«Бір айда 15 жастан асқан оннан аса жасөспірім қабылдауда болады. Басым көпшілігі қыздар. Қыздар анасымен, әпкелерімен келсе, ұлдар көбіне жалғыз келеді. Жасөспірім кезде физиологиялық өзгеріс болатынын есте ұстау керек. Көп жағдайда жыныстық даму кезеңі әсер етеді. Қызығушылығы ауысады. Бұрын бала үшін отбасы, ата-анасы ғана болса, есейе келе жасөспірімдер үшін әлеуметтік топ маңызды. Сыныпта қанша досы бар, ортасында қаншалықты танымал, басқалар қалай қарайды, не ойлайды деген мәселе алдыңғы қатарға шығады. Осы конфликтілерден өту үшін іште болып жатқан неше түрлі күйзеліс пен арпалысты біреумен бөлісу керек. Ол мектеп психологы, ата-анасы, достары болуы мүмкін». Психоаналитикалық бағыттағы психолог Сая Бақимова осылай деді.

Жасөспірім шақ – жеткіншектің «өсу» кезеңі. Жан-жақты даму, тұлғалық қалыптасу уақыты. Адами қасиеттер қалыптасатын кезең. 12-18 жас аралығында ішкі және сыртқы факторлардың әсер етуі арқылы баланың бойында психологиялық және физиологиялық өзгерістер болады.

Жасөспірім кезеңнің жасын әркім әртүрлі бағамдайды. Біз 12-18 жас деген шешімге келдік. Бұл уақыт аралығы қыздар үшін де, ұлдар үшін де өте маңызды. Отбасындағы атмосфера, достарымен қарым-қатынас, араласатын ортасындағы адамдардың ой-пікірі – барлығы баланың жүйке жүйесіне әсер етіп, көзбен көріп, құлақпен естіген кез келген дүниеден ой түюге, соған сай әрекет етуге итермелейді. Бала отбасында махаббат пен мейірімге бөленіп, ата-анасының жақсы қарым-қатынасын көріп өссе, тұлғалық сипатында мейірімділік пен бауырмалдық секілді жақсы қасиеттер орнығады. Ал араласатын ортасы жағымсыз әдеттерге құмар болса, «қызылды-жасылды» дүниеге қызыққыш келсе, бұл жағдай да балаға белгілі бір деңгейде әсер етпей қоймайды. Осы кезеңде жасөспірімдер ортаның ықпалына түскіш болады.

Мамандардың айтуынша, жасөспірімдер басындағы проблеманы шешу үшін
психологқа баруды дұрыс көрмейді. Ал мамандар мұндайдан қорықпау керектігін айтады. Псиxологқа баратындар «ауру адам» деген сөз емес. Ішкі мəселе, фантазияларды біреуге айтып, іштегі мазасыздық тудырған оймен бөлісу маңызды.

Жасөспірімнің тұлғалық қалыптасуында отбасының маңызы зор. Бала бойындағы теріс мінездердің қалыптасуына отбасындағы жағдайлардың да əсері бар дедік. Ол қандай жағдайлар?

  • тек анасы немесе әкесі ғана бар отбасы;
  • балаларды аталары мен әжелері тәрбиелейтін отбасылар;
  • ата-анасы көп ұрсысатын, қайшылығы көп отбасы;
  • қоғамдық дәстүрлерге қайшы көзқарастар бар отбасы;
  • Ішімдікке құмар отбасы;
  • ата-аналарының бірі жарымжан отбасы;

Психологтардың айтуынша, бұл кезеңде жасөспірім жақсы атанғысы келіп, өзін жетілдіруге тырысады. Сөйте тұра өзін тәрбиелемек болғандарды ұнатпайды. Күрделі психологиялық үрдістерден бастау алатын жасөспірім қайшылықтары осыдан көрінеді. Ересектерге өзінің есейгенін айту, өзінің пікірімен санасуды талап ету осы уақытта басталады. Қыз балалар киім киюде, бет күтімі секілді мәселеде еркіндік болғанын қаласа, ұл бала тиісті міндеттерді өз еркімен орындағысы келеді. Мұндайға бастапқы кезде ата-ана, туған-туыс қарсы шығады. Қарсылықтың себебі сенбеуде де емес. Ересектер үшін жасөспірім әлі «бала», бірдеңені бүлдіріп алуы мүмкін. Бірақ жеткіншек мұны түсіне алмайды, «мені бала деп сенбей отыр» деп ойлайды.

Жасөспірімдерді психологқа жетелейтін жағдайлар:

  • Тұлғааралық конфликт, кикілжің (отбасы, достар, туыстар арасында);
  • өзін-өзі бағаламау;
  • мінезінің тұйықталуы;
  • агрессив болуы;
  • маxаббат мәселесі;
  • дәрі-дәрмек қолдану;
  • компьютерлік ойындарға тәуелділік.

Жасөспірімдерге арналған психолог кеңесі

  • Егер «мінезім тұйықталып барады», «өзгеріп барамын», «ешкіммен араласа алмай жүрмін» деген ойлар мазаласа, ақпарат оқыңыз немесе психологқа барыңыз. «Менің бойымда қандай өзгеріс болып жатыр», «мұндай жағдайда не істеуім керек», «бойымда қандай гормондар басым» деген сауалдарға жауап іздеңіз.
  • Жасөспірімдерде қорқыныш көп болады. «Мені ешкім түсінбейді», «мұндай жағдай менің ғана басымда болып жатыр» деп ойлайды. Шындығында, мүлдем олай емес. Бойыңызда қорқыныш болмау үшін жалпы жасөспірімдерге ортақ өзгерістер мен «түсініксіз жағдайлар» туралы оқып, түсінуге тырысыңыз.
  • Дәріге, компьютерлік ойындарға, есірткіге, ішімдікке, басқа да түрлі зиянды заттарға әуес болу – үлкен проблема. Бұл нәрсемен адам жалғыз күресе алмайды. Үлкен адамдардың өзі сырттан көмек күтеді. «Мына нәрсеге тәуелділігім бар», «өздігімнен қоя алмаймын» деген ой болса, міндетті түрде қаралып, кеңес алу керек.
  • Сондай-ақ, жасөспірім кезеңде жыныстық даму әсерінен орасан зор энергия бөлінеді. Жыныстық гормондардың денеге беретін үлкен энергиясын дұрыс жұмсай білу керек. Мысалы, спортпен айналысу, билеу, өзін-өзі дамыту, түрлі қызығушылығы бойынша жұмыс істеу аса маңызды.
  • Үйдегі жылы қабақ, қолайлы эмоциялық атмосфера жоғарыда аталған жағдайлардың болмауына оң ықпал етеді. Ата-ананың балаға көңіл бөліп, сырласуы, жеке пікірін, ойын сұрап, қызығушылығын білуі, оған түсіністікпен қарауы маңызды. Баланың қызығушылығы негізінде түрлі үйірмелерге беріп, мүмкіндігінше назар аударып, жақсы жағдай туғызу керек.

Жасөспірім кезеңде баланы «отбасының кумирі» типінде өсіру мен «золушка түрінде» тәрбиелеу оларға қатты әсер етеді деседі. Біз Сая ханымнан бұл жөнінде де сұрағанбыз.

«Барлық нәрседе шек керек. Дәрінің де дозасы асып кетсе, адам уланады. Жақсы көру керек, еркелету керек, бірақ кумирге айналдырмау керек. Бала бір жағынан шартсыз маxаббатты сезінгені дұрыс. Бірақ екінші жағынан жақсы мен жаманды ажырата алса, алдағы өмірде өзін, өзгелерді дұрыс бағалай алу қабілетіне ие болады. Ұл баланы ұл деп, қыз баланы қыз деп қарау керек. Үйінде бала болып еркелеп, қыз болып сыйластық көріп, мәпеленбеген қыз өсе келе өзін жақсы көруді, бағалауды үйренуі қиынға соғады», – дейді психолог.

Жасөспірімдердің психологиясын зерттеген неміс психологы Эдуард Шпрангер «жеке тұлғалық құбылмалылық» деп өтпелі кезеңнің үш түрлі өтуін бейнелейді. Біріншісі, жеткіншектердің екпінді, бірақ күйзелісті дамуы. Торығумен күресе отырып, нәтижесінде жаңа «Меннің» пайда болуы. Екіншісі, бұл кезеңді ешбір қиындықсыз өткізетіндер. Мұндай жастар баяу және үздіксіз, сатылы даму моделінің өкілдері. Ересек кезеңге тұлғалық түсініктері ойсырамай, күйзеліске ұшырамай, өте жеңіл, өз бабымен жетеді. Үшіншісі «динамикалық модель» деп аталады. Алдыңғы екеуінің қосындысы. Мұндай жастар өздерінің даму барысына тікелей әсер ете алады. Бұл кезеңде бірқатар қиындық пен күйзелісті басынан өткеруі мүмкін, бірақ оларды саналы түрде жеңіп шығуға тырысады.

Дайындаған Нарқыз ЕРЕС,
СДУ студенті

«Ұлан» газеті, №49
4 желтоқсан 2018 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз