Үш қыздың әңгімесі: Кітапханашы апай, жазушылар және күнқағар…

Алматыдағы С.Бегалин атындағы балалар кітапханасының директоры София Құмарқызымен әңгімелесіп қалдық. Қазақ баласы үшін жаны ауырып, шырылдап отыр. Журналистер жанайқайымызды жеткізер деген үмітпен Мәдениет министрлігіне, Жазушылар одағына, ақын-жазушыларға базынасын айтты. Кітапханашы апайдың сөзі негізі біздің де айтайын деген ойымызды дөп басты. «Біздің елде 5 миллионнан асатын балалар мен жасөспірімдер бар. Сол балаларға дұрыс көңіл бөлінбейді. Балалар өз заманы туралы оқығысы келеді. Бірақ, бүгінгі жазушылардың жазғаны балаларға қызықты емес. Қазіргі баланың өз өмірі жазылмайды. Балаларға арналған Қазақстан туралы энциклопедияның өзіне көз тоқтатып қарай алмайсың. Қазақтілді интернеттің жайы да түсінікті. Мектепте балаларға: «Бес бет реферат жазып кел», – деген тапсырма береді. Оқушы тағы да ақпарат ала алмай сабылады. «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша балаларға арналған бір дұрыс кітап шықпады. Ең алдымен баланың болашағын ойлау керек қой, ел боламыз десек. Екі-үш жастағы балаларға жаттайтын тақпақ таппай, кітапханамызға келген ата-аналар қаншама. Дүниежүзінде ең қымбат кітаптар – балаларға арналған кітаптар. Қазір көшенің бұрыш-бұрышында Ресейдің балаларға арнап шығарған кітаптарын оңай табуға болады. Орыстілді ата-аналар балаларына рухани жағдай жасауға мүмкіндігі көп. Ал қазақтілділер баласына сатып алып беруге сапалы кітап таппайды. Жәрмеңкеде кітап сатып тұрған қазақ жазушысын көрдіңіз бе? Дүниежүзінің кітапқұмар елдерінде жазушылар өз кітаптарын өздері қолтаңбасымен сатады.
Бірде біздің кітапханаға Ұлыбританияның танымал бір суретшісі тренинг өткізуге келді. Оның суреті Австралиядан шығатын кітапқа жарияланатын болыпты. Бірақ, оның салған суретін «жарамайды» деп қайтарып жіберіпті. Неге? Суретте кішкентай бала қағаз қайық жасап, ойнап отырады. Аспанда күн жарқырап тұр. Күн ыстық. Ал баланың басында күннен қорғайтын кепкі жоқ. «Мұндай суретті кітаптан көрген бала: «Күннің астында бас киімсіз жүруге болады екен» деп ойлап қалуы мүмкін. Сөйтіп, бала өз денсаулығын күтпейтін болады. Мұндай суреттер балаға кері тәрбие береді. Сондықтан, баланың басына кепкі кигізіп қайта салыңыз», – депті кітап шығарушы мамандар. Көрдіңіз бе, ол жақта суреттің әрбір штрихына дейін мән береді. Олар балаға арналған дүниеден ақшаны аямайды. Ал бізде барлығын балаларға арналған дүниелерден үнемдейді.
Жазушылар одағының құрылтайына кітапханашылар қатысып, осы мәселелерді айтқымыз келеді. Бірақ, бізді сұрансақ та шақырмайды», – деп кейіді София Құмарқызы.
Айтпақшы, осы күзде тағы да Жазушылар одағының құрылтайы болады. Онда нендей мәселе айтылады? Тым болмаса, кітапханашыларды тыңдайтын құлақ табылар ма екен? «Меломан» дүкендер желісінен қазақтілді кітаптар сатып алуға мүмкіндік жасауға бола ма? Жазушылар жиынында осындай мәселелердің шешімін іздестірсе қайтер екен?

ТАҒЫ ДА ГРАНТТЫҢ ӘҢГІМЕСІ: ОРЫСТІЛДІ, ҚАЗАҚТІЛДІ ДЕП БӨЛМЕСЕ ҚАЙТЕДІ?

Сіңліміз ел қатарлы оқуға тапсыру үшін ауылдан келді. ҰБТ тапсырып, 80 балл алған болатын. Одан орыс тілі пәнінен жиған балын алып тастағанда, 68 балл болып шұнтиып қалды. Ол балы ешқайда жарамайтын болғандықтан, бір колледждің орыс бөліміне құжат тапсырды. «Ары кетсе екі ай қиналарсың, содан кейін үйреніп кетерсің», – деп жұбаттық. Расында да солай ғой, Қазақстанда әсіресе қалалы жерде, орысша үйренудің түк те қиындығы жоқ. Өзі солай болып та жүр.
Бірыңғай Ұлттық тестілеу кешені биыл да талай талапкердің тәлейін жерге ұрды, айтпағымыз. Орыс тілінен жинаған балды алып тастағанда, талай қазақтың баласы басын құшақтап жылады. Кем дегенде 10 балынан «айырылып» қайда барарын білмей, дал болған талапкерлерді Алматының көшесінен көп кездестірдік. «Орыс тілінің балын алып тастайтыны бар, оны неге тестке қосты? Баланың басын неге қатырды?» – деп, жұрт әлі күнге дейін түсінбей жүр. Орыстілділерден де сондай балл алынып тасталатынын ескерсек, бұл мәселеге түсіністікпен қарауға болар еді. Бірақ, айтайын дегеніміз басқа.
Тестілеу кешенін орысша тапсырғандар қазақша оқығандарға қарағанда грантқа төмен балмен-ақ түсіп кетіп жатыр екен. Салыстыру үшін мынандай мысал келтірейік: Елдің бәрі баратын филология факультетіне қазақша мектеп бітіргендер 91 балмен әрең ілінгенде, орысша мектеп бітірген түлектер грантқа 78 балмен түскен. Құқықтану мамандығына қазақ тілінде тест тапсырғандар 89 балмен түссе, орыс тілінде тест тапсырғандар 73 балмен түскен. Математикаға қазақша оқығандар 71 балмен әупірімдеп іліккенде, орысша оқығандар 50 балмен өткен. Физикаға да солай, қазақтар 74 балмен әрең түседі, ал орысша оқығандар 50 балмен түсіп кетеді. Механика мамандығына да қазақтар 81 балмен ілігіпті, ал орыс бөліміне 51 балмен «терлемей-ақ» түсе салыпты. Биотехнология мамандығына қазақша оқығандар 88 балмен тізім соңына іліксе, орысша бөліміне 78 балмен түсіп отыр. Ақпараттандыру және басқару мамандығына 87 балл алғандар тізімнің соңына әрең ілігіпті. Ал орысша тапсырғандар 68 балмен өтіпті. Мұнай-газ, Машина жасау, Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар мамандықтарына түсушілер арасында да сондай айырмашылықтар бар.
Биыл 87 мың 593 түлек тест тапсырған еді. Оның 61678-і қазақ тілінде, 25915-і орыс тілінде тапсырған екен. Оның 20236-сы межеден өте алмаған. Сонда: 87593-20236 =67 357 талапкер грантқа «таласты». Ал мемлекеттік грант саны – 34 мың 115 екен.100 балл мен 70 балл алған қазақтілділер әупірімдеп грантқа іліккенімен, 70 балдан төмен алғандары колледж жағалап кеткені былай-ақ белгілі. Сонда қалай? Грантқа түскісі келген қазақтілділер орыс бөліміне тапсыруы керек пе еді? Бірақ, оған рұқсат жоқ қой. Неге?
Қазір орысша оқып жүргендердің біразы бәрібір қазақ балалары. Қазақстанда орыс тілінің дамуына ешқандай да қысым жоқ. Қайта орыс тілі қай салада болса да еркін қолданылады. Қазақ тілі де қазір сондай жетістікке жеткен. Сонымен бірге, қазақ мектебінде оқыған көптеген қазақ балалары орысшаға өте жетік. Тіпті орысша оқыған құрбы-құрдастарын жаңылыстырып жіберетінін көріп те жүрміз. Ендеше неге қазақтілділер арасында бәсеке күшті болғаннан кейін, білімі жарап тұрса орыс бөліміне тапсырмайды? Жылына 400-700 мың теңге төлеп ақылы бөлімде оқығаннан тиімді ғой.
Кеңес заманында ауылдан қазақша мектеп бітіріп келіп, жоғары оқу орындарында бәрі де орысша оқып кеткен. Аз ұлттарға, жетім балалар мер мүгедектерге арнайы гранттар бөлініп жатса, оны түсінуге болады, әрине. Ал басқалар білім жағынан тең бәсекеге түскені дұрыс емес пе?! Сол үшін қазақ мектебін бітіргендер мен орыс мектебін бітіргендерге ҰБТ-ны қай тілде тапсырса да конкурс ортақ болса қайтеді, мысалы. Жиған балы қай тілдегі бөлімге жетсе, сол тілде оқи бергенде не тұр? Қайта бізде қайда барса да екі тілді де жақсы білетіндердің мүмкіндігі көп қой. Өйткені оқу бітірген соң қызметке тұрғанда біздің елде кейбір мамандықтар бойынша ғана болмаса, ешкім орыстілдісің бе, қазақтілдісің бе, оны сұрамайды. Ең алдымен білімі мен білігіне қарайды. Ендеше оқуға түсу конкурсында неге алалық бар? Мәселен, Асан қазақша оқиды, жиған балы жоғары. Үсен орысша оқиды, жиған балы төмен. Бірақ, Үсен оқуға түсіп кетіп, Асан далада қалса, осы да әділдік пе? Зейінділеу Асан қой бағып, шамасы белгілі Үсен бастық бола ма? Қысқасы, тап осы жағдайды Білім министрлігі тағы бір таразыға салып көрсе, артықтық етпес-ау дегіміз келеді. Бәлкім, біз қателесіп отырған шығармыз. Бірақ ата-аналар осы сұрақты жиі қойып жүр. Қоғам дамыған сайын, көш те түзеле берсе деген ой ғой біздікі.

ЖАСТАРДЫҢ ҚАУАШАҒЫНДА НЕ БАР?

Ақтөбеде бір жасөспірім бала өзінен кіші үш баланы тапаншамен қорқытып, дүкен тонатқаны туралы жаңалықты оқып, жағамызды ұстадық. Алдымен спорт дүкенінен спорттық аяқ киім ұрлатып алады.Кейіннен ол заты ұнамай қалып, басқа дүкеннен әлгі үшеуіне қайтадан ұрлық жасатқан кезде қолға түсіпті. Сөйтіп, 3 жыл 2 айға сотталып кетті. Жалындап жанатын кезінде жалп етіп өшіп қалғанына ішің күйеді. Күшін қайда жұмсарын білмей, төбелесіп жататындар да жастар. Одан қала берді «кім қандай жұмыс ұсынар екен?» деп, көше бойында жалтақтап тұратыны тағы бар. Екі қолға бір күрек табылса істейді, табылмаса үңірейіп қай жерде көлеңке бар, сол жерде шырт-шырт түкіріп, телефонын шұқылап отыра береді. Мақсаты да жоқ, арманы да жоқ. Қауашағы бос. Намысы өлген. Көшеге шыға қалсаң, сондайлардан аяқ алып жүре алмайсың. Ең сорақысы, сөйтіп жүргендеріне біреуді кінәлі санайтындарын қайтерсің?!.
«Баяғы балалардың бұғанасы еңбекпен қатайғанын білеміз. Ал бүгінгінің балаларының бұғанасы қатаймаған, жасы отызға келсе де, былқ-сылқ етіп жүреді», – деп кейіді өткенде бір кейуана. Өзі дорбасын арқалап, қала сыртындағы саяжайына, жеміс-жидегін баптауға кетіп бара жатыр екен. «Немереме таңертең бір сағат ерте оянып, ауланы бір айналып жүгіріп шығуды айтсам, «Ой, апа, ұйқыны кім ұйықтайды?» – деп қу тілін безейді. Бұлардың күші кеудесінде емес, тілінде», – деп, сол жерде отырған жастарға тигізіп-тигізіп айтқанда, жерге қарап қалдық. Рас қой, жаңағы көшеге түкіріп жүргендер жүгіре ала ма екен өзі? Турникке, тым құрығанда, бес рет тартыла ала ма екен? Жүгірумен, секірумен, тартылумен айналысса, соның өзі оған әжептәуір күш бермей ме, рухын көтермей ме! Бойы таза жүреді, жаман әдеттерден, жағымсыз қылықтардан арыла бастайды. Ары қарай жетілдірсе, ізденсе, қазақтың намысын қорғайтын спортшы болып шыға келейін деп тұр. Ал соған миы жетпейді ғой, әттең! «Миының бәрін «агент» жеп қойған» деп кейіген кейуананың сөзіне амалсыз келісесің.

«ПАТРИОТИЗМ» НЕГЕ ҚЫМБАТ ТҰРАДЫ?

Алматының қара базарында Қытайда, Қырғыстанда тігілген мектеп формалары 7500 (ұлдарға: костюм-шалбар, жилет), 8500 (қыздарға: пиджак, жилет, белдемше, шалбар) теңгеден қызу сатылып жатыр. Ал Алматы мектептерінің кейбірінде «Мектеп әкімшілігі бекіткен форманы киіңдер, форманың түсі қара көк немесе қоңырқай болсын» деген талап бар. Әрі ол талапқа сынып жетекшілерінің «фирменный, экологиялық таза матадан тігілгенін алыңыздар» дейтін бейресми сөзі де кіреді. Қара базардағы мектеп формасы осы айтылғандарға аса сай болмағандықтан, ата-аналар «Angelsher», «Glasman», «Ерке-наз», «Сымбат» фирмаларының киімдерін іздеуге мәжбүр. Олардың жапсырмасында «Қазақстанда жасалған», «Өз Отаныңды мақтан ет» деген келісті жарнамалары да бар. Осындай сөздер жазылып тұрғандықтан, өз еліңнің киімін киіп, патриот болғың-ақ келеді. Бірақ, патриот болу да қалтаңа салмақ салады екен. Мәселен, «Glasman»-ның 1-сыныпқа арналған «үштік» жинағын (пиджак, шалбар, жилет) 13 мың теңгеге, жоғары сыныптарға лайығын 15 мың теңгеге аласың. Ал жейделері 2500-3000, галстуктері 700-2000 теңге аралығында. Жоғары сыныпта оқитын баланың шырттай болып киінуі үшін 20 мың теңгеге жуық кетеді екен. Одан бөлек, аяқ киім мен белдікке де ақша керек. Ал қыздардың құр сарафанының өзі 6500 теңге. Ақ кофтасы 4000 теңге. Жемпірі 5000 теңгенің үстінде. Есептесең бір баланың дәптер-қарындашынан бөлек, киімінің өзі 25000-ға, қыз баланікі 35000-ға шығады екен. «Angelsher»-дің де бағасы осы «Glasman»-ның бағасымен шамалас. «Сымбат» сән үйінен ұлдарға арналған форма алу үшін 12 мың теңгені санап бересің. Сапасы жақсы болғасын бағасы да соған лайықты екенін түсінеміз, әрине. Бірақ бір үйде 4-5 мектеп жасындағы баласы барларға тіпті қиын. Осыны ескеріп арзандатпай болмас. Жылда айтылып, жыр болған осы мәселенің шешілер күні бар ма, жоқ па?

«Үш қыз»
(«Ақ желкен», №8. 2014 жыл)

Сізге ұнауы мүмкін...

3 пікір

  1. Риза Алмуханова айтады:

    Бәрі қазақ бөлімінде оқитын деңгейге жеткізу керек, сонда алалық болмайды. Кеңес кезінде медицина училищесінде ауылдан келген қыздарымыз орыс тіліндегі кітаптарды оқығанда қиналатын. Кітаптың бәрі орыс тілінде еді

  2. Ғалымжан Қиясбек айтады:

    Маған мынандай мәселені кім айтып, себебін түсіндіріп береді: неге қала (Алматы) мектептерінде оқулықтар мен оған қосымша берілетін дәптерлер тегін таратылып беріледі, ал ауылда (Боралдай кенті) кітапты да, дәптерін де сатып алуға баспа дүкендеріне жібереді??? «Ауылдағының ауызы сасық» болғаны осыма?! Бізді бұл жылы «Атамұра» баспасына жіберді, әрбәр кітап, дәптерлері 250-550 теңге аралығында! Есептей беріңіздер! Сонда қалалықтардың ақшасы жоқ сорлы болып, ауылдағылар шіріген бай болғаныма? Бұл қалай?

  3. Риза Алмуханова айтады:

    Алматы мен Астанада әкімшілік жақын, оның үстіне акцент үлкен қалаларға жасалады. Әлі ауылдың қадірін жете түсінбей жатқандықтан, осылай болып жатыр.Ауылдан шықты деген шенеуніктердің өздері өзгергісі келеді де, өзге тілді болып шыға келеді, қағынан жерігендер

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: