KFC немесе полковник Сандерстің тауықтары

Фастфуд қанша зиян десек те, одан түбегейлі бас тартар түріміз жоқ. Ал әлемдік бренд қатарындағы жылдам әзірленетін тағам ішінде McDonald’s пен KFC-дің бәсі жоғары. МакДональдстің тағамдары денсаулыққа зиян деп сыналса, KFC атасы тауықтарды «құрбан» етуімен талай сынға ұшыраған. Біз бүгін әлемге қуырылған тауықтарымен әйгілі болған KFC-дің атасы – полковник Сандерс туралы әңгімелекпіз. 6 сыныптық қана білімі бар Сандерс кейін қалай миллионерге айналғанын білгілерің келе ме? Бірақ, ол сөзімізге қарап, «жетістікке жету үшін оқудың қажеті жоқ екен ғой» деген асығыс ойдан аулақ болыңдар, балалар.

Бауырларына ас дайындаудан басталған аспаздық

Гарланд Сандерс 1890 жылы 9 қыркүйекте Америкада жұмысшы отбасында дүниеге келген. Балалық шағы қиындықпен өткен. Әкесі Генривилль қаласында ұсақ-түйек жұмыс атқарып, нәпақа тапқан. Анасы жұмыс істемейтін, үйдегі үш баланы қараумен айналысатын. 6-сыныпта оқып жүрген кезінде Гарландтың әкесі кенеттен қайтыс болып, оның өмірі күрт өзгеріске ұшырайды. Анасы балаларын асырау үшін түрлі жұмыстар атқара бастайды. Ал үйдегі інісі мен қарындасына қарау міндеті кішкентай Гарландқа жүктеледі. Осы жайт оның өмір жолына өзгеріс енгізді десе де болар. Өйткені, анасы үйде жоқта ас дайындауды үйренген Гарланд, сол аспаздық қасиетімен тез арада көптің мақтауына іліге бастайды. Алайда, бала Гарланд мектептегі сабағынан қол үзіп қалады. Ол анасына қолғабыс ету үшін көрші Гринвуд қаласына фермаға жұмысқа барады. Бұл уақытта анасы екінші мәрте тұрмысқа шығады. Үй ішінде қаражат мәселесі біраз шешілгенімен, Гарланд өгейлікті сезіне бас-тайды. Содан бәрін тастап, 15 жасында басқа қалаға жұмыс жасауға кетіп қалады. Ауыл шаруашылығымен айналысқысы келмей, трам-вай кондукторы болып орналасады. Ал бір жылдан соң Кубаға әскерге сұранады. Бірақ, әскерге қабылдануға жасы әлі жетпейтін. Сөйтіп, ол туған жылын екі жасқа ұлғайтып алады. Әскери болуды жанына жақын көрмеген Гарланд жылға жетпей тағы өзгерісті қалайды. Содан АҚШ-тың теміржол компаниясына от жағушы болып орналасады. Осы кезде тұрақты қаражат таба бастап, ол Клавдия есімді аруға үйленеді. Өкініштісі, үйленген бетте жұмысынан айрылып қалады. Осылайша, Гарланд қырық жасына дейін түрлі болмашы жұмыстардың сан түрін атқарып шығады. Оның үш баласы болады.

Сандерстің имиджі

1950 жылдан бастап Сандерс жеке имиджін қалыптастыра бастайды. Сақал өсіреді. Көпшілік алдында тек ленталы галстугымен, ақ костюммен ғана жүреді. Өмірінің соңындағы жиырма жыл бойы ол басқа киім кимеді. Тек, қыста қалыңдау тоқыма ақ костюм кисе, жазда дәл сол стильдегі костюмнің жұқасын киініп шығатын. Бәрінің жадында ол сол қалпымен есте қалды. Бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінде KFC мейрамханаларының логотиптерінде сол имиджімен бейнеленген.

Сандерстің миллионға дейінгі бес қадамы

1. Ол атқарған жұмыс түрлері: ферма жұмысшысы, трамвай кондукторы, америкалық әскер жауынгері, ұстаның көмекшісі, паровоздың от жағушысы, соттағы заңгерлік курстардың тәлімгері, сақтандыру агенті, жүк тасушы, кеме капитаны, автокөлік дөңгелектерін сатушы және көлік жөндеуші.
2. 40 жасында өмірі өзгеріске түседі: Сандерс жеке шаруамен айналысуды ойлап, көлік жасау шеберханасын ашады. Сол жерге көлігін жасатуға келгендерге қосымша  жасап сата бастайды. Ол Кентукки штатындағы Корбин бекеті еді. Бұл жол бойында ерсілі-қарсылы бағыттарда жол жүретін адам қатары таусылмайтын.

Сандерс бейнесі

● Полковник Сандерстің лақап аты Мэл Брукстың «Ғарыштық жұмыртқалар» әзіл фильмінде қолданылған. Фильмнің жағымсыз кейіпкерлерінің бірі полковник Сандурз деп аталады.
● Жапон жазушысы Харуки Муракамидің «Жағажайдағы Кафка» романында полковник Сандерс кездесетін эпизодтар бар.
● Жапониядағы KFC алдында полковник Сандерстің ескерткіші бар.

3. 47 жасында тұтынушылар көңілінен шыға бастағанын түсініп, жеке мейрамхана ашады. Себебі, Сандерстің шеберханасындағы қуырылған дәмді тауықтары туралы аңыз алысқа тарай бастайды. Соның арқасында ол көлік дөңгелегін жөндеуді қойып, 142 орындық мейрамханасы бар қонақүйде ас дайындай бастайды. Ол мейрамхананы көпшілік «Полковник Сандерстің кентуккилік қуырылған тауықтары» деп атап кетті. Кейін ол жер Гарланд Сандерстің мұражайы мен дәмханасына айналды. Келесі тоғыз жыл бойына ол тауықты дәмді қуырудың түрлі әдістерін ойлап табумен шұғылданады. 1935 жылы губернатор Руби Лафонның қолынан «Кентукки полковнигі» құрметті атағын алады. Ал 1950 жылы губернатор Лоренс Везербидің қолынан осы атаққа екінші мәрте ие болады. Шын мәнінде, Сандерс ешқашан әскери қызмет атқарған емес. Полковник атағы оған қоғамдық белсендігі үшін берілген. Жеке ісі дами бастағанда Гарланд қоғамдық жұмыстармен белсенді түрде айналыса бастайды.
4. 62 жасында полковник Сандерс ісі тоқырауға ұшырайды. Өйткені, оның мейрамханасы сәтті орналасқан жол торабының бағыты өзгеріп, оның тұтынушылары күрт азаяды. Сол жасқа дейін жеке мейрамханасы бола тұра, Сандерсті миллионер деу қиын еді.

Сандерс ұсынған ноу-хау түрлері:

1. Тауықты маринадтауға арналған 11 түрлі нәрсе қосылған арнайы дәмдеуіш.
2. Тауықты жылдам қуырудың технологиясы. Ол әдеттегі 30 минут емес, 15 минутта жылдам әзірлеу әдісін тапты.

5. Кәсібін тоқыраудан құтқару үшін ол тауықтарын (балапандарын) басқа мейрамханаларға сата бастайды. Сөйтіп, ол Американы аралап, балапан етін дәмді қуырудың әдісін үйрете бастайды. Тапсырыс берушілерді табу да оңайға соқпады. Әуелде ол өзінің әрбір қуырылған балапан еті үшін мейрамханалардан бар-жоғы 5 цент қана алатын. Бірте-бірте полковник авторлығы үшін қаржының үлесіне ие болып отырды. Сөйтіп, ең ақыры 70 жасында миллионер атанады. Содан 60-жылдардың басында АҚШ-та Гарланд Сандерстің бірнеше жүздеген мейрамханасы пайда болды. 1964 жылы Сандерс корпорациясын кіші Джон Браун есімді кентуккилік кәсіпкерге 2 миллион долларға сатады. Компаниясы бренд ретінде танылып, өзі соның «келбетіне» айналады.

Сандерстің құпиялары

Гарланд Сандерстің қуырылған дәмді тауықтарының дайындалу құпиясы туралы бәрі де білгісі келе бастайды. Бірақ, ешкім де Сандерстің құпиясын таба алмайды. АҚШ-та бірнеше аспаздық кітап авторлары Сандерстің құпиясы туралы өз нұсқаларын жазады. Компанияның өзі дәмдеуіштің дайындалу әдісі туралы тек бірнеше адам ғана біледі дейді. Әйткенмен, ол адамдардың тізімі ерекше құпия сейфте ғана сақталып келеді.

Сандерстің өзі болмаса да, KFC бар

Ол 1980 жылы 16 желтоқсанда 90 жасында Кентукки штатында өкпе қабынуынан көз жұмады. Сандерс өмірінің соңғы жылдарында ғана өзіне көңіл бөле бастайды. Ауыр жұмыстан демалуды үйренеді. Саяхаттайды. Гольф ойнайды. Әйелі Клаудия екеуі Claudia Sanders’ Dinner House атты жеке мейрамхана ісін жүргізеді. Қысқасы, полковник қазасынан кейін де KFC өз жұмысын тоқтатпады. Дәл қазір бұл компанияда әлем бойынша 25 мыңға жуық адам қызмет жасайды. Былтыр компанияның жылдық табысы жарты миллиард долларға жетті.

Қарлығаш ДОСАНОВА
(«Ұлан», №38 23.09.2014)

Сізге ұнауы мүмкін...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: