Оқырманға жол тартқан ерекше кітап осылай аталады. «Менің бала күнімде мүгедектер болған жоқ. Біздің балдəурен шағымызда əлем келбетті де көркем, болашағына сенімді жандардан тұратындай еді… Алғаш көзі көрмейтін адамды университеттің бірінші курсында көрдім», – деп бастайды автор. Айналамызда əртүрлі адамдардың болуына көзіміз үйренбегендіктен, біз оларды қабылдай алмаймыз. Өзімізге ұқсамаса болды, ат қойып, айдар тағып жіберуге дайын тұрамыз. Кітап алғашқылардың қатарында қалыптасқан сеңді бұзып, қоғамнан оқшауланып қалған балаларды жарыққа шығарып, оларды көпшілікпен араластыруға, қоғамға қосуға əрекет еткендер туралы.

«Сорос Қазақстан» қоғамдық қорының қолдауымен жарыққа шыққан еңбектің авторы – белгілі журналист Гүлнара Бажкенова. Түпнұсқасы «Только не говорите, это слишком» деп аталады. Қазақша аудармасына «Жігер, жүрек жəне ниет болса…» деген атау берілген. Тұсаукесерге елдің алды болып бардық. Кітапқа арқау болған кейіпкерлермен жүздесіп, танысқымыз келді. Залға кірген бойда көзіміз бірден «ерекше» келбетті бөбекке түсті. Есімі Нұрадин екен. Бірінші рет көріп тұрса да, адамдармен құшақтасып амандасқаны
жүректі елжіретті. Ата-анасы Нұрикош деп еркелетеді екен. Қызылорда өңірінің тумасы.

Анасы Гүлмира облыстағы беделді невропатолог дəрігер. Келген қонақтардың ішіндегі көңілдісі де, белсендісі де Нұрикош. Қоршаған ортаға титтей де зияны жоқ, ашулануы сирек, адамға жұғымды, мейірімді балақайды расымен күн сəулелі бала дейсің. Еліміздегі тұңғыш инклюзив балабақшаның табалдырығын аттаған. Балабақшаның негізін қалаушы Анар Ізден айрықша қажеттігі бар балалардың басын біріктіретін мекемеге «Ұмай» атын берген. 2017 жылы Нұрадин Қызылорда облысы əкімінің қолынан жалпыға білім беретін мектепалды бағдарламаны табысты аяқтаған алғашқы ерекше бала ретінде «оқудағы табысы үшін» деген мақтау қағазын алған. Мектепалды бағдарламаны аяқтағанымен, оқуын əрі қарай жалғастыра алмады. Ата-анасы Нұрадинді туабітті «ерекше» балаларға арналған мектеп-интернаттағы Даун балалардың тобына алып барды. Əрі қарай білімін сол жерде жалғастырмақ. Нұрикоштың алғырлығы мен зеректігіне риза болдық. Залда отырғандардың барлығын фотоға түсіріп, құшақтап жүр. Жатырқауды білмейтін балақай ел назарының өзіне түскенін де аңғарады екен. Кітаптың тұсаукесерінен кейін екі сағаттай қасында болдым. Бірге билеп, ойнадық. Орысшасынан қазақшасы басым. Былдырлап əңгіменің тиегін ағытты.

Билеген қимылыңды дəл қайталайтынына еріксіз қол соқтық. Анасының айтуынша, тобындағы үздік оқушылардың бірі – біздің кішкентай кейіпкеріміз. Сандарды ретімен санағанда жаңылмайды. Өзі əлі бала болса да, балажан. Бөпелерді қызықтап, ойнағанды жақсы көреді екен. Кетуге жиналып, қоштасып жатқанымда Нұрикош анасының қолындағы гүлді сұрап, маған берді. «Бүгін балама көңіл бөлген сіз болдыңыз! Өзімен ойнап, араласқан адамды жақсы көреді. Елдің назарынан тыс қалса, көңілі түсіп, жабырқап
қалады», – деді Гүлмира апай. Осы сөзден кейін гүлді алмасқа болмады. «Алматыдан араласып тұратын жақсы жандар таптық. Келесі жолы да шақырсаңыздар келеміз. Біздің бала сіздерді ұмытпайды», – деп Нұрикоштың анасы уəде беріп кетті.

«Қоларба кедергі емес…»

Кітаптағы кейіпкерлердің жартысы жолдың қашықтығына байланысты келе алмапты. Әйтпесе, «Қайтпас қайсар Аружан мен ұстазы Сәулежан Уәзірқызын» да күтіп едік.  Келгендердің арасынан Исаак Мустополоны көріп, қуанып қалдық. Газетіміздің бұрынғы сандарында Исаак туралы жазылған-ды. Оқырманның сүйікті кейіпкері десек те болады. Әлемге әйгілі  ағылшын физигі Стивен Хокингпен жолыққан тұңғыш қазақстандық бала. Білім мен ғылымды игеруге қоларбаның кедергі емес екенін дәлелдеп келеді.

«Балаң адам болмайды! Бұл бала жүрмейді де, сөйлемейді де. Сондықтан бас тартқаның жөн. Өткізіп жібер, басқа балаларыңа көңіл бөл!» деп кеңес берген дәрігерлердің сөзін тыңдамағаны үшін Исаак анасына әлі күнге дейін алғыс айтады. Дене бітімі өзгеше болғанымен, миының дамуы қатарластарын басып озды. Бос уақытында кітап оқып, аспан әлемі туралы ойланғанды жақсы көретін Исаак Кембридж университетіне түсіп, астрофизик ғалым болуды армандайды. Исаактың арманы орындаларына біз титтей де күмән келтірмейміз.

«Құлағы естімейтіндер билеуші ме еді?»

Туысқан ағайымыздың баласы ыммен сөйлейтін еді. Ата-анасымен саусақ және ерін қимылы арқылы тілдесіп отыратын. Ондайды түсінбейтіндер телефонына хабарлама етіп жазып беретінбіз. Қазір оның жасы 27-де.  Достары мен араласатын адамы көп болғандықтан, оқшауланып, бөлініп қалғанын көрмедік. Қатарластары секілді мектеп партасына отырмағанымен, арнайы мектеп-интернатта білім алып, колледжді аяқтап, машина жөндеуші болып қызмет етіп жүр. Біз танысқан екінші кейіпкердің тағдыры алыстағы туысымды еске салды.

Төр жақта тұрған екі жап-жас жігітке бардық. «Есімім – Исатай, Есеннің мұғалімі боламын» деп таныстырған жігіт пен шәкіртінің арасында пәлендей жас айырмашылығы байқалмайды. Есен мен Исатай ұстаз Атырау қаласынан келген. Кітаптағы ең қызықты да әсерлі бөлім осылардікі. Әңгімені келесі күні Есен тұрақтаған қонақүйде жалғастырдық.

– Бұл жігіттің есімі – Есен. Егіздің сыңары. Аман деген ағасы бар. Ата-анасы егін шаруашылығымен айналысады. Құлсары қаласында тұрады. Жиырма бір жасында кітаптың кейіпкері болды. Есенмен алғаш жолыққан күнді ұмытқан емеспін. Одан бері оншақты жыл болды. Анам мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мектеп-интернатқа жұмысқа орналасқан еді, бәрі содан басталды, – деп бастады Исатай әңгімесін. – Бұл салаға келуіме ештеңе әсер еткен жоқ. Тек анамның жұмысын жеңілдетіп, оған көмектескім келді. Жетістікке жетіп, танымал боламыз деген ой да болған жоқ. Анам интернаттағы балалардың жағдайымен таныс емес еді. Ал айрықша балалармен жұмыс істеу оңай емес.

Бірде анама директоры концерттік кеште өнер көрсету үшін балаларға би үйретуді тапсырады. Ол кезде ансамбльде хореограф болып жүргенмін. Анам менен көмек сұрады. Бірден келісе кеттім. Балаларға барып, «Қамажайды» билеп беруін өтіндім. Естімегеннен кейін аяқтарын тарп-тарп қозғалтып, біртүрлі дыбыстар шығаратынын көріп, тұрған жерімде сілейдім де қалдым. Сол күннен бастап бәрі өзгерді. Маған дейін де биден сабақ берген мұғалім болған. Бірақ шыдамай кетіп қалып, орта жолдан үзіліп қалған. Мен бірден қызығушылықпен кірістім. Ең алғаш «Жұлдызай» фестивалінің гала-концертіне шықтық. Бір адамның биіндей бірдей қимылдау, қолдарының майысып, бірдей әуенге ілескенін көргенде көрерменнің қай-қайсысы да қарсы алдында билеп жатқан қыздардың құлағы естімейтініне сенбес еді.   

Осы балаларды сүйрелеп жүріп Исатайдың естімеген сөзі жоқ. Талай рет ызаға булыққан. Қазір соның бәрін күле еске алады. Ал бүгінде Исатайдың қанатының астында үш бишілер құрамасы бар. «Балдәурен», «Еркеназ», «Шаттық» бишілер тобы талай өнер байқауларында бәйге алып жүр. Қазір «Шаттық» бишілер тобына Есен жауапты екен. Исатай әңгімені әрі қарай сабақтады:

– Осыдан сегіз жыл бұрын Есенді интернаттың дәлізінен көргенмін. Ол кезде 10-ақ жаста. Ата-анасы ұзақ кеңесіп, ақыры облыс орталығындағы есту қабілеті нашар балаларға арналған мектеп-интернатқа оқуға жібереді. Ауылынан ұзап көрмеген Есен интернатқа ұзақ уақыт үйренісе алмай жүрді. Үнемі терезеге қарап жылап тұратын. Көзіме қайта-қайта түсе берді. Бір күні жанына келіп, «би үйірмесіне қатысқың келе ме?» дегенді ыммен сұрадым. Ол таңғалып, «біз музыканы естімейміз ғой» деді. Оның бәрі түк емес екенін түсіндіріп жатырмын, біз билеп қана қоймай, ән айтып, ансамбль құрамыз деп жатырмын. Сол кезде Есеннің дене бітімін көріп, балет әртісі болатын бала екен деп ойлағанмын. Сол сәттен бастап Есенге жаңа әлемнің есігі ашылды. Мектептің мақтанышы болып, кейіннен өзі өнер көрсеткен бишілер тобына жауапты жетекші де болды. Есенмен бірге төрт оқушы топқа қабылданды. Азамат, Алтынай, Зейнеп сынды өнерпаздардан құралған «Шаттық» бишілер тобы өнер әлеміне қанат қақты. Жарты жылдан кейін-ақ республикалық байқауда бақ сынап, үздік деп танылды. Тіпті өңірдегі тойларға да шақыра бастады. Қомақты ақша ұсынып, бір тойда бірнеше биді көргісі келетіндер пайда болды. Бірақ жеңіл жолмен ақша табуға қарсы болғаннан кейін, дереу тоқтаттым. Бір-бірінен естіп, «біз де билегіміз келеді» деп келген балалардың санында есеп болмады. Бәрі де әуенді жүрегімен сезінетіндер. Ата-анасымен келген балалар болды. Балалардың барлығы дарынды, өнерлі. Тек әркімнің қабілеті әртүрлі. Алдыма келген балалардың әңгімесін мұқият тыңдаймын, не нәрсеге қабілетті екенін біліп, сол бағытты дамытуға бағыт-бағдар беремін. Қазір үш би құрамасы жұмыс істейді. Әр топта он бишіден бар. Өнер көрсететіндері сегіз адам, екі адам қосалқы, алмасып тұрады, – дейді Исатай ұстаз.

Өнер деп жүріп, Есеннің ержеткенін де байқамай қалады. Тоғызыншыны бітіріп, интернаттан кететін кез де жақындайды. Осы кезде Исатай балалардың болашағы туралы ойлана бастады. «Қайда бару керек, кейін қалай өмір сүреді?» деген сауалға жауап іздеді. Бір қызығы, сол кезге дейін интернатты  аяқтаған түлектің ешқайсысы оқуын жалғастырмаған екен. «Олардың құлағы естімейді ғой, қайдағы оқу?!» дегенді сол балалардың ата-анасы айтқанын естігенде Исатай қатты күйзеледі.

Есеннің әкесі де ауылдағы фермаға бас-көз болады деп оқуға жібергісі келмейді. Алайда Исатай Есеннің үш ай демалыста егін басында жүріп, қатты шаршайтынын білетін. «Неге оқымасқа?!» деген сұрақты ата-аналарға қойып шаршаған. Дүниеге келген әр адамның білім алуға құқығы бар. Мүгедек болса да, кәсіптік білім алуына не кедергі деген оймен Атыраудағы он колледж бен жеті кәсіптік білім беретін лицейдің есігін тоздырады. Сондағысы дені сау, тілі бар балалардың қатарына Есенді де қосу болатын. Ақыры балалардың өзімен сөйлесе жүріп, дегеніне жетті. Ол күндерді Исатай былай еске алады:

 Атырау көлік және коммуникация колледжіне бірінші курсқа қабылданды. Тобындағы балалардың жасы 17-де, Есен 19-да. Алғашқы күндері қиын болды. Өзім сабағына қатысып, аударып беріп жүрдім. Кейіннен оқушылардың қимыл-қозғалысынан, мұғалімнің сабақ түсіндіргендегі ерін қимылынан, эмоциясын оқи бастады. Дене шынықтырудан беретін мұғалімі Есеннің болашақта спорт шебері болатынына сенеді. Өйткені берілген трюктарды Есен еш қиналмастан қайталап берген. Заң бойынша Есен секілді студенттерге сурдоаудармашы керек екен. Ал оған қаражат қарастырылмаған. Кураторымен де біраз келіспей қалғанымызды несін жасырайық?!. Тіпті, Есенге мұғалімдермен қалай амандасу керек екенін түсіндіруге тура келді. Бұл балалардың өз әлемі бар. Сондықтан «біздің ортада былай, ал сендерде…» деп бөліп-жарып түсіндіруге тура келеді. Өйткені интернатта балалар өз ортасынан шықпайтын да, олардың өмір сүру ережесі де белгілі бір шеңберде болатын. Ал кәдімгі қоғамға араласып, үніңді естірткің келе ме, онда олардың да ыңғайына жығыла білу керек. Үш жыл бірге араласқан курстастары Есеннің «ым»тілін үйреніп алып, саусақпен сурдоаудармашы болып жүре береді, Мен де осы балалармен араласқаннан кейін тез үйреніп алдым. Қызылорда қаласынан келген сурдоаудармашы апайдан сабақ алдым. Сол апайымның есімін ұмытып қалып, ұялып жүрмін», дейді Исатай.

Бүгінде Есен Исатай ұстазының үйінде тұрады. Ұстазының үйінде өзін еркін сезінеді. Исатайдың атасы Есенді алғаш көргеннен-ақ «менің кенже немерем» деп атап кеткен екен. Исатай да отбасындағы кенже ұл. Бауырларының өз отбасы бар. Қаланың қақ ортасында кең жер үйде тұрады. Исатай колледжде оқып жүргенде атасы бір жағдайға ұрынып қалмаса екен деп қатты уайымдайды екен. Тіпті аялдамада күтіп отыратын көрінеді. Атасының «көз алдымда бірге жүріңдер» деген өтінішін жерге тастай алмай, Есенді үйіне көшіріп алады. Есеннің Исатайдың үйіне қоныс аударуы басқа балаларға «жаңалық» болды. Олар да Исатайдың үйін көргісі келді. Ол жөнінде Исатай былай дейді:

– Байқауларға киетін сахналық киімдерін бишілер өздері тігеді. Қыз балалардың қолөнермен айналысқанын қолдаймын. Сәукелені бисермен көмкеріп, камзолдарын қолмен тігеді. Қыздарымнан  бет әрлеп, іс тіге алуын қатты талап еттім. Жаңа ғана көк базардан мата сатып алдым. Батыс өңіріне белгілі хореограф Серік Сариев – менің ұстазым. Сахналық костюмдеріміздің барлығы сол кісінің идеясымен тігіледі, ал тігетін – өзімнің қыздарым. Үйіміздің есігі кез келген адамға ашық. Қыздарым келіп, көйлектерін тігіп ала береді. Үйіміз шағын ғана тігін шеберханасы іспеттес. Жігіттер де сахналық костюмдерін өздері тігеді. Демеуші азаматтар алып берген алты іс тігетін машинамыз бар. Қыздар алма-кезек отырып, тіге береді. Қымбат косметикалық бет бояғыштарды  көтерме бағада алып қоямыз. Соларды кезек-кезек қолданады. Шашқа қайшы жолатпау, кірпік жабыстырмау – қыздарымның басты ұстанымы. Олардың толып кетпеуін де қатты қадағалаймын. Ауылдан келгенде салмақ қосып келеді, «көйлек сыймаса, билемейсің» деп бірден кесіп айтамын. Көйлектердің өлшемі 40-42-ден аспайды, – дейді талапшыл ұстаз.

Екі сағатқа жуық әңгімемізді тыңдап отырған Есеннің зеріккенін байқадым. «Қашан қайтамыз, ұшаққа кешігіп қалмайық» деп Исатайға ескерту жасап отырды. Есенді сөзге тартып, арманы жөнінде сұрадым. Исатай тілмаш қызметін атқарды.  

– Колледжді аяқтағаннан кейін, еліміздегі құлағы естімейтін балалармен танысқым келеді. Олардың да жақсы білім алып, болашақта маман болып қалыптасуына көмектесер едім. «Шаттық» бишілер тобының солисімін. Ағай болмаған кездері дайындықты өзім жасай беремін. Болашақта өзіммен тағдырлас іні-қарындастарыма қамқорлық жасап, үлгі болғым келеді, – дейді арманшыл жігіт.

Есен биыл жиырма бір жасқа аяқ басты. Әне-міне дегенше отау құратын жасқа да жетіп отыр. «Жақсы араласатын дос қызым бар», – деп қысқа қайырды Есен.

– Кітапқа Есеннің жеке өмірі туралы қосқанды қаламадым. Қысқа ғана келтірдік.  Былтыр егізі Аман шаңырақ көтерді. Есен ағасы екеуінің тойы бір күнде болса деп армандады. Бірақ… Әуелі Есен мені үйлендіргісі келеді. Менің бойдақ жүргенім осылардың жанына қатты батады, – деп  Исатай әңгімесін әзілмен іліп әкетті. – Әдемі қыз көрінсе, «таныссаңызшы, ағай» деп оқушыларым қаумалап алады. Ең алғашқы шәкірттерімнің арасынан Зейнеп қана тұрмысқа шықты. Қазір бір ұлдың анасы. Өзі секілді қызылордалық жігітке ұзатылды. Тойының бас-қасында жүрдім.  Қыздарыма кімнің көзі түсіп жүр, кімдер сұрап жүр, бәрін біліп отырамын. Олардың ата-аналары ауылда, қаладағы жауапты адам менмін, – дейді жанашыр ұстаз.

Ұшаққа мінетін уақыт та таяды. «Есен алғаш рет ұшаққа мініп көрді. Болашақта халықаралық байқауларға тек ұшақпен ғана баратын боламыз деп қанаттандарып қоямын», дейді Исатай…

Тобықтай түйін:

Исатайдың әңгімесі мектепте мұғалім болған кезімді еске түсірді. Былтыр Алматыдағы орта мектептердің бірінде психикалық дамуы тежелген деген диагнозы бар оқушыларға сабақ бердім. Мектептегі бала санын көбейтіп жүргені болмаса, ешбір мұғалімнің олармен ісі болмайтын. Оларға жеңіл бағдарламаларды өтетінбіз. Бір оқушыммен сөзге келіп қалып, ақыр соңында әлгі бала үстіне түкіріп жіберді. Мектеп директорына бардық. Сонда мектеп басшысы: «Басыңды ауыртпа, қырық бес минут қана жауапты болып отырасың. Ешкім сені қинамайды», – деп шығарып салды. Дені сау балалармен бір мектепте оқығанымен, бірге ойнамайтын. Мұғалімнің міндеті – алдына келген оқушысына білім беру, жазу-сызуды үйрету. Лаж болса, олардың қоғамға араласуына ықпал ету. Бірақ, Исатай секілді ұстаз болу менің қолымнан келмеді. «Ерекше» балаларды тізімнен алып тастамай, дені сау балалармен араласуына ықпал ететін Исатай бен Анар секілді табанды жандар, Сәулежан Уәзірқызы мен Зарина Жамшудқызы сынды ұстаздар, осы жолда талмай еңбек етіп, дүниеден өтіп кеткен Алтын апай секілді жандардың өмірі мен еңбегі көпке үлгі. Өмір осындай адамдармен шуақты!

Дайындаған Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

«Ұлан» газеті, №22
29 мамыр 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз