Жақында Ресейдің кинокомпанияларының бірі аңызға айналған баскетболдан 1972 жылғы Мюнхен Олимпиадасының финалы туралы фильм түсіріпті.

Шығармашылық топ бұған дейін атақты хоккейші Валерий Харламов жайлы «Легенда №17» деген кино түсірген еді. Осы жолы Совет одағының тарихындағы ең ірі табысқа жеткен баскетбол құраманың бірін экрандаған екен. Бізді қызықтырғаны – финалда өнер көрсеткен ойыншылардың арасында қазақ жігітінің болуы. Ол – қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Əлжан Жармұхамедов.

Астанадағы фильмнің тұсаукесеріне Мəскеуден атақты чемпионның өзі де келіп қатысты. Əлжан ағаны елордаға «Астана» баскетбол клубы шақырған екен. Жармұхамедовті əуежайдан 1988 жылғы Сеул Олимпиадасының чемпионы Валерий Тихоненко күтіп алып, ілтипат көрсетті. Олимпиада чемпионы бұдан кейін «Астана» балалар баскетбол академиясы тəрбиеленушілерінің ашық жаттығуына қонақ болды. Жаттығу барысында Əлжан Жармұхамедов балалармен əңгімелесіп, спорттағы жетістігі жайлы баяндады. Сосын академия тəрбиеленушілерімен жəне «Астана» баскетбол клубының ойыншыларымен «Движение вверх» фильмінің жабық көрсетілімін тамашалауға барды. Енді осы фильмді түсіруге себеп болған ойын туралы айтып өтсек. Баскетбол жазғы Олимпиада ойындарының бағдарламасына 1936 жылы енгізілді. Содан 1972 жылғы Мюнхен Олимпиадасының финалына дейін АҚШ құрамасы бірде-бір кездесуде жеңілмеген. Қатарынан 63 ойынды ұтып, жеті мəрте Олимпиада чемпионы атанған. КСРО құрамасын төрт жылдықтың басты додасының төрт финалында жеңген. Ал 1972 жылы 9 қыркүйек күні Германияда өткен финалда Владимир Кондрашин шəкірттері «Dream Team» команданы тоқтатты.

Ол жылдары баскетбол қазіргідей төрт емес, екі кезеңнен тұратын. Ойынның алғашқы бөлігінде КСРО құрамасы 26:21 есебімен алға шығады. Финалдың аяқталуына жақындаған тұста АҚШ құрамасы есеп айырмасын қысқарта бастайды. Матчтың бітуіне 8 секунд қалғанда есеп 49:48 болатын. Бірақ дəл сол кезде допты ұстап уақыт созудың орнына Александр Белов қателесіп пас береді. Оны АҚШ ойыншысы тиімді пайдаланып кетеді. Енді АҚШ 50:49 есебімен алға шығады. Осы тұста КСРО құрамасының бапкері тайм-аут сұрайды. Бірақ төреші оны ескермейді. АҚШ баскетболшылары жеңісті тойлай бастайды. Кеңес одағынан барған делегация мүшесі Юрий Озеров халықаралық баскетбол федерациясының бас хатшысы Уильям Джонсқа шағым айтып, тайм-аут сұрайды. Бас хатшының арқасында төреші КСРО құрамасының өтінішін қанағаттандырады. Кондрашин бапкер Жармұхамедовтің орнына Иван Едешконы алаңға шығарады. Айналдырған 3 секундтың ішінде Едешконың тіліп өткен пасын Александр Белов себетке түсіріп, КСРО құрамасына жеңіс сыйлады.

Əлжан аға Олимпиада ойындарында ерекше ойынымен көзге түсті. Ширек финалда сол кездегі мықты құрамалардың бірі Югославиямен кездесуде командасына 8 ұпай əперді. Жартылай финалда КСРО Кубаны 67-61 есебімен жеңді. Бұл матчта Жармұхамедов команда қорына 15 ұпай қосты. Ал финалда 4 ұпай жинады. Кино осы ойынға негізделіп түсірілген. Астанадағы тұсаукесерден кейін Жармұхамедов тілшілермен аз-кем сұхбаттасып, жаңа туынды жайлы өз пікірін білдірді.

– Фильмде менің рөлімді Александр Ряполов деген актер сомдады. Актер шамасы келгенше мінез-құлқымды дұрыс көрсетуге тырысқан. Мен өте сабырлы адаммын. Ешқашан кеудемді керіп «Мен мықтымын» деп өктем сөйлеген емеспін. Ряполов осы мінезімді жақсы жеткізе білген. Алғаш фильм жұмысымен танысып, менің рөлімді ойнайтын актерді көргенде таңданысымды жасыра алмағанмын. Өйткені ол кезде оның сыртқы пішіні маған мүлдем ұқсамады. Өзі ірі жігіт, шашы ұзын, көзі көк. Бұл қалай қазақ жігітінің рөлін сомдайды деп сұрадым. Алайда режиссер актердің образын өзгертетінін айтып, мені көндірді. Кейіннен актер арықтау үшін 12 келі тастаған екен. Бір қызығы, екеуміз де Өзбекстанда дүниеге келгенбіз. Мен қалай баскетболға кездейсоқ тап болсам, оның да киноға келуі солай екен, – дейді Əлжан аға.

Бұл көркем фильм болғандықтан қоспалар да жетерлік екен. Олимпиада чемпионы кино сонысымен де əсерлі шыққан деп отыр.

– Мені Олимпиада ойындарының финалында линзамен ойнаған деп көрсеткен. Алайда сол кезде көз жанарым -2,5 болғанына қарамастан Олимпиадада линзасыз ойнағанмын. Содан кейін ғана құрама дəрігері ары қарай баскетболда қаламын десең, арнайы клиникаға көріну керектігін айтты. Алғашында 1 айдай линзаға бой үйрете алмай жүрдім. Фильмде мені қатты ұрғанда линзам ұшып кетеді. Мұндай оқиға өмірде ешқашан болмаған. Тек бір рет линзамды ойын кезінде команда болып, залдан іздегені бар. Америкаға барғанда, матч алдында қыдыруға шыққанымыз да ойдан құрастырылған. Біз ешқашан да ойынның алдында дəл солай қыдырып, босаңсыған емеспіз. Ондайға мүлде жол бермейтінбіз. Содан соң кинодағыдай сыйақыны ешкім де бізге киім ауыстыратын бөлмеге əкеліп қолға ұстатпаған, – дейді ол. Дегенмен жеңістен кейін ақшалай сыйақы болыпты.  Бірақ қазіргі Олимпиада чемпиондарындай бума-бума ақша алмаған.

– Германияда 1000 неміс маркасын ұстатты. Ол қазіргі курспен салыстырғанда 300 доллар көлемінде. Ал Мəскеуде 2,5 мың рубль сыйақы төледі, – дейді.

КСРО-ның сол «Алтын құрамасының» қазіргі кезде көбі өмірде жоқ. Мəскеуде Əлжан Жармұхамедов пен Иван Едешко бар. Модестас Паулаускас Литвада, Анатолий Поливода Украинада тұрады екен. Қалғандары өмірден өткен.

Енді баскетболшы, спортшы боламын деген жастарға Əлжан ағалары туралы айтып берсек.

Əлжан Жармұхамедов 1944 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Бостандық ауданына қарасты Табақсай ауылында дүниеге келген. Бұл аудан сол кездегі саясаттың кесірінен Өзбекстанға беріліп кеткен. Сондықтан алғашқыда Əлжанның қазақ екеніне көбі сене қоймады. Талғат Батырхан, Қыдырбек Рысбек, Нұрғазы Сасаев секілді журналист ағаларымыз баскетболшыны арнайы іздеп барып, руын да анықтаған еді. Əкесі Мүсірбек – қазақ, шешесі Жеронкина Прасковьяның ұлты – орыс. Кіші жүздің Жаппас руынан шыққан. Мұның бəрін жазуымыздың себебі – бір кездері спортшыны өзбек, татар деп шатастырғандар көп болған. КСРО кезінде төлқұжатында ұлты қазақ деп жазылған екен.

Жармұхамедов баскетболға кездейсоқ келген. Мектеп бітіргеннен кейін екі жыл шлифовальщик болып Шыршық қаласында жұмыс істеген. Зауытта оң қолының екі саусағынан айырылады. Бойы 2 метрден асатын жігітті жаттықтырушылар байқап, баскетбол секциясына шақырады. 1963 жылы Ташкент мемлекеттік дене шынықтыру институтына оқуға түседі. Сол тұста СКА (Ташкент) командасында ойнаған, сол жерден КСРО құрамасына келген. 1969 жылы КСРО Қорғаныс министрі маршал Соколовскийдің қолы қойылған хат келіп, еріксіз Мəскеудің ЦСКА клубына алып кетеді. ЦСКА сапында бірнеше маусым ойнап, толағай табыстарға жетті. КСРО құрамасы сапында 1972 жылғы Олимпиададан бөлек, 1976 жылғы Олимпиаданың қола жүлдесін, əлем біріншілігінің күмісін жеңіп алды. Еуропа чемпионы атанды.

Мəскеуде келгенде ЦСКА-да команда лидері Сергей Белов сырттан келген ойыншыға «дедовщина» жасай бастады. Бұған шыдай алмаған Əлжан аға екінші жаттығуда-ақ Беловтың бетіне допты жіберіп ұрған екен. Осыдан кейін Сергей үндемейтін болған. Екеуі кейіннен жақсы араласып, тіпті бірге жаттықтырушы болып қызмет атқарды. Жас кезінде қазақ тілінде жақсы сөйлепті. Əкесімен ана тілінде сөйлескен екен.

«Көршім үнемі «Əлжан қазақшаға судай» деп айтатын. Содан бері біраз жыл өтті. Күнде сөйлеспеген соң қиын екен. Қазір де бəрін түсінемін. Ал айтуға келгенде қиналып қаламын», – дейді баскетболшы. Əлжан Жармұхамедов Ларисамен отбасын құрып, екі баланың əкесі атанған. Ұлдарының есімі – Владислав, Сергей. Мəскеу қаласында тұрады. Екі ұлы да спорт институтын тəмамдаған. Осы уақытқа дейін үлкен ұлы олимпиада резервінің балалар спорт мектебінде қызмет еткен. Қазіргі кезде ол толықтай кəсіпкерлікке бет бұрған. Ал екінші ұлы «Химки» баскетбол клубында жастар командасын жаттықтырып жүр екен.

 

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №4
23 қаңтар 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз