Кербез де сырбаз Медеу

b95e73fe56c2Кездесетін дәмхананы таба алмай жүрмін. Телефоным екі минут сайын тызылдайды. «Қарындасым, былай жүресің, жанында анау тұр, мынау тұр», – деп түсіндіреді. «Иә-иә» деп түсінген, табайын деп қалған сыңай танытам, бірақ жер айналып кеткендей әлгі дәмхананы таппаймын. Айналдырған он минуттың ішінде осылай 4-5 рет телефон шырылдады. «Не деген мазасыз адам? Өзім де іздеп жүрген жоқпын ба, адамның есін шығарып ызбандай беретіні несі?» – деп іштей оны ұрсып қоям, кешіккеніме қарамай. Әйтеуір ол кісінің інілері көшеде әр ғимаратқа алақтап жүрген мені тауып алды. Әйтпесе, қанша уақыт кешігерімді кім білсін?
Жалпы, ол кісіні мен ғана емес, көптеген тыңдарман қазақ эстрадасындағы аристократ әнші деп санайды. Орындау мәнері де классикаға жақын. Сахнада да маңғаздана тұрады. Байқауға қатысқан жас әншілер көбіне сол кісінің репертуарындағы әндерді сахнаға алып шығып жатады. Кез келген концерттен де көре бермейміз. Концерттерге таңдап, талғап баратын сияқты. Мысалы, өзінің айтуынша, ол кісі жиырма бес жылдан аса уақыт сахнада жүрсе де, әзіл-сықақ театрларының концерттерінде ән айтпапты. Жұлдызды думан-тойлардан да жиі көрмейміз. Саяқ жүреді. Бірақ, эстрадада оның мысы өзгелерден басым екені байқалады. Өнер жайлы, шын таланттар туралы сөз болғанда «Не дейді екен?» деп оның аузын бағатынымыз да жасырын емес. Биылғы «Астана жұлдызы» байқауында ер азаматтар арасында «жыл әншісі» деген атақ осы кісіге бұйырды. «Бәрекелді» десті өнерді бағалай алатын жұрт сонда.
Былтырдан бері өтіп келе жатқан «Қазақстан дауысы» байқауының да жалғыз сауатты, ұстамды, өнерге еңбегі сіңген тәлімгері – Медеу Арынбаев десіп жүр, өнерден хабары бары да, жоғы да.
Біз Медеу Арынбаевпен кездескенде, жанында «Қазақстан дауысына» қатысқан Жанғали Әбішев пен Батырхан Мәліков болды. Екеуі де әнші ағаларына тым жақын көрінді. Қарапайым отбасынан шыққан екен. Эстраданың жарық жұлдызы болуы үшін олар ақшадан бұрын, талант пен еңбек керек деп отыр. 1-2 әнге бейнебаян түсіріп, «хит» жасап, «жұлдыз» атану мақсат емес дейді. Тәлімгерлерінің талғамы екі жігітке де «жұғыпты».
Сонымен, әңгімеге сараңдау, өзін өзгелерден саяқ ұстайтын Арынбаев бізге қаншалықты ашылып әңгіме айта алды? Саралап көрейік.

ШЕНЕУНІКТІҢ БАЛАСЫ…

13951Анам оқыған адам деп мақтана алмаймын. Қарапайым ауылдың қызы болды. Бір үйдің кенжесі, ерке өскен. Оның бақыт деген ұғымы отбасының амандығы, ошағының отын өшірмеу деген қағидалардан тұрады. Ал әкем, керісінше, өмірдің қиыншылығын көп көрген. Үш жасында жетім қалып, балалар үйінде де болған. Үлкен ағасы жетілгесін ғана аға қолында тәрбиеленген. Жетім демесін, өзектен теппесін деп, көп оқыпты. Білімімен жетістікке жетуге ұмтылыпты. Студент кезінде үйленіпті. Ес білгенімше әкемнің кім екенін білмеппін. Қаладан ауылға анда-санда келіп-кететін әкемді ағаларымның бірі екен десем керек. Арынбай атамның інісі әкеме әке орнында болған кісі. Біз сол қарашаңырақта тұрдық. Ата-әженің баласы болғандықтан, шешемді «жеңге» деп атадым.
Кейін әкемнің қызметіне байланысты Сарыағаш ауданының Дарбаза ауылына қоныс аудардық. Сонда ғана әкемді әке, анамды шеше деп мойындай бастадым. Әкем бентонитті балшық және құм өндіретін карьерде инженер болып істеді. Жұмысын тиянақты істеп, парторг қызметіне дейін көтерілді. Қатал адам еді. Көз алдымда ылғи галстук тағып жүретін бейнесі қалып қойыпты. Қазіргі тілмен айтсақ, шенеуніктің баласымыз ғой. Шенеунік әкенің баласы болу – үлкен жауапкершілік екен. Әкемнің атына кір келтірмеуге тырысатынмын.
Біздің ауылда пойыз составы тұрады. Мәскеуге кетіп бара жатқан составтарда біз көрмеген, біз ішпеген апельсин шырындары болады екен. Еркіндеу заман ғой, мен қатарлас балалар пойыздан апельсин шырынын ұрлайды. Елдің бәрі алып жатқасын, мен де бір қап қып тәтті суды толтырып алдым. Үйге мықшыңдап әрең жеткіздім. Өзімше отбасына пайдам тисін деген түрім ғой, табыс тауып. Әкем менің «олжамды» көре сала: «Алған жеріңе қайтып апарып таста! Бұл ұрлық. «Ұрлық түбі – қорлық» деп бекерге айтпайды», – деді. Әкемнің сөгісінен соң қапты сүйретіп, ішіндегісін сұраған көрші балаларға тарқатып шықтым. Сілекейім шұбырып қанша ішкім келсе де, әкемнің сөзінен соң бата алмадым. Менімен қоймай, бүкіл ауылға: «составқа тимеңдер» деп айтып шықты әкем. Осы оқиғадан үш күн өткен соң облыстан тәртіп сақшылары сау етіп келе қалып, үй-үйді итпен тінтіп, пойыздан алған «олжаларды» тәркіледі. Сол кезде әкемнің айтқаны айдай келді деп таңғалып, ешқашан оңай олжаға ұмтылмасқа серт бердім.

«ӘН АЙТЫП КҮНІҢДІ КӨРЕ АЛМАЙСЫҢ…»

Жетінші сыныпқа дейін әкем мақтанатындай ұл болдым. Жазғы каникулда нағашы ауылыма барып гитара үйреніп келдім. 2-3 сыныптарда домбыра тартатын домбырашы бала едім. 8-сыныптан бастап ансамбльде гитара тарттым. Әкем менің бұл әрекетіме қысылып, ұялғандай болып жүрді. «Парторгтың баласы той-томалақта ән айтады екен» деген масқара көрінетін. Қазіргідей балам «жұлдыз» болады дегенді ешқандай ата-ана ойлаған емес. Ән айтып, ансамбльде ойнаған адам жын-шайтанмен бірдей деп қабылдайтын. Тойда жүріп, сабаққа мойынсұна бермейтінмін. Математика, физика, химия сабақтарынан қиналып, есеп шығара алмасам, әкеме баратынмын. Таңғалатыным – әкем есептерді қиналмай шығаратын, формулалардың бәрін жатқа білетін. Не деген жады десеңізші. Әкем мені уайымдайтын сонда. «Ән айтып күніңді көре алмайсың-ау», – дейтін.
Мектеп бітіргесін Ресейдің Нарьян Мар қаласында әскери борышымды атқардым. Айналдырған 4-5 қазақ баласы болдық. Бесеуіміз бір үйдің баласындай бір-бірімізді қорғаштап жүретінбіз. Өз елімізде, өз жерімізде жүріп бауырларымыздың бірін-бірі тепкінің астына алып, қылмыс жасап, темір торға тоғытылып жатқандарын естігенде, көргенде жаным ауырады. «Әр қазақ менің жалғызым» деп, бір-бірімізді көтермелеп жүретін уақыт қазір. Әскерде жүргенде бір қазақтың еңсесі түсіп кетсе, намыстанатын едік. Сол сезім бүгінгі жасөскінде де болса ғой деймін. Қазір айналдырған бір жылдың ішінде қаншама баланың әскерде жүріп өз-өзіне қол жұмсағаны – біздің жастардың әлсіздігін, бір-біріне жаны ашымайтынын көрсетеді.

АЛМАТЫҒА КЕЛГЕЛІ ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІККЕ МІНІП КӨРМЕППІН…

h02aКейде біз ана халық анадай, мына халық мынадай деп, жақсы-жаман жақтарын термештеп жатамыз. Эстрада студиясын Ташкент қаласында оқып бітірдім. Ауылымыз шекарада орналасқандықтан, кішкентай кезімізде көбіне өзбектің телеарнасын көріп өстік. Тұңғышбай Жаманқұлов ағамыз бекерден-бекер «Тәшкен көрген қазақпыз» деп қалжыңдамайды ғой. Ол жақтың адамдары пысық, сыпайы, бірін-бірі үнемі қошеметтеп жүретін, дипломатияшыл халық. Ол жағынан өзбектен үйренеріміз көп. Екі жыл Ташкентте оқып келген соң, әкем: «Әй, бала, осымен болдың ба? Шымкентте технологиялық институтта танысым бар. Соған айтып, дені дұрыс оқуға түсіртейін», – деді. Келіспедім. Сөйтіп арман болған Алматы қаласына келдім. Қазіргі Абай атындағы ҚазҰПУ-дың музыка факультетінің алғашқы түлектерінің бірі болып оқуға қабылдандым. «Тәшкен көргендігім» ғой, оқуға түспей тұрып, мейрамханаға жұмысқа орналасып алдым. Ол мейрамхананың аты да «Ташкент» еді. Палауы мен самсасын Тәшкендегідей дәмді етіп дайындайтыны үшін сол мейрамханада жұмыс істедім. «Арқас» тобының мүшесі болып, «Дос-Мұқасан», «Арай» топтарының музыканттарымен жақын араласып кеттім бірден. Өмірімде ақша мәселесінен қиналған жоқпын. Студент кезімде жұмыс істеп ақша табудай табамын, бірақ қалай жаратуды білмейтінмін. Барахолкаға барып сықиып киініп алам. Күндіз сабақта, кешкісін мейрамханада жүремін. Қайда барсам да таксилетем де жүрем. Сонда Алматыға келгелі қоғамдық көлікпен жүріп көрмеппін.

ӨЗ ҚАТЕЛІКТЕРІН ТҮЗЕУМЕН ӨСІП КЕЛЕ ЖАТҚАН ӘНШІМІН…

Бір күні «Азия дауысын» ұйымдастырушылар «Жас қанат» байқауының іріктеуіне өздері іздеп келіп, өткізіп жіберіпті. Ерғалиев пен Пономарев Алматыдағы бүкіл мейрамханаларды аралап, дауысы бар деген әншілерді жинаған екен. 90-жылдары қазақ эстрадасына келген әншілердің көбі мейрамханадан шыққандар. «Жас қанат», «Азия дауысы» байқауларынан кейін біраз халықаралық фестивальдерге қатысып, лауреат атанып қайттым. Мейрамханада ән айтып, байқауларға жиі барған Медеу Арынбаев қайбір жетістіріп оқыды дейсің. Бірақ менде теория мен тәжірибе қатар жүріп жатты. Музыканың тарихына аса мән беріп оқымадым. Ұстазым Алма Қожахметова классика бағытына жақсы баулыды. Алайда, мен күндіз классикалық әндер айтамын да, кешкісін мейрамханада жеңіл эстрада әндерін шырқаймын. Талай классикалық әндерді эстрадада жаңа бағытқа салып, быт-шытын шығарғанымды мойындаймын. Өзімді өз қателіктерін түзеумен өсіп келе жатқан әншімін деп есептеймін. Осыдан он жыл бұрын Медеу Арынбаевтың ән айту мәнері қалыптаспаған әнші еді. Енді-енді өзімді қалыптастырып, дауысымды қойып, өз мәнерімді тапқан сияқтымын. Әр кезеңде әркімге еліктедім. Батыстың әншілері Стивен Ландер, Жорж Бенсон, Майкл Болтон, Том Жонстар секілді әнші болғым келді. Соларға еліктеймін деп қой, қазақ әндерін бұзып, бұрмалап айтқаным. Дегенмен, «Гәкку» әні алғаш эстрадаға мен алып шыққан нұсқамен орындалып жүр әлі күнге дейін. «Назқоңырды» да эстрадаға алып келдім. «Құстар» әнінің 3-4 нұсқасын жасадым. Менің сол кезде әндерді жаңа бағытта өңдегеніме көп аға-апаларым ренжіген де болар. Бірақ, мұның бәрі өтпелі кезеңге жарасымды болды. Эстрадаға эксперимент керек қой қашан да.

БАЛАЛАРЫМА ӘКЕ ОРНЫНА ӘКЕ, АНА ОРНЫНА АНАМЫН…

medeu-detӨте уайымшылмын. Жауапты кездесу болатын болса, түнімен ұйықтай алмай қалатын кездерім болады. Шақырған жерге кешігіп барғанды, күттіріп қойғанды ұнатпаймын. Әкем сондай болған, балам да сондай. Қазір балам №159 мектеп-гимназияның 9-сыныбында, қызым 7-сыныбына оқиды. Баланың төбесінде тұрып тоқпақтайтын әке емеспін. Ең қатал әрекетім – 12-ге дейін балалардың қолынан ұялы телефондарын алып қойып, ұйқыға жатқызамын. Әйтпесе, қазіргінің баласы телефонмен бірге туылғандай, үңіліп, қолдарын ажыратпайды ғой. Үнемі күнделіктерін тексеріп, сабақ үлгерімдерін бақылап отырамын. Балаларыма ұрыспаймын, барлығын жай сөзбен түсіндіруге тырысамын. Қалада болып жатсам, ата-аналар жиналысына міндетті түрде қатысамын. Бұрын үй шаруасы, балалардың тәрбиесінің бәрі аналарының қолында еді. Мен бұл жағына назар аудармаппын. Үйімде қонақ секілді жүріппін. Құдайға шүкір, әйелім балаларыма жақсы тәрбие беріп кеткен екен. Мені ашуландырмайды, қас-қабағыма қарап жүреді. Бірде ұлым мен қызым сөзге келіспей ренжісіп қалды. Сол кезде: «Енді бұлай ренжісе берсеңдер, мен үйленейін», – деп ем, балаларым: «Бізге басқа ана керек емес, енді сізді ренжітпейміз», – дегені. Жарымның қазасы бәрімізді бір-ақ сәтте есейтіп жіберді. Қызым өте ерке. Мен қызыма ешқашан «жоқ» деген сөзді айта алмайтын шығармын. Өзі спортқа жақын, гимнастикамен, мәнерлеп сырғанаумен айналысады. Даянамды құшақтап, иіскемесем, өмір сүре алмайтын сияқтымын. Қызы бар әкелер бақытты. Ол сенің ең жақын жанашырың болады екен. Ұлым Дәулет тұйықтау. Тазалықты жақсы көреді. Қолын қайта-қайта сабындап жуып, үстіне қылау тигізбей жүргені. Біреу ұстаған, біреу ұрттаған ыдыспен тамақ ішпейді. Қатты таза болып кетсе де жыныңа тиеді екен. Қызымыз екеуміз Дәулеттің осы қылығын ұнатпаймыз. Музыкалық қабілеті мықты, домбыра шертеді. Бірақ, музыка жолына түспеді. Оны итермелеген мен жоқ. «Болсаң да боласың, болмасаң да боласың» деген талап қоймаймын. Ұлым қазір экономика саласына қызығады. Аналары солтүстіктің қызы еді, орыстілділеу болды. Балаларым қазақша оқыса да, өзара орысша сөйлесетін. Келіншегім қайтқалы бері анам қолымда. Ал ол кісі орысша білмейді. Апаларының арқасында қазір балаларым үйде қазақша сөйлесетін болды.

ЖЕКЕ ӨМІРІМДЕ ЕШҚАНДАЙ РЕЖИССЕР ДЕ, СЦЕНАРИСТ ТЕ БОЛҒАНЫН ҚАЛАМАЙМЫН…

Екінші рет отбасын құру жағы болмай жатыр. «Жалғыздық Құдайға жарасқан» деген сөзді аса қабылдай алмаймын. Анам, балаларым жанымда. Мен ең бірінші солардың жағдайын ойлаймын. Бірақ, бұл ешқашан үйленбеймін деген сөз емес. Жеке өмірімде ешқандай сценаристің, режиссердің болғанын қаламаймын. Алла нені нәсіп етеді, сол болады. Әйтпесе, маған қалыңдық іздейтін жандар жетерлік. «Анаумен таныс, мынаумен таныс» дейді. Менде бәрі Алла тағаланың бұйрығымен аяқ асты болуы керек. Әйеліме ешқандай сценарийсіз ғашық болғам. Тағы да солай болғанын қалаймын. Егер ондай болмаса, мен екінші рет шаңырақ көтермейтін шығармын. Мен тек жүрегімді тыңдайтын адаммын. Балаларыма өзім әке де, ана да бола аламын. Анам көмектеседі. Кейде балаларыма өзім тамақ жасап беремін. Олар мен жасаған тамақтарды сүйсіне жейді.

«АЙФОНДЫ» ТҮСІНБЕЙМІН, ИНТЕРНЕТКЕ КІРМЕЙМІН…

kazntu.kz_ps_161013_11Адамдармен араласа білу де талант шығар. Араласа алсаң, араласасың ғой адамдармен. Біз отбасымызбен тұйықпыз. Бірдеңеге үйреніп қалсақ, жүре береміз. Адамда дос деген көп болмайды, жора-жолдас қой көп. Нағыз досым деп үш адамды ғана есептеймін. Жұғысып, жуысып, есеппен пайда ойлау дегенді білмейді екем.
Жасырары жоқ, өмірде адамдармен қарым-қатынаста жиі әртістік жасаймыз. Өтірік күле саламыз кейде. Өйткені, сахнада жүрген адам «менің табиғатым, болмысым осындай, бүгін көңіл-күйім жоқ» деп бәлсіне алмайды.
Өзімді тазамын, пәкпін деп айта алмаймын. Менің ең үлкен кемшілігім – аяқ асты ашулана кетем. Бірақ, қайтымым жылдам. Адамдарға қатты сөз айтып алам да, «Неге ол адамның жанын ауырттым?» деп өкініп жүрем.
Шынын айтсам, мешітке де жиі бармайды екем, ораза, құрбан айттары кезінде бас сұғамын. Бір Алланың барына жүрегіммен сенем, ешкімге жамандық жасамаймын. Менің ұстанымым – осы. Кейде өзімді заманның көшінен қалып қойғандай сезінемін. Компьютерде интернетке кіре алмаймын, «нокиадан» басқа телефон ұстамаймын. «Айфон» дегенді ұлым мен қызым қояр да қоймай алып алды ғой, мен оны түсінбеймін. Телефон тек хабарласу, қатынас құралы ғана. Егер қаласам, адам жалдап болса да компьютердің де, «айфонның» да тілін үйренетін шығармын. Бірақ маған артық ақпараттың керегі жоқ. Әнімді айтып, өз кәсібіме адал болсам болды емес пе? Мен үшін басқалар ойлансын. Әлеуметтік желі дейсіз бе, ондайда басқалар отыра берсін, мен одан да ісімді ілгері жылжытайын.

СЫБЫРЛАП АТАҚ АЛУ – ӨЛІММЕН ТЕҢ…

Он жылдан бері ресми түрде еш жерде жұмыс істемеймін. Қазір «Қазақстан дауысына» уақыт тауып барып жүрмін. Онда да жаныма жақын болған соң барамын. Жастармен жұмыс істеп, білгенімді, тәжірибемді бөліскім келеді. Біреулер атақ-марапатты бірінші орынға қойып, айтып жатады ғой. Шынын айтсам, қай атақтың дәрежесі қандай екенін білмейді екем. Әнші деп бағалап жатады, маған одан асқан атақ жоқ. Кейбір кезде композитор деп қосып қояды. «Мәдениет қайраткері» деген атағым бар. «Астана жұлдызы» байқауында «Жыл әншісі» деген марапатқа ие болдым. Бірақ оның бәрін тізбелеп, термештеп жүргім келмейді. Маған не үшін атақ беруі керек? Еш жерде жұмыс істеп, еңбегім сіңіп жатқан жоқ. Біреудің сыбырлауымен алған атақты өліммен тең деп ойлаймын. Ал өздігінен еленіп жатсаң, онда ол жақсы, шабыт сыйлар, бәлкім.
P.S.: Сұхбат соңында Медеу Арынбаев өзінің жаңадан ашқалы жатқан ән айту орталығын көрсетті. Екі шәкірті Жанғали мен Батырхан мәз. «Біз былтыр «Қазақстан дауысына» қатысқанда, дайындық үшін он алтымыз бірдей Медеу ағаның пәтеріне баратын едік. Енді жақсы болды. Биылғылар осында дайындала алады», – деп жоспар құрып тастады. Жас әншілер Медеу Арынбаевтың адамдығы туралы айтып жатқанда: «Біздің арамызда ешқандай келісім шарт жоқ. Аға бізден тәжірибесін аямайды. Ол кісіден сабақ алғанымыз үшін ақша төлемейміз. Ақшаны айтасыз, ол кісі өзі бізге жұмыс қарастырып жүреді. Үлкен қалада бәрі қымбат екен. Пәтер жалдап тұрамыз. Медеу аға мұндағы әкеміз сияқты. «Қарындарың ашып қалмасын» деп кейде қалтамызға ақша салып қояды», – дейді. Екі жігіт дәл осы сөзді айтқанда, олардың ағаларына деген ерекше ықыласын керемет түсіндім. Біз де Алматыға алғаш келгенде, риясыз көмектескен талай аға-апалардың шапағатын көрдік. Кімдердің көмектескенін әкеме айтсам: «Жігітте де жігіт бар – азаматы бір бөлек, жылқыда да жылқы бар – қазанаты бір бөлек», – деп бір ауыз сөзбен ризашылық білдіріп еді. Екі жігіттің көзінен де Арынбаевқа осы сөзді айтқысы келгені көрініп тұрды. Арынбаев шын мәнінде «АҒА» екен дестік…

Жадыра НАРМАХАНОВА
(«Ақ желкен», №9. 2014 жыл)

Сізге ұнауы мүмкін...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: