«Ұлан» газетінің негізгі оқырманы жас балғындар болғандықтан, осы аптада өздерінің қатарластарының спорттағы жетістіктері туралы айтуды жөн көрдік. Оған себеп те жоқ жоқ. 6 қазан күні Аргентинада үшінші жасөспірімдер Олимпиадасы басталған еді.

Аргентина астанасы Буэнос-Айрес қаласында жасөспірімдер арасында Олимпиада ойындары өтіп жатыр. Осымен үшінші рет ұйымдастырылып отырған аламан додада 2001 жылдан бері қарай туған 4000-ға жуық споршы бақ сынауда. Арасында қазақстандық жас спортшылар да бар.

Биыл жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында спортшылардың дәстүрлі шеруі ерекше өтті. Бұл жолы тек ел байрағын көтеретін спортшылар ғана ортаға шықты. Қазақстан байрағын боксшы Дамир Тойбай алып жүрді.

Жасөспірімдер ойындарының алауын Олимпиада чемпиондары Паула Парето (дзюдо) мен Сантьяго Ланге (желкенді спорт) жақты.

Бір жарым сағатқа созылған салтанатты шарада әртүрлі көлемдегі 50 led экран, 35 индустриалды электрлі  генератор,  3 шақырым оптикалық кабельдер, 2000-нан аса жарық қондырғысы мен 1800 киловатт күш қолданылған.

Буэнос-Айресте бізді дзюдошылар қуантты. Алматы облысының тумасы Бекарыс Сәдуақас 100 келіге дейін салмақта қарсылас шыдатпай, чемпион атанды.

Жарысқа екінші айналымнан қосылған жерлесіміз алдымен Аболфазл Бахтиари Шожаиді иппонмен ұтса, жартылай финалда Вег Цомбордан басым түсті. Финалда грузин спортшысы Илиа Суламанидзенің осал тұсын тапты.

– Жақсы көңіл-күйде тұрмын. Олимпиада ойындары – үлкен жарыс. Жеңіске жеткеніме қуаныштымын. Қазақ еліне құтты болсын деймін. Финалдағы белдесу қиынға соқты. Грузин балуанының күші көп. Сондықтан кішкене шаршап қалдым. Қосымша екі минут күрестік. Сол кезде «вазари» әдісімен жеңдім, – дейді Бекарыс.

Ал қыздар арасында 78 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен Маргарита Гриценко финалға дейін жетіп, күміс жүлдені қанағат тұтты. Маргарита жарысты ширек финалдан бастады. Татамидегі алғашқы белдесуінде эквадорлық Эдиц Ортизді жеңсе, жартылай финалда Чехиядан келген Эстер Свободованы мерзімінен бұрын қапы қалдырды. Өкінішке қарай, финалда кадеттер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері Игл Рафаэлге есе жіберіп, жасөспірімдер Олимпиадасының күміс жүлдегері атанды.

– Алтын үшін сәл ғана күшім жетпей қалды. Маған жанкүйер болып, тақым қысқан барша жанкүйерге алғыс білдіремін. Мұнымен тоқтап қалмайтыным анық. Мақсатым – алтын медаль. Қателіктеріммен жұмыс істеп, келесі жолы жеңу үшін барымды саламын. Алғашқы екеуіне қарағанда финалдағы қарсыласым мықты болды. Бірақ бұл менің әлсіздігімді білдірмейді. Оны да жеңуге болады, – дейді Маргарита. 

Жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарының ерекшелігі –командалық бәсекелер кезінде бірнеше елден келген спортшы бір команда болып жасақталады. Оны ұйымдастырушылар өздері шешеді.

Мысалы, дзюдо күресінен аралас командалық жарыста әр елдің спортшылары осы уақытқа дейін Олимпиада ойындары өткен қала атауымен аталатын командаларға бөлінді. Біздің Маргарита Гриценко «Барселона» командасында өнер көрсетсе, Бекарыс Сәдуақас «Лондон» құрамасының сапында болды.

Жарыс ережесі бойынша, әр командада 4 қыз, 4 ер бала 8 салмақ бойынша белдесті.  Қыздар  – 44, 52,63, 78 келіде, ұлдар – 55, 66, 81, 100 келі салмақта белдесті. Маргарита Гриценконың «Барселона» командасы алғашқы айналымда-ақ жарыстан шығып қалса, Бекарыс Сәдуақас өнер көрсеткен «Лондон» командасы жартылай финалға дейін жетті. Сөйтіп, олар қола жүлдегер атанды.

Дәл осындай көркем гимнастикадан құрамында қазақстандық Роза Абитова бар команда күміс жүлдегер атанды.

Ұйымдастырушылар спортшыларды сырттай командаларға бөліп, халықаралық құрам жасақтаған. Роза енген команда ұпай саны бойынша екінші орыннан көрінді.

Бек ТӨЛЕУОВ

Ұлан газеті», №42
16 қазан 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз