Батырхан Шүкенов: Шашымды тақырлап алып тастағым келеді

Әнші Батырхан Шүкенов өткен жұмада Алматыда концерт берді. Концерт М.Горький атындағы Орталық мәдениет және демалыс саябағында жаңа амфитеатрдың ашылуына орай ұйымдастырылған еді. Концерттің алдында «Меломан» дүкенінде әнші ағамыздың жаңа альбомының тұсаукесері өтті.

Альбом реалити-стерео форматында әзірленген. Сол арқылы тыңдарман сапалы студиялық жазбасын тыңдап, әртістің былтырғы жылы мамырда өткен концерттік бағдарламасын да көре алады. «Былтыр 30 мамырда өткен концертімде көрермендерге камераға қарап күлімдеуден қысылмаңыздар, кейін өздеріңізді DVD-ден көресіздер деген едім. Сол уәдемді орындадым. Жинақта Еркеш Шәкеев, Қуат Шілдебаев, Еркін Ынтықбаев сынды қазақ сазгерлерінің әндері бар», – деп таныстырды жаңа жинағын. Алматыдағы кешінің бұрынғы кештерден ерекшелігі туралы сұрастырғанымызда: «Ең бастысы, алматылық тыңдармандарым-мен қауышамын. Пікірлесемін. Жаңа әндерімді орындаймын. Ол саябақтың сахнасының өзі ерекше», – деп ағынан жарылды. Батырдың концерттері ешқашан арзан болған емес. Бұл жолы да 3 000-15 000 теңге аралығында болды.
Альбомның тұсаукесеріне келген жұртшылық әншіге сан түрлі сауалдар қойды. Тіпті, шаш үлгісін де сұрады.

− Бұрынғы қазақтардың шашы қысқа болды деген пікір жаңсақ па деймін. Себебі, «Отырардың күйреуі» фильміне түскенімде менің шашымды қысқалау екен деп, жасанды шаш кигізді. Сосын фильмде жауынгерлердің шашын біз білетін үш өрім емес, төрт өріммен өрді. Неге екенін өзім де білмеймін, әйтеуір шашымның үлгісі оқушы кезімнен осындай. Шынымды айтсам, қазір шашымды тақырлатып алып тастауды ойлап жүрмін (күліп).

Әншінің Қазақстандағы ЮНИСЕФ-тің бірінші ерікті елшісі екендігі де тілге тиек етілді.
− Халық арасында ЮНИСЕФ-ке елші болуға кім лайық деген сауалнама жүргізілген екен. Халықтың басым көпшілігі мені атаған көрінеді. Ол осыдан үш жыл бұрын еді. Бұл – қоғамдық жұмыс, ол жерде мен айлық алмаймын. Басты мақсат – балалар құқығын қорғау. Мүмкіндігі шектеулі балаларға көмектесуге үлес қосу. Реті келгенде мүмкіндігі шектеулі балалардың еміне қажетті қаражат үшін қайырымдылық шараларын өткіземіз. Парламентте де балалардың мәселе-сімен сөз сөйлеген кездерім бар. Кім де болсын қолынан келсе, мұқтаж жандарға көмектесу керек.
Кездесудің соңында әнші ағамызға арнайы ұландықтар үшін балалық шағы туралы бір-екі сауал қойдық. Ол арасында қазақша жауап беруге тырысты.

Ұлан: Ал ең алғаш үлкен сахнаға қашан шыққаныңыз есіңізде ме?
Б.Шүкенов: Иә, 12 жасымда «Артек» пионерлер лагерінде ән байқауына қатысып, 1-орын алғанмын. Ол – менің алғашқы байқауым, алғашқы үлкен сахнам болатын. Орыс тіліндегі балалар әнін орындағам.
Ә дегеннен көптің көңілінен шығып, жеңімпаз болғаныма өзім де таң болғам. Мен сол сәттен бастап көркемөнерпаздар үйірмесіне, мектеп ансамбліне қабылдандым. 10-сыныпта оқып жүргенімде музыкант болғым келетінін түсіндім. Содан бері сахнадамын, ел алдындамын.
Қазақы ырғақты бұзып айтатындарға қарсымын
Ұлан: Бала кезіңізде қандай әндерді орындайтын едіңіз?
Б.Шүкенов: «Құсни-Қорлан» әнін бала күнімнен орындап келемін. Нұрғиса Тілендиевтің әндерін кішкентайымнан жақсы көремін. Фольклорға ерекше мән беремін. Осы тұста бір ойымды айта кетейінші. Заманауи әуен етемін деп, қазақы ырғақты бұзып айтатындарға қарсымын. Ондай сипаттағы әндер ағылшын тілінен қазақшаға аударылған сияқты әсер қалдырады.
Ұлан: Шәкірт тәрбиелеп жүрсіз бе?
Б.Шүкенов: Әзірге шәкірттерім жоқ. Мен көптен бері елімізде Ұлттық дыбыс режиссерлер мектебін ашу туралы ой айтып жүрмін. Бірақ, ешкім құлақ асар емес. Егер сондай мектеп ашылса, мен де сол жерде шәкірт тәрбиелер едім.

Қарлығаш ДОСАНОВА
(«Ұлан», №37 16.09.2014)

Сізге ұнауы мүмкін...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: