Құбылай – «тамаша менеджер» және ортанқол стратег

250 миллион доллар кетіпті. 5000-нан астам актер ойнапты. АҚШ-та, Қытайда, Ресейде жүлде алыпты. «Қазақстан» ұлттық арнасының «Құбылай хан» туралы жарнамасы жер жарды. Алғашқы бөлімдерін көріп те үлгердік. Расында да, фильмнің сапасында мін жоқ. Кино түсіруді, соның ішінде тарихи фильм түсіруді шебер меңгерген қытайлар бұл жолы да аянып қалмапты. Осыған орай біз Құбылай туралы бірқатар деректерді бергенді жөн көрдік.

Өздеріңе жақсы мәлім, Құбылай – Шыңғыс ханның немересі. Иә, кәдімгі жүздеген қаланы қиратып, 3 миллионнан астам адамның өліміне себепкер болған Шыңғыс хан. Фильмнің алғашқы сериясынан-ақ Шыңғыс ханның Құбылай дегенде шығарда жаны бөлек екенін аңғарған боларсыңдар. Құбылай да атасын қатты жақсы көрген. Жақсы көргені соншалық, өмір бойы сол атасының арманынан арыла алмай өткен.
Құбылай Жапонияны басып алғысы келді. Бирмаға, Вьетнамға жорық ашты. Бірақ, оның бәрі сәтсіз болды. Шыңғыс ханның өмірін зерттеген ағылшын ғалымы Джон Мэн Құбылай туралы былай деп жазады: «Құбылайдың билігі билік пен көшбасшылықтың арасындағы ақиқатты ашып берді. Бұл екеуі ұдайы бір-біріне сай бола бермейді екен. Құбылай өз дәуіріндегі ең пәрменді адамдардың бірі еді. Тіпті, оны бүгінгі зор державалар пайда болғанға дейінгі әлем тарихындағы ең қуатты билеуші деуге де болар. Ол тамаша менеджер және ортанқол стратег еді. Бар күшін салса-дағы, ұлы көшбасшы бола алмады. Құбылайдың өлімінен соң ұлы империядан Шыңғыс хан туралы еміс-еміс естеліктен басқа ештеңе дерлік қалмады».
Жиырма жыл жорықта жүрген Құбылай ақылды да еді. Бірақ, оның бір кемшілігі, тым сенгіш болды. Қоластындағыларға қалтқысыз сенгенінің кесірінен өзі опық жеді. Мәселен, Шыңғыс ханның немересі Жапонияға екі рет жорық жасайды. Екеуінде де оның теңіз флоты апатқа ұшырайды. Деректерге қарағанда, Фукуока маңындағы теңізде Құбылайдың флоты үйіндіге айналып, 65 мың адам көз жұмған екен. Өйткені, кемелер сапасыз болатын. Оған бөлінген қаржының көп бөлігі қолды болып кеткен еді.
Құбылай атасының арманына адал болды. Барынша тырысты, бірақ қолынан келмеді. Ақырында 1294 жылы, 79 жасқа қараған шағында көз жұмды. Деректерге қарағанда, ол әйгілі Бурхан-Халдун тауының маңында жерленген.

Жұлдыз ӘБДІЛДА
(«Ұлан», №35 02.09.2014)

Сізге ұнауы мүмкін...

5 пікір

  1. Jadira Musilim айтады:

    Керемет кино!!!

  2. Жанар Шугланова айтады:

    Маған ұнады! Өте сапалы түсірілген фильм!!

  3. Рахат Ғизатолла айтады:

    Сериалды көріп жүрміз. Қуанып кетіп мақаланы аштым, мардымды мәлімет ала алмадым

  4. Жұлдыз Әбділда айтады:

    Рахат, мардымды мәлімет қажет болса, Шыңғыс хан туралы мыңдаған кітаптың ең болмаса біреуін парақтап шығуыңызға болады)

  5. Айнур айтады:

    Ote zhaksi tusirilgen,tarbielik mani,omirlik sabaktari…Osindai tarihi, sapali serialdar koiilimga koisa nur ustine nur bolar edi…

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Мына HTML тегтері мен төлсипаттарын қолдануыңыз мүмкін: