21 жаста не істеуге болады?

Изображение 711Қолыңнан іс келсе, студент кезден бастап-ақ кәсібіңді ашып, дөңгелетуге болады. Мысалы, 21 жастағы Іңкәр Серікбай сондайлардың бірі. Ол – Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің «Тіршілік қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау» факультетінің 3-курс студенті. Іңкәр өз кәсібін қалай ашты? Аға-көкесіз қалай баюға болады? Жетістікке жетудің құпиясы қандай? Біз бұл сұрақтардың жауабын жас кәсіпкермен әңгімелескенде тапқандай болдық.
Іңкәр 2012 жылдың күзінде «Жас кәсіпкерлер мектебіне» барып, екі апталық дәріске жазылған. Ол жерде кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін жастарға «Бизнес психологиясы», «Маркетинг», «Бизнестің заңды аспектісі», «Бизнестегі менеджмент», «Бизнес жобалау», «Бухгалтерлік есеп», «ҚР Салық салу», «Time-менеджмент», «Бизнес және ИКТ», «Инвестициялау» сынды дәрістер тегін өткізіледі. «Уақытымды тиімді өткізейін деген оймен университеттен шыққан соң 16.00-ден кешкі 20.30-ға дейін кәсіпкерлік мектебінен дәріс алуды жөн деп шештім әу баста», – дейді Іңкәр. Оқушы кезінен-ақ «ақша жинап, жеке кәсіпкерлікпен айналысамын» деп мақсат қойған Іңкәрға «Жас кәсіпкерлер мектебі» үлкен мектеп болды. Жоба жасап, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорына» тапсырды. Қаршадай қыздың ұсынысы үздік шығып, 2,2 миллион теңге грант ұтып алды. Қолына қомақты қаржы тигеннен кейін ол жұмысына қажетті құрал-жабдықтарды шетелден арнайы алдыртыпты. Сөйтіп, пицца, құймақ және құймалы балмұздақ сататын дәмхана ашты. Бүгінде өзімен бірге тағы екі қызды жұмыспен қамтып отыр. Істеген жұмысы жөнінде тоқсан сайын «Даму» қорына арнайы есеп беріп отырады.
«Мен ұсынған «коно-пицца» – жаңа өнім. Ол Еуропа мен АҚШ нарығында 2000 жылдары пайда болған. Жақында Ресейде сатыла бастады, қазір онда коно-пиццаға арналған жабдықтарды өндіреді. Коно-пицца үгітілмейді, ылғал өткізбейді, ұзақ уақыт ыстық болып тұрады. Сонымен қатар, тұтынушы қалаған қоспаларымен тапсырыс бере алады, жылдам дайындалады, әрі дәмді. Біздің қалада пицца сататын сауда нүктелері аз, көпшілігі үлкен сауда орталықтарында орналасқан. Сондықтан көше бойын, адам көп келетін «Кең баба» саябағының маңын таңдадым. Атауы мен логотибін өзім ойлап таптым. Өзіме және достарыма «ПодкреПИЦЦА» атауы қатты ұнады. Ашылғанымызға жарты жыл болса да, тұрақты тұтынушыларымыз бар. Пиццаның дәмін татып көргендер мақтап кетеді, айналып тағы соғады. Болашақта арнайы сайт ашқым келеді. Сол кезде адамдар үйлерінде отырып-ақ тапсырыс бере алады. Сондай-ақ, қаланың басқа жерлерінде де өз сауда нүктелерімнің болғанын қалаймын», – дейді жас кәсіпкер.
Іңкәр – ізденімпаз, тыным таппайды. Жақында шымкенттіктерге бірінші болып «Парфе» (салқын десерт) ұсынбақшы екен. «Ойланбауға ерінбесең, бай боласың!». Бұл Іңкәрдің өмірлік ұстанымы. Жас болса да үлкен істі бастаған жас кәсіпкердің батылдығы, еңбекқорлығы кез келген жасқа үлгі болатындай-ақ екен.

Әйгерім БЕГІМБЕТ,
Шымкент қаласы
(«Ақ желкен», №9. 2014 жыл)

Сізге ұнауы мүмкін...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: