Оқу мен оқулықтың олқы тұстарына қатысты үш мәселе

БІРІНШІ…

– Бүгін қандай сабақ өттіңдер?
– Сауат ашу, валяголя…
– Валяголя?..
– Валалогия ғой.
Сұрағыма биыл даярлық сыныбына барған қызым мен апасының берген жауабы осылай болды. Басқасы басқа, бірақ дәл осы валеология 5-6 жастағы балалардың оқитын нәрсесі емес-ау. Не оқытады екен деп, оқу құралын қолыма алдым. Ә дегеннен гректің Эскулап деген емшілік құдайы туралы бастапты. Эскулаптың Панацея және Гигия деген екі қызы туралы әңгімелепті. Панацея мен Гигия түгілі, өзінің атын дұрыс айтып үйренгені күні кеше ғана еді.
Оқу құралын тұтас ақтарып шықтым. Баяғыда, біздің оқушы кезімізде осында айтылғанның бәрін бір ғана тазалық секторы атқаратын. Ал қазір әрқайсысы жеке-жеке пән, әрқайсысы жеке кітап болып кетіпті. Алты жасқа толмаған балаға тұп-тура 17 кітап алдық! Көпшілігі балаға лайық емес.
Біріншіден, оқу құралдарының атауы шұбалаңқы. «Қоршаған дүниемен таныстыру. Экология негіздері» дейді, мысалы. Баяғыда мұны «Табиғаттану» дейтін, оның өзін екінші, әлде үшінші сыныпта ғана оқитынбыз. «Қарапайым математикалық түсініктерді қалыптастыру. Математикалық жазулар» дейді екінші бір кітабымыз. Бала түгілі, өзің жаттай алмайсың. «Қарапайым математика» десе де түсінікті емес пе?! «Балалар көркем әдебиетімен таныстыру» – тағы бір кітабымыздың аты. Осынша күрделендіріп не керек?!
Екіншіден, кітаптағы суреттер көңілге қонымсыз. Әсіресе, сыртқы мұқабадағы қыз бен баланың суреті сұрықсыз. «Қоршаған дүниемен таныстыру» кітабында отбасы мүшелерінің бәріне қазақша киім кигізіп қойған. ХХІ ғасырда үйінде қазақша камзол киіп жүретін кімді көріп едіңіз? Осы кітапта «герб, гимн» деген сөздер жүр. Оны «елтаңба, әнұран» деп жүрген жоқ па едік?! Ал «Логика» атты оқу құралының алғашқы бетіндегі сурет тіптен сорақы. Қонақ бөлме, ата-әже, қонақтар мен балалар және… күшіктің суреті салыныпты. Күшігінің өзі лаққа ұқсайды. Біреу емес, екеу! Үйіне күшігін кіргізіп алатын қазақты қайдан көріп едіңіз?! Мысық болса бір сәрі.
Үшіншіден, оқу құралдарында бірді айтып, бірге кету бар. Жүйесіздік байқалады. Әйтпесе, «Қоршаған дүниемен таныстыру. Экология негіздері» деген кітапта құстар, аңдар туралы айтып келіп, киіз үйдің жабдықтарына көшіп кеткені қалай? «Бөбек» шығарған «Өзін-өзі тану» атты оқу құралына да көңіліміз толмай қалды. Ә дегеннен, 1-сабақтан балаға «сүйіспеншілік жүрегінің суретін салуға» тапсырма беріпті. «Сүйіспеншілік жүрегі» дегенді тырнақшаға алып қойғаны да түсініксіз. Жай ғана «жүректің суретін салыңдар» деуге болатын еді ғой деп ойладық. 27, 29-сабақтарда «коллаж құрастыруға» тапсырма береді. Коллажды балабақшаның баласы қайдан білсін?! Оқулық авторлары ендігіде осындай «елеусіз» нәрселерді ескерсе дейміз.

Сіз не дейсіз?

Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ, тарих ғылымдарының докторы:

БАЛАЛАРҒА ЕШТЕҢЕ АЙТА АЛМАЙМЫН…

– Иә, мен де Қазақстан тарихы оқулығының авторымын. Бірақ, балаларға «ана кітапты оқы, мына кітаппен дайындал» деп ақыл айта алмаймын. Себебі, бізде оқулықтар асығыс даярланады. Жасыратын ештеңесі жоқ. Мысалы, бізге ол үшін арнайы уақыт берілмейді. Төлейтін ақысы да мардымсыз. Мерзімі де шектеулі. Сондықтан, біз оқулық жазумен жұмыстан тыс уақытта айналы-самыз. Асығыс жазамыз. Ал арнайы отырып, мұқият дайындамағаннан кейін кем-кетік кетеді. Әр автор өзінше жазады, әрқайсысы әртүрлі дереккөзге сүйенеді. Соңында оның зардабын балалар тартады.

ЕКІНШІ…

Оқулықтарда түсініксіз тұстардың көп екені үнемі айтылып та, жазылып та келеді. Күні кеше ғана Майра Айсина бастаған депутаттар Үкіметке сауал да жолдады. Әзірге оның нәтижесі белгісіз. Алайда, «анау оқулықта неге былай жазылған», «мына оқулықта неліктен қате кеткен?» деген сұрақты ата-аналар жиі қоятын болып жүр. Міне, күні кеше ғана интернетте мынадай бір хабарлама жарияланды: «Орыс мектептеріне арналған 2-сыныптың орыс тілі оқулығында «Русь матушка» деп жазылғанын қалай түсінуге болады? Орыс мектептеріне басқаша, қазақ мектептеріне басқаша оқытуды кім ойлап тапты? Білім беру жүйесі баршаға ортақ болуы керек емес пе? Орыс мектептерінде орыс тілі пәні аптасына бес рет өтеді де, қазақ тілі екі-ақ рет өтеді. Бұл неліктен?». Оқулық – идеология. Ал мұндай жауапты істе жауапсыздыққа жол берсек, оның салдары өте ауыр болатыны айтпасақ та түсінікті. Біз бұл мәселеге Білім министрлігі назар аударады деген үміттеміз.

ҮШІНШІ…

11-сынып оқушылары Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындықты қазірден бастап та кетті. Оқушылар үшін ҰБТ деген әзірейілден кем болмай тұр. Оның үстіне, мұғалімдерінің қорқытуы да көбейген. Редакциямызға телефон соққан бір ата-ана: «ҰБТ деген қалтаның соры болды. 11-сыныпта оқитын қызым сабақ басталмай жатып, «пробный» тестке деп екі рет 420 теңгеден алды. Онысы айына 2-3 рет болатын көрінеді. Басқа шығындарын айтпағанда, ай сайын осы тестті сатып алудың өзіне мың теңгенің үстінде ақша кетеді. Бұл не деген сұмдық?» – дейді ашынып. Ал екінші бір ата-ана басқа бір мәселенің шетін шығарды: «Менің баламның сыныбында 25 бала бар. Олар биылғы оқу жылынан бастап дайындықты бастап кетті. Аптасына екі рет математикадан қосымша сабақ алады. Әр сабағы 2000 теңгеден. Сонда аптасына 4000, айына 16000 теңге. 25 баладан 400 000 теңге! Он жылда үйрене алмаған математиканы бір жылда үйрететін ол неғылған құдіретті мұғалім екенін ұқпадым!». Сұрастырып білгеніміз бойынша, басқа пәндер бойынша да қосымша ақы төлеуге тура келеді екен. Мәселен, күрделілігіне қарай, 20-25 мың теңге аралығында (жылына). Әрине, мұғалімдердің еңбегі бағалануы тиіс. Алайда, ҰБТ-ны сылтауратып, ауадан ақша жинаудың жолын кескен дұрыс шығар деп түйдік. Сонда қалай болғаны, айтылған ақшаны бере алатын балаларға оқытып, басқаларын оқытпай ма? Онда мұғалімнің міндеті қайда қалады? Бұл да «қазанның құлағын ұстағандар» ескеретін мәселе.

Жұлдыз ӘБДІЛДА

(«Ұлан», №38 23.09.2014)

Сізге ұнауы мүмкін...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: