«Көрінген таудың алыстығы жоқ» демекші, баршамыз асыға күткен ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесінің ашылуына да аз уақыт қалды. Тұңғыш рет Орталық Азия аймағында, ару Астана төрінде жалауын көтеретін бұл көрмеге əлемнің 100-ден астам елінен 50-ге жуық ірі компания атсалысады деп күтілуде. Тақырыбы да ерек: «Болашақтың энергиясы». Өндіріс жетістіктерін паш ететін көрменің мұндай тақырыпта өтетіні жайдан-жай емес. Бүгінгі таңда адамзат алдында «экологиялық дағдарыстан шығу» деген күрделі мəселе тұр.

Ғалымдардың айтуынша, тек соңғы 30 жылда жерасты байлығының 30 пайызын түгесіп үлгеріппіз. Бұған жаппай оталған ормандарды, миллиондаған автокөліктен шығатын улы газдарды, тау-тау болып үйілген зиянды қалдықтарды қосыңыз. Жуырда ғана гонконгтық киногерлер «Пластикті мұхит» деген фильмді жарыққа шығарды. Онда жыл сайын ғаламдық мұхитқа 8 миллион тонна қоқыс тасталып жатқаны айтылады. Дені пластик пен полиэтиленнен тұратын бұл қоқыстың су астындағы тұмса табиғатқа қаншалықты қауіпті екенін болжаудың өзі қорқынышты. «Экологиялық дағдарыс» адамзатты жаңаша ойлауға, тығырықтан шығудың жаңа жолын іздеуге мəжбүрлеп отыр. «Ондай жол бар ма?» дерсіз. Əрине, бар. Ол – тұрақты дамуға негізделген «жасыл» экономика. «Жасыл экономика» нені көздейді? Ол экономика ғылымының табиғатпен үндестік табуын көздейді. «Өндірісіңді өркендет, еліңді дамыт, бірақ қоршаған ортаға зиян тигізбеудің жолын ізде» дегенді үйретеді. «Ашкөздіктен тыйыл, ертеңгі ұрпаққа не қалдыратыныңды ойла» дейді. Осыдан барып, табиғатқа залалсыз «жасыл» технологияларға, энергияның баламалы көздерін іздеуге, қолда бар табиғи байлықты мейлінше үнемді пайдалануға жол ашылады.

Қуанарлығы сол, бүгінде «жасыл» экономика əлемдік трендке айнала бастады. Əрбір ел «жасыл» дамудың өзіндік үлгісін ұсынуда. Айталық, Швейцарияның Церрот қаласында кəдуілгі автокөліктерге тыйым салыныпты. Бұл қалада тек қана электромобильдермен немесе велосипедпен жүре аласың. Ал Қытайдың Донгтан қаласының көшелеріне «ақылды» шамдар орнатылды. Ерекшелігі сол, шамдар көше бос кезде əлсіз ғана жарық береді. Ал көшеде көлік пайда болса, самаладай жарқырап сала береді. Оны айтасыз-ау, əлемдік мұнай қорының 9 пайызы шоғырланған Біріккен Араб Əмірліктерінің өзі «жасыл» экономикаға бет бұра бастады. Бұл елдің астанасы Дубайда əлемдегі тұңғыш «жасыл» зəулім ғимарат салынып жатыр. Биіктігі 315 метрге жететін ғимарат өзін-өзі энергиямен толықтай қамтамасыз ететін болады. Бұл мақсатта ғимаратқа арнайы жел турбиналары мен күн энергиясын өндіретін панельдер орнатылады. Біз сөз еткелі отырған «жасыл» мектептер де жаңа заман үрдісі. Мұндай оқу орындарының ғимараты «жасыл» құрылыс немесе «экодевелопмент» талап-тарына сай салынады. Яғни оның құрылысына толайымен табиғатқа жəне адам денсаулығына зиянсыз экоматериалдар қолданылады. Энергияны, суды, өзге ресурстарды барынша үнемді пайдаланады. Зиянды қалдықтар шығарып, қоршаған ортаны ластамайды. Тіпті, бір заманда бұзыла қалған күннің өзінде тамнан соғылған үй секілді топыраққа сіңісіп кетуі де шарт екен. Онымен қоймай, «жасыл» мектепте тəлім алатын шəкірттер мен ұстаздардың жүріс-тұрысы, киім киісі, өмір салты барынша экология талаптарына сай болып, қоршаған ортаны қорғау деген мəселемен үндесіп жатуы керек. Оқу процесі де экологиялық тəрбиеге негізделіп, мектеп жанында саябақ, жылыжай тəрізді жасыл аймақтың болғаны да құба-құп. Əлемде қандай əйдік «жасыл» мектептер бар? Бұл үрдіс біздің елімізде қолға алынып жатыр ма? Ендігі жерде осы сұрақтарға жауап іздеп көрейік. Сонымен…

Әлемдегі ең «жасыл» мектептер

  1. Dunbarton мектебі (Онтарио қаласы, Канада). Бұл мектеп 2015 жылы АҚШ-тың U.S. Green Building Council (Жасыл құрылыстар жөніндегі кеңес) ұйымының рейтингі бойынша əлемдегі ең «жасыл» мектеп атанды. «Жасыл» мектеп біркелкі жел, су, күн энергиясын тұтынады. Кіреберісінен бастап, əрбір сынып бөлмесіне дейін жасыл желекке оранған. Сырты бау-бақша. Онда жабайы көбелектер мен құстар ұя салған. Ал мектептің дəл іргесінен қалдық өңдеу орталығы ашылған. Мұнда тек мектептің емес, айналадағы үй-жайлардан шығатын қалдықтар қайта өңделіп, кəдеге жаратылады. Тағы бір ерекшелік, мектеп қабырғасына орнатылған арнайы монитордан күніне қанша энергия үнемделіп жатқаны көрініп тұрады.
  2. Париждің Булонь-Бийанакур ауданындағы «жасыл» мектеп. 2014 жылы ашылған бұл мектептің ғимараты ерекше. Бірнеше қабаттан, дəлірек айтқанда, бірнеше деңгейден тұрады. Əр деңгейдің өзіндік жасыл алаңқайы бар. Мектептің төбесі де жап-жасыл алаңқай. «Мектеп жаңа болғандықтан, ə дегеннен-ақ «жасыл» құрылыс принциптеріне сай жоспарланды. Мұндағы əрбір бөлшек экологиялық тұрғыдан кіршіксіз таза. Тек органикалық материалдан жасадық» дейді жоба авторлары.
  3. Liwa International School (Біріккен Араб Əмірліктер. Бұл заманауи білім ордасы Болашақтың энергиясы жөніндегі Бүкілəлемдік саммитте (World Future Energy Summit) «ең үздік экожоба» деген атақты иеленді. Мектеп ғимараты 100-ден астам күн батареясымен көмкерілген. Соның арқасында, сағатына 78 киловатт энергия өндіріледі. Өз кезегінде бұл энергия мектеп жанынан ашылған су тазартқыш қондырғыларды жұмыс істетуге жұмсалады. Сөйтіп, күніне 4000 литр ақпасу тазартылып, айналадағы бау-бақшаға жеткізіліп отырады.
  4. Син Линь мектебі (Гонконг, Қытай). Бұл мектеп 2013 жылы əлемнің ең «жасыл» мектебі атаныпты. Бір қарағанда, қарапайым ғана мектепте «жасыл» технологияның сан түрі бар екен. Жел турбиналары да, күн панельдері де, «жасыл» шатыр да осында. Азияның субтропиктік аймағында жатқан Гонконг қаласы жауын-шашыннан кенде емес. Сондықтан бұл мектепте де ақпасуды ауызсуға айналдыру жолға қойылған.
  5. Watkinson экомектебі (АҚШ). Бүгінгі таңда АҚШ аумағында «жасыл» мектептер көбейіп келеді. Соның бірі де бірегейі – осы Watkinson экомектебі. Мектеп ғимараты арнайы экомодульдерден құрастылған. Терезелері үлкен. Күн сəулесі жақсы түседі. Мұның өзі энергияны 25 пайызға үнемдеуге мүмкіндік береді. Қалған қажетті қуат шатырға орнатылған күн батареяларынан алынады. Сонымен қатар, бұл мектепте артылған тамақ пен ескі қағаздарды қайта өңдеп, тыңайтқышқа айналдырады екен.
  6. Herwig Blankertz Vocational School (Германия). Бұл мектептің ғимараты Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде қару-жарақ қоймасы болыпты. Жау ұшақтары байқамас үшін шатыры о бастан жасыл алаңқай түрінде жасалған. Əр нəрсеге ұқыпты қарайтын немістер осы ерекшелікті кəдеге жарата білген. Жасыл алаңқайлы шатыры бар ғимаратты «жасыл» мектепке айналдыра қойыпты. Бүгінде бұл мектеп күллі Еуропаға танылған «жасыл» мектептің бірі. Мектептің ішіне кірсеңіз, аспалы бақтарды, жап-жасыл интерьерді көресіз. Осының бəрі, əрине, «жасыл» технология негізінде суарылып, шəкірттердің көз қуанышына айналып отырған жайы бар.

«Жасыл» мектеп елімізде бар ма?

Бұл сұраққа жауап бермес бұрын мынаны айтқымыз келеді: ЭКСПО-2017 көрмесі еліміздің «жасыл» экономикаға бет бұруына даңғыл жол ашты. Бұрындары атын да, затын білмейтін «жасыл» техноло-гиялар сан салаға енгізіле бастады. Айталық, отандық «Базис» компаниясы Астанада Q-2 бизнес-орталығын салды. Бұл – еліміздегі ең алғашқы «жасыл» құрылыс нысаны. Ғимарат халықаралық BREEAM стандарты бойынша сертификациядан өтті. Дəл осындай «жасыл» жобалар Астана іргесіндегі Арнасай елдімекенінде қолға алына бастады. Біз іздеген «жасыл» мектеп те осы Арнасай ауылында. Арнасайдағы Вячеслав орта мектебінің ұжымы «жасыл» технологиялар арқасында жылына 1,5 миллион теңге көлемінде қаржы үнемдеп отырғандарын мақтанышпен айтады. Себеп – мектеп күн панельдерінен қуат алады. Бір жылда кемінде 10 мың киловатт электр энергиясын тегін пайдаланады. Бұған қосымша, мектепке арнайы пиролиздік пеш орнатылған. Энергия үнемдейтін бұл пеш қыс айларында мектепке бөлінетін 368 тонна көмірдің 121 тоннасын ғана жағуға мүмкіндік беріп отыр. Яғни 247 тонна көмір үнемделеді деген сөз. Вячеслав мектебіндегі тағы бір «жасыл» технология – күн коллекторы. Бұл қондырғы күніне 250 литр суды емін-еркін қайнатады.

«Жасыл» экономиканың басты қағидаттарының бірі – табиғи ресурстарды барынша құнттап, үнемді пайдалану. Бұл ретте де Вячеслав мектебі көп үлгі бола алады. Мектеп электр энергиясын үнемдейтін жарықдиодты шамдарды тұтынады. Соның арқасында, жылына 1121 киловатт энергия үнемделеді. Ал қолды жақындатсаң ғана су ағызатын сенсорлық шүмектер жылына 361 литр суды үнемдеп қалуға мүмкіндік береді екен. Вячеслав мектебінің «жасыл» жылыжайы да бар. Неліктен «жасыл» дейсіз бе? Біріншіден, жылыжай күн энергиясы арқылы жұмыс істейді. Қыстыгүні далада Арқаның 20 градустық сары аязы сақылдап тұрса да, жылыжайдың ішінде температура тұрақты. Бірқалыпты +25 градусты сақтайды. Бұған қосымша, жылыжайда био вегатарий əдісі қолданылады. Өсімдіктер арнайы органикалық гидрогельден су тартып, жайқалып өседі. Сонымен қатар, жылыжайдағы көкөністер бірыңғай тамшылату əдісі арқылы суарылып, тұмандан-дыру арқылы қосымша ылғал климат түзіліп отырады. Ал мал қиы «жасыл» технология арқасында биогумусқа айналып, топырақты тыңайтады екен. Вячеслав мектебі бүгінде ұзын саны 35-ке жететін «жасыл» технологияны кəдеге жаратып отыр. Пайдасы шаш етектен. Тек 2016 жылды 1,5 миллион бюджет қаржысын үнемдеп, 3 тоннадан асатын өнім алыныпты. Сөйтіп, мектеп асханасы экологиялық таза 9 түрлі көкөніспен молынан қамтамасыз етілуде. Мектеп директоры Татьяна Немцанның айтуынша, еліміздің көптеген білім ордалары арнасайлық «жасыл» жобаға қызығушылық танытып отыр екен. Вячеслав мектебінің жанынан ашылған «Жасыл» технологиялар академиясына еліміздің түкпір-түкпірінен оқушылар келіп, тəжірибемен танысып, тəлім алып жатуы соның дəлелі. Бүгінде «жасыл» технологиялар, энергияны үнемдеу əдістері  Қостанай, Қызылорда, Шығыс Қазақстанның мектептеріне де жайлап енгізіле бастапты. Демек, Қазақстанда «жасыл» ауылдар мен «жасыл» мектептер саны əлі көбейеді деген сөз. Қалай десек те, «жасыл» экономиканың адамзат дамуына жаңаша серпін беріп отырғаны анық. Өткен ғасырдың соңында түсірілген фантастикалық фильмдерді қараңызшы. Қайсысын алсаңыз да, Жер-Анамыздың болашақтағы мүшкіл халі суреттелетін. Экологиялық апатқа ұшыраған ғаламшарды көруші едік. Түптің түбінде дəл осы халге жететінімізге сенетінбіз. Ал қазіргі адамдардың санасы өзгерген тəрізді. Осыдан екі жыл бұрын ағылшын экологтары жасөспірімдер арасында Жердің болашағына қатысты сауалнама жүргізген болатын. Сонда балалардың 80 пайызы болашаққа үмітпен қарайтындарын айтыпты. Адамзат Жер-Ананы апаттан құтқарудың əдісін табатынын «жасыл» технологияларды мысалға келтіре отырып, барынша дəлелдеп беріпті. ХХІ ғасырдың жастары жарқын болашаққа сенеді. Бұл – жақсылықтың нышаны.

Бағдат МƏЖИТОВ

«Ақ желкен» журналы, №4

Сәуір, 2017

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз