Шахматтан төрт дүркін әлем чемпионы, 20 жасқа дейінгі бойжеткендер арасындағы әлемнің вице-чемпионы, Азия чемпионы, қыздар арасында қазақтан  шыққан алғашқы әлем чемпионы Жансая Әбдімәліктің бағындырған белестері мен сәтсіздіктеріне шолу жасағымыз келді.

 Қазақ халқын әлемге танытам деп жүрген қаршадай қыз бес жасында шахматпен танысыпты. Оны алғашында шахматқа баулыған – әкесі Данияр.  Қызының бойынан ерекше қызығушылықты байқап,  ары қарай алып кетуіне үлкен септігін тигізіпті. Жансая ағасы Санжармен бірге шахматтан СССР-дің спорт шебері Тамара Грудованың үйірмесінде оқып, көп тәжірибе жинаған. Жансаяның ол кісіге алғысы зор. Сұқбат барысында шахмат тақтасындағы Жансаны ғана емес, нағызқазақ қызын да көрдік. Сонымен Жансая қандай қыз екен?

–Шахматшылар ойы алғыр болуы үшін  көп кітап оқу керек дейді. Сіз қаншалықты кітап оқисыз? Сүйікті жазушыңыз кім?

–Адам ең бірінші рухани бай болуы керек. Ондай адамдар шынымен бай. Өйткені олар құдды бір кітапхана секілді, өзінің  барлық сұрағына жауап алатын, терең ойлы.  Әкем әрдайым: «Қасыңда достарың болмаса ол бақытсызсың деген сөз емес, нағыз бақытсыз – өмір бойы қолына кітап ұстап көрмеген адам», – деп ақылын айтып отырады. Шынымен, кітап тек ақылды болу үшін ғана емес, әр ұлттың, әр тұлғаның, дәстүрдің тарихымен танысу үшін де керек деп білем. Ойлап қараңызшы, адамдармен, ұлтпен тікелей кітап оқу арқылы таныса аласың. Кітап – көзқарастың кеңеюіне көп әсер етеді. Шынымды айтсам, қазір қатарластарыма қарап қатты сүйсінем. Білімді, жан-жақты жастар көп. Уақытымның тапшылығына қарамастан, әрдайым сапар кезінде кітап сатып алып,  сапар аяқталғанша оқып бітіруге тырысам. Сүйікті жазушыларым көп… Көбіне шетел әдебиетін оқимын. Джек Лондонның жазу стилі ұнайды. Соңғы рет оның «Мартин Иден» деген романын оқып шықтым. Сосын  Рэй Бредберидің шығармашылығын ұнатамын.

– Спорт адамның мінезін қалыптастырады. Шахмат  мінезіңіздің өзгеруіне қандай да бір септігін тигізді ме?

Дұрыс айтасыз, қай спорт түрі болса да сенің тұлға ретінде өзгеруіңе көмекші болады. Биші, мәнерлеп сырғанаушы, суда жүзуші, барлығын біріктіретін не екенін білесіз бе? Төзімділік. Спорт ең бірінші төзімділікке жаттықтырады. Спортшылар арасында ғана емес, жалпы адами тұрғыда мінез екіге бөлінеді деп ойлаймын. Бірінші топ пысық, жылдам, алдына қара жібермейтін болса, екіншісі керісінше, сабырлы, артық сөзі жоқ, асықпай діттеген мақсатына жетеді. Ойын барысында қарама-қарсыңдағы әріптесіңнің мінезін ойында қандай тәсіл қолданатынын бірден біліп қоясың. Мысалы, әрдайым өткір позицияны ұстанып, құлата беруге тырысса, ол адам эмоцияға тез берілетін, ашушаң. Ал сабырлы ойыншылар тек бір позиция ұстанады, салқын, артық сөзі жоқ, ойыны мен ойы таза.

–Сіз қайсысына жатасыз?

Екінші атаған ойыншымын (күліп).

–Сіздің тәжірибеңіз бойынша қандай ойыншы жақсы ойнап, жеңіске жетеді?  

Көбіне екінші айтқан позицияны  ұстанғандар жеңіп жатады. Бірақ білесіздер ме,  Анатолий Карпов сабырлы ойыншы болса, Гарри Каспаров ашушаң ойыншы. Соған қарамастан Каспаров жеңіске жетіп жатады. Сондықтан жеңіс ойыншылардың бағына байланысты секілді. «Таудай талап бергенше, бармақтай бақ берсін» дейді ғой. Сол сөздің рас екеніне көзім   жетті. Шахматшы әр қадамын алдын-ала біліп, дайындалып келсе де, күтпеген жерден жеңіліске тап болады. Сондықтан барлық шахматшыларға, тек оларға ғана емес, жалпы адам баласына бармақтай бақ тілеймін.

–Дәл қазір Халықаралық ақпараттық технологиялар колледжінде Компьютерлер және бағдарламалық қамтамасыз ету мамандығында оқисыз. Болашақта өзіңізді осы мамандықпен байланыстырғыңыз келе ме?

–Солай болатын шығар. Таңдаған мамандығым қатты ұнайды, өте қызық. Жан-жақты білім алғанды қалаймын. Бәріне берер кеңесім, бір бағытта ғана қалып қоймай, өзіңді әр салада дамыта беру керек.

–Арманыңыз не?

Мен өз елімнің патриотымын. Қазақ жастары рухани құндылықтарды ұмытпаса жөн болар еді. Адамның тұрмысы заманмен бірге жөнделеді. Ең маңыздысы, бүгінгі қазаққа керегі – ұлттық құндылықтарды ұмытпау. Жаһандану дәуірі дамудың сан үлгісін ұсынып жатыр. Бұл қазақ халқы үшін аса маңызды қадам. Сондықтан осы сын сағатта сүрінбеуіміз керек.

–Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбатасқан Дана ҚҰТБАНБАЕВА,

ІТ университетінің студенті.

“Ұлан” (№15, 10 cәуір 2018).

3 ПІКІРЛЕР

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз