Абылайхан ЖҮСІПОВ, Жасөспірімдер арасындағы Нанкин олимпиадасының чемпионы, жас боксшы: Жеңілістің дәмі қандай боларын білмеймін

Қытайдың Нанкин қаласында өтіп жатқан Жасөспірімдер олимпиадасы да аяқталды. Дүниежүзілік додада біздің саңлақтар 3 алтын, 1 күміс және 4 қола медаль олжалап, жалпы есепте 21-орынға тұрақтады. Ел қоржынына алғашқы алтынды дзюдошы Бауыржан Жауынтаев салған болатын. Бауыржанның жеңісті жолын боксшы Абылайхан Жүсіпов пен еркін күрестен балуанымыз Мұхамбет Қуатбек жалғастырды. Екеуі де чемпион атанды. Ал боксшы Вадим Казаков күміс медаль еншілесе, ауыр атлеттеріміз Жасұлан Қалиев пен Татьяна Капустина, грек-рим күресінен Евгений Поливадов, көркем гимнастикадан топтық жарыста қыздарымыз қола жүлдені қанжығаға байлады. Бәрекелді дейміз! Олимпиада аяқтала салысымен, «алтын» ұлдарымыздың бірін әңгімеге тартқан едік. Жас боксшы Абылайхан Жүсіпов «Ұланның» оқырмандарына арнайы сұхбат берді.

– Абылайхан спортқа қалай келдің? Әуелі әңгімені осыдан бастасақ…
– Спортқа 8 жасымда келдім. Өзім Қарағанды облысы Абай ауданы Абай ауылынанмын ғой. Бала күнімде өте шымыр болдым. Өзім құралпы құрдастарыммен алысып ойнағанымда, үнемі мен жығып кете беретінмін. Сонымды байқаған болу керек, 3-сыныпта оқып жүргенімде, анам мені бокс үйірмесіне алып барды. Алғашқы бапкерім Бауыржан Аманбаевпен сол жерде танысқанмын. Ол кісі мені әлі күнге дейін жаттықтырады.
– Бокстағы алғашқы жетістік-терің туралы айта кетсең…
– Ең алғашқы ірі жетістігімнің бірі – былтыр Қарағандыда өткен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатында жеңімпаз атануым болды. Одан соң, сәуір айында Азия чемпионаты өтті. Онда да алтын олжаладым. Азия бокс федерациясы «Азияның ең үздік жыл боксшысы-2013» атағын берді. Қыркүйекте Киевке аттандық. Әлем чемпионатына… Тағы да бас жүлде менікі болды. Шынымды айтсам, осы күнге дейін халықаралық жарыстардың бірде-бірінде жеңіліп көрмеппін. Сондықтан, жеңілістің дәмі қандай боларын білмеймін.
– Есіңде қалған ірі жеңіс қайсы?
– Биылғы Азия чемпионатында да, Болгарияда болған Әлем чемпионатында да жеңімпаз атандым. Енді, міне, Нанкиндегі Жазғы олимпиадада жеңіс тұғырынан көріндім. Бір жылда – үш алтын! Мен үшін бұл – үлкен жетістік.
– Жарайсың! Олимпиада қалай өтті? Ауыр тимеді ме?
– Бапкерлерім үйреткен барлық әдістерді қолдандым. Румыниялық Арсен Мұстафа, венгриялық Ричард Коннимен өткен кездесулердің ешқайсысы қиынға соқпады. Тек, финалда сәл терледім. Кубалық боксшы Алаин Лимонтаев шынымен де азулы қарсылас екен. Жаттықтырушыларым Бауыржан Аманбаев пен Андрей Рейштің берген ақыл-кеңестерінің арқасында жеңіске жеттім.
– Өзің үлгі тұтатын боксшылар кім?
– Серік Сәпиев пен Геннадий Головкин. Қазірде мен оқитын Қарағандыдағы Абай бокс мектебінде кезінде Серік Сәпиев те жаттыққан. Серік ағамның жолын қуып, мен де Олимпиада чемпионы атанғым келеді. Бұйыртса, 2020 жылы Токиода өтетін Жазғы Олимпиада ойындарында алтын медаль алсам деген мақсатым бар.
– Бос уақытыңда немен айналысасың?
– Қолым қалт ете қалса, ата-анама көмектесемін. Жер үйде тұрамыз, шаруа ешқашан бітпейді (күліп). Былайғы уақытта кітап оқығанды ұнатамын.
– Мектепте қандай оқушысың?
– Оқу үлгерімім жаман емес. Биыл 11-сыныпты бітірдім. Қарағанды Мемлекеттік университетіне грантқа оқуға түстім.

Ботакөз ИКРАМОВА
(«Ұлан», №35 02.09.2014)

 

Сізге ұнауы мүмкін...

2 пікір

  1. Риза Алмуханова айтады:

    Өмір көріп, ысылған балалар мықты болады. Сондықтан ешқашан ешқандай қиындыққа мойыма, тек алға, біздің жігіттердің бет алысы тек осылай болуы керек.

  2. Бейбіт Жұмажан айтады:

    Осындай Абылайхан сынды ұландарымыз ғой еліміздің атын шығаратын.Тіл көзден аман болсын!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: