Жаздың қайнаған ыстығы. Нанның қиқымын тауып алған Құмырсқа оны илеуіне жеткізе алмасын сезгесін, амалсыздан аялдауға тура келді.

Қасындағы ұшып-қонған шыбындардан көмек сұрап еді, олар келеке-мазаққа айналдырды.

– Бізге сенбейсің бе, тастап кет,– деді біреуі көсемсіп. – Ертең келіп аларсың.

– Бұл нан ақыры бізге бұйырады. Жүзің келіп жабылсаңдар да, тұрған орнынан жылжыта алмайсыңдар,– деді екіншісі одан сайын намысына тиіп.

Ойламаған жерден қасына өзінің илеуіндегі Құмырсқаның келгенін көргенде олжа иесінің көзі жайнап кетті

– Кел, көмектес,– деді илеулесіне шағынып.– Жалғыздығымды пайдаланған шыбындардың қорлығы әбден өтті.

– Сіз шығар деп өзім де әдейі бұрылғам. Ал, кеттік.

Екеуінің нан қиқымын сүйрелей жөнелгенін көрген шыбындар:

– Осыншама  күш қайдан пайда болған бұларға,– десті.

– Лас жерде жүріп миларыңның айналғаны сонша, құмырсқалардың күшін әлі білмейді екенсіңдер. Олар өз салмағынан әлденеше есе ауыр затты көтере алады. Бұл – бір. Екінші, бәрінен бұрын бір біріне дем берген ауызбірліктің  құдіреті,– деді сол маңда гүлге қонған бал арасы.

Байқоңыр қаласы.

«Балдырған» журналы, №9
Қыркүйек, 2018

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз