Чемпиондар қайда тәрбиеленеді?

Алматы қаласындағы Республикалық спорт колледжi кезiнде Қажымұқан атындағы спорт-интернаты деген атпен танымал еді. Олимпиада ойындарында ел намысын қорғаған Дәулет Тұрлыханов, Болат Жұмадiлов, Ермахан Ыбрайымов, Ислам Байрамуков, Мәулен Мамыров, Ольга Шишигина сынды саңлақтарымыз осы спорт-интернатында тәлiм алды. 1998 жылы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спорт-интернат Астанаға көшiрiлiп, оның орнына Республикалық спорт колледжi ашылған-ды. Қазақ спортының қарашаңырағы саналатын оқу орнын бүгінде белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Амалбек Тшанов басқарады.

Спорт шеберлігіне үміткерлер ғана қабылданады

Бұл оқу орны спорт мектебі мен колледжінен тұрады. «Қазіргі күні 478 шәкірт тәрбиелеп жатырмыз. Оның 240-ы мектеп оқушылары болса, 238-і колледж студенттері», – дейді колледж директорының орынбасары Нұрсейіт Жақсылықов. Спорт мектебіне қабылдау 7-сыныпта басталады екен. Емтихан оңай емес. Үміткер баланың міндетті түрде 1-разряды болуы керек. Ол разряд аудандық, облыстық жарыстарда жүлде алғандарға беріледі. Содан соң, 2-3 жылдай жергілікті өңірлердегі спорт мектебінде жаттығуы тиіс. Осы талаптарға сай бала мұндағы сынақ барысында министрлік тарапынан белгіленген нормативтерді орындағанда ғана спорт мектебіне қабылданады. 5 жыл бойы үздік оқып, жақсы нәтиже көрсеткендері 11-сыныпты бітірген соң, спорт колледжіне автоматты түрде түседі. Ал колледжге сырттан құжат тапсырушы талапкерлер міндетті түрде спорт шеберлігіне үміткер болуы қажет.
«Бүгінде 6 таэквондошы мен 2 жеңіл атлетіміз алда өтетін Азия біріншілігіне дайындалып жатыр. Оларға үлкен сенім артамыз. Өзге де жетістіктеріміз жоқ емес. Былтыр ғана дарынды спортшымыз Дархан Қалкенов еркін күрестен әлем чемпионы атанса, Тимур Жолдасов атты мықтымыз Азия чемпионатынан күміс жүлде әкелді», – деді Нұрсейіт ағай бір сөзінде. Іле-шала қос балуанды тауып алып, әңгімеге тарттық.

«Бап пен бақ қатар шабуы керек!»

1997 жылы Бурабай өңірінде өмірге келген Дархан Қалкенов спортпен 11 жасында достасыпты. Еркін күреске деген ынта-талабын алғаш байқап, бағыт берген бапкері Ерік Бекімұлына алғысы зор. «Еркін күреспен айналыса бастаған соң, 2-3 жылда алғашқы нәтижелерді көрсете бастадым. 8-9 сыныптарда Қызылордада өткен Қазақстан біріншілігінде 2-орын алдым. Шымкент пен Тараздағы ел чемпионатында қола жүлдені қанжығама байладым. Одан кейін жеңіске деген құштарлығым шыңдалғандай болды», – дейді Дархан ағынан жарылып. Дархан 46 келі салмақ дәрежесі бойынша белдеседі.
– Қандай жетістіктерің бар?
– Өткен жыл өте сәтті болды мен үшін. Қазақстан біріншілігінде жеңімпаз атандым. Еуразия ойындарында 2-орын иелендім. Сербияда өткен Әлем чемпионатында алтын медаль олжаладым. Осылайша, 17 жасымда чемпион болдым. Оңайлықпен келген жоқ, әрине. Әсіресе, соңғы сын қиынға түсті.
– Несімен?
– Өңшең азулы қарсыластармен белдестім. Әзірбайжандық Фазил Гасановпен, үндіс Ринку Ринкумен болған белдесулерде біраз терледім. Еркін күресте есеп кез келген сәтте өзгеріп кетуі мүмкін ғой.
Мұнда әр секунд маңызды. Сондықтан барынша мұқият әрі епті қимылдауың керек. Соның арқасында ғана жеңіске жеттім.
– Жеңіс болған жерде жеңіліс те бар…
– Дұрыс айтасыз. Биылғы Қазақстан біріншілігінде 2-орын алып қалып, жеңіс тұғырынан көріне алма-дым. Бақ шаппады ма, бәлкім, бабым дұрыс болмаған шығар. Негізі, екеуі де қатар шабуы керек қой… Қатты өкіндім. Есесіне, ендігі жарыстарға жақсылап дайындаламын.

«4 күнде 8 келі тастадым…»

Келесі жігіттің есімі – Тимур Жолдасов. 1996 жылы Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында туған. Бүгінде еркін күрестен 100 келі салмақ дәрежесінде сынға түсіп жүр. Былтырғы Қазақстан біріншілігінде чемпион, Азия біріншілігінде қола жүлдегер атанған.
– Сені күреске кім баулыды?
– Спортқа 7 жасымда келдім. Әкем марқұм бапкер болатын. Мені күреске баулыған да, жеңіске деген жігерімді жанып, демеу болған да – сол кісі.
– Спортшы болудың қандай қиындықтары бар?
– Ең әуелі ерік-жігер мықты болу керек. Түрлі қиындықтар кездеседі. Жарысқа барар алдында салмақ қуу қажет болып қалады кейде. Ондайда күндіз-түні спорт залда жаттығып, терлеп, барынша аз тамақтануға тура келеді. Бірде, тіпті, 4 күн ішінде 8 келі салмақ тастаған кезім болды. 2 күн бойы нәр татпадым. Суды өте аз іштім. Өйткені, су салмақты көбейтеді. Дұрыс тамақтанбаған соң, әрине, әлсірейсің. Ал жарысқа барғанда мұның бірін де көрсетпей, өзіңді сергек ұстауың тиіс.
– Жарыс басталарда қарсыластар тарапынан психологиялық шабуылдар болып тұра ма?
– Ондай кездер болып тұрады. Мысалы, кейбіреулер күнібұрын саған келіп, «маған жеңісті сатшы» деп айтуы мүмкін. Яғни, сен жеңілесің де, сол үшін саған ол ақша төлейді. Бұл – психологиялық шабуылдың бір түрі. Өйткені, әлгі қарсылас саған солай айтқан соң, іштей ойланасың. Демек, ол менен қорқа ма, мен одан мықтырақ болғаным ғой деген секілді түрлі ойлар басыңа келеді. Тұп-тура жарыс басталған сәтте сондай ойлар алаңда-тады да, жеңіске деген қабілетің, моральдық дайындығың әлсірейді.

P.S. Жас балуандар осылай дейді. Жастары небәрі 16-17-де. Бірақ, көргендері көп. Ерік-жігері мықты. Демек, өз-өздерін тәрбиелей алады деген сөз. Дархан мен Тимурдың барша замандастары олардан үлгі алса дейміз…

Ботакөз ИКРАМОВА
(«Ұлан», №37 16.09.2014)

Сізге ұнауы мүмкін...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: