Сынды ұнатпайтын адам шындықты да ұнатпайды

«Қазақ әдебиеті» жазатын мәселені «Ақ желкен» неге береді?» деген сөзді де естіп қаламыз кейде. Бірақ, әдебиет жайлы әңгіме қозғау бір басылымның ғана құзырында емес. Әсіресе, соңғы уақытта әдебиетке енді келіп жатқан жастар жайында көптеп жазып, оларды насихаттау «Ақ желкеннің» негізгі мақсатына айналды. Содан болса керек, жастар жайлы әңгімені оқырман да осы журналдан күтеді. Жуықта ақын, сыншы Мырзан Кенжебай әдебиеттегі бүгінгі сынның ахуалы туралы жазған ой-толғамын редакциямызға әкелген екен. Үлкеннен үйрену үдерісін ұмытпаған да абзал-ау деп ойладық. Бәлкім келіспейтіндер де бар шығар. Пікірталасқа есік ашық.

Бүгінде «Қазіргі қазақ әдебиетінің хал-ахуалы қандай?», «Әдебиетіміз өсіп, дамып, жетіліп келе ме, әлде бұрынғы күйіне зар болып құлдырап бара ма?», «Құлдыраса оған не себеп?» деген ащы да болса ақниет сауал кім-кімнің де көкейінде жүргені рас. Оған әркім әртүрлі жауап, пікір айтады. Бірақ сол жауап, пікірлердің қай-қайсысына көңіл тоқтатыңқырап қарасаңыз да ылғи бір солқылдақтық, көңілжықпастық, сипақтату, жуып-шаю, қаттырақ айтып өзіме «жау тауып алмайыншы» деген сияқты нәмарттық, жасқаншақтық жатқанын көрер едіңіз. Бірақ оның ең басты жауабы да, себебі де осы солқылдақтық (принципсіздік!), осы көңілжықпастық, осы жуып-шаюшылық пен әлдебір жау тауып алудан қорқу дер едік. Бұл ауыр дерт. Міне, қаламгерлері де, сыншылары да мұндай ауыр дертке ұшыраған ұлттың әдебиеті дамуы, өркендеуі мүмкін емес. Ал ұлттық әдебиеттің бұлайша құлдырауы сол елдің экономикасының құлдырауынан әлдеқайда қауіпті де қатерлі. Біздің қазіргі әдеби сын деп баспасөзде жарияланып жүрген дүнияларымызды сын дегеннен гөрі мақтау, мадақнама десе дәлірек келер еді. Қазақтың осы мақтаншақтық кеселін Абайдан артық айтқан пенде жоқ. Біздің әдебиетшілеріміздің бүгінде «әдеби сын» деп жазып жүргендері сын емес, бастан-аяқ мақтау. Олар сол арқылы жеке авторларға да, жалпы әдебиетімізге де зор кеселін тигізуде. Бізге бүгін осы кеселден тезірек арылуды қажет ететін күн туып тұр. Нағыз қаламгер адам мақтау айтуды парызым демей, сын айту парызым деп білуі керек. Қайран қазекем мұны «Дұшпан күлдіріп айтады, дос жылатып айтады» деп, бір-ақ ауыз сөзбен қайырыпты ғой. Жалпы мақтау атаулының сыннан әлдеқайда қауіпті екені ықылым заманнан бері айтылып келеді. Қайсысы екені есімде жоқ (әлде Гельвеций ме?), бір философтың «Бір мемлекеттің патшасын мақтап-мақтап мемлекетімен қосып жоқ қып жіберуге болады» дегенін оқығаным бар. Біле білсек, ананы да, мынаны да мақтап-мақтап әдебиетті құртып жіберуге болады. Иә, бүгінгі әдеби сынымыз бірыңғай мақтауға арналғаны сондай, олар кейде кісі күлерліктей болып жазылып жатады. Әнебір жолы бір сыншы алпысқа толып жатқан ақын туралы мадақнама жазып, оған «Ұлар үнді Ұлықбек» деп тақырып қойыпты. Бұл жерде ол әлгі ақынның аты «Ұ» қарпінен басталатындықтан кілең «Ұ», «Ү» дегендерді тізбектеп, дыбыс қуалаудың қызығына батып кетіп, ақынды күлкіге айналдырғанын да байқамай қалған. Өйткені, ұлар дегеніңіз тастан-тасқа секіріп, қыт-қыттап жүретін тауыққа ұқсас жәй бір құс.
Иә, әдеби сынның жоқтығы, бірыңғай мақтау әдебиетті де, қаламгерлерді де моральдық жағынан құлдырауға әкеп соқтырады. Осы күні әкімдерге, министрлерге, байларға арнап өлең жазып «мал тауып» жүргендер ақындар арасында екінің бірінде кездеседі. Тіпті, сол әкімдердің, байлардың ата-бабасын мақтап, олар би болған, батыр болған, көріпкел әулие болған деп бастап, поэма жазып ақша алып, машина мініп жатқандар қаншама? Қарапайым халық, қалың оқырман соларды көзі көріп отыр. Ендеше, бұл әдебиеттің құлдырауы емей не? Өйткені, ондай арнау өлең, арнау поэма, дастан шын жүректен, жан тебіренісінен шықпайды. Олар бастан-аяқ жалған дәріптеуден, жалған мақтаудан, өтірік шабыттанудан, өзін-өзі қинаудан, ұйқас қуалап бірді айтып, бірге кетуден, өтірік ойшылдықтан, ой қарама-қайшылығынан, ой жүйесіздігінен, ғылыми жүйесіздіктен ғана тұратын, дәйексіз шатып-бұтуларға толы болады.
Әдетте қай елде де әдебиеттің құлдырауы қаламгерлердің де ар-ожданына, моральдық тазалығына зор зиянын тигізеді. Бұл, әсіресе, мемлекеттік деңгейдегі атақ, сыйлықтарға ұмтылыс кезінде анық байқалатын болады. Мұндайда бір адам мемлекеттік сыйлық иегері атағы үшін ар-ұят, намыс атаулыны жиып қойып, 5-6 қайтара таласқа түсе береді. Кейін өлдім-талдым дегенде, жылап-еңіреп осы атақты алғандар өзінің аты-жөнінің тұсына мемсыйлық иегері деп қалай ұялмай жазып қоятынына да таңданасыз. Егер әдебиет құлдырамаған, әдеби сын мықты болса мұндай келеңсіздіктің бірі де болмас еді-ау дейсің іштей. Осы күні жасы жетпісті алқымдап қалған бір ақын осыдан біраз бұрын «Қонаевқа арнап жүзден астам, Момышұлына арнап жүзден астам, Махамбеттің 200 жылдығына арнап 200 өлең жаздым» деп лепіріп тұрғанын көзіміз көрді. Бұл кісінің бір мықтыға арнап бір кітап өлең жазғанын да білетінбіз, сондықтан іштен күлдік те қойдық. Жұрт анасына, әкесіне арнап бір-екі өлең жазады. Ал мынанікі неткен шалқар-шабыт, анау үш адамға деген неткен мөлдір махаббат? Тіпті, ол осы үшеуінің бүкіл батырлығы мен ерен еңбегін көзімен көріп, сол Қонаевпен, Момышұлымен, Махамбетпен үзеңгі қағыстырып қасында жүрген болса да оларға арнап шығарылған мұншама көп өлең шын жүректен шыққан әдеби дүние дей алмайсыз ғой! Осының бәрі ең алдымен бүгінгі әдебиетімізде қисықтың түзелуіне, жартының бүтінделуіне жол сілтеп, ақты – ақ, қараны – қара деп ақиқатты айтып отыратын сын жоқтығының кесірі екені рас.
Қазір жас ақын-жазушыларға сын айтсаң біреулер «өйтуге болмайды, жастарды қанаттандырып отыру керек» деп, енді бірі «жастарды қолдау керек» деп, арзан ақылсымақ айтатын болды. Олар қанаттандыру мен сын айту мүлде екі түрлі нәрсе екенін не білмейді, не жалған ақсақалдығын көрсетіп қалғысы келеді. Өткен жылы «Ақ желкен» журналына жас ақындар шығармашылығы туралы сұхбат беріп, солардың ішінде екі жас ақынды қаттырақ сынға алдым. Біреуі А.Елгезек, екіншісі Б.Қарағызұлы деген жігіттер. Алдында бұл екеуінің де интернетшіл екенін (қазір де солай!) көріп жүретінмін. Содан не болды дейсіз ғой. Интернетте бірін-бірі оқып, бірін-бірі толықтырып, насихаттап отыратын «достар» деген болады. Бұл екеуінің сол интернеттес «достары» «Маугли» фильміндегі ағаштан-ағашқа, бұтақтан-бұтаққа секіріп, қора-қора боп шиқылдап жүретін бандерлогалардай шуылдап мені талап тастады. Әуелі айқай-шуды менің сыным шабына шоқ түскендей тызылдатқан осы екі жігіт бастады. Мен әсіресе А.Елгезек деген жігіттің өлеңдерінен үзінді шумақтар келтіріп, оларда ешқандай шынайылық жоқ, не жүйе жоқ, жолдар бір-бірімен үндесіп, бірлесіп тұрған жоқ, жалпы оқырманды сендірмейтін жалған ойшылдық, жалған мұңшылдық екенін, білімді болып көрінемін деп термин сөздерді орынсыз тыққыштай беретінін көзі сау адам көретіндей, есі дұрыс адам түсінетіндей етіп-ақ талдап көрсеткенмін. Амал не, интернетте әлгілердің у-шу болғанына қарап адамгершілік ар-ұяты бар, текті адамдар ғана өзіне айтылған сынды дұрыс қабылдай алады екен-ау дедім іштей. Осындайда еске түседі, академик Серік Қирабаев: «…Сынағанды кім жақсы көрсін, әуелі ренжитін де, ашуланатын да адамдар болады, амандаспайтындар болады», – дей келіп, өзі Қапан Сатыбалдин мен Асқар Тоқмағамбетовті қалай сынағанын, қазақ әдебиетінің сол қос тұлғасы ол сынды қандай керемет ақыл-парасатпен қабылдағанын мысалға келтіреді. Иә, нағыз текті, дегдарлы адамдар ғана сөйтеді. Ал мұндай асыл қасиеттері кемшін адамдарға оның мінін, кемшілігін айтып сынасаң, табанымен шоқ басып кеткендей шоршып түсіп, айналасын шаң-шұң, айқай-шуға толтырады. Сенбесеңіз менің сол сыныма интернетте берілген жауаптардың түрін қараңыз: «Жадыра, өзің жариялаған кезекті (?) сыншысымақтардың сандырақтарын оқып шықтым». «Мен Ақберен Елгезек, Мырзан секілді мыжырайған шалдар әдебиеттен кетпей, біздің әдебиет жалған өмірдің логикасына бағынатын (?), не қиялы, не құрығанда өзі айтқандай «еліруі» жоқ қасаң, талқандай құрғақ тақпақтардан тұратын өлімсіреген дүние болып қала бермек деп мәлімдеймін». «Мен тек қазақтың қай саласының болмасын (?) дамуына қарсы болатын керітартпа көрсоқырларға үнемі қарсылық білдіремін, қорықпай соғысамын», «қуанышыма орай, Мырзанчик, Аманханчик (ақын Аманхан Әлім ұлын айтып отыр.-М.К.) және сол секілді өте таяз ойлайтын, кеңестік цензурамен таланған мәңгүрт шалдардың заманы аяқталып келеді. Құдайдан басқасы, ешкім мәңгі емес». «Аманханның амалы жоқ. Мырзан да Тарзан боп кетсе де, әдебиеттегі жаңалықты, жаңа үрдісті тоқтата алмайды». «Жазса, оған жаңалықты жатырқайтын баспасөздің басшылары әдейілеп қаламақы төлер». «Менің өлеңдерім Мырзан, Аманхан секілді халтурщиктерді асыраса – менің бұл өмірде біреуге болса да пайдамның тигені деп білемін», – дейді.
Ал, Бауыржан Қарағызұлының өлеңін сынағаным үшін: «Мырзан менің бір шумақ өлеңіме татымайды. Қысқасы – қыртпасын!» – деп «жауап» жазды. Бұрын әдебиетте қарсы мақала деген болатын еді. А.Елгезек пен Б.Қарағызұлының «қарсы мақаласы» «сандырақтамасын» мен «қыртпасыннан» тұратынына қарап-ақ, бұлардың жалпы әдеби сауатының деңгейін анық аңғарасыз.
Міне, біздің бүгінгі жас ақын-жазушылар деп жүргеніміздің өздерінің де, сөздерінің де сиық-сықпыты осындай! Осылар қазақ әдебиетін, әсіресе поэзиямызды ілгеріге жетелейді деп ойлай аласыз ба? Ал, А.Елгезектің жоғарыда біз астын сызған «қай саласынан болмасын», «қуанышыма орай», «цензурамен таланған» деп орысшадан аударып сөйлейтінінен-ақ қазақша төгілтіп сөз саптай алмайтыны көрініп тұрған жоқ па?! Осылайша «где-бы не был», «к моей радости», «растерзанный цензурой» деген орыс сөз тіркестерінен «подстрочный перевод» жасап сөйлейтін адам қазақ поэзиясына үлес қосатын өлең жаза ала ма?! Оның тіл білмейтіні «жаңа үрдісті тоқтата алмайды» деп, процесс сөзін үрдіс қып алуынан-ақ көрініп тұр. «Үрдіс» дегеніміз салт-дәстүрдің синонимі. Оны «үдеріспен» шатыстыру нағыз білімсіздік. Ал Б.Қарағызұлының «қысқасы, қыртпасыны» да бүгінгі әдебиетіміз бен әдеби сынға деген көзқарастың, қаламгерлік қасиеттің әбден құлдырағанын ап-анық көрсетіп тұр. Әнебір кезде есімі алты әлемге әйгілі жазушы Әбдіжәмил Нұрпейісұлының «Қан мен тер», «Соңғы парыз» романдарындағы кейбір тұстарына баспасөзде де, теледидар арқылы да сын айтқанымызда не ол кісінің өзі, не оның тұстастары дәл мыналардай арсылдаған жоқ. Қасында болған адамдардың айтуынша, қайта ойланыңқырап, үнсіз қалған секілді. Біз әдебиетке енді араласа бастаған кезде баспасөзде «Сынға – сын» деген айдар болатын. Егер шығармаға айтылған сын дұрыс болмаса, сол сынның қателігі атап көрсетілетін, сөйтіп шығарманың шынайы бағасын беруге көмегін тигізетін. Ал осы екі жігіттің өлеңдеріне біз айтқан сынға қатысты олардың 20-ға жуық «интернет достарының» у-шуын принтерден шығарып алғанымда, 15-парақтай болды. Сол 15 парақтың ішінде ол екеуінің Әсел Мұздыбай деген «досы» айтқандай «поэзиядан өз орнын ойып тұрып алғандығын», «мыңдаған оқырманы барлығын», Дина Төлекова «досы» айтқандай «күллі қауымның «көзайымына айналғанын», «сынның өте дөрекі жазылғанын» дәлелдейтін бір ауыз дәлелі болсайшы, жарықтықтардың. Бастан-аяқ бандерлогша шуылдау мен бетбақтықтан, дәйексіз құр айқай, жалған намыстан өзге дым жоқ. Оның орнына әдеби сынды неге басасыңдар деп «Ақ желкеннің» қыздарына қайта-қайта шүйлігу басым. Тіпті әдебиетке қатысы жоқ Айдар Қырықбай деген «досының»: «Мырзан Кенжебай қызына қазақша үйретіп алсын», – деп лағып кеткені де әдебиетке, әдеби сынға көзқарастың қандай аянышты күйге түскенін көрсетіп тұрғандай еді.
Иә, өзіне айтылған сынды дұрыс қабылдай білу немесе ол сынның қате екенін нақты мысалмен дәлелдеу қанында аз да болса тектілік бар адамның ғана қолынан келеді. Кезінде өз басым Т.Медетбек, Ұ.Есдәулет, С.Тұрғынбеков, К.Ахметова сияқты белгілі ақындардың өлеңдеріне сын айтқаным бар, баспасөз бетінде. Бірақ солардың не өздері, не қатарлары дәл мына жастарша қасқыр шапқандай шуылдаған жоқ. Қайта кездескенде қол алысып, жылы-жылы сөйлесетін болдық. Бұл да аға буынға ана сүтімен келіп қанына біткен, сүйегіне сіңген, тектілік, қасиеттілік шығар, сірә! Сол аға буынның бір «әттеген-ай» дегізетіні – олар кейде алдына келген жасты көңілін қалдырмай оп-оңай мақтап, тіпті еш дәлелсіз керемет дей салатыны бар. Қолдамасын демейміз, бірақ әрнәрсе өз орнымен! Орынсыз мақтаудың әдебиетке, жас қаламгерге пайдасынан зияны көп. Кезінде өзінің осындай қателігін Ғабит Мүсірепов те мойындаған. Біз айтып отырған интернетке «жауап жазғандардың» ішінде «оны Есенғали, Ұлықбек мақтаған, сын айтатындай сен кімсің?» деген де сөздер жүр. Бұл да қараңғылықтың бір түрі деп қоя салар едік. Бірақ мұның пайдасынан залалы басым екені А.Елгезек пен Б.Қарағызұлының «интернетный другтарының» байбаламынан-ақ көрініп тұр. Біз қазір ананы да, мынаны да неше түрлі сыйлық лауреаты атандырып, небір тыпырлаған тұғырларды – тұлпар, қарқылдаған қарғаларды сұңқар атандырып қойғанымыз жетер…
Иә, әдебиетіміз мүлде құлдырап, жойылуға таяды деп те, өсіп-өркендеп, шығандап кетті дегелі де отырған жоқпыз. Олай деуге ешкімнің хұқы да, хақы да жоқ. Ал біз жаңа әдебиет жасап жатырмыз, шалдар құрымай әдебиетіміз дамымайды деп орынды-орынсыз шетелдік қаламгерлердің атын атап, білімді болып көрінем деу, өзіне айтылған сынға ұрысқақ әйелдерше өзі де шаңқ-шаңқ етіп, өзгелерді де тарту ақылсыздық, көргенсіздік. Ол – көкірек көзі ашық, адамның ісі емес.
Иә, өзіне айтылған сынның оңын – оң, терісін – теріс деп салауатты жауап беру үшін де үлкен парасат, адамгершілік қасиет керек. Әттең, сол қасиет бүгінгі кейбір жасы алпыстан асқандарда да кемшіндеу екені көрініп қалатынын қайтерсің. Өзінің өлеңдеріне қаттырақ сын айтылған бір азамат жақында баспасөзде: «Ит жоқта шошқа үреді қораға…» дегендей әдебиеттің ауласында жолбике сыншылар қаптап кетті, олар қалай болса солай сын жаза береді», – деді. Бұл не деген бейпілауыздық. Бұл бір. Екіншіден, оның сыншылар қаптап кетті дегені шіп-шикі өтірік. Керісінше, біздің сын тек бірін-бірі мақтауға айналғалы қаш-ш-ан. Бұл жерде ол өзінің өлеңін сынаған мақала авторына өзі айтқандай «аула» тілімен жауап беріп отыр. Қазақ жолбике деп қандай әйелдерді айтатынын талдап, түсіндіріп жатпай-ақ қоялық. Бірақ оның сыншыларды «жолбике» деуі нағыз мәдениетсіздік пен көргенсіздіктің үлкен бір «үлгісі». Ал белгілі сыншы Б.Сарбалаевтың бүгінгі сынның ахуалына байланысты: «Бүгінгі нарық заманында бәрін ниет пен қаржы шешеді (?). Біз бейшара кедей, кембағал ел емеспіз. Ниет табылса (?), көзқарас түзелсе (?) қаржы табылады. Ендеше, Елбасы айтқанын елеусіз қалдырмай, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі ақша бөлсе, ҚР Білім және ғылым министрлігі мойын бұрса, қазақ әдебиеті сыны халықты қалыптастырушылық қалпына (?) келеді, жас, жаңа сыншылар легі туып-жетіліп, қалыптасары хақ. Даусыз. («Қаламгер» №2. сәуір, 2013), – дегенінен не ұғасыз? Сонда әдебиетке батыл сыншылар келуі үшін де бір министрлік ақша бөліп, екінші министрлік «мойын бұруы» керек пе? Не деген боссөзділік? Міне, осы жерде әдебиет дамуының басты шартының бірі – сын екеніне, бізде сол сын айтқан адамға қарсы көргенсіз біткен көсем боп, керауыз біткен шешен боп (әлгі ақынша жолбике демей-ақ) байбалам салатынына Айгүл Кемелбаеваның: «Сынға қиянат жасап жүрген бір жұмбақ құбылыс – қазақтың санасындағы үлкенге тіл тигізбеу, құрметтеу және тайпалық жіктелу болар. Бұл адамшылық қағидаларына дөп келгенімен, әдебиетке жүрмейді. Ол әдебиетті асылдандырмайды, қайта қарабайырландырады. Жазушылықта жас категориясы болмайды», – деген сөзі бұлтартпас дәлел бола алады.
Ақсақалдың аты – ақсақал ғой, академик Серік Қирабаев: «Пушкин сынды ғылым деген. Бүкіл әдебиеттің дәрежесі – сынның дәрежесімен өлшенеді деген, Белинский де осы сөзді көп айтқан, жұрт сынды жақсы көре бермейді», – дей келіп: «Қай заманда болсын сыншыға үлкен қолдау керек», – дейді. Бүгінгі әдеби сынымыздың жәй-күйіне хал-қадарымызша шолу жасай келіп, әңгімені абыз ақсақалымыздың осы сөзімен тәмамдауды жөн көрдік.

Мырзан КЕНЖЕБАЙ
(«Ақ желкен», №9. 2014 жыл)

Сізге ұнауы мүмкін...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: