Өмір сүру дегеннің өзі жетістікке жету мен жеңістерден үміттенуден тұратын секілді. «Жетістік» деген сөзді өзге бір адамға теліп айта салу қандай оңай болса, сол жетістікке қол жеткізген тұлға болу сондай қиын. Меніңше, жетістік тұлға болуды талап етеді. Оның «көзі» екінің біріне түспейтіні де анық. Өмірлік қағидасы мен құндылықтары қалыптасып үлгерген, тұлғалық қасиеттері бар адам ғана əлденеге жете алады. Алдымен жетістікке жетесің, содан кейін ол саған қызмет етеді. Бұл – аксиома. Бүгін əлем танитын өнертапқыштар мен жазушылар, жалпы дарын иелері жетістік атты биікті қалай бағындырды немесе «жетістігі жеткіліксіз» болғандар жөнінде сөз қозғамақпыз.

Өмір сүру дегеннің өзі жетістікке жету мен жеңістерден үміттенуден тұратын секілді. «Жетістік» деген сөзді өзге бір адамға теліп айта салу қандай оңай болса, сол жетістікке қол жеткізген тұлға болу сондай қиын. Меніңше, жетістік тұлға болуды талап етеді. Оның «көзі» екінің біріне түспейтіні де анық. Өмірлік қағидасы мен құндылықтары қалыптасып үлгерген, тұлғалық қасиеттері бар адам ғана әлденеге жете алады. Алдымен жетістікке жетесің, содан кейін ол саған қызмет етеді. Бұл – аксиома. Бүгін әлем танитын өнертапқыштар мен жазушылар, жалпы дарын иелері жетістік атты биікті қалай бағындырды немесе «жетістігі жеткіліксіз» болғандар  жөнінде сөз қозғамақпыз.

Еңбек бәрін де жеңбек

Алдымен «жетістігі жеткіліксіз» болған таланттардан бастаймыз. Бұл қаламгерлерді осылай атауды ұйғардым. Себебі көзі тірісінде өзіне лайық мінберден сөйлей алмағандар көп. Марк Твен, Марсель Пруст, Лев Толстой, Зигмунд Фрейд тірлігінде Нобель сыйлығына қол жеткізе алмады. Олардан «осалдар» осы сыйлықты әлдеқашан алған болатын. Дегенмен, Нобель − шын таланттың өлшемі емес. Тумысынан тура жолмен жүріп, өмірін, өнерін адалдықпен айшықтағандар аса дарынды ғана емес, сонымен бірге еңбекқор, тым төзімді болғаны әлі күнге таңғалдырады. Менің танымымда бұл тізімді бастап тұрған – әйгілі жазушы Оноре де Бальзак.  Оның туындылары сол кезеңдегі бірнеше ұрпақты тәрбиелеу құралы болды деуге болады. Сонымен қоса, тұлғалық даралықты арттыруға да ықпал етті. Уақыт өте келе Бальзак шығармаларының бойынан әлеуметтік, психологиялық мәселелердің алдын алу, шешімін табу сынды элементтерді де байқаған әдебиеттанушылар, оқырмандары жазушының қаламгерлік қуатын феномендік деңгейге көтерді. Оның әдебиетке адалдығы мен жанкештілігі бірнеше қаламгердікімен тең. Бір мезгілде бірнеше романды жазып, бір-біріне сюжеттік жағынан ұқсатпауының өзі сөзіме дәлел. Жаңа ғана аяқтаған шығармасының ішінен тағы бір ерекше дүниені тудырып отырған Бальзак өзінің шығармашылық шеберханасы жайында: «Идеялар, ойлар, жоспарлар бір-бірімен қақтығысып, тартысып, жеңіліп, жеңіп, мида әбден піскен кезде есіңнен адасып кете жаздайсың. Әлдебір туындыны дүниеге әкелу деген – ұзақ уақыт отқа қақталу деген сөз»,− дейді. Ал әпкесі Лораға жазған хатында: «Мен тордағы хайуан секілдімін», –деп жазады. Ол тәулігіне кемінде 18-20 сағат жазу үстелінде отырып, өндіріп жазған.

«Жолы болғыш екеу»

Ой пердесін түріп қойып жазуға көшіп, қайтадан ойлардың орманын аралайтын қаламгер ауыр науқастан қайтыс болады. Тірісінде өзінің ұлы жазушы екенін білмей, білсе де соған өзі сенбей, дұрысы «сене алмай» өткен Бальзакқа сәл ғана сәттілік пен жетістік жеткіліксіз болды. Бұл бір ғана жазушының ішкі әлеміне сапар. Осы тұста әлемді өзіне қаратқан қос кейіпкеріміздің сәттілік құпиясына да терең бойлап көрейік. Алғашқысы – тұңғыш миллиардер Джон Рокфеллер.

Рокфеллердің миллиардер болуына табандылық, бірбеткейлік, мақсатына күн сайын ұмтылу және адамдармен жақсы қарым-қатынас жасау ықпал етті. Оның әкесі ақшаны көп тапқанымен, қалай жұмсауды білмеген екен.  Мектепте досы болмай, өзімен-өзі саяқ жүретін болашақ миллиардер бала кезінің өзінде-ақ  бір жылда 100 мың доллар табыс табам деп мақсат қояды. Сол күннен бастап арзан бағаға конфет сатып алып, оны бауырларына, айналасындағыларға құнын сәл арттырып сатыпты. Ал жеті жасында көршісіне 50 долларды 7 пайыздық үстемемен қарызға берген екен. Әкесі белгілі бір себептермен бар мүлкінен айрылып, отбасын қиын жағдайда тастап кеткенде, Джон нақты шешім қабылдап, түйткілді шешуге бел буады. Пайдасыз  колледжді тастап, сауда үйіне есепші болып жұмысқа кірген ол 16 жасында өмірдегі басты құндылық ақша деген ойға келеді. Көк қағазға құмартқаны сонша, үш жыл бойы артық ішпей-жемей тапқан табысын жинай береді. Соның нәтижесінде алғашқы миллиардер атанып, өзінің табандылығы мен мақсаткерлігін дәлелдейді. Жетістікке жету жолы бұралаң болса да, Рокфеллер өз бағытынан айнымағандықтан ғана биіктерді бағындырғаны анық.

Екінші кейіпкеріміз «Apple»-дың атасы – Стив Джобс. Ол ойлап тапқан әр ақылды телефон Джобсқа әлемнің кез келген түкпірінен сәлем жолдап тұр. Жетістігін өмірінің мәніне балаған өнертапқыштың құпиясы өте көп. Ең қызығы, ол балаларына смартфондар мен планшеттерді қолдануға қатаң тыйым салған. «Балаларыңыз iPad-қа қаншалықты жақын?» деген сұраққа Стив: «Олар мүлде қолданбайды. Біз балалардың бар уақытын жаңа технологияларға сарп еткенін қаламаймыз», – деген екен.  Сонда Стивтің балалары немен айналысады деп ойлауыңыз мүмкін. Әйгілі өнертапқыш балаларына көп уақытын арнаған. Дастарқан үстінде олармен кітаптарды, тарихты, саясат пен өнерді талқылауды жөн санаған Стив Джобс балаларына өзінің көзінше iPhone-ды қолдануларына тыйым салған екен. Соның нәтижесінде олар ғаламторға, телефонға бағынышты емес, уақытын басқара алатын, жетістікке біртабан жақын тұлға болып қалыптасқан көрінеді. Стив Джобс біз айтып отырған жетістіктің төрінен орынды өзіне ғана емес, ұрпағына да қалдырып кетіпті.

P.S: Жетістікке жеткісі келетін жан өз жанындағы жабық есіктерді ашып, оның ішіне мейірім мен адалдық, ізденімпаздық пен еңбекқорлық сынды қасиеттерді жинақтауы тиіс. Алдымен санадағы сенімсіздіктен арылып, өзін бақыт пен байлыққа, жақсы өмірге лайық сезінуі тиіс деп ойлаймын. Ал сіз қалай ойлайсыз, оқырман? Жетістікке жету үшін не істеу керек?!

Әлия ІҢКӘРБЕК

«Ұлан», №24
12 маусым, 2018

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз