«Айгөлек» арқылы ел тани бастады» дейді Әмина мен Ақбота

Балалар, «Айгөлек» бағдарламасының жүргізушілері ауысқанын байқаған шығарсыңдар? Иә, «Қазақстан» және «Балапан» телеарнасының кішкентай көрермендері, жаңа жүргізушілермен танысқыларың келетін болар? Актер Асылхан Төлеповті бәрің де жақсы білесіңдер. Ал Асылханның қасында кезектесіп шығатын қос бүлдіршінді ше? Біз Әмина мен Ақботаны редакциямызға қонаққа шақырдық. «Айгөлектің» жүргізушісі болу үшін 500-ге жуық бала екі ай бойы кастингке қатысыпты. Бір қызығы, суырып алға шыққан қос бүлдіршін де бір мектепте оқиды. Екеуі де хореограф Айман Мерекеқызының талантты шәкірттері екен. Әмина 8-де, Ақбота 7 жаста. «Айгөлектегілер» Ақбота мәтінді тез жаттап алуымен, ал Әмина мәтінді өзіне ыңғайлап редакциялап алуымен ерекшеленеді дейді. Бізге қонаққа келген жүргізуші балалар түсірілім барысындағы қызықтарын айтып, болашақ армандарымен де бөлісті.

Әмина АУТАЛИФ, №140 М.Мақатаев атындағы мектеп-гимназияның 2 «Г» сынып оқушысы:

Асылхан ағамен ойнап жүреміз

Басында жан-жағым-дағы камераға үйренбей, үйге тезірек қайтып кеткім келетін. Сосын үйреніп алдым. Мені бәрі еркелетеді. Тамара Асар апай мені құшақтап: «Айгөлек» саған өмірлік сабақ болады. Көп нәрсеге үйренесің», – деп ақылын айтады. Қазылар алқасы әр өнерпаз өнер көрсеткен соң, олардың өнеріне сын айтады. Ондайда әсіресе әнші Ерлан Рысқали ағамыз ұзақтау сөйлейді. Менің аяғым талып, қозғалақтап кетем. Сосын қазылар сөйлеп болғанда, қатысушыларға марапат қағазын сахна сыртынан мен алып келем. Сол сәтті пайдаланып қалып, тез-тез дене жаттығуларын жасап үлгерем. Ой, сонда бір рахаттанып қалам ғой. «Арқам ауырым кетті, шаршадым» десем, Асылхан аға арқама массаж жасап береді.

Қуыршақтарыма көйлек тіге аламын

Биді жақсы көремін. Сурет үйірмесі ұнамай қалды. Сосын тігін тігуді үйрететін үйірмеге бардым. Ол жерде қуыршақтарыма түрлі көйлек тігуді үйреніп алдым. Енді шахмат ойнауды да үйрене бастадым. Ал болашақта актриса болсам деп армандаймын.

Ақбота СМАНОВА, №140 М.Мақатаев атындағы мектеп-гимназияның 2 «Ә» сынып оқушысы:

Түсірілім кезінде әжемді сағынып, жылап алғам

Түсірілімнің алғашқы алты концертін әнші Сембек Жұмағалиев ағамен бірге жүргіздім. Сембек ағаның қасында кішкене қысылатын едім. Ол кісі үлкен ғой. Ал Асылхан ағаға Әмина екеуміз әбден еркелейміз. Ол бізге демеу болып, барынша көмектеседі. Өзі сондай көңілді. Бізді түсірілім барысында ойнатып жүреді. Кейде сахнада жүргізіп тұрып, қасымдағы Асылхан ағаға «Сартай аға» деп қалған кездерім болды (күліп). Алдымда екі тісім жоқ болғандықтан, кейде сөздерді анық айтуда қиналдым. «Номинация» сөзіне тілім келмейтін. Бәрі «нәминәссия» деп айтты деп күлді. Соған намыстанып, жылап қалғанмын. Ал бір концертте бір қыз әже туралы ән айтты. Мен ол әнді орындаған қызға қарап: «Мен де әжемнің қызымын. Әжеңді сағынып жүрген сияқтысың ғой?»– деп айтып, сол жерде өз әжем еске түсіп, бір жылап алдым. Сол күні кешке Ұзынағаштағы әжемді дереу қалаға шақырдық қой. Әжем маған түйме қадауды, тігін тігуді үйретті. Енді тоқыма тоқуды үйретем дейді. Мен ол кісіге ән айтып беремін. Әншілерден Ақбота Керімбекова өте ұнайды. Сол кісіге ұқсағым келеді.

Өскен кезде…

Домбыра тартуды үйренсем, «Майраның әнін» орындайтын едім. Көркем гимнастикадан, биден жетістіктерге жетуді армандаймын. Болашақта анам сияқты «Қағанатта» (асханалар желісі – Қ.Д.) бастық болғым келеді. Себебі, ол жерде көптеген дәмді ас әзірленеді. Болмаса, тіс дәрігері болатын шығармын. Өйткені, өткенде өзімнің тісіме құрт түскенде, стоматолог емдеп берді. Мен де сөйтіп тісі ауырған балаларға көмектескім келеді.

Қарлығаш ДОСАНОВА
(«Ұлан», №37 16.09.2014)

Сізге ұнауы мүмкін...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: