Зарина. Бауыржан. Жансая. Абылайхан. Жанбота. Санжар. Сабина. Немесе жас спортшылар жайлы не білеміз?

Жасы 20-ға толмаса да, талай додаларда жеңіс туын желбіреткен спортшыларымыз бар. Олар Жасөспірімдер арасындағы Азия біріншіліктері, әлем чемпионаттары мен Олимпиадалардан жүлде алып жүр. Мәселен, әлемнің үздік елулігіне енген Зарина Дияс, жауырыны жер иіскемеген Бауыржан Жауынтаев, шахматтың шебері Жансая Әбдімәлікті атауға болады. Басқа да оза шапқан жас спортшылар жетерлік. Ендеше, солардың бірқатарының есімін тізіп, өмірі мен спорттағы жетістіктеріне шолу жасап көрейік…

Зарина Дияс – Қазақстанның бірінші ракеткасы

20 жасар Зарина Дияс «Ақ желкеннің» оқырмандарына жақсы таныс. Олай дейтініміз, журналдың әр санында Заринаның толағай табысы жайлы жазып, сүйінші сұраумен келеміз. Осы айда Зарина тағы бір жағымды жаңалығымен қуантты. Вашингтонда өткен әлемдік турнир қорытындысы бойынша біздің теннисші WTA рейтингінің үздік елулігіне енді. Рейтингтегі 46-орынға көтеріліп, Қазақстанның бірінші ракеткасы атағын сақтап қалды. Бұған дейін бұл атақты ресейлік легионер Ярослава Шведова иеленіп келген болатын. Ярослава қазір рейтингте 50-орында тұр.
Зарина –Australian Open жарысында үшінші айналымға дейін жеткен спортшы. Соңғы бес жыл ішінде (2009-2014 жылдар) 22 жарысқа қатысып, 246 мың доллар қаржылай сыйлыққа ие болды.
«Маған талай рет кортқа Чехия атынан шығуға ұсыныс түсті. Тіпті жап-жақсы қаржы да төлеуге ынталанып тұр. Бірақ маған чех емес, қазақ қымбат. Әлемнің №1 ракеткасы қазақ қызынан шықса керемет емес пе?» – дейді теннисші.
20 жасында Заринадан басқа Уимблдон турнирінде ойнаған қазақ, тіпті қазақстандық спортшы жоқ. Ал біздің теннисші ашық біріншіліктің 1/8 финалына дейін жетті.

Жауырыны жерге тимеген Жауынтаев

17 жасар дзюдошы Бауыржан Жауынтаев жақында жанкүйерлерін тағы бір жағымды жаңалықпен қуантты. Нанкинде (Қытай) өткен Жасөспірімдер арасындағы Жазғы Олимпиада ойындарында ел қоржынына алғашқы алтын медальды салды.
Олимпиадада бақ сынаған Бауыржан жарысты бірден жартылай финалдан бастады. Рейтингке байланысты ойын осылай шешілді. Жартылай финалда Бауыржан түркиялық Огузан Карачаны ұтты. Ал финалда әзірбайжандық Натиг Гурбанлының жауырынын жер иіскетті. Осылайша, біздің Бауыржан 55 келі салмақ бойынша топ жарды.
Бауыржанның жеңісі мұнымен шектелмейді. Дзюдошы 16 жасында АҚШ-тың Майами қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында алтын медальды ұтып алған болатын. Дзюдошының ендігі мақсаты – Олимпиададан жүлде алу.
«Кез келген спортшының арманы – Олимпиада чемпионы атану. Менің де арманым осы. Лондонда өткен Олимпиада ойындарын бақылап отырдым.Ол кезде Ресей, Жапония, Корея, Куба, Бразилия сынды осы спорт түрі қарқынды дамыған елдердің балуандары жүлде алды. Біздің де спортшылар келешекте осындай мықтылармен қарсыласа алады деп сенемін», – дейді Бауыржан.

Шахматтан алдына жан салмайтын Жансая

Жансая Әбдімәлік әлемнің ең жас гроссмейстері атағын 12 жасында алды. Ал 8 жасында Қазақстан бойынша спорт шеберіне кандидат атағын қорғаған. Өз елінің спорт шебері атағын атышулы Карпов, Каспаровтардың өздері 11-12 жастарында иеленген екен.
Жансаяның спорттағы жетістігі бүлдіршін кезінен басталды. Яғни, 6 жасынан бастап шаршы тақтаның шаңын қағып келе жатыр десе де болады. 2007 жылы Түркияда өткен әлем біріншілігінде 4-орын, 2008 жылы Иранда өткен Азия біріншілігі мен Въетнамда өткен әлем чемпионатында 1-орынды жеңіп алды. Ал 2010 жылы Түркияның Қайсери қаласында өткен шахматтан Әлем чемпионатында алтын медальды мойнына тақты.
2011 жылы Жансая 20 жасқа дейінгі санаттағы Азия чемпионатында вьетнамдық Во Ти Ким Хунға есе жіберіп, 2-орын алды. 2012 жылы жастар арасындағы Әлем чемпионатының күміс жүлдесіне ие болды. Ал былтыр Чехияда өткен BRNO OPEN-2013 халықаралық турнирінің жеңімпазы болды. Бұл турнирдің ерекшелігі – бұған ерлер де қатысты. Жансая бұл жарыста алты қарсыласынан басым түсіп, үшеуімен тең ойнады. Сөйтіп, ФИДЕ рейтингіндегі орны көтерілді.
Шахматшы қыздың ендігі арманы – үздік үштікке еніп, әйелдер арасында әлем чемпионы атану. Шахматшының өзі: «15 жасыма дейін Әлем чемпионы болғым келеді», – дейді. Қазір Жансая – 14-те. Демек, келер жыл Жансаяның жұлдызды жылы болады деген үмітіміз бар.

Олимпиада туын Абылайхан көтерді

18 жасар боксшы Абылайхан Жүсіпов – жасөспірімдер арасындағы Азия мен Әлемнің екі мәрте чемпионы. Ал жуырда Германияда өткен Брандербург кубогынан алтын жүлдемен оралды.
2013 жылы жас боксшы Киевте өткен жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінің чемпионы болды. Осы жеңісінің нәтижесінде, Халықаралық бокс федерациясы Абылайханды «2013 жылдың үздік жас боксшысы» деп бағалады. Ал жыл басында Абылайхан Тайландта өткен жастар арасындағы Азия чемпионатына қатысты. Ақтық сында сириялық қарсыласына дес бермеген Абылайхан Азия чемпионы атанды. Оған қоса, Абылайхан Жүсіповке чемпионаттың «үздік боксшысы» атағы берілді. Сөйтіп, Болгарияда өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына жолдама алды.
Бұл турнирде 60 келі салмақ бойынша күрескен Абылайхан Жүсіпов финалда румын спортшысы Арсен Мұстафаны жеңді. Осылайша, біздің бала әлем чемпионатының алтын медалін олжалады.
Бүгінде Абылайхан Жүсіпов Лондон олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев оқыған Абай спорт мектебінде жаттығып жүр. Абылайхан – Нанкин Олимпиадасының ашылу салтанатында Қазақстанның туын ұстап шыққан спортшы. «Маған туды сеніп тапсырған соң, сол сенімді ақтауым керек. Олимпиадада 60 келі салмақ бойынша 8 боксшы бақ сынайды екенбіз. Бұйырса, Болгарияда өткен әлем чемпионатындағы жетістігімді қайталағым келеді», – деген болатын  Абылайхан. Сол сөзінде тұрып Нанкинде өткен Жасөспірімдер арасындағы Жазғы олимпиада ел қоржынына алтын медаль салды.

Таң қалдырған Жанбота

Жанбота Алдабергенова келер айда 19 жасқа толады. Ал спорттағы жетістігі – тау қопарарлық. Жанботаның биылғы Сочи Олимпиадасында фристайлдың акробатикалық түрінен 6-орын алуының өзі қазақ спорты үшін бір жетістік болды.
Олимпиадада қаршадай ғана қазақ қызы әлемнің «сен тұр, мен атайын» деген фристайлшыларымен иық тірестіріп тұрды. Сөйтіп, есімін ешкім білмеген Жанбота Алдабергенова бір-ақ күнде танымал болып шыға келді. Жанбота фристайлмен 16 жасынан бастап айналысқан екен. Айналдырған екі жылда әлемнің 6-фристайлшысы болып шыға келген.
Бүгінде Жанбота М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің Құқықтану факультетінде оқып жатыр. Бос уақытын спортқа арнап жүр.
Жанбота 2011 жылы Қазақстан Республикасы Кубогының жеңімпазы болған. Ал 2012 жылы Белоруссияда өткен Еуропа Кубогының қола жүлдесін жеңіп алған. Одан кейінгі межесі – осы Олимпиада. Енді Жанботаның 2018 жылы Пхенчхенде (Оңтүстік Корея) өтетін Қысқы олимпиада ойындарынан жүлде әкелуін тілейміз.

Садақшы Санжар

17 жасар садақшы Санжар Мұсаев өткен жылдың соңында Қытайдың Уси қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында күміс жүлдені жеңіп алды. Қазақтың ұл-қыздары спорттың бұл түрінен әлем біріншілігінде топ жарып көрген емес. Сондықтан да Санжардың күмісі Қазақстан Республикасы Садақ, арбалет пен дартс ату федерациясының үлкен жетістігі болып тіркелді.
Бұл әлем чемпионатында әлемнің 114 садақшысы бақ сынады. Іріктеу ойынында Санжар алғашқы ондықтан көрінді. Одан кейінгі плэй-офф кезеңінде біздің садақшы Норвегия, Аргентина, Польша және Франция садақшыларын сүріндірді. Ширек финалға дейін жетті. Мұнда тайпэйлік Ли Чи Тангты 7:1 есебімен ұтты. Ал жартылай финалда ресейлік садақшы Арслан Валдановты 7:3 есебімен сан соқтырды. Сөйтіп, алтын үшін таласқа түскен болатын. Алайда, финалда 2:6 есебімен ағылшын спортшысы Патрик Хьюстонға жол беріп, күміс медальды қанағат тұтты.
Патрик – Еуропаның жеңімпазы, Әлем чемпионы болған сақа спортшы. Содан болар, Санжардың күмісі Қазақстандағы садақ спорты үшін алтынға бергісіз жүлде болды.
Бұдан бөлек Санжар – ересектер арасындағы Азия ойындарының қола жүлдегері. Жасөспірімдер арасында Азияның 5-орын иегері болған. Қазақстан Кубогын 3 рет ұтып, 5 дүркін ел чемпионы атанған.
Жебесін діттеген жерге дөп тигізетін садақшы бүгінде Талдықорғанда тұрады. Садақ спорты бойынша бапкерлері Артем Кишкин мен Нығматулла Сайдиевтен сабақ алып жүр.

Сабинаның сұлулығына әлем сүйсінді

Бұған дейін 18 жастағы Сабина қарапайым ғана волейболшы қыз болатын. Бір мезетте жұлдызға айналамын деп ойламаған да шығар. Алайда, бүкіл әлемнің назары Сабинаға қадалды.
Сабина Алтынбекова 1996 жылдың 5 қарашасында Ақтөбеде дүниеге келді. 5 жасынан бастап бимен, 14 жасынан бері волейболмен шұғылданады. Бұрын ақтөбелік «Қазхром» командасында ойнаған, топтың капитаны болған. Ал 16 жасынан бері алматылық «Алматиночка» және «Алматы» клубтарында ойнап жүр. «Алматы» клубы құрамында жастар арасындағы Жоғарғы лиганың күміс медаліне ие болды. Ал биыл Волейболдан еліміздің жастар құрамасында Азия чемпионатында 7-орын алды. Сабинаның сұлулығын айдай әлемге танытқан да дәл осы чемпионат болатын.
Сабина Қытайдың Тайпэй қаласында өткен Азия чемпионатының жарық жұлдызына айналды. Қытайлар біздің қызды чемпионаттың «Ең сұлу ойыншысы» деп бағалады. Осыдан келіп Тайвань, Жапония, Қытай, т.б. елдердің телеарналары Сабина жайлы репортаждарды жарқ еткізді. Фотографтар біздің қыздың бейнесін фотоаппараттарында «ұстап» қалуға жанталасты. Тіпті, интернетте сұлу қыз Сабинаның фотосуреттері мен ол жайлы түсірілген бейнероликтер қаптап кетті. Мәселен, YouTube желісінде жарияланған Сабина жайлы бейнероликті 2 миллионнан аса интернет қолданушы тамашалапты. Әлеуметтік желілерде де волейболшы қызбен достасқысы келетіндердің саны артқан. Бір ғана Instagram желісінің өзінде-ақ Сабинаға 300 мың адам «достық» ұсыныпты.
Қытайдың ғана емес, АҚШ-ның басылымдары да Сабинаның сұлулығына тәнті болғанын жазып үлгерді. «Сабина – волейбол ойыны үшін тым әдемі. Әрі жиырмаға толмаған спортшы қыздың мұндай сұлулығы оның спортта табысқа жетуіне кедергі келтіреді», – деп жазды америкалық басылым.
Алайда, Сабинаның өзі мұндай танымалдықты күтпегенін айтады. Біздің қыздың бар мақсаты әлемдік аренада Қазақстанның намысын қорғау екен. Болашақ өмірін де спортпен, волейболмен байланыстырады. Содан болар, модель болу туралы ұсыныстардан да бас тартыпты.
«Модельдік агенттіктерден біраз ұсыныстар болды. Бірақ, мен одан бас тарттым. Себебі, болашағымды бұл кәсіппен байланыстыра алмаймын. Маған спорт ұнайды. Әрине, жанкүйерлердің түрлі сыйлықтар беріп, жылы лебіздерін білдіріп жатқандары жақсы ғой. Алайда, волейболдың ғана биік шыңын бағындырғым келеді», – дейді Сабина.
Бір қызығы, Сабина туралы жазылған мақалалар мен репортаждардан кейін елімізде волейболға қатысқысы келетін балалардың саны көбейген екен. Тіпті, Сабинаның жеке өміріне деген елдің қызығушылығы айтқан. Осы мақсатта Қазақстан, Қытай, Тайвань, Оңтүстік Корея және Тайландта Сабина Алтынбекованың фан-клубтары ашылған.

Серікбол ХАСАН
(«Ақ желкен», №8. 2014 жыл)

Сізге ұнауы мүмкін...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: