16 қаңтар күні футболдан 2002 жылғы əлем чемпионы, «Барселона», «Милан» секілді атақты клубтарда доп тепкен бразилиялық футболшы Роналдо де Ассис Морейра карьерасын аяқтады.

Көпшілікке Роналдиньо есімімен танымал футболшы соңғы рет өз еліндегі «Флуминенсе» командасында доп тепкен. Əрбір футболшының спорттық карьерасында қалдырған ізі болады ғой. Роналдинью ойыншы ретінде барлық атаққа қол жеткізді. Бірақ оны өзгелерден ерекшелеп тұратын қасиеті күлкісі деп айтуға болады. Тіпті, жеңіліп жатса да, ол өзгелерге секілді алаңнан ашуланып емес, күліп кететін. Америкада өткен коммерциялық турнирлердің бірінде «Интер» мен «Милан» кездеседі. Осы ойында төреші қателесіп, қызыл қағаз көрсетіп, алаңнан қуады. Сол кездің өзінде жымиып ғана кете барды.

Футбол ойнауды итінен үйренген

«Бұл рас əңгіме. Мен дриблинг жасауды итімнен үйренгенмін. Достарыммен көшеде көп ойнадым, ал олар шаршаған кезде итіммен жалғастыратынмын. Ол əрқашан доптың соңынан жүгіретін жəне шаршамайтын».

Бір ойында 23 гол соққан

13 жасында Рониды алғаш рет теледидардан көрсетеді. Мектептер арасындағы бір турнирде оның командасы қарсыласын 23:0 есебімен ұтқан. Бір қызығы, сол ойында барлық голды жалғыз өзі соғыпты.

«Əлем танитын атақты ойыншы болғым келді. Жанкүйерлерге қалай қолтаңба беру керектігін қиялдайтынмын. Ал маған ең қатты ұнағаны, бір ойында 23 гол соққаным. Содан кейін бірден танымал болып шыға келдім».

Ағасының қамқорлығы

Роналдиньо футбол ойнауды ағасының арқасында бастағанын үнемі айтып жүреді. Роберто Гауша інісінің техникалық шеберлігі мен жылдамдығына тəнті болған екен. Робертоның карьерасы аса ауыр жарақатқа байланысты ерте аяқталады. Əйтпесе, алғашында Бразилияның жастар құрамасының қатарына шақырылыпты. Бірақ одан кейін жоғары деңгейде ойнай алмаған.

«Мен үнемі футбол ойнауды армандадым. Өйткені, футболшылар отбасында өстім. Əкем мен ағам да футболшы болды. Олардың доппен қалай жұмыс істейтінін көріп өстім. Ағам Робертоны қатты құрметтеймін. Əкеміз қайтыс болғанда (Роналдиньо ол кезде 8 жаста) біздің жағдайымыз қиындап кетті. Ағам əкемнің орнына əке бола білді. Кейіннен менің агентім болды».

«Бернабеудегі» қошемет

2005 жылы күзде Мадридтегі «Сантьяго Бернабеу» стадионында бразилиялық «Реал» қақпасына екінші таймда екі гол соғады. Сол кезде жергілікті жанкүйерлер тік тұрып, футболшыға құрмет көрсетті. «Барселона» жанкүйерлерінің «Реал» ойыншысына немесе керісінше «Реал» жанкүйерлерінің каталондық ойыншыларға мұндай қошемет танытқаны бұрын-сонды болмаған. Бұл ойынды интернеттен қарап тауып көрсеңіздер болады. Бірнеше жылдан кейін Андрес Иньеста өзінің автобиографиясында Ронидың əріптестеріне сол ойынның алдында қалай мотивация бергенін жазған. Иньеста былай дейді:

«Эль-классикодан» бірнеше күн бұрын Роналдиньо түнде үйге қоңырау шалды. «Андрес, қазір түнгі сағат үш болғанын жақсы білемін, бірақ саған бірнəрсе айтуым қажет. Маусымда мен «Барсадан» кетемін, ағам «Реалмен» келісіп қойыпты. Мен бас тарта алмайтындай өте көп ақша ұсынып отыр. Сен жассың ғой, түсінесің деп ойлаймын… Алайда бұл əңгімені командадағы ешкімге айтып қойып жүрме. Қатты өтінемін. Өйткені өзгелерден гөрі саған қатты сенемін. Қайырлы түн, Андрес» деп телефон тұтқасын қоя салды.

Роналдиньо маған ештеңе айтуға мүмкіндік қалдырған жоқ. Келесі күні жаттығуда өзімді біртүрлі сезіндім. Команда мүшелерінің барлығы үнсіз, көңілдері түсіп кеткен. Сондай-ақ Роналдиньоны бұрынғыдай ешкім қарсы алған жоқ. Ал ойын өтетін күні «Сантьяго Бернабеудегі» киім шешетін бөлмеде: «Жігіттер, бұл өте маңызды ойын. Біз күшті екеніміз анық. Бірақ осы күндері бір отбасына айналғанымызды жақсы түсіндім. Мен əрқайсыңа түн ішінде қоңырау  шалып, маусымда командадан кететінімді айттым. Ешкім қарсы сөз айта алған жоқ. Біз сатқындықтан емес, жалғыздықтан зардап шегетінінімді түсіндім. Мен осында ұзақ қаламын. Ал енді алаңға шығып, «Реалдан» үш ұпайды тартып алайық».

Түнгі сауық-сайран

Роналдиньоның философиясы – алаңда жəне оның сыртында да рахатқа кенелу. Əрдайым. Ол өзінің спорттық карьерасындағы ең үздік жылдарында стадионда қалай атой салса, одан кейін түнгі клубта сауық-сайран жасайтын болған. Таңға дейін уақытын қыдырумен өткізетін. Түптің түбінде бұл жағдай оның спорттық бабына əсер етті. Уақыт өте келе артық салмақ жинап, жылдамдығын жоғалта бастады.  Футбол əлемі ғажайып таланттан ерте айырылып қалды… Оның Еуропадағы жорығы көпшілік күткеннен тым ерте аяқталды…

«Миланға» ауысу себебі

2005 жылы «Барселона» 9 жылдық келісімшарт ұсынады. Бірақ ол 2008 жылы Каталониядан кетіп қалды.

«Мен Барселонада бес жыл тұрдым, өміріме жаңа өзгеріс қажет болды. Өз күшімді Италияда сынап көруге бел байладым. Сол үшін «Миланды» таңдаған болатынмын. «Миланның» инфрақұрылымы өте керемет, жаңа тəжірибе жинақтауға да керемет мүмкіндік ретінде қарастырдым. Бірақ мен үшін «Барселона» əлемдегі ең үздік команда».

Мессимен достығы

Месси жас кезінде «Барселонаның» қосалы құрамында ойнаған. Дубльден негізгі командаға аргентиналық футболшыны ертерек алғызу керектігін бас бапкер Франк Райкардқа Роналдиньо айтқан екен.

«Бұл бала тумысынан дарынды. Сондықтан «Барселонаға» келгенде дайын ойыншы болып шықты. Маған оның жетістіктерін бақылау ерекше қуаныш сыйлайды. Өйткені Мессидің карьерасының осылай сəтті болуына өзімнің қосқан үлесім бар екенін білемін. Ол кəсіби футболдағы алғашқы голын менің пасымнан кейін соққан. Бірақ оған футбол ойнауды мен үйреткен жоқпын. Мен көрген кезде Лионель дайын ойыншы болатын. «Барселонаға» алғаш келгенде өте талантты бір бала бар екенін барлығы айтып жүрді. Ал Лео бізбен жаттыға бастағанда ол əңгіменің құр сөз емес екенін түсіндім».

Қоштасу хаты

 «Осындай отбасы, достар жəне алғашқы кəсібімді сыйлаған Құдайға алғысым шексіз. Өмірімнің үш он жылдығын арнаған футболмен қоштасатын кез келді. 20 жыл бойы кəсіби карьерамның жемісті болуы үшін қолымнан келгенді аянып қалған жоқпын. Сондай-ақ 10 жылым базалық дайындыққа кетті. Мен балалық арманмен өмір сүрдім. Əрбір саяхат, іссапар, жеңіліс, киім шешетін бөлмеге жол, ұлттық гимн, алаңға шығу, доп тепкен бутсы, əдемі жəне қиыс кеткен соққылар, алған наградалар, бірге ойнаған футбол жұлдыздары – барлығы керемет естеліктер. Осы жолда мені əкем мен отбасымның өзге мүшелері қолдады. Осындай командалық жұмыс керемет тарихқа айналды.

Мен өте қарапайым адаммын, сондықтан көп сөйлегенді ұнатпаймын. Бірақ шын жүректен барлықтарыңызға алғыс білдіремін: жаттықтырушылар, физиотерапевт, клубтың басшылары мен мүшелері, жанкүйерлері, командалық əріптестерім, қарсылас командалар, автобус жүргізушілері, ойын кезінде доп əкеліп тұратын балалар, төрешілер жəне журналистерге рақметімді айтамын. Біз сіздермен бірге осы тарихты жаздық. Сіздер болмасаңыздар, мұның біреуі де болмас еді. Наурызда менің футболмен қоштасу матчым қалай өтетінін жəне болашақта немен айналысатынымды хабарлаймын. Əзірге барлықтарыңызға алғыс айтып, футболмен қоштасқанымды мəлімдеймін. Мен өте бақытты жанмын. Өйткені футболды өзімнің кəсібіме жəне өміріме айналдыра білдім», – дейді Роналдиньо.

37 жастағы футболшы соңғы рет ресми ойынға 2015 жылдың қыркүйек айында «Флуминенсе» командасы сапында алаңға шықты. Ал спорттық мансабында «Керетаро», «Атлетико Минейро», «Фламенго», «Милан», «Барселона», «Пари Сен-Жермен» жəне «Гремио» командаларында ойнаған.

2003-2008 жылдар аралығында «Барселона» футбол клубының сапында екі рет Испания чемпионы жəне бір рет Чемпиондар лигасында жеңімпаз атанды. 2005 жылы «Алтын допты» иеленді. Бразилия құрамасы сапында Америка кубогын (1999ж.), əлем чемпионаты (2002ж.) мен Конфедерация кубогында (2005) топ жарды. 2011 жылы «Милан» сапында Италия чемпионы атанды. ФИФА таңдауы бойынша екі рет жылдың үздік футболшысы атанды.

Қазақ футболында да осындай аңыз болар тұлғалар шықса екен дейміз.

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №5
30 қаңтар 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз