Аягүл МАНТАЕВА, жазушы: Мектептегі менсінбейтін сабағым әдебиет пәні болатын…

• Мектеп бітіргенше математикадан және физикадан олимпиадаға бардым. Олимпиадаға екі сабақтан қатар қатысқан кездерім болды. «Жүлделі үш орынды да қаладағы лицей мен гимназия мектебінің балалары иеленді» дегенді естіп, «қалада оқығанымда, сөзсіз жүлделі орын алар едім» деп кіжінетінмін. Әйтеуір, бала кезімде қала мектебінде оқу – менің үлкен арманым еді. Қала мектебінде оқысаң ғана «білімнің кілтін» тауып, математикада, физикада үлкен жетістікке жететін секілді көрінетін.
• Сегізінші сыныпта оқитын кезім. Бір күні 11-сыныптың бір қызы келіп: «Мантаева деген оқушыны Қалдыбек ағай шақырып жатыр», – деп мені тарих сабағынан сұрап, өзімен бірге ертіп кетті. Қалдыбек ағай: «Мына тақтадағы есепті мыналардың ешқайсысы шығара алмады, сен шығарасың», – деді. Сөйтіп асықпай, маған формуланы түсіндірді. Он бірінші сыныптың оқушылары мені сынап қарап отыр. Аяқ-қолым дірілдеп, шығарып жатырмын. Қалдыбек ағайдың: «Жарайсың! Шіркін, сендей бес оқушым болса ғой», – деген даусын естіген 11-сыныптың балалары қол шапалақтап, есепті өздері шығарғандай қуанғандары әлі есімде.
• Мектепте өтетін кештердің сценарийін өзім жазып, жүргізетінмін. Жазуға қабілетімнің барын байқаған Күләш апай: «Мен білсем, сен жазушы боласың» дейтін. Мен: «Физик болам» деп, шыр-пырым шығып, арманымды «қорғайтынмын». «Мен сені әдебиеттен көрем, ақымақ болмай, өміріңді әдебиетпен байланыстыр» дейтін апайым.
• Әдебиет пәнінен ешқашан үйде сабаққа дайындалып көрмеппін. Шынымды айтайын, мектепте ең «менсінбейтін сабағым» әдебиет пәні болатын. Сабақ үстінде ішім пысатыны сондай, ылғи көркем әдебиет оқып отыратынмын. «Неге шығарма жазбаймыз, неге шығармаларға талдау жасамаймыз» деген сұрақ мектеп бітіргенше сұрақ күйінше кетті.
• Мектепте староста болу кәдімгідей мәртебе еді ғой. Оқушылар «мен болам» деп таласып жататын. Ал мен тіпті де қызықпаппын. Староста болудан талай рет бас тарттым. Сонда Күләш апай сыныптастарымның көзінше «сенің мінезің бар, біздің балалар шетінен бұзық, өзің білесің, маған көмектесуге тиіссің» деп ұрсып-ұрсып, мені староста етіп тағайындап қоятын.
• Мен Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданының тумасымын ғой. Біз жақта мақта өседі. Мақтаны мамырдан бастап кетпенмен шауып, арам шөптен тазартатынбыз. Біз жақта «шабық» деп атайды. Шабық үш рет болады. Таңғы жетіде кетпенімізді көтеріп, інім, сіңлім үшеуміз шабыққа кетеміз. Таңғы жетіде ше-шемнің «Тұрыңдар!» деген даусын естігенде жүрегім зу ететін. Кетпенімді інім мен сіңліме кезек-кезек көтертіп қоятынмын. Олар қарсылық етпей көтереді, себебі, өзімнің жүйегімді басына шығарып, оларға көмектесем. Жұмыстың жетпіс пайызын мен істейтіндіктен, олар үндемей, айтқанымды орындайды. Шабық кезінде інімнің не сіңлімнің кесесіне түскен үлкен сүйекті де сұрап жеуіме болады. Ол кезде шешеме де өзім қалаған тағамға «тапсырыс» бере аламын. О, сіз білесіз бе, маған шабық кезінде мамам бірде-бір рет дауыс көтермейтін.
• Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда ауыл халқының әлеуметтік тұрмысы тым ауыр еді ғой. Шырақтың жарығымен тамағымызды ішетінбіз. Сол шырақтың жарығымен том-том кітап оқыдым. Әкем: «Қызым, кітапты көп оқыған адамның көзінің көру қабілеті нашарлайды, ал шырақпен тіпті көп оқуға болмайды» дейтін. «Максим Горький де шырақпен оқыған» деймін мен. Ал сиыр сауып, күбі пісіп, құрт қайнатып, тамақ пісіріп жүрген шешем қолғабыс тигізбесем: «Осы сен кітапты құшақтап туған шығарсың. Сол кітап ертең саған нан болғанын көремін» деп ұрсатын.

Жазып алған Әйгерім БЕГІМБЕТ
Оңтүстік Қазақстан облысы
(«Ұлан», №38 23.09.2014)

Сізге ұнауы мүмкін...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: