Бүгін мақсатқа жетуде алдына жан салмаған əйгілі Генри Фордпен рухани үндеспекпіз. Оның атын шығарған «Ford» автомобильдерін əлемнің əр қаласынан кездестіруге болады. Фордтың ғұмырбаяны өзге де танымал тұлғалардікі секілді – қалтарыс-бұлтарысы мың-сан қабат. Уақыт, арман, мақсат, биікке ұмтылу, нəтиже сынды ұғымдар Фордты жетістікке жетеледі. Олай болса, Генри Фордтың көзқарастары мен бірегей ойларынан туындаған 7 сауалды оқырмандарыма ұсынамын…

  1. Мүмкін емес деген ұғым жоқ

Сіз бар күш-қуатыңыз бен ерік-жігеріңізді бір ғана іске арнамай, əр нəрсенің басын шалып жүресіз. Соның нəтижесінде өзіңіздің қаншалықты мықты екеніңізді өмір бойы сезінбеуіңіз де мүмкін. Яғни бірбеткейлік, тұрақтылық болмаған жерде əлденеге қол жеткізу, нəтиже шығару мүмкін емес. Күніңіздің екі сағатын мүлде қажетсіз дүниеге, бес сағатын босқа жүруге, қалған бөлігін пайдасыз əңгімеге арнайтын болсаңыз, ешқандай табысқа қол жеткізу мүмкін емес. Өзіңізге не керек екенін біліп, соған қарай мақсатты түрде əрекет етсеңіз əрі күн сайын, сағат сайын, сəт сайын мақсатыңызға қадам жасап, бар ойыңыз, зейініңіз сонда болса ғана мүмкін емес дүниенің өзі сізді «іздеп келеді». Есіңізде болсын, мүмкін емес деген ұғым жоқ. «Мүмкін емес дегеннің өзі – мүмкін!» – дейді Форд. Бұл пікірмен келісесіз бе?

2. Қарым-қатынас байлық кілті…

Табысқа қол жеткізудің тағы бір тиімді жолы – қарым-қатынас, өзгелерге қолұшын созу, əрдайым жəрдем беруге тырысу. Барлық табысты, іскер жандар алдына келген тұтынушыға қызмет көрсетеді. Қазақша айтқанда, «Ұлық болсаң – кішік бол». Яғни, байлық дұрыс қызмет көрсетудің арқасында сізге қызмет көрсетеді. Бəрі де оңай. Алдымен сіз бай болу үшін байлыққа қызмет етесіз, кейін сол байлық сіздің өміріңізге еніп, сізге қызмет етеді. Генри Фордша айтқанда: «Байлық та бақыт секілді. Оған түп-түзу жолдармен жете алмайсың. Бұралаң жолдар ғана бақыт пен байлыққа бастайды. Өзгелермен жақсы қарым-қатынас орнатып, тіл табысу да ұлы өнер!». Ал сіздің айналаңыздағылармен қарым-қатынасыңыз қалай?!

3. Уақыт – өмір

Əрқайсымыздың əр тəулікте сыйға алатын 24 сағатымыз бар. Бірақ осынау аяулы мезеттерді, қайта оралмас сəттер мен қайталанбас шақтарды табыс пен жетістікке арнайтындар көп емес. Неліктен уақытымызды өзімізді рухани жетілдіруге арнамаймыз?! Мұның бір ғана жауабы бар. Адамдардың көпшілігі уақытын бақылауда ұстамайды. Өзінің рухани азыққа зəру екенін сезбейді. Осы секілді салдарлар мен себептер уақыттың босқа өлуіне, өмірдің текке өтуіне əкеп соғары анық. Жеңілістер мен сəтсіздіктер уақытты дұрыс басқара алмауыңыздың кесірі, ал жетістікке жетсеңіз, өз өміріңіздің, уақытыңыздың қожайыны екеніңіздің дəлелі. Қалай ойлайсыз, сіз өзіңізді өміріңіздің қожайынымын деп толықтай айта аласыз ба?!

4. Сұрақ-жауап. Мәселе-шешім…

Қолыңыздан келсе, сізден көмек сұрап келген жандардың мəселесін шешіп беруге ұмтылыңыз. Меніңше, əр жауаптың сұрағы болмаса да, əрбір сұрақтың жауабы болады. Алайда сіз кез келген тығырықтан шығатын жолды білесіз бе? Ондай деңгейге көтерілу үшін не істеу керек?

5. Қиын-оңай…

Генри Форд: «Өмірде үлкен мəселелер жоқ. Тек ұсақ-түйек мəселелер көп», – деген екен. Расында да, тауға шыққанда əр қадам маңызды. Алғашқы адым мен соңғы қадамның арасында талай шаршау мен шалдығу бар. Үлкен болып көрінген қиындықтарды майдалап тастасаңыз – мəселе шешіледі. Өмірді қиындатпау керек. Өмір қиынға – қиын, оңайға – оңай! Қалай ойлай сыз, сонда «қиын» деген ұғым мүлде жоқ па?

6. Мақсат 

Ешқашан алға қойған мақсатыңыздан бас тартпаңыз. Мақсатсыз бір сəт те өмір сүруге болмайды. Нысанаңыздан көз тайдырушы болмаңыз! Мақсат алдынан не күтсе де қасқайып қарсы тұратын өжеттерді, жүрегіндегі сеніміне берік жандарды сүйеді. Сіз айнадан мақсатына қолы жеткен адамды көруіңіз керек. Сонда ғана ойыңыз ақиқатқа айналады. Өзіңізге сеніңіз, мақсатыңыздан ажырамаңыз. Мақсатсыз адамды кімге/неге теңер едіңіз?!

7. Ойлану+у

Ойланыңыз! Ойлану – өмір сүру. Ойсыз, қамсыз адам – өзін-өзі бағаламайтын, бойындағы игіліктерді тұншықтырған адам. «Ойлану – өте қиын шаруа. Бəлкім сондықтан да айналамызда ойшыл, терең, рухани бай адамдар тым аз болар?!». Сіз қалай ойлайсыз, ойлану шынымен қиын шаруа ма?!

Сүйікті оқырманым! Жаһандық даму үдерісінде «кері байланыс» ұғымы бар. Мұны оқырман мен газет, оқырман мен автор, автор мен тұлға арасындағы алтынкөпір, қарым-қатынас деуге де болады. Бүгінгі Генри Форд ұстанымдары негізінде сіздерге жолдаған жеті сауалым жауапсыз қалмайтынына сенемін!

Әлия ІҢКӘРБЕК

«Ұлан» газеті, №31
31 шілде 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз