Өсімдіктердің тозаңдануына ғана емес, күн сəулесіне де аллергия туындайды. Жəндіктердің шағуынан да аллергия пайда болу қаупі бар. Бəрінен бұрын көктемде шаң мен өсімдіктердің тозаңдануына аллергиялық реакция жиілейді. Мұндай жағдайда аллергиясы бар адамдар жаңбырдан соң таза ауада жиі серуендегені, үйлерін күн сайын шаңнан тазартып тұрғаны дұрыс дейді мамандар. Десе де, аллергиямен қалай күресуге болады, сол жөнінде дəрігер маманның өзінен сұрап көрелік.

Ұлан: Маусымдық аллергиямен қалай күресуге болады?

Ə.Нұрмұханбетова: Аллергиялық реакция балаларда да, ересектерде де кездеседі. Көктем айларында көп мазалайтыны маусымдық серпілістер. Көбінесе өсімдік тозаңдарының əсерінен туындайды. Клиникалық белгілер де əртүрлі. Науқастың көзі қышиды, мұрны бітеліп, демала алмай қалады, түшкіре береді. Аллергиялық демікпені уақытында емдемесе, асқынып кетуі мүмкін. Бір қызығы, өсімдіктің тозаңданатын уақыты аяқталғанда, науқасымыз қайта қалпына келеді. Сол жағдайды білетін кейбір науқастар арнайы емделуді құнттамайды. Алайда, жыл сайын сол уақытта ол аллергиялық белгілер қайталанады. Жай ғана қайталанбай, асқына беруі де мүмкін. Аллергияға бейім ата-аналардың балаларында да сол белгілер байқалады. Аллергия генетикалық ауруларға жатпайды, сонда да бейінділігі беріледі.

Ұлан: Аллергиядан қалай емделу керек?

Ə.Нұрмұханбетова: Мұрын бітелсе, соған арнайы қолданатын дəрі-дəрмектер симптоматикалық дəрілер деп аталады. Алайда, олардың күші аз уақытқа ғана жарамды. Көбіне 3-4 сағатқа жарайды. Көп науқас осындай уақытша ем-дом жолын ғана қарастырады. Десе де, маусымдық аллергиядан қыс айларында арнайы емделу керек. Алдымен қыс кезінде аллергияның белгілерін анықтап алады. Ол үшін арнайы диагностикадан өту керек. Аллергияның неден туындайтынын анықтаған соң, соған арнайы екпе жасалады. Осылайша үш жыл қатарынан емделу керек.

Ұлан: Елімізде аллергияның қай түрі жиі кездеседі?

Ə.Нұрмұханбетова: Қазақстанда ең көп кездесетін аллергия түрі – жусанға аллер- гия. Елімізде жусанның 5 түрі өседі екен. Егер жусанға аллергияңыз болса, онда сол жусанның екпесімен емдейді.

Ұлан: Тұзды шахтамен емделетіндер бар ма?

Ə.Нұрмұханбетова: Өте жақсы əдіс. Дегенмен, ол əдіспен емделудің де арнайы ережесі бар. Оның бəрін дəрігермен ақылдасу қажет.

Ұлан: Аллергиялық бейінділік көбіне ата-анадан беріледі, бала кезінен байқалады десек те, ересек адамдарда аяқасты сондай белгілер байқалуы мүмкін бе?

Ə.Нұрмұханбетова: Аллергияның анафилаксиялық түрі кез келген жаста байқалуы мүмкін. Ол бұрын ешқашан аллергиясы болмаған, алайда ара не басқа да жəндік шағып алғанда пайда болатын аллергия əсері. Кейде анафилаксиялық шок туындайтын қауіпті түрі болады.

Ұлан: Аллергиядан өліп кету қаупі бола ма?

Ə.Нұрмұханбетова: Анафилаксиялық шок жағдайында адамнан айрылып қалу қаупі болады.

Ұлан: Көктемде иммунитет төмендейді деп жатамыз. Дəрумендерді қалай қолдану керек?

Ə.Нұрмұханбетова: Шын мəнінде, тек қана көктем мезгілінде емес, басқа маусымдарда да иммунитет төмендейтін жағдайлар кездесуі мүмкін. Əркімнің ағзасы əртүрлі. Көктем, жаз мезгілдерінде табиғи көкөніс, жемістерді пайдаланған жақсы. Ал, балаларға көбінесе С дəруменінің қажеттілігі байқалады. Сондайда С дəрумені бар тағамдарды жəне аскорбин қышқылын пайдаланса артық етпейді. Сосын дəріханадан дəрумендер жиынтығын алып ішкеннен гөрі, əр дəруменді жеке-дара қабылдаған жөн.

Қарлығаш Досанова

“Ұлан” (№18, 2 мамыр, 2017 жыл)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз