«Балет – айрықша қиын өнер. Оның басқа билерден ерекшелігі – қолайсыз болса да, табиғатқа қарсы қимылдау. Əдетте көшеде балет бишісі сияқты жүрмейміз ғой? Дайындық кезінде қиналасың. Өзіңе талап қоясың. Мақсатыңа жеткенше ерік-жігеріңді қайрайсың. Нəтижесін көргенде ғана өзіңе деген сенімің артып, мүмкіндігіңді байқайсың. Босаңсымауға, бүгінгіден де керемет өнер көрсетуге тырысасың.  Өмірде жалқаулықты жеңу қиын. Оқушыларыма өз-өздерін жетілдіруді үйретемін», – деп балет бишісі бағдарламаға сұхбат беріп жатыр екен. Отырысы мен сөйлеген сөзі өзгелерден ерекше.  Жалындаған оттай жанарынан, айдай сұлу жүзінен бір мезетте нəзіктік пен мықты мінезді байқауға болады. Осы бір жұмбақ жан туралы толығырақ білгім келді. Дереу ғаламтор бетін ақтарып шықтым. Ол – балет өнерінің жарық жұлдызы, атағы əлемге танылған, көпшіліктің қошеметіне бөленген қазақтың дарынды қызы Алтынай Асылмұратова екен.

Алтынай АСЫЛМҰРАТОВА – Ресейдің халық əртісі, Ресей Федерациясының жəне Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, «Алтын Софит» театр сыйлығының иегері, «Астана Опера» театры балетінің көркемдік жетекшісі əрі жаңадан бой көтерген Қазақ Ұлттық хореография академиясының ректоры. Еңбек жолы Санкт-Петербордағы Мариинский театрында басталады. Ол жерде 20 жылға жуық уақыт қызмет еткен. 2 жыл кордебалетте, сосын солист болған, 1987 жылы прима-балерина атағын иеленген. Классикалық партиялардың шебер орындаушысы 1989-1993 жылдары Британияның Корольдік балетіне шақырту алады. Ал 1994 жылы Париж сахнасында  Рудольф Нуриевтің «Баядерка» жəне «Аққу көлі» балетінің басты партиясында билейді. Осыдан кейін 1995-1997 жылдары Марсель ұлттық балетінің труппасында атақты Ролан Петидің репертуарларында өнер көрсетеді. Заманауи хореографияны да еркін жеткізе алатын Алтынай Асылмұратова мəнсап жолын тастап, 14 жылда Ваганова атындағы орыс балет академиясының көркемдік жетекшісінен профессор дəрежесіне дейін көтерілген. Атағы əлемге танылған отандасымыз қазақтың ғана емес, əлемнің аяулы балеринасына айналған. Бүгінде Қазақстандағы балет өнерін əлемдік дəрежеге көтеруге бар күшімен кіріскен Алтынай Асылмұратованың өмір жолына шолу жасадық. Əйгілі балеринаның өзімен жақынырақ танысуға мүмкіндік туды. Осының бəрін балеринаның өз аузынан естігіміз келді…

Ұлан: «Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба сонда жүреді» дейді. Сіздің атаңыз да, əжеңіз де, əкеңіз бен анаңыз да балет бишілері болған. Көп балалар сияқты мамандық таңдап қиналмаған боларсыз?

А.Асылмұратова: Атам ұзақ жылдар бойы Алматы мемлекеттік консерваториясында балетмейстер болып істеді. Əкем Əбдуəхим Асылмұратов Қазақстанның еңбек сіңірген əртісі, еліміздегі балет өнерінің негізін қалаған азаматтардың бірі. Санкт-Петерборда дүниеге келген анам Галина Сидорова екеуі Ленинград хореографиялық училищесінің түлегі болған. Ата-анам Алматыдағы Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық опера жəне балет театрында қызметте болды. Естіген ертегім мен тыңдаған əңгімем де тек балет болғаны есімде. Олар бір-бірімен шүйіркелесе қалса, спектакль жайында кеңесіп жататын. Əсіресе, атам өнерге берілгені сонша, сағаттап балет туралы айта беретін, балериналарды жатқа танитын. Кішкентай кезден үйде қалғым келмейтін. «Мен де театрға барамын» деп ерте  тұрып алатынмын. Бала кезден көріп өскен театрдың иісі бойыма сіңіп, əртістердің жүздері мен биі жүрегімде мəңгі қалып қойған. Балетті жанымен түсінетін отбасында дүниеге келдім. Өнерден алыс кетуге менің хақым жоқ еді. Бірақ, қызының «пачка» кигенін көргенде толқып қоя беретін аналардан  менің жөнім бөлек болды. Басында анам қарсы болып, музыкамен айналысқанымды қалады. Тіпті, мұғалімім менен жақсы музыкант шығатынын айтып мақтағаны бар.

Ұлан: Білім қуып, ата-анаңыздан жыраққа аттандыңыз. Оқуға түскен алғашқы жылы қиынға соққан болар?

А.Асылмұратова: Ең алғаш əкеммен бірге театрға барып, сахнадан «Бақшасарай бұрқағы» мен «Жизель» қойылымын көргенде қимылдамай отырып қалыппын. Мүмкін бала жүрегім сахнаның құдіретін сезген болар. Ол кезде мектепке де бармаған болуым керек. Сөйтіп, музыкамен қатар балет мектебіне барамын деп шештім. Анам менің болашағыма алаң болса да, уақыт өте мені қолдады. Орыс балетінің ұстаханасы атанған А.Я.Ваганова атындағы Ленинград хореографиялық училищесіне түсіп, ата-анасыз тұрдым. Онда маған Галина Уланова, Анна Павлова секілді əйгілі бишілер сабақ берді. Өзіңіз ойлап көріңізші, бір үйдің жалғызы, ата-əжесінің еркесі басқа қаладағы жаңа ортаға тап болғанда қандай күйде болады? Бастапқыда ауа райы жақпай, ауыра бердім. Біз отбасы мүшелерінің балетке қатысы барын айтпаймыз деп келістік. Менің педагогым Инна Борисқызы кейін менің тойыма келгенде, анамды көріп қалды. Балетшілер отбасынан екенімді айтпағаныма таңырқады.  Ол кезде мен қолымнан іс келетінін өз-өзіме дəлелдегім келген еді.

«АСТАНА ОПЕРА» ТЕАТРЫН КӨРГЕНДЕ

ТАҢДАНЫСЫМДЫ ЖАСЫРА АЛМАДЫМ

Ұлан: Мариинский театрында мəнсап жолының барлық сатысынан өттіңіз. Кордебалеттен примаға дейін көтерілу қаншалықты қиын болды?

Алтынай Асылмұратова: Мен ешқашан прима балерина болуды армандаған емеспін. Артылған сенімді ақтау үшін тек жұмыс істей бердім. Егер тарихқа көз жүгіртсек, Мариинский театрында əлемдік деңгейдегі атақты балериналар, керемет педагогтар жұмыс істеген. Сол ауамен тыныс алып, жай ғана жандарында жүру менүшін бақыт еді. Жолым болды. Педагог Ольга Моисеева мені көзінің қарашығындай қамқорлығына алып, тəрбиеледі. Көп жыл бірге жұмыс істедік. Маған бағыт-бағдар беріп отырды. Бағымды ашты. Сондықтан мен ол кісінің алдында мəңгі басымды иемін.

Ұлан: Сонымен қатар, сіз бірнеше мемлекеттің труппасында биледіңіз. Шақырту алдыңыз ба?

А.Асылмұратова: Одақ тараған уақыт. Ол кезде оң мен солымды танып, бойжеттім. Менің өз агенттігім болды. Кеңес өкіметі кезінде шетелге барып спектакльде билеп, қайтып келу деген ұғым болған жоқ. Ол қиын кез артта қалып, мүмкіндіктер ашыла бастады. Агенттігім мені қызықтыратын театрлармен келісім жасап отырды. Лондонның Ковент-Гарден театрында, Марсель Ұлттық балетінің театрында болып, Ролан Пети, Кеннет Макмиллан, Рудольф Нуриев сияқты ұлы шеберлерден тəжірибе алып, бірге жұмыс істедім. Одан бөлек Франция, Англия, АҚШ, Италия, Испания сияқты мемлекеттерге шығып, өнер көрсеттім. Бұл сапарым өзімді жаңа қырымнан тануға көмектесті. Əлбетте классикамен шектеліп қалмай, заманауи  хореографиямен танысып, жаңа спектакльдерде биледім.

Ұлан: Осындай биіктерді бағындыру үшін ерік-жігер, күшті қайдан алатын едіңіз?

А.Асылмұратова:  Əуелгі байлығым – отбасым. Олар мен үшін бірінші орында. Оларсыз мен əлсіз болар едім. Қызымды дүниеге əкелгенде өмірге деген құштарлығым артып, жұмыс істеу оңай бола бастады. Айлап гастрольдерде жүреміз, сондай кезде қызымды көргенше жаным тыныш таппайтын. Жарым бар жұмысын ысырып қойып, қызымызды үйде бағып қалатын.Басымыздан біраз ауыртпашылықты өткіздік. Менің жарым – арқасүйер тірегім. Қызым əкесін қатты жақсы көреді, себебі ондай əкелер сирек.

Ұлан: Қызыңыз балерина боламын дегенде анаңыздың күйін кешкен боларсыз?

А.Асылмұратова: Басында балерина болмаймын дейтін. Бірде қызымды жұмысқа бірге алып жүруге тура келді. Кішкентай кезі. Дайындықта жүрген  балаларды көріп қатты қызықты, олармен достасып кетті.

Ұлан: Қазақстанға келгеннен кейін «Астана Опера» театры балетінің көркемдік жетекшілігін қолға алдыңыз. Елбасының қабылдауында болдыңыз. Бүгінде Қазақ Ұлттық хореография академиясының ректоры болып тағайындалдыңыз. Қазақстандағы балет өнеріне қандай баға бересіз?

А.Асылмұратова: «Астана Опера» театрының ғимаратын көргенде таңданысымды жасыра алмадым. Мені ұжым жақсы қабылдады. Труппа əлі жас. Жалындап тұр. Бірге жұмыс істеп, спектакль қойып, білгенімді үйретіп жатырмын. Жаңадан ашылған Қазақ ұлттық хореография академиясында қызу жұмыс жүріп жатыр. Оны Еуразия кеңістігіндегі ең үлкен білім ордасына айналдыру үшін барымызды салып жатырмыз. Балалар үлкен, жарық, қолайлы залдарда дайындалады, жағдайлары жасалған, педагогтар пəтермен қамтамасыз етілген. Шетелдерден де педагогтар шақыртып, біліктілігі жоғары бишілер дайындауды көздеп отырмыз. Отандық балет мектебін қалыптастыруда бір жұдырықтай бірігіп еңбектенуіміз керек. Қазақстанда барлығы даму процесінде. Балет те əлі белгілі бір дəрежеге жете қойған жоқ. Көрерменнің қызығушылығы бар, театрдың не екенін түсінеді. Əртіс пен көрермен бір-біріне деген ыстық ықыласын осы театрда білдіреді! Театрдың ғажабы да осында емес пе? Сол үшін қолдағы смартфонға алаңдамай, əртістермен бірге жылап, бірге күлу, образға кіру аса маңызды. Көрерменнің шын жүректен соққан шапалағы – əртіс үшін аса жоғары мəртебе, шексіз бақыт!

«Жер жүзінің Жизелі» атанған Алтынай Асылмұратова өте қарапайым жан екен. Əлемдік балетте əйгілі прима-балерина болса да, жас тілшінің алдында сондай кішіпейіл. Талантымен əлемге танылған өнер иесі клас-сикалық биді меңгерген үшінші ұрпақ саналады. Əлемнің белгілі театрларынан шақыру ала тұра, атажұртқа оралды. Мұнысы біздің өзіне деген құрметімізді арттыра түседі.

 

 Назым НҰРСҰЛТАН

«Ұланның» жас тілшісі.

Астана қаласы

«Ұлан», №11

14 наурыз, 2017 жыл

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз