейгенін қалаған жоқ. Сондықтан Хақназардың алдына қойған мақсаты орындалмады. Бірінші келісімі шайбанидтерге қарсы одақтас құру туралы, екіншісі Қасым ханның інісі, Оңдасын сұлтанның баласы, Оразмұхаммед сұлтанды тұтқыннан босату туралы мәселелер аяқсыз қалды. Шайбанидтерге қарсы одақтас табылмай тұрған кезде, Хақназар хан дипломатиялық жолмен шайбанидтердің өз арасында болып жатқан алауыздықты тиімді пайдаланды. Шайбанидтердің ішінде Абдаллах Екінші билікке келгенде оның інісі Баба сұлтан билікке таласып, өзара күрес басталған болатын. Сондықтан Абдаллахқа да, Баба сұлтанға да көрші отырған қазақ хандарының қолдауы өте қажет болды. Баба сұлтан да бірден елші жіберіп, қазақ хандарымен келісімді бастаса, Абдаллах да сөйтті. Бұл жағдайды пайдаланып, Хақназар Сыр бойындағы қалаларды қайтарып алу саясатын жүргізді. Бірақ, екі күресуші топтың біреуінің жағына шығу керек болды. Қазақ билеушілері Абдаллах жағына шығатындығы туралы шешім қабылдады. Деректерге сүйенсек, Баба сұлтаннан келген елшіні өлтіріп тастауға бұйрық берген. Бұйрықты алған адам оны өлтіруге қимай, босатып жіберген. Ол Баба сұлтанға Хақназардың Абдаллах жағына шығып кеткендігі туралы мәліметті жеткізіп қойған. Сондықтан Баба сұлтанға жіберген Хақназардың елшілері, өзінің туған інісі Жалым сұлтан және оның екі баласы, сондай-ақ, Хақназардың екі баласы да Баба сұлтанның қолынан қаза тапты. 1480 жылдардан кейінгі деректерде Хақназардың есімі кездеспейді. Бұл сол кездерде болған оқиға. Хақназардың өзі де Баба сұлтанның астыртын жіберген тыңшыларының қолынан, уланып қаза тапқан болуы керек деген болжам бар.
1480 жылы Хақназар қайтыс болғаннан кейін Шығай хан билікке келді. Ол екі-ақ жыл билік құрды, Қазақ хандығының тарихында елеулі оқиғалармен есте қалған жоқ.
1482 жылы Шығайдың баласы Тәуекел билікке келді. Тәуекел бұл кезде Абдаллахтың қасында жүрген еді. Себебі, сол кезеңдегі дәстүрге сәйкес олар Орта Азиядағы ең үздік ортада білім алып, мемлекет істеріне машықтанатын еді. Тәуекел сұлтан Хақназардың кегі ретінде әрі, екіншіден, қазақ хандарының адал одақтас болып қала беретіндігін дәлелдеп Баба сұлтанның басын алып, Абдаллахқа сыйға тартқан. Абдаллахтың Тәуекелге ұсынған ұсыныстарына қарамастан, Тәуекел Дешті Қыпшаққа қайта оралды. Оны ақ қиізге орап, хан сайлады. Тәуекел алғашқы кездері шайбанидтермен достық қарым-қатынасты сақтап қалғанымен, жоғарыда айтып өткеніміздей, 1598 жылы Орта Азияға жорыққа аттанды. Бұл қазақ хандығының сыртқы саясатындағы жаңа белес болды.
– Хандар тарихы мемлекеттіліктің мектебі іспеттес екен. Кеңірек талдап, тарқататын мәселе. Сондықтан осы тақырыпта көп сериалы кино түсіру жақсы идея демеске лажымыз жоқ. Солай емес пе?
– Біз оқулықтарда осы мәселені көрсетуіміз керек. Тарихымыз ерлікке толы тарих екенін балаларға айтуымыз қажет. Қазір киноларды, тіпті, мультфильмдерді қарасақ, қазақтың жоңғардан басқа жауы жоқ сияқты. Басқа да ерліктер көрсетілмей қалып жатыр. Қазір елімізде саяси жағдайлар шиеленісіп тұр. Еуразиялық одаққа қол қойып жатырмыз. Бірақ, бізде Орта Азиялық интеграция жоқ. Бұл бір жағынан Өзбекстан басшыларының ұстанған саясаттарына байланысты да болуы мүмкін. Дегенмен біз мәдени, этно-генетикалық тұрғыдан осылармен жақынбыз. Біз Орта Азияның көшбасшысы болуымыз керек. Көшбасшылық тарихи дәстүрлер негізінде көтерілу керек деп ойлаймын. Бұл екі елдің ортасына от салу емес, дәстүрлер негізінде біте қайнасып жатқанымызды көрсету, бір болғанда ғана табысқа жететінімізді дәлелдеу. Осы Орта Азияға жорықтың нәтижесінде Ташкент 200 жылға дейін Қазақ хандарының қоластына өтті. ХХ ғасырдың басына дейін Ташкент қазақтың жері болды. Төле бидің сүйегі қазір сол жерде жатыр. Кешегі Салқам Жәңгір ханға көмекке келген Алшын Жалаңтөс баһадүр Самарқанның билеушісі еді.
– Өзара алауыздық Орта Азия халықтарын да, оның ішінде Қазақ хандығын да көп әлсіреткенін тарихтан білеміз. «Жоңғардан басқа жау болмап па?» десек те, қазақ-жоңғар соғысы осының бір дәлелі. Оны жүз жылдық соғыс деп те айтады. Осыған қарап, қазақ хандары тақ қызығын көріп те жарытпаған-ау деп ойлайсыз.
– Жоңғар соғысы қайдан шықты дейсіз ғой. Жоғарыда айтқан Орта Азияға жорық барысында, Бұхара түбінде алған жарақатынан кейін Тәуекел қайтыс болды да, Есім сұлтан хан болып билікке келді. Есімнің билік құрған жылдары 1598 жылдан бастап, 1627-28 жылдарға дейін созылды. Есім ханның тұсында жағдай өте күрделі болды. Себебі, бұл кезде, XVII ғасырдың басында халықаралық жағдай өзгере бастады. Жоңғарлар факторы күшейді. Жоңғарлардың Жетісуға, Оңтүстік Қазақстанға ұмтылуының арғы жағын айтпағанда, XV ғасырдан бері айтуға болады. Мұхаммед Хайдар Дулати «Жүніс хан мен Есенбұға ханның әкесі Уәйс хан көзінің тірісінде жоңғарларға қарсы 61 рет соғыс жасап, біреуінде ғана жеңіске жеткен еді» дейді. Жоңғарлар саяси жағынан біртұтастыққа ие болмағандықтан, бір кезде күшейді, бір кезде әлсіреді. XVII ғасырдың басында бұларда саяси тұрғыдан ұйымдасу процесі күшейе бастады. Қазақтарға қарсы шабуылы да осы кезде күшейді. Есім хан ақ сарайда отырып ел басқарған хан емес, өмір-бақи аттың үстінен түспеген хан болды. Хан-жауынгер ретінде жүріп ел басқарған адам. Марғасқа жыраудың «Еңсегей бойлы ер Есім» деген дастаны шын мәнінде нағыз қаһарман тұлғаға арналған дастан. Бірақ Есім ханның ел билеу тұсында ішкі дағдарыс басталды. Ташкентке билеуші етіп қалдырып қойған Тұрсын хан сыртқы күштердің ықпалымен Есім ханнан билікті тартып алу үшін дербестікке ұмтылды. Бұл Қазақ хандығының уақытша әлсіреу кезеңінен кейінгі бірінші мемлекеттік дағдарыс деп айтуға болады. Бір мемлекетте екі хан. Тіпті «бір кездерде Есім Қашқарға қарай кетіп, Тұрсын хан қазақтың ұлы ханы болып тұрды» деген дерек те айтылып қалып жатады. Бірақ, қайтып келіп, 1627 жылы Тұрсын хан екеуінің ортасында шешуші шайқас болып, Тұрсынды өлтіріп, өзінің билігін қайтадан қалпына келтіргенмен, бір жылдан кейін Есім ханның өзі де қайтыс болып кетті. Есім ханнан кейін билікке келген Есімнің баласы Салқам Жәңгір хан шынында да ерекше тұлға. Тарихта екі Жәңгір бар. Соның біреуі осы Салқам Жәңгір. Бұл да әкесінің дәстүрін жаңғыртып, ат үстінен түспей өткен. Салқам Жәңгірдің кезіндегі ең үлкен оқиға – «Орбұлақ шайқасы». Салқам Жәңгірдің билік құрған кезі Батыр қоңтайшының жоңғарлардың ханы болып жарияланып, біртұтас жоңғар мемлекетінің құрылуымен де ерекшеленеді. Салқам Жәңгір де ел бірлігі мен тұтастығы үшін ат үстінде жүріп қайтыс болды.
– Қазақ-жоңғар соғысына қатысты Салқам Жәңгірдің есімі әсіресе соңғы кезде көп айтыла бастады. Жеке бір жорықтарының өзі де бір-бір дастанға пара-пар. Енді осы әңгімелердің ізінен қалмай, дамыта түсуіміз керек сияқты. Кино түсіру идеясы ойымнан шықпай отырған соң айтып отырмын.
– Рас, Жәңгірдің де тұлғалық қасиеті, өмірі көркем фильмге ме, әлде романға ма арқау болатындай сюжет. Бірақ, көрдіңіз бе, жазылмай жатыр.
– Негізі, мен сіздің ойыңыздың жетегінде отырмын. Тарихшы болсаңыз да кино түсіруге сұранып тұрған сюжет, кітап жазуға лайық тағдыр дейсіз. Бір қажеттілікті сіздің де айқын сезінгеніңізден шығар…
– Хандар тарихының қаһармандықпен бірге, құпиясы да көп. Сондықтан бәрібір де тарихи зерттеу жұмыстары алда жүреді. Мысалы, Салқам Жәңгір шамамен 1650-55 жылдарда қайтыс болды десек, Тәуке 1680 жылы билікке келді деп жүрміз ғой. Сонда ортада 30 жылдай уақытты қараңғы кезең деп айтуға болады. Өйткені, бұл жерде бір-де-бір ханның атын атай алмай отырмыз. 30 жыл биліксіз отырған жоқ қой, бір ханның билегені анық. Бір деректерде Жәнібек хан деген болған деп айтылады, бірақ нақты емес, дәлелденген жоқ. Жазба деректер сақталмағандықтан, қазақ хандығында осы кезде кім билік құрды, ішкі-сыртқы жағдайы қандай болды деген мәселені анық айта алмаймыз. Бірақ жалпы жағдай, жоба белгілі. Сондықтан бұл тақырыпты игергенде патриоттық жағын да ұмытпауымыз керек.
– Хандардан гөрі батырлардың насихаты көп сияқты ма, қалай? Хандарды дәріптесек, патриоттыққа жатпай ма сонда? Ол кеңестік заманнан қалған түсінік емес пе?
– Ол түсінік қазір жойыла бастады. Хандарға назар аудара бастағанымыздың бір себебі сонда жатыр. Хандар мен батырлар тізе қоспаса, біз қалай жеңіске жетер едік. Мысалы, Тәукенің билік құрған кезі Шоқан Уәлихановтың айтуынша: «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман. Қазақ хандығының алтын ғасыры болған». Дегенмен ол кезде де сыртқы фактор күшеймесе, әлсіреген жоқ. Тәукенің ел билеу саясатының арқасында қауіп-қатердің беті дер кезінде қайтарылып отырды. Осы кезде біздің қазақ қоғамына тән дәстүрлі институттар, билер институты, батырлар институты қалыптасты. Ол кезде «үйде жатып өлгенше, соғыста, шайқасып өлуді» мұрат тұтқан батырлардың жарқын шоқтығы жарқ етті. Міне, осы жағдайды да балаларға көрсете алмай жатырмыз. Қабанбай мен Бөгенбей, Райымбек пен Наурызбай батырды ғана көрсетеміз. Батырлар деген бұрынғы заманнан келе жатқан лек бар ғой. Әрқайсысын өз кезеңімен айту керек. Мысалы, Табын Бөгенбай бір бөлек те, Қанжығалы Бөгенбай бір бөлек. Екеуін бір-бірімен араластырып жібереміз, біреуі XVIII ғасырдың басында, біреуі XVII ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген. Осыны көрсете алмаймыз, әйтеуір, бірнәрсе жетіспейді. Жапондардың самурайлары, ағылшындардың рыцарларынан кем түспейтін, өзіндік әдет-ғұрпы, салты қалыптасқан қазақ батырларының легін өз ретімен, толыққанды көрсете алмай отырмыз. Тіпті жыраулар поэзиясындағы батырлар бейнесі қандай тамаша. Осыларды талдап жас ұрпаққа жан-жақты жеткізсек қой.
– Билер институты, батырлар институты дегенді жақсы еске салдыңыз. Хандықты толықтыратын тұлғалар десек те болар. Бірақ соның бәрін қалыптастыра отырып, біз неге бодандыққа ұшырадық деген ой да маза бермесе керек. Азған-тозған кезіміз көп пе деп қаласың кейде. Осыған не дейсіз?
– Айта кеткім келіп отыр: кейбір басылымдарда дәстүрлі қазақ қоғамының суреттерін береді. Онда бір киіз үй, оның алдында беттері қара-құра кәрі апамыз, оның қасында қисайған шалы бар, қастарына 2-3 жалаңаш балаларды тұрғызып қойған. Міне, осыны қазақтар деп балаларға көрсетеміз. Қазір ХХІ ғасырда өмір сүріп жатқан, бүкіл технологияны меңгеріп отырған балаға жаңағы суретті көрсетсеңіз не ойлайды? Қандай сезім болады? «Біздің тарихымыз бай. Мәдениетті халықпыз. Батыр халықпыз» деп айтып алып, жаңағы суретті көрсетсек не болады? «Құдай-ай, осы ғасырда өмір сүріп жүргеніме тәубә!» дейтіні анық. Ол қай кездегі сурет? XIX ғасырдың екінші жартысынан кейінгі отарлық езгіге түскен, құлдық психологияға тұтқындалған, тозған, азаттық көтерілістердің бәрінен жеңіліп, соққыны әбден жеген, орыс деген сөзден дірілдеп-қалтырап отырған қоғамның көрінісі. XX ғасырдың басында Ахмет Байтұрсынұлы: «Бұл кезде қазақ деген халықтың өмір сүруінің өзі үлкен проблемаға айналды» деді емес пе. Ол XVIII ғасырдағы Тәуке ханның кезіндегі сурет емес. Сондықтан, Тәуке ханның кезеңі далалық рухтың, көшпенділіктің, азаттықтың, байлықтың ең соңғы дәуірі деп айтуға болады. Одан кейінгі кезең құлдырауға бет алған кезең. Бұл бір жағынан заманның өзгергенімен де байланысты. Аттың үстінде жүрген, адалдықты жоғары қойған, бір ауыз сөзге тоқтаған заман сол кезбен кетті. Біз аттың үстінде жүргенде, ағылшындар бу машинасын ойлап тауып, өнеркәсіп төңкерісін жасап, кемеге мініп, мылтықпен соғысып жатты. Перщиц деген орыс тарихшысы «Война и мир» деген кітабында: «Жауынгерлік рухымен дүниені дүр сілкіндірген көшпелілердің ұрпақтары, оның ішінде Еділ қалмақтары, қазақтар XIX ғасырдың екінші жартысында неге сондай аянышты күйде өмір сүріп жатыр?» деп жазды. Себебі, олардың дәурені өтті. Қылыштың, аттың дәурені өтті. Енді технологияның дәурені басталды. Сол технологияны меңгере алмай, дағдарысқа, отарлауға ұшырадық. Заман талабына жауап бере алмай қалдық.
– Сонда да бодандыққа түсуіміз кейбір хандардың табансыздығынан болды деген әңгіме көп айтылады. Бұл тұрғыда күрделі де қайшылықты тұлғаның бірі – Әбілқайыр хан. Ол жөнінде Әбіш Кекілбайұлы ағамыз үлкен роман жазды. Онда насихаттаудан гөрі, ақтау басым болған сияқты. Сондықтан қандай көркем дүние жасасақ та тарихшылардың бағасына жетпейді, расында да. Осы Әбілқайыр хан туралы сіздерде қандай тұжырым бар?
– Тәуке биліктен кеткеннен кейін орнына баласы Болат келді. Қай кітаптан оқығаным есімде жоқ, бір жазушының айтқан сөзі есімде қалыпты. «Бұл ханның аты Болат болғанымен, заты былжыр болды» деген. Себебі, Тәукеден кейінгі билікті әлсіретіп алды. Халықаралық жағдай, ішкі жағдай өзгеріп, саяси мәселелер әлеуметтік экономикалық дамудан келіп туындайды ғой, жүздердің арасындағы көшпелі мал шаруашылығының бір-бірімен байланысы әлсіреді. Жеке-жеке билікке ұмтылғандар күшейді. Болат хан 1730 жылдары «Аңырақай шайқасы» кезінде белгісіз жағдайда, садақ оғынан қайтыс болды. Одан кейін хандық таққа дәмеленіп жүрген Әбілқайыр хан сайланған жоқ. Осының бәрі іріткі түсірді.
Сұрағыңызға байланысты айтайын дегенім, кейде осы Әбілқайырға қатысты бізде үлкен әділетсіздік бар деп ойлаймын. «Хан сайланбағаны үшін өкпелеп, өзінің қолын бөліп алып, кетіп қалды» деп айтады көбіне. Шын мәнінде Уәлиханов: «XVIII ғасырдың алғашқы он жылдығы қазақ хандығы үшін өте қиын жылдар болды», – деп жазды. Жан-жақтан орыс казактары, Еділ қалмақтары, жоңғарлар анталап тұрды. Кіші жүз территориясында башқұрттар, Еділ қалмақтары, орыс казактары, жоңғарлар, бәрі анталап тұрды. Тіпті мынандай эпизодтар бар: Әбілқайыр жорыққа кеткенде әйел, бала-шағасын тұтқынға алып кеткен. Сондықтан «өкпелеп кетті» деген сөз бір бөлек мәселе деп ойлаймын. Ол батыста қорғаусыз қалған шекараны қорғау үшін кетті. Ол жақтағы мәселе мына жақтағыдан да ушығып тұрды. Бұл өзінше талдауды қажет етеді. И.Ерофеева деген зерттеуші бар, орыс тілінде жазып жүр. Әбілқайырға арналған үлкен еңбегі бар. Көрсеңіздер болады. Одан кейін Әбілмәмбет үш жүздің ханы болып сайланды. Одан кейінгі ханды өздеріңіз білесіздер, Әбілмансұр немесе Абылай!
– Әуелгідегі «Жоңғар қайдан шықты?» деген сұрағымыз, «Жоңғар қалай құрыды?» деген сұраққа келіп тірелейін деп тұр. Оның жауабы қалың жұртшылыққа біршама белгілі. Десе де, хандар тарихында Абылай басты орында тұрады. Көп сериялы кино түсіре қалсақ, осындай күрделі жағдайларды ескермесек болмайды дегіміз келіп отыр. Оның бір ұштығы «Көшпенділерді» түсірер кезде Ақселеу Сейдімбек ағамыз жазған, бірақ пайдаланылмаған киносценарийдің түйінінде бар көрінеді. Бұл кезеңге құр қаһармандық емес, күрделі қайшылықтардың жігін ашатын үлкен философиялық көзқарас керек секілді. Оның шешімінде ұрпаққа аманат жатпаса тағы болмайды. Бұған не дер едіңіз?
– Абылайдың кезеңі халықаралық жағдайдың шиеленіскен кезеңімен бірдей. Ең ерекше жағдай екі империяның ортасында қалуы. Жоңғар хандығы бізді қытай агрессиясынан қорғап тұрған буферлік аймақ болған болса, 1758 жылы Жоңғар хандығы жойылғанда біз қытаймен бетпе-бет келдік. Абылайдың ұстанған саясаты Әмірсанаға қолдау көрсетіп, қытайларға бермей жүрген себебі, жоңғар хандығын сақтап қалу. Өйткені, ол бізді қытай аймағынан қорғайтын буферлік аймақ еді деп жоғарыда айттым. Жоңғар хандығы өмір бақи қытайлармен алысып өткенін білесіз. Сонау 751 жылы Түргештердің кезіндегі Атлах шайқасы есіңізде ме? Сол шайқаста қытай әскері Жетісуға аяқ басқан болса, арада 1000 жыл өткеннен кейін де қытай әскері Жетісу жеріне келді ғой. Абылайдың алдынан осындай үлкен күрделі жағдай шықты. Ресейдің алдында да, Қытайдың алдында да өзін «боданмын» деп мойындауға тура келді. Қиын-қыстау кезде осындай саясат ұстанып, қазақ елінің тәуелсіздігін сақтап қалды. Орыс деректеріне сүйеніп, «Абылай хан қай жылдары билік құрды?» деген сұрақ қоятын болсақ, 1771-1781 жылдары деп айтамыз. Ал шын мәнінде, 1771 жыл деген дата орыс патшайымының билігін ресми түрде мойындаған кезі еді. Ал қазақтың ханы болып одан бұрын сайланып қойған. 1781 жылы қайтыс болғаннан кейін біртұтас қазақ хандығы болған жоқ. Орта жүзде Уәли, кіші жүзде Әбілқайырдың ұрпақтары Нұралы отырды. Бұл кезеңнің жалпы сипаттамасы осындай.
– Тарихшы ретінде қай ханды биік қоясыз?
– Өз басым хандарды бөліп-жарып айта алмаймын, бірінен бірін биік қоя алмаймын. Олардың барлығы өз кезеңдерінде, өз замандары тудырған, өз замандары берген сұрақтарға жауап берген тұлғалар. Өз замандары арқылы тарихи миссияларын атқарып шықты. Соның нәтижесінде қазақ хандығы бәленбай жыл дербес мемлекет ретінде өмір сүрді. Ол осы мемлекет қайраткерлерінің еңбегі. Ал кімнің еңбегі бағаланбады десеңіз, бірде-біреуінің еңбегі бағаланбады. Кімнің еңбегі бағаланды? Балалардан сұрасаңыз Абылайды, Қасым хан, Тәуке хан, Керей мен Жәнібектің есімдерін ғана атайды. Олардың да ешбірі дәріптеліп жатқан жоқ. Олар туралы фильм де жоқ. Бұрындық ханның аты ғылыми әдебиеттерде де атала қойған жоқ. Кенесары туралы деректі фильмдер де жоқ. Қаншама материалдар, деректер қолымызда тұр. Соған орай бір мықты деректі фильм болса ғой, шіркін! Дегенмен, хандар туралы шағын кітапшалар бар, ғалымдардың еңбектері шығып жатыр.
Т. И.Сұлтанов деген зерттеушінің «Поднятые на белой кашме» деген еңбегі бар. Бірақ, ол орысша жазылған, аз тиражбен шыққан. Тек ғылыми ортада ғана айтылады. Ал көпшілікке арналған кітаптар жоқ. «Қазақстан» ұлттық телеарнасы «Ұлы дала дүбірі» деген бағдарлама жасады. Міне, осындай форматтағы бағдарлама сияқты болса тіпті жақсы.
– Тарихшы ретінде алда түсірілуі мүмкін көп сериялы фильмнің қандай болғанын қалар едіңіз?
– Қандай фильм түсірсе де, сапасына қарап бағалаймыз. Қаржы жетпеді деген әңгіме айтылатын болса, ол қай жағынан да сапасыз болып шығады. Мысалы, қытайлар түсірген Шыңғыс хан туралы киноны бәріміз тапжылмай көрдік. Соған қарап отырып, тарихты бұрмалады деп айта алмайсың. Себебі, «Моңғолдың құпия шежіресіндегі» деректен айнытпай түсірген. Сондай шынайы түсірілген. Шыңғыс ханның рөлін сомдаған актер Шыңғыс ханның өзінің пәленбайыншы ұрпағы делініп жүрген адам екен. Қытай деректерінде салынған Шыңғыс ханның суреті сол актер арқылы көз алдыма келді. Қазақ хандары туралы фильм Шыңғыс хандай түсірілетін болса жақсы еді. «Көшпенділерді» қанша зарығып күттік, мысалы. Көргеннен кейін көкейімізде қаншама сұрақ қалды. Кейін жаңалықтардан оқыдым, Ресейде «Көшпенділерді» жасөспірімдерге арналған фильм ретінде ұсынып жатыр екен дегенді естігенде, өзімнен өзім қысылып қалғам… Қазақ хандығы туралы фильм сондай «детский» фильм болып қалмаса болды, әйтеуір…

Берекет КӘРІБАЕВ,
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы:

Хандық билік қалай жойылды?

Берекет КәрібаевҚазақ хандығы ұлттық сипаттағы мемлекет. Оның құрылған кезі бар, жойылған кезі бар. Толығымен жойылған кезі 1822-24 жылдар. Қазақстанда хандық билік Ресейдің арнайы заңымен жойылды.
Қазақ тарихшылары Қазақ хандығының қай кезде құрылғаны туралы әртүрлі пікірталасқа барып қалып жүр. Ондай тақырыптарға өзім де араласып жүрмін. Өзімнің диссертациямның негізінде Қазақ хандығының құрылған жылы деп, 1470 жылдарды ұсындым.
Қазақтың алғашқы ханы – Керей. Ол жалғыз болған жоқ, жанында шөбере туысы Жәнібек болды. Сөйтіп, Қазақ хандығының ұлттық сипаттағы негізін салған тұлғалар – Керей мен Жәнібек. Олар Ақ орданы Алтын ордадан бөліп, тәуелсіз мемлекет қылған Орыс ханның төртінші ұрпақтары болып келеді.
Қазақстан деген сөзді алып қарайтын болсақ, «қазақ» халықтың атауы, «стан» деген парсы тілінде сол халықтың мекендеген жерін көрсететін жұрнақ. Деректерде Қазақстан атауы XVI ғасырдың алғашқы басында-ақ кездесе бастайды. Бірақ, көп тарап кеткен жоқ.
Қазақ хандығы 1824 жылдарға дейін 350 жылдай өмір сүрді. Қазақ хандығының алғашқы ханы Керей мен Жәнібек болса, біртұтас хандықтың соңғы ханы – Тәуке. Осы жылдар Қазақ хандығының дербес өмір сүрген кезеңі. Ортаазиялық, дүниежүзілік қарым-қатынастардың маңызды субъектісі болған кез бұл.
Осы аралықта қандай хандар болды десек, 17-18 ханның атын атауға болады. Атақтыларын ғана айтайын:
Керей мен Жәнібек – біз үшін қастерлі тұлғалар. Өйткені, ұлттық мемлекетіміздің негізін қалап берушілер.
Қасым ханның тұсында қазақ тарихында көптеген маңызды оқиғалар болды. Бұл Қазақ хандығының мемлекет ретінде толық, нығайып болған кезі. Сол кездегі қазақтардың саны
1 миллионға жетті деп жазылады деректерде. Сол тұста «Қасым ханның қасқа жолы» деген үлкен заң пайда болған. Өкініштісі, ол заң біздің қолымызға түскен емес.
Қазір Қазақстанның аумағы қандай болса, Қасым ханның тұсында сондай болды. Қасым ханның тұсында Қазақстан деген термин мойындалды.
Тәуекелдің тұсында Қазақстанның этникалық территориясы толығымен қалыптасты. Бірақ, ол соңғы нүктесін қоя алмады. Себебі, 1598 жылы Бұқара түбіндегі шайқаста жараланып, қаза тапты. Ташкентте жерленген. Іс жүзіне келгенде Тәуекел этникалық территорияны қалыптастырса, заңдастырған Тәуекелдің туған інісі Есім хан болатын.
Қазақ тарихында Есім ханның сіңірген еңбегі көп. Осы Есімнің тұсында Қазақстанның астанасы тұрақты қалаға айналды. Яссы қаласы Түркістан деп аталып, қазақ хандарының резиденциясы болды. Яссы бұрыннан-ақ рухани орталық болатын. Енді саяси, әкімшілік, экономикалық орталыққа айналды. Қазақтың хандары, батырлары, сұлтандары, рухани көсемдері осы Түркістанда, Қожа-Ахмет Яссауи кесенесінің жанында жерлене бастады. Есім ханға дейін онда туған ағасы Оңдан сұлтан жерленген.
Тарихта 1643-52 жылдары билік құрған Жәңгір ханның аты да көп айтылады. Жәңгір 10 жылдай уақыт билеген күннің өзінде тарихта терең із қалдырған. Жоңғарлармен алғаш шайқасқан, «Орбұлақ» шайқасында алғаш жеңіске жеткен тұлға.
1535 жылдары Жоңғар хандығы құрылса, сол кезде-ақ жоңғарлар мен қазақтар соғысқан екен. Сол соғыста қазақтың ханы Жәңгір тұтқынға түскен. Кейін қайтарылады. Ал одан кейінгі тағы бір шайқаста жеңіске жетеді. 1652 жылғы шайқаста Жәңгір хан қаза табады.
Ал Ұлы Тәуке ханның билік құрған дәуірі 1680 жылдан басталады. 35 жылдай уақыт Қазақ хандығының «алтын ғасыры» деп аталады. Қай жағынан? Біріншіден, Тәуке ханға дейін Қазақ хандығында принципке негізделген қоғамдық қатынастар болған жоқ. Кім күшті болса, соның жолы болып тұрған заман болды. Ал Тәуке хан осының бәрін құқықтық негізде реттеуге күш салды. Сөйтіп, атақты «Жеті жарғы» енгізілді. Бұл саяси тұрақтылыққа, қоғамдық тәртіптің орнауына алып келді. Жергілікті халық билікке батырларды, билерді араластырды. Атақты үш биіміздің жарқырап көрінген кезі осы тұс. Ресми түрдегі астанасы Түркістан қаласы болып қала берді. Көрші елдермен сауда-экономикалық қарым-қатынастарын жүргізді, айналып келгенде 35 жылдай Қазақ хандығында саяси тұрақтылық болды.
Жоңғарлармен соғыс тоқтаған жоқ, бірақ. Олар бізді жаулап ала алмады. Өйткені, қазақтар тарапынан қарсы әрекеттер жасалды. Тәуке хан қайтыс болғаннан кейін қазақтың басынан бағы тайды. Оның мұрагері Болат хан әкесіндей бола алмағаны баршаға белгілі.
Батыста кіші жүзді Әбілқайыр хан биледі. Болат ханның билігі бар болғаны орта жүз тайпаларына ғана жүрді. Болат ханнан кейін Сәмеке, Сәмекенің баласы Әбілмәмбет хан болды.
Абылайдың хандық құратыны содан кейін. Бұл XVIII ғасырдың сексенінші жылдары. Бұл кезде Ресей империясы қазақтың жеріне дендеп еніп кеткен болатын. Ұлы жүзді Жолбарыс хан басқарды. Бірақ, ол жоңғарларға тәуелді болып қалды. Жоңғарлар жойылғаннан кейін бұл маңда Абылайдың ұрпақтары, төрелер билік ете бастады. 1750 жылдардан бастап, Ресейдің Қазақстандағы билігі күшейді. Тіпті қазақтың әр жүздегі хандарын өздеріне тарту үшін ант қабылдатты, антпен бірге балаларын аманатқа алып қалып жатты. Бауыр еті баласын беріп қойғаннан кейін, амал жоқ, көнеді бәріне.
Бұл бірінші этап. Ал екінші этап – бір хан өлсе, оның орнына ханды халық сайлайды, бірақ оны бекітуді Ресей қолына алып алды. Үшінші этап – қазақтың сұлтандары арасынан кімнің хан болатынын Ресей жағы шешті. Сол себепті, кіші жүздегі Қаратай сұлтанның қозғалысы болды. Айшуақ пен Нұралы ханның ұлдарының арасындағы күрес билікке таластан туған. Тіпті, XIX ғасырдың басында хандықтарды бірнеше бөлікке бөліпті. Мысалы, XVIII ғасырдың алғашқы 20 жылының ішінде oрта жүзде екі хандық пайда болған. Бөкейді хан сайлап қойған, сонымен бірге, Абылайдың ұрпақтарын да хан сайлап қойған. Кіші жүзде де солай.
1822 жылы алдыменен орта жүзде, 1824 жылы кіші жүзде арнайы жарлықпен хандық билік жойылды. Сөйтіп, бұрынғы ханның ұрпақтары Ресейдің жергілікті жердегі әкімшілік қызметтерін алмастырды. Атақ та, шен де, марапат та, бәрін берді. Тек қана 1845 жылға дейін Бөкей ордасында Жәңгір хан болғанын білеміз. Кейіннен 1841 жылы Кенесары хан болып сайланып, 1847 жылға дейін Қазақ хандығын қалпына келтіру үшін күресті. Бірақ, халықтың бір бөлігі мойындады, бір бөлігі мойындамады. Ақыры Кенесары 1847 жылы жаугершілікте қаза тапты. Сөйтіп, XIX ғасырдың ортасынан бастап, Қазақстанда ішкі дамудың және сыртқы фактордың әсерлерінен хандық билік жойылды. Кейіннен мемлекетті қалпына келтіруге ХХ ғасырдың басында өзіміздің Алаш қайраткерлері атсалысты. Олар алғаш құрған мемлекеттік құрылым – Алашорда мемлекеті болды. Ал большевиктер бұған қарсы 1920 жылы Қазақ АССР-ын құрды…
Есіме Тәуке ханның Ресейге жазған хаты түсіп отыр. 1690 жылдар шамасында Ресей мен Қазақстан арасында елшілік қарым-қатынас жақсы жүрген кезде, Күлте мен Сары деген елшіні Ресей жағы жібермей, ұстап қалады. Сөйтсе, Ресей шекара шебінің бойында орналасқан қазақтар тарапынан тонаушылық болыпты. Соған байланысты елшілерді жібермей қояды. Бұған қатты ашуланған Тәуке хан Ресей императорына хат жазыпты. Ол хатта былай депті: «О заман да бұ заман, екі ел арасындағы кейбір бұзақылық істер үшін елшілерді қамап қою дегенді естіген емеспін. Бұл не деген масқара?!» деп ашуланған екен. Бұл құжат сақталып қалған…
XVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың басында Айшуақ хан сайланған кезде өте кәрі болыпты. Отырса тұра алмайды, тұрса отыра алмайды, көзі нашар көреді екен. Нұралы мен Есімнен кейін Ресей әдейі Айшуақты хан етіп сайлайды. Соны пайдалана отырып, кіші жүздің жерін тартып алу саясатын жүргізеді ғой. Бұған Қаратай сұлтан қарсы шығыпты. Айшуақты хан сайлап, Орынбор генерал-губернаторы үлкен салтанатты той жасап, бүкіл хан әулетінің өкілдерін шақырады. Соған Қаратай сұлтан да қатысқан екен. Қаратай – Нұралының баласы. Бұлар хандық билікке қолынан іс келетін, мықты, мығым адамды сайлайды деп ойлайды. Ал Ресей сондай әлжуаз, төрінен көрі жақын адамды хан етіп сайлап қояды ғой. Бұған ашуланған Қаратай сұлтан бокалға аққайнар құйып, бір-бірімен соғыстырып ішіп жатқан кезде, ішпей қойыпты. Генерал-губернатор Неплюев: «Сен неге өзіңнің ханың үшін ішпей отырсың?» – деп сұрапты. Сонда Қаратай сұлтан: «Мен сандықтың ішіндегі хан үшін ішпеймін», – деп жауап беріпті. Көрдіңіз бе? Айшуақ Ресейге жүз пайыз тәуелді болып қалды. Соны меңзеп отыр.
Барақ сұлтан Әбілқайырды өлтірген кезде қашып, Қазыбек биге барады. «Мені хан сайлаңдар. Әбілқайырды өлтірдім!» дейді. Сонда Қазыбек би: «Әбілқайыр дәл қазір елін бақытты етіп отыр», – депті. Сондағы бақыт дегені мынау: сырттан ешқандай қауіп төнбесе, көшіп-қонып жүргенде ешкім тиіспесе, жайылымдары болса болды. «Әбілқайырдың саясаты арқылы кіші жүздің тайпалары бақытты өмір сүріп отыр. Ал сен оны өлтірдің», – деп, оны хан көтеруден бас тартады. Одан кейін Барақ: «Мені хан көтеріңдер», – деп Төле биге адам жібереді. Төле би Қазыбек бидің айтқанын қайталайды. Тіпті, Жоңғарияға да қашып барады. Цебан Рабданның ұлдарына Айшуақ пен Нұралы алдын ала елші жіберіп қойған екен. «Егер біздің әкемізді өлтірген адамды паналатсаң, онда біз саған соғыс ашамыз», – деген. Сондықтан олар да бас тартады. Амалы қалмаған Барақ сұлтан: «Мен ханды өлтірдім. Онда мені соттаңдар. Бірақ, бір шартым бар. Мені соттайтын билерді өзім таңдаймын», – дейді. Сөйтіп, өзіне тәуелді бес биді таңдайды. Кіші жүздің Әбілқайырға қарсы билерін, сосын орта жүзден таңдайды. Ол бес би оны ақтап шығады. Бұл билердің үкіміне Әбілқайыр ханның балалары келіспейді. Қайта соттауды талап етеді. Сонда Төле би: «Бір қойдан екі тері сыпырмайды», – деген екен. Әбілқайыр аманатқа Ресейге баласын жіберсе, Әбілмәмбет ант береді, бірақ аманатқа баласын жібермейді. Керісінше, Жоңғарияға жібереді. Айналып келгенде, Ұлы жүз жоңғарға тәуелді болды, кіші жүз Ресейге тәуелді болды. Орта жүз ғана екі жақты мойындамады. Сөйтіп, «Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұламаға» көбіне орта жүз ұрынды. Бірақ олар шешуші сәтте күш біріктірудің арқасында жоңғарды жеңді.

Жазып алған Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

(«Ақ желкен», №9. 2014 жыл)

Сізге ұнауы мүмкін...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: