Әуезов бағының ашылуына баратынымды сұқбаттан екі күн бұрын білдім. Таңғы алтыда бірқатар БАҚ өкілдері жолға шықтық. Менен екі орын алдыда Зифа-Алуа Мұратқызы Әуезова отыр екен. Жол таныстығымыз басталғаннан менің екі көзім де, екі құлағым да сол кісіде болды. Сапарымыз таңмен таласа басталғанымен, тілдесудің сәті қас қарая түсті.

Зифа-Алуа апай әңгімесін атасы туралы естеліктен бастады…

– Әкем бірде маған атаммен Ыстықкөлге барғанын айтты. Атам Мұхтар Әуезов Ыстықкөлді өте жақсы көрген екен. Жазушылар одағынан 1957-58 жылы саяжай берілген. Сонда барғанда әкем екеуі тарих туралы ұзақ әңгімелесіпті. Әкем атамның Шыңғыс Айтматовты ерекше жақсы көргенін айтты. Әкемнің айтуы бойынша атам тәртібі мықты кісі болған екен. ҚазМУ-де шығыстану факультетінде дәріс беріп жүргенімде байырғы ұстаз Мәрзия апай Әуезовтің дәрістеріне қалай барғанын айтты. Ол кісі де жоғарыдағы пікірді мақұлдады. Атамның көзін көрген қаламгер қатарластарының, зерттеушілердің пікіріне сүйенер болсам, ол кісі өте мінезді кісі болған екен. Бар өмірін шығармашылыққа арнаған. Драма, опера театрларының да қыр-сырын жақсы білген. Көбіне ұнатыңқырамай жататыны атамның талғампаз болғанынан деседі.

– Атаңыздың шығармаларын өз ана тіліңізде оқисыз ба?

– Алғашқы кезде орыс тілінде оқыдым. Өйткені, мен 1966 жылы Мәскеуде өмірге келдім. Қазақстанға келгеннен кейін Қарағандыда нағашы әжем мен атамның қолында тұрғанымда, бір жыл ғана қазақ мектебіне бардым. Екінші сыныптан бастап Алматыда әке-шешемнің қолында оқи бастадым. Кеңес одағы кезінде Алматыдағы мектептердің барлығы орысша болатын. №12 мектеп қана қазақша. Сондықтан маған орыс тілінде оқу жеңілірек болды. Ленинградта университет оқып жүргенімде қазақшам қайтадан нашарлап кетті. Үнемі қазақша сөйлеуге тырысатыным, голландиялық жолдасымның арқасы. Ол өзі түркітанушы болғандықтан, қазақ тілін білуді үлкен құрмет деп санайтын. Балаларымның өңдері жартылай азиат болса да, қазақ тілінсіз олар қазақтың даралығын көрсете алмайды. Сондықтан үнемі қазақша сөйлесуге ұмтыламыз.

– Өзіңіз атаңыздың қай шығармасын ерекше атап айтар едіңіз?

– Менің сүйікті романым – «Қилы заман». Роман жазған кезінде атамның жасы небәрі 28-29 жаста болыпты. Батыс елдері Шығысты Ресей арқылы біледі. Бұл маған ұнамайды. Голландияда жүргенімде ағылшын тіліне аударайын десем, алғашқы кедергі де осы болды. 1916 жылғы қазақ елінің ауыр тағдыры, тұрмысы, сондағы шиеленіс, әділдіктің болмағаны, идеологияның ызғары айқын көрініп тұрғандықтан, маған бұл шығарма үлкен сілкініс алып келді. «Қилы заманның» алғашында орысшасын оқыдым. Бәрібір кітаптың түпнұсқасына жетпейді ғой деп, қазақшасын оқи бастадым. Қазақшасын оқығанымда бай тіліміздің мүмкіндіктерін шебер пайдаланғанын байқадым. Қызықтым, қуандым. Осындай тілдік құндылықты жоғалтып алғаным үшін кешірім сұраймын. Қазір тек түпнұсқада оқып жүрмін. Болашақта ағылшын тіліне тікелей аударма жасағым келеді.

– Голландияда тұрып жатқаныңызға 20 жылға жуықтапты. Отбасыңыз да сонда ма?

– Жолдасым голланд азаматы. Есімі – Роберт. Түркітанушы әрі арабтанушы. Біз танысып, араласып жүрген кезімізде Роберт қазақ тілін үйреніп жүрді. Кейіннен Әуезовтің «Көксерегін» орыс тілінде, сосын қазақ тілінде оқып, салыстырып, голланд тіліне тәржімалады. Бір-бірімізбен бір жылдай араластық. Сосын 1995 жылы отбасын құрдық. Жолдасым қазақтың тілін, тарихын, әдет-ғұрпын жақсы біледі. Тұңғыш қызым Алматыда өмірге келді. Содан домбыра шертуді үйренді, түрлі өлеңдерді жаттап жүрді. Голландияға барған соң да үйде балаларымызбен қазақша сөйлесуге тырысамыз. Дегенмен мектепке барып есейе бастаған соң, көбінесе голландша сөйлесе бастадық. Алайда, балаларым Әуезов шығармашылығымен жете таныс. Мен Нидерланды азаматына тұрмысқа шығып, шет елде тұрсам да, өз ұлтыма қызмет етемін. Осында жиі келіп тұрамыз. Келген сайын Семейге баруға тырысамыз. Қазақстанды тастап кеткем жоқ. Мүмкін қандай да бір жоба барысында біршама уақытқа тұрақтап келуге болады.

– Қазақстанда болып жатқан жағдайлардан құлағдарсыз ба?

– Менің әрбір күнім елімнің саяси-рухани ахуалын білуден басталады. Tengrinews.kz сайтын тұрақты оқып тұрамын. Көптеген әріптестерім, докторанттарым, студенттерім осында болғандықтан, ресми ақпараттар ғана емес, халықтың көзқарасынан да хабардармын.

– Голланд жастары мен қазақ жастарының айырмашылығы қандай?

– Қазір барлық әлемде бір үрдіс, үдеріс жүріп жатқан сияқты. Бір толқынның жастары болғандықтан, ақпараттар, көзқарастар ұқсас болатын шығар. Жаңа буын жаңаша ойлап, жаңаша әрекет жасағысы келеді. Әлемді билеген медиаға, техникаға қатысты үдерістер ең алдымен жастарға әсер етеді.

– Қазақ қаламгерлерінен кімдерді сүйіп оқисыз?

– Тарихи романдарға деген қызығушылығым ерекше. Соның ішінде Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» романы ұнады. Мен оны Мұхтар Әуезовтің «Хан Кене» пьесасымен салыстырдым. Бүгінде Дидар Амантай, Аслан Жақсылықовтардың шығармаларын, ғылыми еңбектерін оқып тұрамын. Поэзияны да жақсы көремін.

– Атаңызға ұқсайсыз деп көп айтатын шығар…

– Өте жиі естимін және қанша естісем де осы сөз өзіме қатты ұнайды. Мен атама ген жағынан ғана емес, таңдау жағынан да ұқсадым ғой деймін. Атам Мұхтар Әуезов Ленинград университетінде білім алған. Атам да, әкем де, мен де шығыстанушымыз. Тек ішінара бөлінеміз. 16 жасымда Ленинград университетінің Шығыстану факультетіне түстім. Ал өз ізденісімді арабтану саласымен ұштастырдым. Қазақ тіліне шорқақтығымның себебі де осы – оқуға түскен жылдан бері сыртта-мын. Ленинградтағы оқуым біткен соң, Ұлыбританияда білім алдым. Сосын тұрмысқа шықтым.

– Қандай жоспарыңыз бар?

– Жоспар көп. Қазақстаннан 2010 жылдан бастап Лейден университетіне, Амстердам университетіне бірнеше рет бір топ студентті әкелдім. Көбіне екі апталық жобаларды жүргіздім. Голландияда шығыстану, тарих секілді гуманитарлық пәндердің магистранттары, докторанттары және де бірқатар ұстаздары келіп, университеттің жұмыстарымен танысты. Ең бастысы, «Academic wraiting», яғни ағылшын тілінде ғылыми мақалаларды қалай жазу керек екенін үйренді. Өйткені, келген білімгерлердің барлығы да қазақ тілін, қазақ мәдениетін жақсы біледі. Сондықтан оларға орыс тілі арқылы емес, тікелей қазақшадан аударма жасау әлдеқайда тиімді. Қарап тұрсаңыз, қазір әлемнің бәрі ағылшынша оқып жатыр. Ол қытай ма, жапон ба, араб елі болсын, бәрібір. Ағылшын тілінде түсініп жаза алдыңыз деген сөз, айналымға ендіңіз деген сөз. Ағылшын тілінде тікелей аударма жасау бәсекеге қабілеттілігімізді көтереді. Өйткені, қазір ғылым жүйелі. Сондықтан да ағылшын тілі ғылымның, байланыстың, халықаралық қызметтердің, жаңалықтың тіліне айналып отыр. Жастарға айтарым, заман талабына сай қажеттіліктерді меңгеріңіздер. Бүгінде ағылшын тілін білу қай саланың болсын көзін табудың мүмкіндігі болып тұр. Еңбек ете білсе, қазақ өте қабілетті халықтардың бірі дер едім.

– Сұқбатыңызға рахмет! Кеңесіңізді ескеретін боламыз.

P.S. Қазақ тегінде «Тартпай қоймас негізге» деп бекер айтпаса керек. Толқынды шаштары, қасы-көзі, тіпті күлкісі де Мұхтар Әуезовтен аумайды. Сыпайы сөйлейді, ынтамен тыңдайды, махаббатпен қарайды. Осы өлкені, ақжарқын ағайынды сағынғаннан шығар, бәлкім. Қайтар жол қабақ қағысып біраз әңгімелестік. Қызғалдақтың отаны атанған Голландияны, Қазақстанның болашағы мен әлемдік жаһандану туралы білгенімен бөлісті. Көптеген тілдерді еркін меңгерсе де ана тілге деген құрметі басым. Тіпті, сұқбат барысында бірнеше рет орыс тілінде жауап беруін өтіндім. Бірақ, Зифа апай тек қазақша жауап берумен болды. Мұрнын шүйіріп тәкаппарлық танытпайды, өте қарапайым, жан-тәнімен тыңдап, жанашырлықпен жауап береді. Алдымызда Алматыға дейінгі үш сағаттық жол. Сондықтан да жол ортасы сәл аялдадық. Бір қарасам, Зифа апай алып Алатауға құшағын еркелей ашып, балаша қуанып тұр. Дереу суретке тартып алдым. Көлікке мінгеннен кейін Зифа апай қолына фотоаппаратын алып, жүріп өткен жолдарды бірнеше сағат бойы түсіріп отырды. Сірә, елден жырақ жүргенде ең жақын естелігінің бірі болар. Қанша дегенмен, қаны қазақ, тегі асыл ғой.

Сәуле НЫСАНБЕК

«Ақ желкен» журналы, №10
Қазан, 2017

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз