«Қазақша түс көретін» АҚШ қызы

7-сыныпта оқып жүрген кезім. «Ұланның» ең бірінші бетіне «Америкалық мұғалім қазақша сөйлейді» атты шағын мақалам шыққан еді. Біздің мектепте үш жыл бойы сабақ беріп, қазақ тілінде еркін сөйлейтін дәрежеге жеткен шетелдік ұстазымыз туралы жазған болатынмын. Есімі – Тереза. Арада 8 жыл өткен соң, әлгі апайыммен Алматыда кездестім. Ойда-жоқта…

«Абай жолын» бізден бұрын оқыды

2005 жыл. Мектебімізге АҚШ-тан мұғалім келетін болды. «Америкадан келеді» дегенді ести сала асыға күттік. Қып-қысқа көйлек киіп, бет-аузын бояп алған көк көз апайды елестетіп қоямыз өзіміз-ше. Голливуд киноларынан көргеніміз ғой. Бір күні сабағымызға жиырма бестердегі жас қыз кіріп келді. Тобыққа түсетін ұзын белдемше, үстіне сарғыш бешпет киіп алыпты. Онысының жеңін қайта-қайта тартқыштай береді. «Салэмэтсиндэр мэ, балалар! Бугиннэн бастап сэндэргэ агылшын тилин мэн уйрэтемин» – деп, күлімсірей қарады бізге. Біз Терезамен осылай таныстық.
Тереза Пармер АҚШ-тың Индиана штатынан келген екен. Алғашында қазақшаға тілі сынбай, сәл қиналып жүрді. «Мен сендерге ағылшын тілін үйретемін, сендер менің қазақшамды дұрыстаңдаршы» деп өтінетін. Бірнеше айдан соң-ақ Тереза қазақшаға тәп-тәуір төселіп қалды. Қашан көрсең, қолынан кітап түспейді. «Махаббат, қызық мол жылдарды» бір аптада тауысты. Одан соң «Абай жолын» бастады. Шынымды айтсам, ол романды сол кездері, тіпті, біздің өзіміз оқымаған едік.
«Тереза, руың кім?» дейміз ғой біз әзілдеп. «Шаштымын» деп жауап береді ол. Шашты – қыпшақтардан тарайтын кішігірім ру. Неге олай айтатынын түсіндірейін. Үш жыл бойы Тереза қазақ отбасымен бірге тұрды. Үй иелері Шаштылар әулетінен болатын. «Енді сенің руыңды сұраса, шаштымын деп айт» деп үйретіп қойған екен. Онысын қызық көретіндер күнде сұрайды. Сұрағандардың бәріне күлімсіреп тұрып, «шаштымын» дейді. Жаңылыспайды.
Тереза біздің елде үш жыл тұрды. Қазақстаннан кетерінде көзіне жас алып тұрып: «Үш жылда әбден бауыр басып қалыппын. Сіздерді қимаймын. Мені қазақ қызы қылып тәрбиелегендеріңіз үшін шексіз ризамын. Америкада бір қыздарыңыз жүр деп білерсіздер…» – деген болатын. Ақкөңіл апайымызбен осылайша қоштасқан едік.

Қыздарына Жансамал мен Құралай деп ат қойған

Арада 8 жыл өткен соң, Терезаны тағы да жолықтырдым. Мына кездейсоқтықты көрмейсің бе?! Автобуста кетіп бара жатқам. Кенет аялдамада тұрған сары шашты келіншекке көзім түсті! Тереза! Еш өзгермеген, сол қалпы… Жұмысқа келе сала, аты-жөнін теріп, әлеуметтік желіден тауып алдым да, хат жаздым. Екі күннен соң кездестік.
Тұрмысқа шығыпты. Жұбайы Майкл өз диссертациясын зерттеу үшін Фулбрайт-Хейз атындағы шәкіртақыны жеңіп алған екен. Диссертациясының тақырыбы – «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама». «Жаңа жылға дейін отбасымызбен осында боламыз», – дейді Тереза.
Терезаның екі қызы бар. Аттары кім дейсіңдер ғой?! Жансамал мен Құралай! «Туыстарың қазақша ат қоюларыңа қарсы болмады ма?» деймін таңғалып. «Сендерге сабақ беріп жүргенімде, Ақсамал деген шәкіртім болды. Есіміне қатты қызықтым. Тұңғышым өмірге келгенде, соған ұқсастырып, «Жансамал» деп атадым бірден. Мағынасы керемет қой! Туыстарыма да түсіндірдім, жан – «soul», самал – «breeze» деп. Маған ұнайтын есімдердің бірі Құралай еді. Екінші қызыма сол атты қойдым», – деді ағылшын апайым күлімсіреп. Айтпақшы, Тереза тұрмысқа шыққанда, біздің мектептегі ағылшын тілі пәнінің бір мұғалімін тойына шақырған екен. Мектеп ұжымының атынан Терезаның жасауына деп, АҚШ-қа құрақ көрпе мен жастық ала барыпты.
Бүгінде жұбайы Майкл да қазақша үйреніп жүр. Тереза маған әңгімесін айтып отырып, «государственный» деп қалған еді, Майкл ағай «мемлекеттік демейсің бе» деп дереу түзетіп жатыр. Онысына ішім жылып қалды.

АҚШ мектептерінде сынып жетекші мен староста жоқ

Өзі мұғалім болған соң, реті келгенде, АҚШ-тағы білім беру жүйесі жайлы да сұрадым.
– Америкалық балалардың 88 пайызы мемлекеттік мектептерде білім алса, қалғандары жекеменшік оқу орындарына барады. Жекеменшік мектептердің бағасы ұшып тұр. 10-15 мың доллар көлемінде!
– Онда да орта білім біздегідей 11 сыныптық па?
– Жоқ, біз 12 сынып оқыдық. Жалпы орта білім үш деңгейден тұрады. 1-5 сыныптар «elementary school», 6-8 сыныптар «middle» немесе «junior-high school», ал 9-12 сыныптар «high school деп аталады.
– Бір сыныпта шамамен қанша оқушыдан?
– Бұрын бір сыныпта шамамен 25-30 шақты шәкірт оқитын. Қазір олардың саны артты. Елде қаржылық дағдарыс болғандықтан, халықта ақша аз. Көбі балаларын мемлекеттік мектептерге беріп жатыр. Оқушы көп, орын жеткіліксіз. Бірақ америкалықтар үшін «сыныптас» деген ұғым жоқ. Өйткені 6-сыныптан бастап, әр оқушы өзі қалаған пәндерді ғана таңдайды да, тек сол сабақтарға қатысады. Ағылшын тілі, математика, тарих секілді міндетті пәндерден басқа кездері олар топ болып, бір аудиторияда отырмайды. Сынып жетекшісі мен староста да жоқ.
– Мектеп формасын кию міндетті ме?
– Жоқ. Тек жекеменшік мектептерде оқитын шәкірттер ғана бірыңғай форма киеді. Басқаларында – еркін киім үлгісі.
– Фильмдерден көріп қаламыз, әр оқушының өз «жәшігі» болады. Оқулық, киім, басқа да қажетті заттарын соның ішіне салып, есігін құлыптап кетеді. Сонда әлгі бала үй тапсырма-сын қалай орындайды? Әлде сіздерде үй тапсырмасы берілмей ме?
– Неге берілмейді (күліп)?! Беріледі. Егер үй тапсырмасы үшін оқулық қажет болса, онда оқушы 1-2 күн бұрын оқулығын үйіне алып кетеді. Кей тапсырмалар үшін оқулық керек емес, ондайда артық жүкті ары-бері тасымау үшін осындай жәшіктерді ойлап тапқан.
– Бағалау қандай жүйеде?
– Әріптік жүйеде. Қазақстандағыдай бестік, төрттік деген жүйе жоқ. A – деңгейі өте жақсы: білімі терең, дайындығы мықты, В – үлгерімі жақсы, С – орташа, D – қанағаттанарлық, F – оқу бағдарла-
сын мүлдем білмейді деген сөз. Сыныптан-сыныпқа көшу үшін оқу үлгерімі С бағасынан төмен болмауы керек.
P.S. Терезамен кешке дейін әңгімелесуге бармын. Әттең, басқа шаруаларым көп. Бастысы, қысқа дейін осында боламын дейді. Оған дейін де талай кездесерміз…

Ботакөз ИКРАМОВА
(«Ұлан», №38 23.09.2014)

Сізге ұнауы мүмкін...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: