Жеңіл атлетиканы «Спорт падишасы» деп атаймыз. Оған себеп те жоқ емес. Өйткені Олимпиада ойындарында жеңіл атлетикадан 47 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Сон­дықтан осы спорт түрінен ғана қатысып, жалпы командалық есеп­те алғашқы жиырма құрама­ның қатарына еркін кіруге болады.

Кең көлемде атап өтпесе де, биыл қазақ жеңіл атлетикасына 100 жыл толды. Осы уақыт аралығында бірнеше спортшымыз Олимпиада ойындары, Әлем және Еуропа чемпионаты, Азия ойындары секілді беделді жарыстарда тұғырдың ең жоғары сатысынан көрінді. 1960 жылы Ғұсман Қосанов Рим олимпиа­дасында қазақ спортшыларының арасында тұңғыш жүлдегер атанған.

Ғұсман Қосановты айтқан кезде Әмин Тұяқовты ұмытып кету мүмкін емес. Екеуі қазақ жеңіл атлеттері арасында алғаш КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері норма­тивін орындап шықты. Одан кейін, 1970-90 жылдары аралығында елімізде Олимпиада, Әлем чемпионаттарында жүлдегер атан­ған жеңіл атлеттердің саны кө­бейді. Мысалы, қарағандылық Владимир Муравьев КСРО құра­масы сапында 4х100 эстафеталық жарыста 1980 және 1988 жылғы Олимпиада ойындарында топ жарды. Сеулде Муравьевпен бірге Жезқазған қаласының тумасы Виталий Савин қоса жүгіріп, чемпион атанған. Жүлдегерлер қатарында Вениамин Солдатенко (1980, 50 шақырымға спорттық жүріс, күміс), Татьяна Лесовая (1980, диск лақтыру, қола), Григорий Егоров (1988,спорттық жүріс, қола) бар. Әлем чемпионатында ең бірін­ші топжарған Солтүстік Қазақстан тумасы Вениамин Солдатенко болды. Ол 1976 жылы 50 шақы­рымға спорттық жүрістен алтын медаль жеңіп алды. Тәуелсіздік жылдары қазақ жеңіл атлетика­сының көшін алға сүйреген спортшылардың қатарында Ольга Ши­шигина, Дмитрий Карпов, Ольга Рыпаковаларды айтуға болады. Қос Ольга Олимпиаданың ең биік тұғырына көтерілсе, Кар­пов қола жүлдеге қол жеткізген. Сондай-ақ егемен ел болғалы әлем чемпио­натында жүлде сал­ған сырықпен секіруші Григорий Егоров пен Игорь Потаповичтің еңбегін де бас бармақпен бағалауға болады.

Олимпиадаға қатысудың өзі оңайға соқпас

Ал қазір ше? Жағдай қиындау. Әлемдік аренада Ольга Рыпаковадан басқа ешкім жоқ десек болатын шығар. Оған соңғы Азия ойындары дәлел. Индонезияда құраманы масқаралықтан тағы да Рыпакова құтқарып қалды. Бұрын жазғы Азия ойындарында 3-4 алтынсыз қайтпайтын жеңіл атлеттеріміз бұл жолы бір алтынмен шектелді.

Енді жағдай тіптен қиындауы мүмкін. Себебі, Халықаралық жеңіл атлетика қауымдастығы Олимпиада ойындарына қатысатындар санын азайтып, іріктеуді күшейтпек.

ҚР жеңіл атлетика федерациясының вице-президенті Алексей Кондрат Ұлттық Олимпиада комитетінің баспасөз қызметіне берген сұқбатында түсіндіргендей болыпты.

  ХОК (Халықаралық Олимпиада комитеті) спорттық бағдарламалардың санын көбейтіп жатқаны жасырын емес. Бірақ соған қарамастан 4 жылда бір өтетін жарыста қатысушылардың санын 10 мыңнан асырмауды көздейді. Енді амал жоқ, жаңа спорт сайыстарының орынына басқасын қысқартады. Бұл жағынан алып қарағанда, ойын түрлерін қысқарту мүмкін емес. Командалық сайыстың аты командалық. Тек жеңіл атлетика мен суға жүзу қалып отыр. Мұнда бәрі нәтижеге байланысты. Күрес, бокс, гимнастикада лицзениялық жарыста ұтсаң, Олимпиадаға барасың. Дәл жеңіл атлетиканы таңдауда тағы бір себеп бар. Бұрын В дәрежелі турнирлерде норматив орындап, Олимпиада ойындарының жолдамасын қалтаға басуға болатын. Енді олай болмайды. Жолдама спортшылардың рейтингтік көрсеткіштеріне байланысты үлестіріледі. Айтпақшы, Олимпиада ойындарына 1900 жеңіл атлет ғана қатысуға құқылы. 2000-2016 жылдар аралығында 2000 болған еді, ­  дейді Алексей Кондрат.

Токио Олимпиадасының іріктеу сайыстары марафоншылар, спорттық жүріс және көпсайысшылар үшін 2019 жылдың 1 қаңтарында басталып, 2020 жылдың 29 маусымына дейін жалғасады. Ал жеңіл атлетиканың өзге түрін серік еткендер норматив орындауды 2019 жылдың 1 шілдесінен бастайды, аяқталуы мерзімі – 2020 жылдың 29 маусымы.

Бұрын Олимпиадаға қатысып, жүлдесіз қайтқандарды «турист» деп атаушы едік. Енді сол «туристердің» өзіне зар болатын сияқтымыз. Мысалы, 2012 жылы Лондон олимпиадасында 25 жеңіл атлет, 2016 жылы Рио олимпиадасында 26 жеңіл атлет бақ сынады. Енді Токиода бұл тізім екі есеге қысқарып қалуы ғажап емес.

Жеңіл атлеттер ұпайды қайдан жинайды?

Рейтингте ұпай жинап, Олимпиада ойындарына қатысу мүмкіндігін арттыру үшін халықаралық жарыстар жеткілікті. Бірақ олардың әрқайсының деңгейі әртүрлі болғандықтан, беретін ұпай да әркелкі. Мұндай жүйе дзюдо спортында бар екенін жақсы білесіздер.

Алексей Кондраттың айтуынша, қазақстандық жеңіл атлеттерге қолайлы жарыстардың бірі Азия чемпионаты рейтингтік бағалауға кірмейді екен. Сондықтан Дохадағы құрлық біріншілігіне үздік атлеттерді апару аса қажет бола қоймас.

Коммерциялық турнир саналатын «Гауһар лигаға» Ольга Рыпаковадан басқа атлеттеріміз қатыса алмайды. Өйткені бұл турнирді ұйымдастырушылар телевизиялық көрсетілімі арқылы қаржы табатын болғандықтан, деңгейі төмен спортшыларды шақыра қоймайды. Бізден Өзбекстан озып тұр. Көрші елден Азия ойындарының чемпионы Светлана Радзивил мен күміс жүлдегер Надия Дусанова қатысады екен.

2019 жылғы «Гауһар лиганың» кестесі:

3 мамыр – Доха (Катар)
18 мамыр – Шанхай (Қытай)
2 маусым – Стокгольм (Швеция)
6 маусым – Рим (Италия),
13 маусым – Осло (Норвегия)
16 маусым – Рабат (Марокко)
30 маусым – Юджин (АҚШ)
5 шілде – Лозанна (Швейцария)
12 шілде – Монако
20-21 шілде – Лондон (Ұлыбритания)
18 тамыз– Бирмингем (Ұлыбритания)
24 тамыз– Париж (Франция)
29 тамыз– Цюрих (Швейцария)
6 қыркүйек – Брюссель (Бельгия).

Қазіргі жағдайымыз қалай?

Халықаралық жеңіл атлетика федерациялары қауымдастығының (IAAF) ресми сайтына кіріп, спортшылардың рейтингін бір қарап шықтым. Мысалы, еліміздің дәл қазіргі таңдағы үздік атлеті Ольга Рыпакованың өзі тоғызыншы орында тұр. Шығыс аруының еншісінде 1256 ұпай бар. Үш қарғып секіруден әйелдер арасында көшбасында Катерина Ибаргуэн орналасқан (1407). Ол биыл өзі қатысқан барлық жарыста жеңіске жетті. Ал тағы бір отандасымыз Ирина Эктова  – 24 орында.

Жақында тұрмысқа шыққан мақтаулы Виктория Зябкина 100 метрге жүгіруден 62-орында, 200 метрге жүгіруден 59-орында екен. Басқаларын айтпай-ақ қойса болады.

Ерлерден ең жоғары сатыда 400 метрге жүгіруші Михаил Литвин (54) мен ядро серпуші Иван Иванов орналасқан (64).

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №46
13 қараша 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз