Алаштың арланы – Мұстафа

Мұстафа Өзтүрік! Азаттықтың алғашқы жылдарында бұл есімді білмейтін адам жоқ еді. Себебі, таэквондо спорты ауызға алынса болды, Мұстафаның есімі қатар аталатын. Олай болатын да жөні бар. Шығыс жекпе-жегінің дәл осы түрін Қазақ топырағына, қазақ қана емес-ау, бүкіл түркі әлеміне осы Мұстафа Өзтүрік әкелген болатын.
Мұстафаның атамекенге оралған сәтін көзі көргендер әлі күнге дейін аңыз қылып айтып жүр. Қазақстанның азаттық алғанына алғаш болып қуанғандардың бірі осы Мұстафа болыпты. Қуанып қана қоймай, Қазақстанға оралуға, қазақ топырағына таэквондо спортының дәнін егуге асықты. Қазақтың қарадомалақ балаларын шығыс жекпе-жегіне баулыды. Сол мақсатта спорт мектептерін ашты. Шыны керек, азаттықтың алғашқы жылдарында шетелдіктер Қазақ елін Мұстафа арқылы таныды.
Мұстафаның арғы аталары Тарбағатай тауларын мекен етіпті. Өзі 1954 жылдың күзінде Түркияның Қайсери қаласында дүниеге келді. Әкесі Қабен мен анасы Рәзия шаңырағын шаттыққа бөлеп, дүние есігін ашқан сәбиге Мұстафа, яғни пайғамбар атын қойды.
Спортшының әкесі Қабен де жастайынан палуандығымен көзге түскен, алып адам болыпты. Қабеннің күш-қайратын ерекше қадірлеген түрік ағайындар өзіміздің қандасымыз, өз түрігіміз деп «Өзтүрік» атап кеткен екен. Осылайша, Қабеннің ұрпақтары Өзтүрік есімін тек қылып ала-ды.
Мұстафа зерек, алғыр бала болыпты. 16 жасында Ыстамбұлдың орта мектебін бітіріп, арнайы жолдама бойынша Тайванға оқуға аттанады. Оқуға ақысыз әрі емтихансыз қабылданып, бес жылда Халықаралық қатынастар университетінің журналистика факультетін бітіреді. Алайда, бір ғажабы, бұл оқу орны студенттерге тек кәсіби білім беріп қана қоймай, спортқа, яғни таэквондоға баулитын болып шықты. Осы мүмкіндікті оңтайлы пайдаланған Мұстафа таэквондодағы алғашқы жаттығуларын бастайды.
Ол кезде спорттың бұл түрі енді ғана тәй-тәй басып, аяғынан тік тұрып келе жатқан болатын. Мұстафа таэквондо тәсілдерін бірден қағып алып, қарсыластарын шақ келтірмей, әлем чемпионы атанады. Тіпті, Тайванда жүріп алтыншы данға дейін жетіпті. Қатарынан алты рет әлем чемпионы атағын жеңіп алып, таэквондоның шыңы – жетінші дан иегері атанып та үлгереді.
Тайванда Мұстафа шығыс жекпе-жегінің шебері – Брюс Лимен бірге оқыды. Екеуі бір мезгілде, бір спорт залында жаттығып, бір сенсейден (ұстаз) тәлім алды. «Таэквондомен қатар, кунг-фу жаттығуына да қатыстым. Брюспен сонда таныстым. Мектепте оны он орап алатын шеберлер бар еді. Бірақ актерлікке келгенде бәрі де Брюстен аса алмады», – дейді Мұстафа бір естелігінде. Бір таңғаларлығы, біздің бала кездегі кумирімізге айналған Брюс Лидің бар жеткен жетістігі төртінші дан ғана екен. Мұстафадан үш дан кем. Алайда, актерлік қабілетінің күштілігінен танымалдығы Мұстафаға қарағанда оқ бойы озық болғанға ұқсайды.
Мұстафа талай халықаралық жарыстарда Тайван атынан шыққандықтан, сол елдің намысын қорғаған. Бірде осындай бір әлемдік жарыстан жалғыз өзі ғана жеңіспен оралады. Жеңімпазды ел президенті Шан Кай Ши қабылдайды. Ел басшысы Мұстафаның қолын алып тұрып, есімін, ұлтын сұрайды. «Қазақпын!» – дейді Мұстафа қасқайып. Сол кезде Шан Кай Ши: «Апырай, Қытайда жүргенімде қазақтармен соғысып едім. Сол қазақтар-дың кесірінен Қытайдан қуылғам. Енді, міне, басқа бір қазақ келіп елімнің мәртебесін асқақтатты», – деп өңі құлазып сала беріпті.

Алматыда Мұстафаның атына көше беріліп, ескерткіш белгі қойылған. Алматы облысы Талғар ауданы Бесағаш ауылында батырдың ескерткіші ашылды.
Режиссер Қалила Омаров «Барып қайт, балам, ауылға» деген фильм түсірді. Мұстафаның өзі де көзі тірісінде бірнеше киноға түскен екен. Соның бірі 1986 жылы Ыстамбұлда түсірілген «Алатай» фильмі.

Оқуын ойдағыдай аяқтап, Тайваннан оралған соң Мұстафа туған жері Түркияға келіп тұрақтады. Кейін Германияға қоныс аударды. Жүрген жерінің бәрінде таэквондо мектептерін ашты. Ыстамбұлда, Кельн мен Мюнхенде Мұстафа Өзтүрік атындағы таэквондо мектептері бой көтерді.
Қазақ топырағына табаны тиген кезде де бұл үрдіс тоқтаған жоқ. Енді таэквондо мектептері Қазақ даласында бой көтере бастады.
«Бұрын әлемді көрдім. Енді өз елімді көрдім. Елді көрудің сезімі басқаша екен. Сол себепті, еліме өз біліміммен, күшіммен көмектесу үшін Қазақстанда қалуды қаладым», – деді Мұстафа. Осылайша, алдына қазақ балаларына таэквондоны үйретіп, чемпиондар тәрбиелеймін деген үлкен мақсат қойды.
Десе де, Мұстафаның өзегін өртеген бір өкініші болған екен. «Өкінетін себебім, халықаралық жарыстарда Қазақстанның атынан қатыса алмадым. Жақсы дайындалып, жарқырай көрініп жүрген кезімде қазақ елінің намысын қорғағанымда, менде арман болмас еді», – дейді. Қазақ елінің атынан өзі кілемге шықпаса да, таэквондо жекпе-жегінің бапкері ретінде жасындай жарқырады. Қазақстан таэквондо (WTF) федерациясының негізін қалап, тұңғыш Президенті болды. Халықаралық дәрежедегі жаттықтырушы атанды. Бексейіт Түлкиев, Қабибек Мұхитов сынды шәкірттерді тәрбиеледі. Бүгінде қазақтың қаншама баласы таэквондоның тізгінін ұстаған болса, соның бәрі де Мұстафа қалаған мектептердің қарлығаштары деуге әбден болады.
Өкінішке қарай, аты аңызға айналған атпал азамат қапияда қаза тапты. Қырыққа қараған шағында артына ұлы Нәзірбек пен қыздары Аслыхан, Неслиханды қалдырып, асығып кете барды. Сүйегі анасының өтініші бойынша Ыстамбұлда жерленді.
Мұстафа тамаша спортшы ғана емес, өте алғыр, білімді, өресі биік азамат болған. Қазақтың салт-дәстүрін, діні мен тілін, өнері мен мәдениетін құрметтеп өткен. Әлемнің алты тілінде еркін сөйлеген. Мұстафаның жары Нұрилә Өзтүрік: «Мұстафаның өтірікке жаны қас болатын. Жалған сөйлегендерді жақтырмайтын. Қазақ атына кір келтіретін, қазақтарды жамандаған біреуді
көрсе қатты намыстана-тын», – деп еске алады.
Иә, Мұстафа Өзтүрік ағамыз тірі болғанда биыл алпыстың асуынан асар еді. Амал не, жұлдыз құсап жарқ етті де, ағып түсті. Алайда, бүгінгі ұрпақ Мұстафадай атпал азаматын ұмытпауға тиіс. Оның қазақ спортына сіңірген еңбегі, қазақ ұлтына деген зор сүйіспеншілігі жүректерде мәңгі сақталары сөзсіз.

Дайындаған Серікбол ХАСАН
(«Ұлан», №38 23.09.2014)

 

Сізге ұнауы мүмкін...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: