Ұлттық аспаптардың ішіндегі ең нәзік, жүрек қылын шертетін жетіген жайында айтылатын аңыз да, дерек те көп. Осынау ғажап үнді жаратылыстың ерекшелігін біріміз білсек, біріміз білмейміз. Сондықтан ұлт руханиятының алтын діңгегі болған жетіген жайлы тереңірек білу үшін, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің жеңімпазы, Құрманғазы атындағы Республикалық аспапта орындаушылар байқауының лауреаты, Дина Нұрпейісова атындағы Республикалық доданың бас жүлдегері – Асылай Әпеновамен сұхбаттаспақ ниетпен «Алатау» дәстүрлі өнер тетрына ат басын бұрдық.

 – Күйдің мелодиялық-формалық құрылысы, ырғақтық-орындаушылық әдістері сан алуан. Күй мектептерінің ішінде болмысыңызға жақыны қайсысы?

– Атырау облысының тумасы болғандықтан, домбырадағы сауатымды батыс күйшілік мектебінің күйлерімен аштым. Ал, консерваторияға келгеннен бастап, қызығушылығым жетігенге ауды да, аспаптың өзіндік сұранысы бойынша шерпе күйлерге қарай ығыстым. Яғни Жетісу мектебіне бойладым. Екі мектептің де менің өнерімде алатын өз орны бар. Әйтсе де, батыс күйшілік мектебінің өкілі ретінде Динаның, Құрманғазының күйлерін жетігенге салып орындау мүмкіндігі көп болса екен деп ойлайтын кездерім де болады.

 – Күй мазмұны аңыз-ертегілерге, түрлі тарихи оқиғаларға құрылып, көбіне бағдарламалы түрінде дамыды. Сіз орындайтын күйлеріңізді таңдағанда шығу тарихына назар аударасыз ба?

– Әрбір күйдің мінез-құлқының ашылуы ─ тарихына байланысты. Мен де репертуарыма күй таңдаған кезде шығуына мән беріп, жаныма жақын, жүрегіммен сезіне алатынын таңдағанды жөн көремін. Ал, күйді толығымен аша алмайтынымды білген жағдайда, мән-мағынасын бұзып, қайтсем де орындаймын, қалай естілсе де бәрібір демей, менен гөрі халыққа әсерлі етіп жеткізе алатын адамның ойнап шыққанын іштей қалап тұрамын. Өзімнің мінез-құлқыма жақын ауыз толтырып айтатын екі күй бар. Бірі – жетігеннің төлқұжатына айналған Нұрғисаның «Аққуы», екіншісі – Дина апамыздың «Науысқысы». Өмірім «Аққу» күйімен тығыз байланысты сияқты. Себебі, жетігеннің өзі нәзіктіктің, биязылықтың символы. Ал, «Науаидың» шығу тарихы хақында аңыз көп. Дегенмен оның шындыққа жанасатыны, Ташкентке барған Дина Нұрпейісова өзбектің Науаи деген ақынына арнағандығы.

– «Шабыт» халқаралық шығармашылық жастар фестивалінің «Ұлттық шертпелі аспаптар» номинациясының бас жүлдегерісіз…

– Қандай жүлде алсам да, маңыздысы ол емес, ең әуелі алған марапатыңа лайықты болу керек. «Шабытқа» қатысудағы мақсатым да сол еді. Байқауға дейінгі Асылайдың шеберлік дәрежесі мен жарыстан кейінгі Асылайдың орындаушылық деңгейінің арасы жер мен көктей. Әр сын сайын өз шығармашылығыма жаңа леп қосып отырамын. Сонымен қатар, қандай сайыс болса да, қазақтың төл аспабы жетігеннің мүмкіндігін көрсетуге тырысамын. Қазірдің өзінде, бұл аспапты халық сүйемелдеуші немесе оркестр құрамындағы қарапайым дүние ретінде қабылдайды. Тіпті, дәстүрлі өнердің басы-қасында жүргендер де жетігеннің қыр-сырын біле бермейді. Аспаптың мүмкіншілігін ұғынғанда, таңдай қағып, таңғалып жатады. Басты мақсатымның бірі, құдіретті жетігеннің қасиетін насихаттау.

 – «Жетігеннің жетеуі» күй пьессалары репертуарыңызда бар ма? Орындай аласыз ба?

– Ол күйлер репертуарымда, өкінішке қарай, жоқ. Өйткені олардың атауы сақталғанда, өздері бізге жетпеген. Аңыз ретінде ғана. Ертеде бір ауылда тұратын қарияның жеті ұлы болыпты. Бір жылы қатты жұт болып, адамдар тамақсыз аштыққа тап болады. Сөйтіп қарияның да басына қайғы төнеді. Аштықтан үлкен ұлы Қания өлгеннен кейін қария кепкен ағаштың бөлігін алып, оған шек салып, тиек қойып, «Қарағым» күйін орындайды, Төралым деген екінші ұлы өлгеннен кейін екінші шек тартып, «Қанат сынар» деген күй шығарды, үшінші ұлы Жайкелдіге ол «Құмарым» күйін, төртінші ұлы Бекенге «От сөнер», бесінші ұлы Хауасқа «Бақыт көшті», Жүлзарға «Күн тұтылуы» атты күй шығарады. Ең кіші ұлы Қиястан айрылған қария жетінші шекті тартып, «Жеті баламнан айрылып құса болдым» атты күй орындайды. Аспаптан қайғыға толы көп дыбысты ала отырып, орындаушы әртүрлі әуен арқылы өзінің балаларының бейнелерін көрсетеді. Бұл шығарылған әуендер мұнан әрі дамытылып, аспапты орындаудағы күй пьеса  түрінде бізге «Жетігеннің жетеуі» деген жалпы атпен жеткен. Жетіген деген атау жеті және ән деген екі сөзден тұрады. Әрбір аспаптың пайда болуы аңыз арқылы жеткен ғой. Бірақ енді ол қаншалықты рас, қаншалықты өтірік екені беймәлім. Жетіген ХVІ ғасырда мүлдем жоғалып кетіп, кейін Болат Сарыбаев деген үлкен профессор кісінің зерттеуі нәтижесінде қайта жаңғырған.

 – Жетігеннің өзіндік репертуары бар шығар. Таңдаулы аспаптардың бірегейі, көп ішекті болған соң жетіген үшін жазылған арнайы күйлер бар ма? Әлде кез келген күйді орындауға мүмкіндік бар ма?

– Белгілі бір уақыт аралығында қолданыстан шығып қалғаннан кейін жетігеннің өзінің репертуары, ойналуының әдіс-тәсілдері бізге мүлдем жетпеген. Сондықтан халық күйлерін өзге де сыбызғыда, домбырада, қобызда ойналатын  күйлерді жетігенге лайықтап ойнап жүрміз. Өзіндік репертуары жоқ. Үміттің бәрі бүгінгі жас композиторларда. Солардың бірі, әрі бірегейі жетігенге арнап, шығармалар мен күйлер жазып жүрген Қорлан Кәтенбаева. Өзі нәзік аспап болғандықтан арындаған Батыстың кейбір күйлері келмейді. Дегенмен, барлық күйді жетігенге салып орындауға тырысып жүрміз. Оның бәрі уақыттың еншісінде деп ойлаймын.

 – Қателеспесем, сіз Нұргүл Жақыпбектің шәкіртісіз. Қазір өзіңіз де ұстаздық қызмет атқарып жүрсіз. Шәкірт тәрбиелеу қаншалықты қиын? Бұл істі ерте бастадым деп ойламайсыз ба?

– Шәкірт тәрбиелеп жүргеніме екі жылдың көлеміндей болды. Кәсіби білімің болғаннан кейін өзің ғана орындап, өзің ғана біліп, білгеніңді ішіңде сақтап жүру дұрыс емес. Бар білетінімді жүрегі жетіген деп соғатын өзімнен кішілерге үйретуге міндеттімін деп ойлаймын.

 – Жастардың жетігенге деген қызығушылығы қандай?

– Шәкірттеріме «Жетігеннің қыр-сырына қанық болмай жатып, танымалдылық жайлы ойлауды ұмытыңдар. Шеберліктеріңді шыңдасаңдар, танымалдылық өзі-ақ келеді», – деп үнемі айтып отырамын. Кез келген аспапты ойнау үшін адам бойында талант болуы керек. Дегенмен тек талант болу да жеткіліксіз. Себебі, еңбек жоқ жерде өзгесі туралы сөйлеудің өзі қиын. Сондықтан бәрі бір-бірімен ұштасу –шарт. Өзін-өзі дамытқан адам ғана, нағыз маман болып орныға алады деп ойлаймын. Қызығушылық турасынан келгенде, ұлттық өнерді бойына сіңіріп өсіп келе жатқан балалар да, ұрпағына ұлттық тәрбие бергісі келетін ата-аналар да көп. Тіпті, ер балаға жетіген ойнауға бола ма деп қызығушылық танытатындар да бар. Меніңше жетіген қыздың аспабы. Мүмкін санамызға солай сіңіп қалғаннан болар. Ұлдар қаншалықты шебер ойнаса да қыздардай жетігеннің мінезін аша алмайды деген ойдамын.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбатымыздың соңында Асылай Апенова Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйін нақышына келтіріп орындап берді. Жүрек түпкіріңдегі нәзік сезімдерді оятып, керемет көңіл-күй сыйлайтын жетігенннің дауысына қызықпау мүмкін емес. Оның әсем әуені үнемі жаныңды тербетіп тұратыны даусыз.

Дана РУСЛАНҚЫЗЫ,

«Ақ желкеннің» тілшісі.

“Ақ желкен” (№3, наурыз 2018 жыл)

6 ПІКІРЛЕР

  1. Жарайсын, Дана Русланкызы. Жумысын алга баса берсин. Осындай тарихи мура аспаптарымызды жастарымызга улги еткен ушин)
    Алгысымыз шексиз.

  2. Дана! Керемет сұхбат. Қаламың тек осындай халыққа қажетті мәлелелерді жазуға ғана арналсын. Әрқашан қазақ елінің мақтанышы бол.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз